Мазмұнға өту

Қақпан

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Қақпан. ҚР ҰМ қорынан.

Қақпанаң аулауға арналған, темірден жасалатын аңшылық құралы.

Сөз морфологиясы

Сөз төркіні – түркі тілінен. Якут тілінде «хап» (Э. Пек., СЯЯ, 1959, III, 3318), туба-кижи тілінде де дәл осы тұлғалы сөз (А. Бас., ДЧТ, 1966, 125) «ұстап алу», «шап беріп ұстау» мағыналарында айтылады. Құралдың осындай іс-әрекетіне байланысты - қан жұрнағын қосып «қагіқан» атауын берген. Біздің тілімізде оның «қақпан» тұлғасында керінуін тілдегі метатеза (дыбыстардың орын ауыстыруы: (қолқап — қолбақ) құбылысынан деп қараған жөн.[1]

Қақпан сипаты мен түрлері

Қақпан. ҚР ҰМ қорынан.

Қақпанның көбінесе бір немесе екі құлақты ортасында шүріппеге бекітілген жалпақ тілі болады. Ортасындағы шүріппесі арқылы жабылады. Қазақ аңшылары оның бала қақпан, тісті қақпан сияқты түрлерін пайдаланған. Ұстайтын аңына қарай "қасқыр қақпан", "түлкі қақпа"н деп те аталады. Бала қақпан немесе қолқақпан, қарсақ, түлкі, суыр, қоян т.б. ұсақ аңдарды ұстауға, ал тісті қақпан аю, сілеусін, қабылан аулау үшін құрылады. Қасқыр аулауға арналаған қасқыр қақпан, ал жолбарыс аулауға арналған нар шынжырлы, серпері (шаппасы) екі елідей қалың қақпанды жолбарыс қақпан дейді. Аюға құрылатын қақпан шомбал болып келеді. Иісшіл аң темір иісін сезбес үшін, қақпан алдын-ала түрлі шөптермен бірге қайнатылуы мүмкін дейді. Қазақ ұсталары қақпанды темірден соғып, оны серперін малдың, қойдың салқын құйрық майына суарып, шынықтырып алатын болған. Майға суарудың мәнісі – қақпанның серіперінің серпіні мықты болады. Жыртқыш аңдар аса иісшіл болады. Сондықтан темірдің иісін кетіру үшін жаңа соғылған қақпанды шамалы уақыт сойылған қойдың терісіне орап тастайды немесе көңнің арасына салып қояды.

Қақпанның құрылысы

Қақпанның құрылысы қарапайымдау болып келеді. Қақпанның аң ұстайтын аузын қандауыз, қандауызды қысып тұратын бөлегін серпер деп атайды. Әсіресе қақпанның серперін өте баптап, суын тауып, әрі серпімді, әрі қатты етіп соғады. Соған қарай тиегінің бекітілуі, табақшасының орналасуы, шапқандағы серпінмен көтерілетін биіктігі бәрі де есептеліп, жасалады. Аң басып қақпан тиегін тайдыратын жерін қақпанның табаны, кей жерде қақпанның түндігі деп те атайды. Қақпанның қандауызын жатқызып, табанына жапсырып тұруға тиісті ағашты қақпан тиегі, ал түндіктегі тиектің сұғынып тұратын көлденең ағашын тиектің қонағы дейді. Тиектің арты қақпан бүлдіргесіне бекітіледі. Қақпанның тұғыр табақшасы дөңгелек шеңбер пішінді болады да, оның көлемімен бірдей етіп, екі доғадан құралған қос жақтау шаппасы (қақпанның тісі) жеңіл қозғалмалы етіп, тұғыр табақшаның үстіңгі бетіне екі жағына мұрындықтап бекітіледі. Темірден жасалатын қақпанның ортасында шүріппемен жалғастырылған тістері болады. Қақпанды аң алып кетпес үшін салдауыр (тоқпақ) тағады. Аң қиып кетпес үшін салдауырды қақпанға темір шынжырмен қосақтайды. Кішірек аңдарға қайыс қолайлы. Қақпанға тағар салдауыр ауыр ауыр тастан, темірден жасалса, кейде арқар мүйізі пайдаланылады. Қақпанды аңға ашық және жабық құрады. Құмды өңірде қақпан құрғанда оның жерге қағатын қазығы болмайтындықтан, оның орнына үлкенірек тістерден тұратын ауырлау шәңгегі болады. Аң қақпанды сүйретіп қашқан кезде бұта-шілікке ілініп қалады да, ұзап кете алмай қолға түседі.

Қақпан құру

Қақпан құру шынжырлы құру және жер тиекті құру деп екі түрге бөлінеді. Ұзын шынжырмен қақпанды жерге қазық арқылы немесе ағаш тамырларына бекіту арқылы құру "шынжырлы құру" деп аталады. Ал, қақпанның астын 50-70 см қазу арқылы қысқа шынжырмен жер астына көлденең ағаш байлап құру "жер итиек етіп құру" деп аталады. Қақпан құру – айрықша тәжірибені керек етеді. Өйткені, жыртқыш аңдар иіске те сезімтал келеді, тіптен, өз үйірі мен бөгде аңдардың жүріп кеткен ізінде қалған иістен, адамның қақпанда қалған иісіне дейін ажыратып сезіп қояды деседі аңшылар. Жолбарысқа құратын ақпанның өз ерекшелігі болды.
Аюға қақпан құрардың алдында аңшы аюдың ізін, тұратын, келетін бағытын, жер жағдайын тексереді. Аюдың шалғынды жапырған ізі мен жапасына қарай отырып, үлкен-кішілігін, түсер салмағын, жалғыз емес екенін, барлығын шамалап барып, бар мүмкіндікті ескеріп қақпан құрады.
Қасқырға қақпанды аңның ізін жақсы ажырататын, оның ескі-жаңасын айырып, із кесе алатын аңшылар салады. Тәжірибелі аңшылардың айтуынша бөрілердің әдетте жортуылға шығарда, одан оралғанда, суға түскенде, апанына келерде жүріп өтетін жалғыз аяқ шуама жолдары болады. Із білетін кісі осынау жолдарды тауып, қақпанын сонда салады. Бір ескеретін жәйт, қасқырға қақпан жылдың барлық мезгілінде қарасонар, қансонарда салына береді. Қақпан құрардағы басты шарт – сол жердің бедері және өсімдік шөптерінің түр-түсімен жымдасып, секем тудырмауы керек. Кейде білінбес үшін кәнігі аңшы қар немесе жаңбыр жауып келе жатса, бұрыңғы діттеп жүрген жеріне қақпан құрады.
Қасқырдың арланы кез-келген жерге сарымайды. Ол белгілі бір оқшау тұрған бұта түптеріне ғана артқы аяғын көтереді. Ондай жерді аңшылар қасқыр сарығы дейді. Егер ондай жер табылса, қақпан сол жерге, яғни қасқыр сарығына құрылады.
Қақпанды "жер итиек" етіп құрғанда киік жараланбайды және өлмейді. Кейде елікке тоқпақты қақпан да құрылады. Бұл _ қақпанға белгілі салмақтағы тоқпақты байлап қана қоятын әдіс. Мұнда елік тоқпақты сүйретіп, жақын аралықта жүре береді. Аштан арам өліп қалмайды, ұзаққа кете алмайды, кейде тоқпақ ағашқа ілініп те қалады. Бұл әдыс – қақпанды он шақты күнде бір рет көретіндердің құру әдісі. Әдетте қақпанды құрғаннан кейін 3-5 күнде бір рет аралап көріп тұрады. Аптасына бір, он күнде бір көретін кездер де болады.
Қақпанды киік жолдарының аттама жеріне, секіріп түсетін жеріне, жалғыз аяқ жолдарына немесе жар (тұз) жалайтын жерлеріне құрады. Кейде жарларға тұз апарып шашып кетіп, киікті баурайтын жағдайларда болады.
Қақпанды саятшылар да қолданған. Қаршыға, лашын, ителгі, күйкентай, тұрымтай сияқты қыран құстар өзінің ұстаған қоян, үйрек, саршұнақ, торғай т.б. жемтігін жемімен тояттап отырғанын байқаған саятшы әлгі жыртқыш құсты жасырын келіп, отырған орнынан үркітіп жібереді де, олардың жемтіктері жатқан орынға қолқақпан құрады. Бұндай шағын, кішкене қыран құстар қалған жеміне қайта оралып, қақпанға түседі. Құсқа құрылған қақпанның шаппасына құс аяғын зақымдамас үшін, жұқа киіз, шүберек орап, байлап қояды. Ал бүркіт сияқты ірі қыран құстар қалған жемтігіне еш уақытта қайта оралмайды.

Қақпанға байланысты кейбір ырымдар

Аңшылар өңірінде «мерген – мергендігінен атып алады, қақпаншы құрып қойып ертесіне жатып алады» деген тәмсіл бар. Қақпан құрушы қақпанды жаңа болса, майлап оттың жалынына ұстайды. Сөйтіп, қақпанның қанды болуын тілейді. Қақпанды құрарда «ия, қақпаным далаға шаппай, ұйықтап тыныш жатпай, серіппең қатты болып, аң атаулының аяғынан ала жатқайсың» – сияқты тілек сөздер айтып, ырымдайды. Біреудің «қанды» қақпанын сұрап алатындар да болады. Өйткені, аңшылар арасында ежелден қалыптасқан «қанды қақпан қанмен дос» және «қанды қақпан тыныш жатпайды» деген ұғым бар. Сондықтан, аты шулы «қанды» қақпанның иесіне тиісті тарту-таралғы беріп алып: «ал қақпаным, тыныш жатпай, шақыра жат!» – деп құрады. Егер қақпанды қырсық шалды деп есептесе, иесі садақа беріп, бал аштырып, дұға оқытып барып қана құратын болған.
Сонымен бірге, қақпанның сыбағасы деген кәде бар. Оның мәні қақпанды қадірлеп, кие тұтқандықты білдіреді. Яғни, аңшы қақпанның иесіне қақпанға түскен олжадан тиесілі бөлігін береді.[2]

Дереккөздер

  1. Бес жүз бес сөз.— Алматы: Рауан, 1994 жыл. ISBN 5-625-02459-6
  2. ҚАЗАҚТЫҢ ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАР, ҰҒЫМДАР МЕН АТАУЛАРЫНЫҢ ДӘСТҮРЛI ЖҮЙЕСI. Энциклопедия. – Алматы: РПК “СЛОН”, 2012. – (илл.) ISBN 978-601-7026-17-23-том: К – Қ – 736 бет.ISBN 978-601-7026-21-9

Әдебиеттер

  • Сатылғанов Ж. Қауырсын табиғат достарының клубы. Алматы: Қайнар, 1985;
  • Қазыханқызы Н. Аңшылық хикаялары. Алматы: Атажұрт, 2011;
  • ҚР МОМ – материалдарынан;
  • ОМЭЭ – материалдарынан.