Мазмұнға өту

Су көлігі

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Су көлігі - энергияны пайдалануы жағынан көліктің ең арзан түрі.

Поезд, машина, ұшақ сияқты кемелер мен баржылар жылдам қозғалмағанымен, ауыр жүктерді тасымалдауда оларға ешбір көлік теңесе алмайды. Кеме жасауға жұмсалатын көптеген материалдардың тығыздығы тұщы және теңіз суының тығыздығынан едәуір үлкен. Бірақ кез келген кеме үшін жүзудің негізгі шарты орындалады: кеменің суға батқан бөлігі ығыстырып шығарған судың салмағы кеменің жолаушыларымен, отынымен, тетіктерімен және басқа құралдарымен қоса есептегендегі салмағына тең болады. Кеме суда орнықты және қауіпсіз жүзуі үшін ол берілген бір тереңдікке дейін ғана суға батуы тиіс. Кеменің суға бататын тереңдігі шөгім деп аталады. Рұқсат етілетін шөгім кеменің қорпусында қызыл сызық - ватерсызықпен белгіленеді. Кеме суға ватерсызыққа дейін батқанда, кеменің жүгімен қоса есептегендегі салмағына тең ығыстырылған судың салмағы су ығыстырым деп аталады. Әдетте су ығыстырымды күш бірлігімен белгілейді. Алайда көбінесе су ығыстырымға салмақтың орнына ығыстырылып шығарылған судың массасы алынады (жүгі бар кеменің массасы) және оны тонна арқылы өрнектейді. Кеменің ватерсызықтан төмен батуы өте қауіпті. Су палубадағы люктар арқылы трюмдарға еніп, ал бұдан кеме суға батып кетуі мүмкін. Егер ватерсызық су деңгейінен жоғары болса, яғни кеме суға жеткілікті дәрежеде батпаса, онда кеме сапарға шықпауы тиіс, толқындар оны теңселтіп, аударып тастауы мүмкін. Сондықтан бос кемелердің трюмдарына міндетті түрде масыл жүк (құм, қиыршық тас) тиеледі. Су көлігінін ішіндегі ең күрделісі -сүңгуір қайықтар. Сүңгуір қайықты құрастырушыларға көптеген мәселелерді шешуге тура келеді: сүңгуір аппаратының беріктігі мен орнықтылығы, өте ұзақ су астында жүзу кезіндегі экипажға қолайлы, т. б. жағдайларды туғызу және қайықты басқару (суға шөгу, су бетіне көтерілу, жүзу кезінде тепе-теңдікті сақтау). Ал жүзу шарттарын сендер білесіңдер: Fа >FА - суға бату; Fа < FА - су бетіне шығу; Fа = FА - жүзу (1-сурет). Сүңгуір қайықтың суға батуы кезінде оның суға толатын арнаулы орындары болады. Бұл кезде қайыққа әрекет ететін ауырлық күші артады да, ол суға батады. Қайық жоғары көтерілген кезде қуатты сорғылар ауаның көмегімен олардан суды айдап шығарады. Бұл кезде ауырлық күші ығыстырушы күштен аз болады да, қайық су бетіне көтеріледі.[1]

Өзен көлігі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Өзен көлігі – ішкі су жолдарында қатынайтын көлік түрі. Республика аумағында қазіргі жағдайда кеме қатынауға болатын 7-ге жуық су алабы бар. Қазақстан аумағындағы кеме қатынайтын өзендер тым әркелкі орналасқан. Республиканың шығыс жақ шетін бойлап Ертіс өзені ағады, ол республиканың ең қуатты су күретамыры. Қазақстанның батыс жағын Жайық (Орал) өзені кесіп өтеді, ал Оңтүстікте Сырдария өзенінде, Балқаш көлі мен оған құятын Іле, Қаратал өзендерінде, Солтүстікте Есіл өзенінде кеме қатынай алатын су жолдары жоқ. Қазақстанда кеме қатынайтын жалпы пайдаланудағы су жолдарының ұзындығы 5635 км; оның ішінде жоғары Ертіс телімі бойынша – 1715 км, Орал бойынша – 1164 км, Іле пайдалану телімі бойынша – 880 км, Балқаш бойынша – 978 км, Сырдария бойынша – 840 км, Есіл бойынша – 55 км. Қазақстан өзендерінің суы аз болуына байланысты оларды кеме қатынайтын жағдайда ұстау үшін жыл сайын бірнеше млн. теңге шығын жұмсалады. “Ракета” үлгісіндегі алғашқы кеме Ертісте 1962 жылғы су қатынасы маусымында пайда болды, ол ПавлодарОмбы желісінде жолаушылар тасымалдады. Бұдан кейінгі жылдары Ертістегі, сонан соң Оралдағы жолаушылар флоты “Ракета”, “Метеор”, “Белорусь” үлгісіндегі бірнеше кемелермен толықтырылды. Жүк айналымының көлемі бойынша өзен көлігі темір жол көлігі мен автомобиль көлігінен кейінгі үшінші орынды алады. Қазақстан өзендерінде 1963 жылдан бастап жүкті контейнерлерге және кеменің табанына тиеп тасымалдау дамыды. Бұлай тасымалдау жүктің сақталуын, ең бастысы, жүкті көліктің бір түрінен екіншісіне механизмді қолдана отырып, қолайлы түрде әрі арзан бағаға тиеуді қамтамасыз етеді. Ертіс, Орал, Сырдария, Іле өзендерінің бойымен жергілікті мәні бар жүктер тасымалданды. 1996 ж. Семейде, Павлодарда, Өскеменде, Оралда, Атырауда және Қапшағайда су жолдары мемлекеттік кәсіпорындары құрылды. Бағдарлама бойынша бұл қалалардағы өзен кемежайлары, барлық сүйреткі, жүк, жолаушы және май құю кемелері, төрт жолаушы вокзалы, Ертістегі он екі айлақ, Қапшағай бөгеніндегі екі айлақ аукционда сатылды. Елдің ішкі су ресурстарын кеме қатынасы үшін пайдалану тәртібі, кеме жүретін гидротехникасы құрылыстарды күту және іске жарату, жүкті, жолаушыларды тасымалдау шарттары, порттың, кеменің және оның экипажының мәртебесі айқындалған “Ішкі су көлігі туралы” ҚР заңының қабылдануы (2005) өзен көлігі қатынасының дамуына серпін берді. 2005 жылдан бастап Қазақстанның үш аймағында – Павлодар, Семей және Өскеменде өзен көлігі қатынасы жандана бастады. Түрлі себептермен, соның ішінде экономикалық және технологиялық себептермен 18 жыл бойына тоқтап тұрған ең арзан көлік осы жылы Ертіс өзенінде қайтадан қатынады. Өскемен шлюзі қалпына келтірілді, Ертіс кеме дәлізінің табаны тазартылды, 1978 ж. басталып, аяқсыз қалған Шүлбі шлюзінің құрылысы қайта қолға алынды, уақыт талабына сай келетін ең жаңа техникамен және технологиямен жабдықталған қажетті инфрақұрылым құрылды. Сөйтіп, Қазақстанның шығысындағы аймақтық су дәлізінде Ресей мен Қытайдың айлақтарына өзен көлігі қатынасының ашылуы еліміздің Солтүстік Мұзды мұхитқа дейін шығу мүмкіндігін туғызды. Қазіргі кезде үш ел арасындағы жүк тасымалының бірыңғай стандарттарын жасау және ілеспе заңи құжаттарды егжей-тегжейлі пысықтау жұмыстары жүргізілуде. 2005 ж. жалпы ішкі су жолдарымен 825,04 мың т жүк тасылды, мұның өзі 2004 жылмен салыстырғанда 144,2% көп. Жүк айналымы 89052,4 мың ткм, яғни 2004 жылмен салыстырғанда 108,6% көп.

Теңіз көлігі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Теңіз көлігі – теңіз су жолында қатынайтын көлік құралы. 1960 жылға дейін теңіз тасымалы Каспийдің солтүстік бөлігінде шоғырланған. Бұл орайда Гурьев (қазіргі Атырау) айлағында мұнай жүктерін тасымалдау есебінен жүк айналымы жоғары деңгейде болды. Маңғыстау түбегінің солтүстік бөлігінде орналасқан Баутино айлағы екінші орынды иеленді. 1964 ж. Мақат – Бейнеу – Маңғыстау темір жолының салынуына және онымен Маңғыстау мұнайының Атырауға тасымалдана бастауына байланысты теңіз жолымен Баку мен Орта Азия мұнайын Атырау айлағына әкелу едәуір азайды. Каспий теңізімен жүк тасымалдау соңғы жылдары Маңғыстау түбегінің байлығын игеруге байланысты қайта жанданды. Транзиттік тасымалдың көбеюіне орай Каспий теңізі халықаралық жүктерді тасымалдау үшін пайдаланыла бастады. ЕуропаКавказАзия көлік дәлізі (ТРАСЕКА) дәлізінің бірқатар қатынас бағыттары осы теңіздің айлақтары арқылы өтеді және Ресейдің Солтүстігіне апаратын Қара теңіз бен Каспий теңізін Волга-Дон арнасы арқылы жалғастыратын, Иранның оңтүстігі және солтүстігі айлақтары арқылы өтетін көлік дәліздерін байланыстырады. Сондықтан Еуропа жаңғыру және даму банкінің инвестициясын тарта отырып, халықаралық Ақтау теңіз сауда айлағын жаңғырту тәуелсіз Қазақстан Республикасының алғашқы шешімдерінің бірі болды. Жаңа айлақ жүктерді Иранның Каспийдегі айлақтары арқылы Түркияға және одан әрі Жерорта теңізі мен Қызыл теңіздің айлақтарына, ал келешекте Пәкстан мен Ауғанстан арқылы Үнді мұхитына тасымалдауға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда Ақтау айлағының жүк айналымын негізінен экспорттық жүк: мұнай, металл өнімі, астық құрайды. Айлақтың жүк жөнелту қуаты мұнай бойынша жылына 9,5 млн. т, құрғақ жүк бойынша 1,5 млн. т, 2005 ж. Ақтау айлағы арқылы жөнелтілген жүктің жалпы көлемі – 10,4 млн. т, оның ішінде мұнай – 9,0 млн. т, құрғақ жүк – 1,4 млн. т, мұның өзі 2004 ж. көрсеткіштен 107% артық. Жөнелтілген мұнайдың негізгі бағыттары: Ақтау – Баку – Батуми, Ақтау – Махачқала – Новороссийск және Ақтау – Нека (Иран). 2005 ж. Павлодардан Ақтау айлағына жеткізілген 1,07 млн. т металл қақтамасы мен Ресейдің металл өнімі Иран айлақтарына және Еуропа елдеріне жөнелтілді, сондай-ақ 33,0 мың т астық Иран айлақтарына жеткізілді. Ақтау айлағы арқылы Қазақстан мұнайын жөнелтуші негізгі компаниялар: “Қазтеңізкөлікфлот”, “ҚазМұнайГаз”, “Маңғыстаумұнайгаз”, “Caspіan Oіl Developments Ltd, Petrofont Lіmіted Ltd, Euro-Asіan Oіl A.G., Energy Co. Ltd.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Физика және астрономия. - Алматы: Атамұра,2007.ISBN 9965-34-634-8
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том