Гастроскопия

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
"Гастроскопия"

Гастроскопия (грек. gastr — асқазан, skope — қараймын) — ауыз қуысы және өңеш арқылы асқазанға енгізілген гастроскоп (жарық беретін жүйесі бар оптикалық түтік) аспабымен асқазан қуысының ішкі беткейлерін зерттеу әдісі. Бұл әдістің негізін қалаушы неміс хирургы И. Микулич (1850 — 1905). Гастроскопия әдісі арқылы асқазанның шырышты қабатындағы, яғни ішкі астарындағы кез келген қалыптан тыс өзгерістерді (асқазанның шырышты қабатының қанталануы, ойық жарасы, қатерлі және қатерсіз ісіктері, асқазан қуысының тарылуы), сондай-ақ бауыр, ұйқы безі, өт жолдарының қабынуынан болатын асқазандағы өзгерістерді, бөтен заттарды анықтауға және асқазандағы патологиялық түзілістерден биопсиялық тін, сұйықтар алуға болады. Сонымен қатар бұл әдіспен қатерлі ісіктің асқазандағы өсу бағытын, таралу ерекшеліктерін, сыртқы пішінін дәл анықтап, кішігірім қатерсіз ісіктерді (полиптер) электр тогымен күйдіріп жоюға болады. Гастроскоп көмегімен дәрі-дәрмектердің шипалық әсерін де бақылауға болады.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

“Қазақ Энциклопедиясы”, 2-том