Құзыр хан (1361) — Алтын Орданың 1360—1361 жылдары билік еткен ханы, Сасы Бұқаның ұлы. Құзыр хан Орда Ежен әулетінен шыққан тұңғыш Алтын Ордалық хан болды.
Ол Ақ Орданың тумасы. Құзыр, «Ескендір Анонимінде» Ақ Орда ханы Сасы Бұқаның ұлы деп көрсетілген. 1359 жыл ол өзін Гүлстанда хан деп жариялады. 1360 жылы Наурыз ханның иеліктеріне басып кіріп, орда ақсүйектерімен құпия келіссөздер жүргізе бастады. Нәтижесінде олар Наурызды Құзырға ұстап берді. Құзыр Наурыз ханды, оның әйелі Тайдұлу мен Наурыздың ордалық серіктерін қырып тастады. «Ескендір Анонимінің» хабарлауынша, Құзыр бір жылдай билік еткен. Русьтағы болып жатқан істерге Құзыр араласып отырды. Руське елші жіберіп, мәскеу кнәзі Дмитрий Ивановичты өзіне шақырған. Дмитриймен қоса, Құзырдың сарайында Андрей Константинович Суздальский інісімен, Константин Васильевич (ростов кнәзі) және Михаил Ярославский болған. Ұлан-ғайыр аумақты басқарған (оның дәлелі ол Гүлістан, Жаңа Сарайда, Хорезмде және Азақта теңге соқтырған). Хандықты басқаруда темірдей тәртіпке арқа сүйеген. Қанша шаралар жасаса да үлкен ұлы Темір Қожа ұйымдастырған сарай төңкерісі нәтижесінде қаза болды.