Gucci

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Рәмізі

Gucci – әлемге әйгілі итальян сән үйі және бренд. Gucci сән үйінің иесі француз конгломераты Pinault-Printemps-Redoute (PPR). Әлем бойынша танымалдығы мен сату көрсеткіштері бойынша LVMH компаниясынан кейінгі екінші орынды иеленеді.

Даму тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1921 жылы Gucci сән үйі Италиядағы Флоренция қаласында Guccio Gucci (1881-1953 жылдары) тарапынан құрылады. 1938 жылы компания сатылымдары көбейіп, 1938 жылы Рим қаласында бутигі ашылады. 1947 жылы Gucci - бауы бамбуктан жасалған сөмкелерді шығарып, осы сөмкелер қазіргі күнге дейін компанияның басты бренд өнімі ретінде әйгілі. Сонымен қатар 1950 жылдан бері компания берік жолақ маталар мен фирмалық күдері макасиналарды шығара бастайды.

1953 жылы компанияның басшысы Гучионың өлімінен кейін, оның баласы Альдо Гуччи Лондон, Париж және Нью-Йорк қалаларында бутиктер ашып, компанияның әлемдік атаққа қол жеткізуіне үлкен үлес қосады.

Компанияның құрылған күнінен бастап Гуччи отбасында келіспеушіліктер мен жанжалдар өрши түседі. Гучио өлімінен кейін мұрагерлік құқық жайлы келіспеушіліктер, күнделікті бутиктердегі жұмысты басқару мәселелері отбасы ішінде келеңсіздіктер тудырады.

1960 жылдары Gucci компаниясы Қиыр Шығыс елдерінде: Гонконг, Токио және Кореяда бірнеше бутиктерін ашады. Осы жылдары компания өзінің фирмалық логотипін GG (Гуччо Гуччи) ойлап тауып, Голливуд актрисасы Грейс Келли таққан Flora атаулы жібек бөкебайын, АҚШ президенті Джон Ф. Кеннедидің жұбайы Джеки Кеннеди үлгісін жасап шығарған Jackie O атаулы сөмкелерін сатылымға шығарады. 1970 жылдары сәндік бұйымдар шығаратын әлем бойынша бірінші орындағы бренд болып, бірақ та отбасы ішіндегі жанжалдар компанияның құлдырауына дейін алып келеді. Осы кезеңде компанияның 50% үлесі ағалы-інілі Альдо және Рудольф Гуччилердің қолында еді.

1979 жылы Альдо Gucci Parfums парфюм шығаратын бөлімдегі сауданы жақсарту үшін Gucci Accessories Collection аксессуалар топтамасын шығарады. Бұл топтамаға косметика заттарын салатын сөмке, шақпақ, қалам сияқты кішкентай аксессуарлар кіріп, каталогтағы басқа да аксессуарларға қарағанда төмен бағасымен ерекшеленді.

Альдо Гуччи компанияны кеңейту мақсатында жаңа жобалар дайындап, сән әлемінен басқа да нарықтарға аяқ басып, American Motors Corporation (AMC) компаниясымен келісім-шарт жасайды. 1972 жылы «Sportabout» фургонымен жасақталған AMC Hornet автомобилі атақты дизайнердің көмегімен әшекейленген ең бірінші сәнді автомобил болды. Gucci автомобилінің іш жағы жасыл, қызыл, сарғыш текстуралармен көмкеріліп, дизайнерлік эмблемалармен толықтырылды. Автомобиль түсі де арнайы түрде дизайнердің жеке таңдауы болды.

Gucci Accessories Collection топтамасындағы аксессуарлар Parfums аксессуарларына қарағанда сатылымы жоғары болып, осы жағдай Гуччи династиясының құлдырауына себепкер болды.

1983 жылы Родольфо Гуччидің өлімінен кейін, оның компаниядағы 50% үлесінің мұрагері баласы Маурицио Гуччи, Альдо Гуччидің ұлы Паоломен бірге директорлар кеңесінде өз беделін көтеру үшін Голландияда Gucci Licensing бөлімшесін ашады. Маурицио компания басқармасын өз қолына алып, Gucci отбасының басқа мүшелері компанияның директорлар кеңесінен шығады. Gucci компаниясының жарқын болашағы мақсатында Маурицио талант иелерін сырттан іздей бастайды.

Gucci корпорациясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1980 жылы жаңа басқару мен жаңа бағдар ұстанған Gucci компаниясы дүние жүзіне ең атақты және табысы мол сән үйлердің біріне айналады. 1995 жылы қазан айында компания әр қайсысы 22 доллар құндылығындағы акцияларын AEX және NYSE қор биржаларына шығарады. 1997 жылы атауы Gucci Timepieces болып өзгертілген Severin-Montres сағат шығаратын компанияны өз иелігіне алады.

Жаңа менеджмент

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1989 жылы Маурицио атақты Доун Меллоны (1970 жылы New York’s Bergdorf Goodman компаниясын жандандырып, осы жетістігі оны жекелеген бизнес әлемінде атын жаңғыртты) Gucci Group тобына вице-президент пен креативті басқарушы қызметіне шақырады. 1987-1989 жылдары Маурициоға компанияны қайта құрылымдау процесіне үлес қосқан заңгер Доменико Де Соль Gucci America бөлімшесін өз басқаруына алады. Сонымен бірге жаңа бағытты ұстанған, құрылымы түбегейлі өзгерген компанияның дизайнерлерінің ішінде Джефри Бин, Келвина Кляйн және жас маман Том Форд қосылады. Том Форд Техас және Нью-Мексика қалаларында өмір сүріп, жасөспірім шағынан бастап сән әлеміне қызығушылық танытады. 1986 жылы Parsons дизайнерлер мектебін сәулеткер мамандығы бойынша бітіргеннен кейін, дизайнер карьерасына аяқ басады. 1990 жылы Мело Том Фордты жұмысқа алады.

1990 жылдары Gucci компаниясының құлдырау кезеңі. Мауриционың Gucci Accessories Collection топтамасындағы аксессуарлардың сатылымын тоқтатуы дистрибьюторлар мен Investcorp акционерлері және Gucci America басқарушыларының наразылықтарын тудырады. Сол кезеңде Gucci Accessories Collection аксессуарлардың сатылымы жыл сайын 110 миллион доллар табыс әкелетін. 1993 жылы Маурицио Investcorp компаниясындағы өз үлесін сатуға мәжбүр болады. Бір жылдан кейін Доун Мелло өзінің бұрынғы Bergdorf Goodman компаниясындағы қызметіне оралып, Gucci компаниясындағы креативті басқарушы орнын 32 жастағы Том Форд иеленеді. Бір жыл бойы Мелло мен Маурицио басқаруымен қызмет атқарған Форд, ендігі кезде компанияның бағытын өзгертуге шешім жасайды. Gucci Group NV президенті лауазымына дейін көтерілген Де Соль – Gucci компаниясы табысының өсуі үшін жаңа бағдар ұстану керектігін түсініп, Фордтың енгізген жаңашылдықтарына қарсылық көрсетпейді.

Доменико Де Соль Pinault-Printemps-Redoute компаниясымен стратегиялық одақ құрады. Компания президенті Франсуа Пино Gucci компаниясының 40% акциясын иемденеді. Екінші ірі акционер – 11% акциясы бар Crédit Lyonnais компаниясы.

2001 жылы қыркүйек айында Gucci Group, LVMH және PPR компаниялары арасында келісім-шарт жасалады. 2001 жылы Gucci компаниясы Bottega Venetta, Di Modolo, Balenciaga компанияларының акциясын иемденіп, Стелла Маккартнимен (Stella McCartney) әріптестік келіссөз жасайды. Pinault-Printemps-Redoute тобымен келісім-шартты қайтадан бастау әрекеті сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, 2003 жылы Том Форд пен Доменико Де Соль Gucci Group-тан өз еркімен кетеді. Gucci Group Том Фордтың басқаруымен жұмыс жасаған Алессандра Факкинетти мен Фрида Джаннини дизайнерлерін компанияда ұстап қалуға тырысты. 2004 жылы Факинетти компанияда екі маусым бойы әйел киімдерінің креативті басқарушы қызметінде жұмыс атқарды. Рэй 2006 жылға дейін үш жыл бойы ерлер киімдерінің креативті басқарушысы болды. 32 жастағы Джанини (бастапқыда ерлер және әйелдер аксессуарларының дайындалуына жауапты болған) қазіргі кезде бүкіл брендтің креативті басқарушысы қызметінде жұмыс атқаруда. 2006 жылғы Джаннинидің көктемгі топтамасы ұзақ уақыттан кейін алғаш рет компания есімінің журналдың басты беттерінде жариялануына себепкер болды. Бұл жаңа топтама сән әлемінде ажиотаж тудырады.

BusinessWeek журналының мәлімдемесіне сәйкес 2008 жылы Gucci 2,2 миллиард еуро табыс тапқан[1] және «Ең үздік әлемдік 100 бренд» тізімінде 46 орынды иеленген. Дүние жүзі бойынша 425 бутигі бар.

Gucci Group төменде берілген компаниялар мен брендтер иесі немесt үлестері бар:

  • Gucci (100% меншік үлесі, 100% сағат өндірісі)
  • Yves Saint Laurent (100%, сонымен бірге парфюмерия және сағат өндірісі 100%)
  • Sergio Rossi (100%)
  • Bottega Veneta (78,5%)
  • Alexander McQueen (51%, парфюмерия - 100%)
  • Stella McCartney (50%, парфюмерия - 100%)
  • Balenciaga (91%)
  • Roger & Gallet
  • Boucheron (зергерлік бұйымдар)
  • Ermenegildo Zegna
  • Oscar de la Renta
  • Bedat & Co (85%)

Флоренция, Лондон, Париж, Нью-Йорк қалаларында компанияның штаб-пәтерлері мен кеңселері орналасқан.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]