Құмтас

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Құмтас – ірілігі 0,1-2,0 мм-дей жұмыр не қырлы түйірлерден цементтеліп қатайған шөгінді тау жынысы.

Түйірлер ірілігінің жыныс құрамындағы мөлшерінің басымдылығына қарай: ұсақ (0,1-0,25 мм), орташа (0,25-0,5 мм), ірі (0,5-1,0 мм), зор (1,0-2,0 мм); түйірлі және минералогиялық құрамы жағынан мономиктілік (кварцтық), олигомиктілік (аркоздық), помимиктілік (грауваккалық) болып бөлінеді.

Құмтастың құрамы кремнийлі (кварцты, халцедонды, опалды), карбонатты (әк тасты, доломитті, сидеритті), сульфатты (гипс), сульфидті (пирит), темір тотықты (лимонит) цементтермен бірігіп қатаяды. Тығыздылығы 2500-2900 кг/м3, қуыстылығы 2-30%, түскен күштің жаншу қысымына уақытша төзімділігі 90-2000 кг/см2. Бүкіл шөгінді жыныстардың 12-15%-ін құрайтын құмтас барлық геологиялық жүйелер жыныстарында кездеседі. Құрамында халькозин, барнит және халькопирит сияқты мыс минералдары молынан кездесетіндер мысты құмтастар деп аталады. Бұлар өте құнды мыс кентастары болып табылады. Құрамында уранның концентрациялары кездесетіндерін уранды құмтастры дейді.

Құмтас құрылыста (төсеніш, беттеме т. б.), кварцы мол абразиялық өндірісте (қайрау, егеу материалдары, уату диірмендерінің тастары), отқа төзімді материалдар өндіруде (кокс және электр пештерінде, бессемер конверторларында, динас жасауда), металлургияда (балқу процессін жеңілдететін флюс ретінде, болат, көміртек аз құймалар алуға жұмсалатын ферросилиций алу және силумин жасау үшін), шыны өндірісінде қолданылады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақстан табиғаты:Энциклопедия / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы:" Қазақ энциклопедиясы" ЖШС, 2011. Т.З. - 304 бет. ISBN 9965-893-64-0 (Т.З.), ISBN 9965-893-19-5