Мазмұнға өту

Үргеніш

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Қала
Үргеніш
өзб. Urganch/Урганч
Әкімшілігі
Ел

 Өзбекстан

Облыс

Хорезм

Тарихы мен географиясы
Координаттары

41°33′00″ с. е. 60°38′00″ ш. б. / 41.55000° с. е. 60.63333° ш. б. / 41.55000; 60.63333 (G) (O) (Я)Координаттар: 41°33′00″ с. е. 60°38′00″ ш. б. / 41.55000° с. е. 60.63333° ш. б. / 41.55000; 60.63333 (G) (O) (Я)

Құрылған уақыты

1646 жылы

Алғашқы дерек

XVII ғасыр

Бұрынғы атаулары

Гүргәніж, Жаңа Үргеніш

Қала статусы

1929 жылы

Жер аумағы

70 км²

Орталығының биiктігі

103 м

Тұрғындары
Тұрғыны

145 000 адам (2021)

Тығыздығы

4 800 адам/км²

Сандық идентификаторлары
Телефон коды

+998 6222

Пошта индексі

220100

Автомобиль коды

90 — 94

urganchshahar.uz  (өзб.)

Үргеніш картада
Үргеніш
Үргеніш

Үргеніш (өзб. Urganch/Урганч) — ежелгі қала, ортағасырлық Хорезм мемлекетінің астанасы, қазіргі Өзбекстан Республикасы Хорезм облысындағы қала.

Үргеніштің пайда болған уақыты анықталмаған. Қала жөніндегі алғашқы деректер мұсылман жазбаларында келтірілсе де, қаланың арабтар келерден әлдеқайда бұрын салынғаны күмән туғызбайды. Шамасы Гургандж (араб. Джурджания) атауы б.з.б. 1 ғасырға жататын жазбалардағы Хорезмнің қытайша атауынан (Юецзянь) шықса керек.

I ғасырда Хорезм бір-біріне тәуелсіз екі иелікке бөлінді:

  • астанасы Қият болған хорезмшаһ аймағы;
  • Гүргәніж (қорған) әмірінің аймағы болды.

Бирунидің (“Әл-Асар әл-Бақйиа”) жазуы бойынша арабтар жаулап алғаннан кейін Қиятты бұрынғы билеуші әулет өкілдері — шахтар, Гурганджды-араб уәлилері биледі. Бұл жағдай елдің екіге бөлінуіне әкеп соқты. 995 жылы Гургандж әмірі Қиятты басып алып, жергілікті әулет өкілдерін биліктен тайдырды. Сөйтіп, Хорезмді қайтадан біріктіріп, өзіне хорезмшах атағын алды. 10 ғасырдағы араб саяхатшылары Гурганджды үлкендігі жағынан Хорезмнің екінші қаласы ретінде сипаттайды. Ежелгі Қиятқа қарағанда ол тез өсіп, сауда мен қолөнердің гүлденген орт-на айналды. Қос иелік біріктіріліп, біртұтас мемлекетке айналған соң Қият пен Гургандж маңызы бірдей астаналар болып есептелді. Алайда кейінгі билеушілердің тұсында Гургандж мемлекеттің негізгі астанасына айналды. Үргеніштің гүлдену кезеңі 12 — 13 ғасырлардағы хорезмшахтар билік еткен кезеңге тура келеді. Үргеніштен 3 фарсах қашықтықта “Кіші Гургандж” атанған екінші қала орналасты. Жуайни 1221 жылы сәуір айында моңғолдардың Гурганджды қоршап, оны қалай алғаны жөнінде көп деректер қалдырған. Олар Әмудариядағы бөгендерді бұзып, барлық жерді су басты. Шапқыншылық пен су тасқынынан кейбір құрылыстар мен ғимараттар ғана аман қалды. Үргеніш 1224 жылдан Жошы ұлысының құрамына кіріп, көп ұзамай қалпына келтірілді. 13 ғасырдың ортасынан бастап Алтын Орданың құрамында болып, сауда, қолөнер, әкімшілік орталық ретінде өз маңызын жойған жоқ. 14 ғасырдың ортасына қарай Хорезм Алтын Ордадан бөлінген кезде Үргеніш қайтадан оның астанасына айналды. 1388 жылы Үргенішті Әмір Темірдің әскерлері қиратты. 1391 жылы ішінара қалпына келтірілгенімен, даму қарқыны төмендеді. 17 ғасырда қала тіршілігі құлдырап, кері кетті. Оның негізгі себептерінің бірі — Әмудария өзені арнасының ауысып, қаланың судан қашық қалуы еді. Үргеніш тұрғындарын Хиуа ханы Әбілғазы жаңа Үргенішке көшірді. Үргеніште сақталған тарихи-мәдени ескерткіштердің қатарына 12 ғасырдың 2-жартысына жататын Фахрад-дин Разидің кесенесі (12 қырлы негізге орнатылған, шатырлы 12 қырлы күмбезі бар шаршы түрдегі көлемді құрылыс, алды оймышты терракотамен безендірілген), 12 ғасырдың соңы мен 13 ғасырдың бас кезінде салынған Текеш кесенесі (тікбұрышты, “қатпарлы” негізге орнатылған шатырлы-конусты күмбезі бар), 1321 — 33 жылдары аралығында салынған Құтлұқ Темір мұнарасы (әшекейлі кірпіштерден қаланған белдеулер мен жазулар түсірілген жолақтармен безендірілген, конустық биік бағанды), 14 ғасырда салынған қонақ үйі бар Нажмеддин Құбрдың кесенесі (үш күмбезді порталды құрылыс), 14 ғасырдағы керуен сарайының порталы (алдыңғы беті түрлі түсті қаптама материалдармен безендірілген), Софы әулетінен Төребек ханым кесенесі ([1360 жылдары салынған, композициясы күрделі, мозаикалы негізге орнатылған үш биік күмбезі, порталы бар), т.б. жатады. Үргеніштегі археологиялық қазба жұмыстары 1929 жылы А.Ю. Якубовскийдің, 1952 жылы С.П. Толстовтың басшылығымен жүргізілді.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]