Португалия
Португалия (порт. Portugal, [puɾtuˈɣaɫ], миранд Pertual), ресми Португалия Республикасы (порт. República Portuguesa, миранд República Pertuesa) — Оңтүстік-Батыс Еуропаның қиыр шетінде, Атлант мұхиты жағалауында орналасқан мемлекет. Пиреней түбегінің батыс бөлігін және Азор, Мадейра аралдарын алып жатыр. Солтүстігі мен шығысында Испаниямен шектеседі, ал оңтүстігі мен батысын Атлант мұхиты шайып жатыр. Ел аты Порту (лат. Portus Cale — «жылы кемежай») қаласы атынан бастау алады. Жер көлемі 92,1 мың км². Халқы 10 276 617 адам. Халқының 99%-ы португалдар, қалғанын испандықтар мен бразилиялықтар құрайды.
Саяси жағдайы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ресми тілі — португал тілі. Халқы католик дінін ұстанады. Астанасы — Лиссабон қаласы Әкімшілік-аумақтық жағынан 18 округ пен 2 автономиялық облыстан тұрады. 1976 ж. қабылданған конституция бойынша елді Президент басқарады. Жоғарғы заң шығарушы органы — бір палаталы республикалық жиналыс. Атқарушы билік - үкіметтің қолында. Ұлттық мейрамы — Португалия күні — 10 маусым (1580). БҰҰ-ға (1955), Еурокеңеске (1976), НАТО-ға (1949) және Еуроодаққа (1993) мүше. Ақша бірлігі — эскудо.
Географиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Атлант мұхиты жағалауы негізінен ойпатты, құмды, аз тілімделген. Елдің солтүстік бөлігінде Месста таулы қыраты (ең биік жері — 1991 м, Серра-да-Эштрела), Тежу өзенінің оңтүстігіне қарай Португалия ойпаты, оңтүстік шетінде Серра-да-Алгарви аласа таулы өлке (биіктігі 902 м-ге дейін) жатыр. Климаты субтропиктік, жерортатеңіздік. Қаңтарда орташа температура 5 — 10С, маусымда 20 — 27С. Жылдық жауын-шашын мөлшері 400 мм (оңтүстігінде), 800 мм. (солтүстігінде) және 1200 — 2500 мм (тауда). Ірі өзендері — Дору (Дуэро), Тежу, Гвадиана. Солтүстігінде таулы-орманды, күлгін, оңтүстігінде қызыл-қоңыр топырақ тараған. Аумағының 5%-ға жуығы орман. Қасқыр, түлкі, сусар, генетта, алжир кірпісі, көптеген кеміргіштер, кесіртке, жылан, әртүрлі құстар мекендейді. Жағалық сулары балыққа бай. Негізгі табиғи қорлары: вольфрам, қалайы кен тасы, темір, уран кен тасы, қоңыр көмір кені.
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ежелгі тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Португалия аумағын адамдар тас дәуірінен бастап мекендей бастаған. Қола дәуірінде елдің солтүстігінде металлургиялық өндіріс дамыды. Б.з.б. 1-мыңжылдықта Португалияға кельттер келіп қоныстанды. Б.з.б. 4 — 3 ғасырларда лузитандар көшіп келді. Олар мал шаруашылығымен және егіншілікпен шұғылданды. 5 ғ-да Португалия жері Свевтер корольдігінің құрамына енді. 585 ж. Вестготтар Свевтер мемлекетін өздеріне қосып алды.
Ортағасырлардағы Португалия
[өңдеу | қайнарын өңдеу]713 — 18 ж. Португалияны арабтар мен берберлер басып алып, Кордово халифатының құрамына кіргізді. 1143 ж. тәуелсіз Португалия корольдігі (астанасы Коимбра) құрылды. 13 ғ-да Португалияда сословиелік монархия орнап, 15 — 16 ғасырларда абсолютизм орнықты. 15-ғасырда португалдар Африканың батыс жағалауын, Мадейра, Жасыл Мүйіс және Азор аралдарын өзіне қаратты. 1500 ж. Бразилияны басып алуға кірісті. Шығыс Африкаға, Үндістанға, Оңтүстік-Шығыс Азияға экспансиясы күшейді. 1581 — 1640 ж. Испанияның қол астына қарады.
Жаңа замандағы Португалия
[өңдеу | қайнарын өңдеу]1703 жылдан бастап Англияға, 1807 ж. Францияға тәуелді болды. 1820 ж. қыркүйекте либералдық конституция күшіне енді. 1822 ж. 7 қыркүйекте Бразилия тәуелсіздігін алды. 1910 ж. 4-қазандағы португал революциясы нәтижесінде монархия құлатылды. 1-дүниежүзілік соғысқа (1916 жылдан бастап) Антанта жағында қатысты. Соғыстан кейін елде саяси жағдай күрт нашарлап, 1926 ж. 28-мамырда Португалияда әскери диктатура орнады. 1932 ж. шілдедегі төңкерістен кейін фашистік тәртіп орнады. 2-дүниежүзілік соғыстан кейін Португалия АҚШ-пен тығыз әскери-саяси ынтымақ орнатты. 1948 ж. 28-қыркүйекте Маршалл жоспарына, 1949 ж. 4-сәуірде НАТО-ға қосылды. 1950 — 70 ж. елде саяси жағдайлар қайта шиеленісті. Португалияның отарларында ұлт-азаттық қарулы көтерілістер басталды. 1974 ж. сәуірде елде әскерилер көтеріліс жасап, Ұлттық құтқару кеңесін құрды. Отарлардың губернаторлары орнынан алынып, парламент, Ұлттық халық қимылы фашистік партиясы, Қауіпсіздік бас басқармасы таратылды, саяси тұтқындар босатылды, сөз, баспасөз бостандығы жарияланды. Португалияда демократиялық өзгерістер жариялана бастады. 1975 ж. елде мемлекеттік және аграрлық реформалар жүргізілді. Португал үкіметі Африкадағы отарларына толық тәуелсіздік берді. 1976 ж. сәуірде жаңа конституция қабылданды. 1976 жылдан бастап Португалия нарықтық қатынасқа толық көшкен, көппартиялы демократиялық елге айналды.
Экономикасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Португалия индустриалды-аграрлы ел. Елде металл өңдеу, химия, мұнай өңдеу, тігін, балық консервілеу, шарап жасау өндірістері жақсы дамыған. Соңғы жылдары кеме жасау және жөндеу, электр жабдықтары, күкірт қышқылы, тыңайтқыш, тоқыма, аяқ киім өндірісі дамуда. Халқының 20%-ы ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Басты ауыл шаруашылығы өнімдері — астық өнімдері (бидай, күнбағыс), картоп, жүзім, зәйтүн жемісі, ет және сүт өнімдері алынатын мал шаруашылығы дамуда. Елге туризм едәуір табыс әкеледі. Экспортқа тігін және тоқыма өнеркәсібі өнімдерін, шарап тығынын (әлемде алдыңғы орында), ағаш өнімдерін, шарап, аяқ киім, қағаз, балық және балық өнімдерін, электр жабдықтарын шығарады. Сырттан отын-энергия өнімдері, химиялық өнімдер, құрал-жабдықтар, азық-түлік, көпшілік тұтынатын тауарлар әкелінеді. Ұлттық табыстың жан басына шаққандағы мөлшері 13 840 АҚШ долл. (1997). Негізгі саудадағы серіктестері: Ұлыбритания, Германия, Франция, Италия және АҚШ.[6][7][8][9]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Público. "Portugal tem 92.212 quilómetros quadrados, por enquanto...". Retrieved 2 July 2012. Мұрағатталған 5 қазанның 2012 жылы.
- ↑ Redução da população residente em 2018 menor que a de 2017 - 2018. Тексерілді, 14 маусым 2019.
- ↑ [1]
- ↑ a b c d Report for Selected Countries and Subjects – Portugal. International Monetary Fund (2019). Тексерілді, 15 қазан 2019.
- ↑ 2019 Human Development Report. United Nations Development Programme (2019). Тексерілді, 9 желтоқсан 2019.
- ↑ Қазақ энциклопедиясы
- ↑ Варьяш О.И., Черных А.П., Португалия: дороги истории, М., 1990
- ↑ Капланов Р.М., Португалия после второй мировой войны 1945 — 1974, М., 1992
- ↑ История Испания и Португалии, М., 2002
|