Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Тыныс саңылауы (устьица). Өсімдіктің жер үсті бөлімін, барлық мүшелерін өң мен шаңдақ зат қаптап тұрғандықтан ішке қарай газ бен су өтпейді, бірақ қоректенуі үшін көмірқышқыл газы мен оттегі қажет. Егер өсімдік өз бойынан суды буландырмаса тамыр арқылы сорып алынған су мен минералды тұздар ерітіндісінің ағыны да кілт тоқталады, әрі күн сәулесінен қатты қызып кету қауіпі туады. Сондықтан зат алмасу, дұрыс қоректену үшін газ алмасу, тұздардың ерітіндісі және судың булануы міндетті түрде жүруі тиіс, бұл процес тыныс саңылауы арқылы жүзеге асады. Тыныс саңылауы жасушаларының өң жасушаларынан ерекшелігі ішінде хлорафилл дәндері бар, пішіндері жарты ай тәрізді сәл иіліп келген 2 жасуша бір – бірімен тығыз жанасып тұрады (үрмебұршақ, бүйректің пішініне де теңеуге болады) сондықтан жанаспалы жасушалар деп те атайды. Екі жасуша иілген ойыс жағымен түйісіп жанасып тұратындықтан ойыс жерінің арасында саңылау қалады. Тыныс саңылауының жасуша қабықшасы ішкі ойыс жағында қалың, сыртқы дөңес жағында жұқа болады. Саңылау газ алмасу, су булану кезінде де біресе кеңейіп, біресе тарылып тұрады. Саңылаудың астыңғы жағында жапырақтың жұмсақ еті жасушаларымен қоршалған ауа кеңістігі (тыңыс кеңістігі бар). Тыныс саңылауының ашылып-жабылуы жапырақтың тургор қысымына байланысты. Жанаспалы жасушалар жер асты мүшелерінде мүлдем болмайды, жер үсті мүшелерінде, әсіресе жапырақ тақтасының астыңғы жағында көп кездеседі. Олар әдетте жапырақтың 1 шаршы миллиметірінде 100-ден 300-ге дейін, кейде оданда көп болуы мүмкін. Төменгі сатыдағы өсімдіктермен судағы өсімдіктерде сулы ортаға бейімделгендіктен жанаспалы жасушалары дамымаған.[1]