Мазмұнға өту

Мария Стюарт

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

I Мария Стюарт
шотл. Màiri Stiùbhart
ағылш. Mary I Stuart
Мария Стюарт
I Мария Стюарт
Лауазымы
Ту
Ту
Шотландия патшайымы
Ту
Ту
14 желтоқсан 1542 — 24 шілде 1567
Тәж кигізу жорасы 9 қыркүйек 1543
Регент Джеймс Гамильтон, 2-Арран графы (1542—1554)
Мария де Гиз (1554-1561)
Ізашары V Джеймс
Ізбасары VI Джеймс
Ту
Ту
Франция патшайым-консорты
Ту
Ту
10 шілде 1559 — 5 желтоқсан 1560
Ізашары Екатерина Медичи
Ізбасары Аустриялық Елизабет
Өмірбаяны
Діні католицизм
Дүниеге келуі 8 желтоқсан 1542 (1542-12-08)
Линлитгоу сарайы, Шотландия Патшалығы
Қайтыс болуы 8 ақпан 1587 (1587-02-08) (44 жас)
Фотерингей, Нортгемптоншир, Англия Патшалығы
Жерленді Вестминстер аббаттығы
Династия Стюарттар
Әкесі V Джеймс
Анасы Мария де Гиз
Жұбайы 1) II Франсуа, Франция королі
2) Дарнли лорды Генри Стюарт
3) Джеймс Хепберн, 4-Ботвелл графы
Балалары 2-некеден:
ұлы VI (I) Джеймс, Шотландия мен Англия королі
Қолтаңбасы Қолтаңбасы

Мария I (туған аты-жөні — Мария Стюарт; шотл. Màiri Stiùbhart, ағылш. Mary I Stuart; 8 желтоқсан 15428 ақпан 1587) — 1561–1567 жылдары билік еткен Шотландия патшайымы. 1558 жылы француздық дофин II Франсуаға тұрмысқа шықты. 1559–1560 жылдары Франция патшайым-консорты болды.

Балалық шағы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Арранның регенттігі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мария Стюарт — Шотландия королі V Джеймс мен Франция ханшайымы Мария де Гиздің қызы. Марияның анасы бұрын қалыптасып келе жатқан Stewart-тың орнына французданған Stuart жазылу түрін енгізді.

Мария 1542 жылғы 8 желтоқсанда Лотиандағы Линлитгоу сарайында дүниеге келді. 6 күн өткен соң шотландықтардың Солуэй-Моссе түбіндегі шайқастағы жеңілісі мен 2 ұлынан айырылуына байланысты әкесі король V Джеймс қайтыс болады. Мариядан басқа заңды баласы болмағандықтан, Стюарттар әулиетінен шыққан Шотландияның 1-королі Роберттен тарайтын тірі тікелей еркек ұрпақ болмауына байланысты, Мария Стюарт Шотландияның патшайымы болып жарияланды.

Кәмелет жасына толмаған патшайым кезінде елдің регенті болып Джеймс Гамильтон, 2-Арран графы сайланды, ол Марияның жақын туысы және оның мұрагері. Шотландияға ақсүйек-эмигранттар қайтып оралды — Англиямен бірігуді жақтайтындар, француз саясатын насихаттауына байланысты V Джеймстің кезінде қуғындалған немесе қашқандар. Олардың қолдауымен регент қаңтар айының соңында 1543 жылы ағылшындарға ұқсас үкімет құрып, протестанттарды қудалауды тоқтатып, ағылшындардың тақ мұрагері мен жас королеваны атастыру жайлы келіссөз жүргізе бастады. Бұл келіссөз Гринвичтегі шарттарға қол қоюмен 1543 жылғы шілдеде аяқталды. Осыған сәйкес келешекте бұл екі мемлекет — Шотландия мен Англия бір королдік әулиеттің билігінде біріктірілуі үшін Мария Англия королі VIII Генридің ұлы Эдвардқа тұрмысқа шығу керек болды. Осы уақытта 1543 жылғы 9 қыркүйекте Мария Стюарт Стерлинг қамалында Шотландия тағына отырғызылды.

Англиямен соғыс

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Жас кезіндегі Мария Стюарт. Суретші Франсуа Клуэ, шам. 1555-1559 ж.

Французның әскері Шотландияға 1947 жылы келіп, протестанттарды Сент-Эндрюсадан қуып шықты. Ағылшын әскері жауап ретінде тағы да ағылшын-шотланд шекараны басып өтіп, Пинки түбіндегі шайқасты 1547 жылғы қыркүйекте күйрете жеңді. Ағылшындар Лотиана мен Ферт-оф-Тей жағалауындағы негізгі бекіністерді басып алып, Шотландия мемлекетінің аса маңызды бөлігін өзіне қаратып алды. Мария де Гиз өз қызын Дамбартон қамалында жасыруға мәжбүр болды. Осы уақытта Франция тағына Англиямен күресті жақтайтын II Генри келді. Оның ұсынысы бойынша 1548 жылғы 7 тамызда Мария Стюарт пен дофин Франсуаны атастыру жайлы шартқа қол қойылды. Шотландияға 1550 жылдың аяғында ағылшындарды елден ығыстырып шығарған француз әскері кіргізілді. 1548 жылғы 7 тамызда 5 жасқа толған Мария Стюарт Францияға кетіп қалды.

Франциядағы өмірі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Мария Стюарт пен II Франсуа

1548 жылғы 13 тамызда жас Мариямен шағын нөкерлері, қандас бауыры Морей графы және "төрт Мария" аттары бірдей төрт жас Шотландия ақсүйектердің қыздары Битон, Ливинстон, Сетон мен Флеминг бірге Францияға келді. Еуропадағы ең жарқын сарай — француз сарайы сәнді салтанатпен жас келінді қарсы алды. Король Генри II Мария Стюартты өз қызындай көрді және ең жоғарғы біліммен қамтамасыз етті: жас патшайым антикалық және заманауи авторлардың шығармаларын оқып, фрацуз, испан, итальян, ежелгі грек пен латын тілдерін үйренді. Ол тағы да ән айтуды, лютняда ойнауды меңгеріп, поэзия мен аңшылықты ұнатты. Француз сарайына Мария тәнті болды, оған Лопе де Вега, Брантом, Ронсар өлең арнады. 1550 жылы Францияға шотланд-француз одағын нығайтумен айналысып жүрген патшайымның анасы — Мария де Гиз келді. Бірақ, ол өз балаларымен ұзақ уақыт қала алмай, діни даумен бөлінген елде қызына тұрақты билікті қамтамасыз ету үшін 1551 жылы Шотландияға қайтты. 1554 жылы Мария де Гиз Аррана графын биліктен алыстатып, Шотландия үкіметін өзі басшылық етті.

Мария де Гиздің регенттігі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мария де Гиздің елді басқаруы Шотландияда француз ықпалының күшеюімен есте қалды. Француз әскері шотландық бекіністерде орналастырылды, королдік әкімшілікте француз келімсіктері басым болды. 1558 жылғы 24 сәуірде Париждік Құдай ана соборында Мария Стюарт пен дофин Франсуаның тойы өтті. Некелік шарттың құпия ұсынысы бойынша патшайым бұл некеден бала тумаған жағдайда Шотландияны Францияға береді. Көпшілік шотландық ақсүйектер арасында бұл саясат наразылық тудырмай қоймады. Бұл уақытта протестантизмнің таралуы шотландық қауымда біржолата алауыздық туғызды. 1558 жылдың аяғында Англия тағына I Елизабет келіп, шотландық протестанттарға қолдау көрсете бастауымен жағдай ушығып кетті. Римдік Католикалық шіркеудің канондық құқығы бойынша I Елизабет некесіз туылған бала ретінде есептелінді, Англия королі VII Генри Тюдорға Мария Стюарт шөбере болып келгендіктен, ағылшын тағына құқығы болды. Бірақ, Мария және оның кеңесшілері ортасын таңдады: яғни, жас патшайымның бөлесі Елизабетті мойындалған заңды королева сайлануына кедергі болған жоқ және таққа талабынан бас тартпады. Франсуа пен Марияның елтаңбасында ағылшын тәжі болды. Марияның бұл шешімі Елизабетті келеке ету мақсатындай болуы, өмірін қауіптендірді: Шотландияда оның Англия тағына құқығын сақтап қалуға күші болмады, ал Англиямен байланыс бұзылды. 1559 жылғы 10 шілдеде II Генри қайтыс болды, Франция тағына II Франсуа отырды. Мария Стюарт Франция королевасы атанды.

Протестанттық революция

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

II Франсуа әлсіз, науқас жасөспірім болды, сол себептен берік және батыл басқара алмады, ел билеу ісіне королева-ана Екатерина Медичи мен Гиздер Мария Стюарттың ағалары араласты. Осы уақытта Шотландияда протестанттық революция басталды. Көпшілік шотландық ақсүйектер протестанттық көтерілісшілердің қатарына қосылып, Англиядан көмек сұрады. Елге кірген ағылшын әскерін протестанттар азат етуші ретінде қарсы алды. Королева Мария де Гиз бен француз гарнизоны Лит қаласында қоршалды. Мария Стюарт анасына әскери көмек көрсете алмады: Амбуаздық қастандық 1560 жылғы наурызда Гиздердің сарайдағы ықпалын жойды, діни соғыс католиктер мен гугеноттардың кезі келді және Екатерина Медичи Англиямен қарым-қатынасын шиеленістіргісі келмеді.

1560 жылғы 11 маусымда Шотландияны протестанттанудың және Англиямен біріктірудің соңғы кедергісі Мария де Гиз қайтыс болды. Франция мен Англияның арасында жасалған Эдинбургтық шарт 1560 жылғы 6 шілдеде Шотландияда ағылшын, француз әскерлерін шығару қамтамасыз етілді де, елде протестанттардың жеңісін бекітті. Бұнда I Елизабетті Англия королевасы ретінде мойындайтындылығы жайлы болғандықтан Мария Стюарт шартты бекітуден бас тартты.

1560 жылғы 5 желтоқсанда ауыр сырқаттан II Франсуа қайтыс болды. Бұл Мария Стюарттың жуырда Шотландияға қайтатындығын көрсетті. Католик-королеваның жақында келуі жаңадан мемлекеттік шіркеуді дайындау шотландық протестанттарды жеделдетті: елдің парламенті протестанттық наным белгісін және тәртіптік ережені бекітті. Шотландық шіркеу Римнен байланысын үзетіндігін жариялады және католикаға тиым салынды.

Шотландияға оралуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ішкі саясат

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1561 жылғы 19 тамызда 18 жасар королева Шотландияға келді. II Франсуа қайтыс болғаннан кейін француздық басымдылықты кейіптеуді қойған, Хантли графы басшылық ететін консерванттар сөзсіз королеваны қолдауға дайын еді. Джон Нокс басшылық еткен радикалды протестанттар королеваның католицизмнен және Арран графымен атастыруды үзуді талап етті. Протестанттық дінді қалдырып және Англиямен жақындасуды жалғастырады деген шартпен лорд Джеймс Стюарт пен мемлекеттік хатшы Уильям Мейтландтың жақтастары Мария Стюартқа қолдау көрсетер еді.

Билігінің алғашқы күндері-ақ Мария Стюарт саясатын сақ жүргізе бастады, католицизмді қалпына келтіруге тырыспады, бірақ протестанттықа ауыспады. Королдік әкімшілікте басты рөлді Морей графы атанған Джеймс Стюарт пен Уильям Мейтланд сақтады. Королеваны қолға түсіру мақсатында протестанттықтар қастандық ұйымдастырмақшы болды, бірақ бұл жоспар сәтсіз аяқталды. Арран көп ұзамай есінен адасты, ал Джон Нокстың радикалдығы шотландық ақсүйектерде түсінушілік кездестірмеді. Бір жағынан 1562 жылы консервативтік қанат басшысыз қалды: Морей графтығын өзіне беруін айтқан Хантли графы Мария Стюартқа қарсы көтеріліске шықты, бірақ лорд Джеймс оны талқандады, көп ұзамай ол қайтыс болды. 1562–1563 жылдары королева ресми түрде протестантизмді Шотландияның мемлекеттік діні ретінде мойындап, шіркеу табысын тәртіпке келтіріп, мемлекет пен діни қажеттіліктерге бөлуді бекітті. Мария Стюарт Тридент соборында католикалық доктринаны алуға шотландық өкілдерін жіберуден бас тартты. Бірақ Риммен байланысын үзген жоқ, Папаға хат жолдап отырды. Мария Стюарт билік етудің бас кезінде біршама саяси тұрақтылық орнады.

Сыртқы саясат

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мария Стюартқа сыртқы саясат күрделі мәселе туғызды. Шотландық үкімет басшылары — Морей мен Мейтланд ағылшын-шотландық одақтың жақтастары болды. Ағылшын тағына өз құқығының жүзеге асуына үміттенген Мария I Елизабетті Англия патшайымы екендігін мойындаудан бас тартты. Егер Мария Елизабеттің тірі кезінде ағылшын тағына талабынан бас тартса Англия королевасы оны өзінің мұрагері ретінде мойындайды деген ымыраға келу мүмкін еді. Бірақ өз үмітіне сенімді Мария да, ағылшын тағының мұрагері жайлы сұрақты шешуге дайын емес Елизабетке де жақындасуды қаламады.

Сол уақытта Марияның жаңадан неке қиюы туралы сұрақ туындады. Оның көңіліне көптеген еуропалық монархтар таласты (Франция, Швеция, Дания королі, Аустрия эрцгерцогі). Испания королі Филипптің ұлы — Дон Карлос күйеуі атануға ұзақ уақыт үміткер болды. Осы одақтастық туралы келіссөздер Англияда алаңдаушылық тудырды: тіпті, бұл некеден бас тартса I Елизабет Марияны мұрагері деп жариялауды ұсынды. Алайда, 1563 жылдың аяғына таман Дон Карлостың психикалы қабілетсіз екендігі анық болды және бұл нұсқа сәтсіз болды. Елизабет өз жағынан Роберт Дадли, Лестер графы, өзінің көңілдесін ұсынды. Әрине, бұл Шотландия королевасының ызасын тудырды.

Мария Стюарттың құлауы және дағдарысы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Риччоның өлімі мен екінші неке

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1565 жылы Шотландияға Леннокс графы мен Маргарита Дугластың ұлы, патшайымның бөлесі 19 жасар Генрих Стюарт, Дарнли графы келді. Ол анасы жағынан Англия патшасы VII Генридің ұрпағы. Мария Стюарт оған бір көргеннен-ақ ғашық болды, I Елизабеттың наразылығына қарамай 1565 жылғы 29 шілдеде оған тұрмысқа шықты. Бұл неке Англиямен қарым-қатынасының үзілуін ғана көрсеткен жоқ, тағы патшайымның бұрынғы жақтастары Морей мен Мейтландты өзінен алшақтатып жіберді. 1565 жылғы тамызда Морей көтеріліс жасауға әрекеттенді, бірақ әскердің ақысын төлеу үшін зергерлік бұйымдарын берген және Гордондар мен Хепбёрндердің қолдайтындығы туралы уәдесін алған Мария Стюарт, бүлікшіге дереу шабуыл жасап, Англияға қашуға итермеледі.

Морейдің бұл әрекеті радикалды протестанттар мен англофилдердің сөзсіз адалдықтарынан алыс екендігін патшайымға көрсетті. Бұл патшайымның саясатында бетбұрысқа әкеліп соқтырды. Ол католиктермен жақындасып, Испания королімен хат жазысуды қайта жандандырды. Сонымен қатар, Мария жетекші шотландық ақсүйектермен өзін алыстатып, королеваның өзіне ұнамды шетелдіктер мен тегі атақты емес адамдармен жақындасты. Күйеуімен қарым-қатынасы болып жатқан жағдай қиындата түсті: лорд Дарнли королдік лауазымға дайын емес екендігін және ерекше дарыны мен адамгершілігі жоқ адамға тұрмысқа шыққандығын Мария Стюарт түсінді. Королева өз қателігін тұсініп, күйеуін жек көре бастады.

Нәтижесінде, 1566 жылдың басына таман королеваға қарсы Дарнлидың коалициясы және Морей мен Мортон бастаған Шотландиядағы протестант лордтар құрылды. 1566 жылғы 9 наурызда аяғы ауыр королеваның көзінше оппозицияның басшылары қатыгездікпен Марияның жақын досы, фавориты және жеке хатшысы Дәуіт Риччоны өлтірді. Мүмкін, бұл қылмыспен қастандық жасаушылар королеваның өміріне қауіп төндіріп, жеңілдіктер жасауға мәжбүрлемекші болды. Бірақ, Марияның тиімді іс-әрекеті оппозицияның жоспарын қайтадан құртты: королева күйеуі мен Мореймен әдейі татуласуы қастандық жасаушылардың арасында бытыраңқылық тудырды да, қылмыскерлердің көзін жойды. Мортон мен оның сыбайластары Англияға қашты.

Дарнли өлімі мен королеваның құлауы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Мария мен күйеуінің арасындағы татуластық ұзаққа созылмады. Көп ұзамай, Дарнлимен күрт өз күшін, салмақтылығын, табандылығын көрсете білген Ботвелл графы Джеймс Хепбёрнге деген сүйіспеншілігі айқындала бастады. Король мен королеваның арасындағы алшақтау аяқталған шындыққа айналды: тіпті, Дарнли болашақта VI Джеймс атанатын 1566 жылғы 19 маусымда туған өз баласын шоқындыру салтанатына қатысудан бас тартты. Марияның саясаты көбінде оның сезімімен құрала бастады, ең әуелісі Ботвеллге құмарлылығымен. Ал, Дарнли еңгерілуге тиіс кедергі болды.

1567 жылғы 10 ақпанда белгісіз себеппен Дарнли тоқтаған Эдинбургтың маңындағы Керк-о 'Филдеде үй жарылды, ал өзі өртеніп тұрған үйден қашпақ болғанда, аулада тұншықтырылып өлтірілгендегі денесі табылды. Мария Стюарттың күйеуіне ұйымдасқан қастандыққа қатысуы жайлы сұрақ — Шотландия тарихында ең даулы мәселелердің бірі. Шамасы, төніп келе жатқан қастандықты білді, бәлкім, граф Морей мен Мейтландтың өздері де қатысты. Король сатып кеткен Мортон бастаған Риччоға қарсы қастандыққа қатысқан сыбайластардың Дарнлиге қарсы астыртын әрекеттің болуын сенімділікпен айтуға болады. Граф Ботвеллдің астыртын сөз байламға қатысуыда ықтимал. Бұған қоса, егер Ботвелл королева Марияның жүрегіне жол ашпақшы болса, онда Мортон мен Морейдің топтары, мүмкін, оны құлатуға және королеваға сенімділіктен айыруға шақыруға тырысты. Бәлкім, бұл аталған топтар бөлек-бөлек әрекет етті.

Алайда,нағыз қылмыскер кім болса да, бұл қылмыстағы жанама күнәні Шотландия қоғамы королеваны адал емес әйел ретінде ұсынды. Мария өзінің жазықсыздығын дәлелдеуге еш әрекет жасамады. Керісінше, 1567 жылғы 15 мамырда Холируд сарайында Мария мен граф Ботвелл некелесті. Король өлтіруші күдіктімен болған неке Марияны елдегі өолдаудан айырды, бұны тез арада протестант-лордтар мен Морейдің жақтастары пайдаланып қалды. Олар лордтар "конференциясын" құрып, әскери күш жинап, Ботвелл мен королеваны Эдинбургтан қуып шықты. 1567 жылғы 15 маусымда Карберриде королеваның әскері конфедераттардың әскерімен кездесіп жан-жаққа бытырап қашты. Мария Ботвеллдің кедергісіз кетуіне мүмкіндік жасап, берілуге мәжбүр болды. Және көтерілісшілердің қарауымен Лохливен қамалына жеткізіліп, 24 шілдеде тақтан бас тартып, ұлы VI Джеймсқа беру туралы жарлыққа қол қойды. Кәмелет жасына толмаған король билігі кезінде уақытша елдің регенті болып граф Морей тағайындалды.

Англияға қашу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Англиядағы Мария Стюарт, 1578 жыл

Заңды патшайымның құлатылуы кейбір шотланд лордтардың наразылығын тудырды. «Конфедераттар» одағы тез тарап кетті. Морейдің регенттігі Аргайла мен Хантли графтар, Гамильтондардың оппозицияға өтуге себеп болды. 1568 жылғы 2 мамырда Мария Стюарт Лохливен қамалынан қашып кетті. Оған тез арада Морейге оппозициялы барондар қосылды. Бірақ та 13 мамырда королеваның азғантай әскері Лангсайд түбіндегі шайқаста регенттің әскерінен жеңіліп, патшайым I Елизабеттен көмек сұрау үшін Англияға қашты.

Бастапқыда I Елизабет Марияға көмек беруге уәде етті, бірақ-та ол ағылшын тағына бәсекелесінің пайдасына қарай әскери араласу идеясынан алыс болды. Мария Стюарт пен граф Морейдің арасындағы дауда Елизабета төреші қызметін атқарып, Дарнлидің өліміне қатысты тергеу жұмыстарын басқарды. Тергеу жұмыстары кезінде регенттің жақтастары Марияның опасыздығының және күйеуіне қарсы қастандыққа қатысқанының дәлелі ретінде Ботвеллдің қашу кезінде тасталған әйгілі «Шкатулкадағы хаттарды» ұсынды. Бұл хаттың кейбір тараулары (мысалы, Ботвеллге арналған өлеңдер) шынайы болуы ықтимал, алайда қалған бөлігі жалған болды. 1569 жылы тергеудің нәтижесі Елизабеттың көмескі үкімі болды, алайда бұл, Морейдің режимін Шотландияда нығаюуына және Англияның оны мойындауына алып келді.

Марияның ісі толығымен аяқталған жоқ. 1570 жылы Морейдің өліміне байланысты Шотландияда патшайымның жақтастары (Аргайл, Хантли, Гамильтоны, Мейтланд) мен королдік партия (Леннокс и Мортон) арасында азамат соғысы бұрқ ете түсті. Тек Елизабеттің араласуының арқасында 1573 жылғы 23 ақпанда екі жақ «Перт келісіміне» қол қойды. Бұл келісімге сәйкес VI Джеймс Шотландияның королі ретінде мойындалды. Көп кешікпей Мортонның әскері Эдинбургты басып алып, королеваның соңғы жақтаушысы Мейтландты тұтқынға алды. Бұл Мария Стюарттың Шотландияны қалпына келтіруге деген үмітінің жоғалғанын көрсетті.

Мария Стюартты қамауда ұстауы және өлім жазасына кесілуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Өлім жазасына кесілу туралы үкім

Шотландиядағы сәтсіздік Королеваның еңсесін түсірткен жоқ. Ол бұрынғысынша өзінің құқықтарынан бас тартпай, ағылшын тағына үміткер болып қалып, I Елизабетке маза бермеді. Англияда Мария Шеффилд сарайында бақылауда болды. Қорытындылай келе, Мария Стюарттың айтарлықтай қызметкерлері болған және патшайымның өмір сүруін қамтамасыз ету үшін Англия мен Франция көлемді ақша бөлді. Дегенмен, ол Шотландиядағы достарымен араласа алмай, бірте-бірте жалғыздықта қартайды.

Мария еуропалық державалармен жасырын хат алмасып, I Елизабетке қарсы шеруді тоқтатпады, бірақ ол Англия патшайымына қарсы көтерілістерге қатыспады. Әйткенмен, Англия патшасы VII Генридің заңды шөбересі Мария Стюарттың есімі I Елизабетке қарсы қолданушылармен белсенді пайдаланылды. 1572 жылы Ридольфидің астыртын әрекеті анықталды, оның қатысушылары Елизабетты тақтан түсіріп, Мария Стюартты Англияның тағына отырғызбақшы болды. 1586 жылы, мүмкін, Елизабеттің министрі Фрэнсис Уолсингем мен оның түрмеге отырғызушысы Эмиас Паулеттің қатысуынсыз болмаса да, Мария Стюарт I Елизабетке қарсы қастандықты қолдайтыны жайлы католик күштерінің агенті Энтони Бабингтонмен абайсыз хат жазысты. Алайда, астыртын әрекет анықталды және Англия патшайымының қолына түсті. Мария Стюарт сотқа беріліп, өлім жазасына кесілді. 1587 жылғы 8 ақпанда Фотерингей қамалында Мария Стюарттың басын шауып тастады.

Патшайым Питерборо соборында жерленді, ал 1612 жылы Елизабет қайтыс болғаннан кейін Англия королі атанған Джеймстың бұйрығымен Мария Стюарттың сүйегі Вестминстер аббаттығына мәңгілік қарсыласы I Елизабеттың қабірінің қасына көшірілді.

Некелері мен ұрпағы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]