Эфир (химия)
Эфирлер– құрамында оттек бар органикалық қосылыстар; спирттер молекуласындағы гидроксил тобының сутек атомын радикалға алмастырғанда эфирлер алынады.[1]
Олар жай және күрделі эфирлер болып негізгі екі топқа бөлінеді. Жай эфирлердің жалпы формуласы R – O – R немесе R– O– R' (R, R' – органикалық радикалдар). Екі радикалы бірдей жай эфирлер – симметриялы эфирлер, радикалдары әртүрлі жай эфирлер аралас эфирлер деп аталады. Жай эфирлер өздерінің құрамындағы радикалдар бойынша аталады: СН3–О–СН3 диметил эфирі, СН3–О–С2Н5 метил-этил эфирі, т.б. Жай эфирлер ұнамды иісті, суда нашар еритін, ұшқыш, органиалық еріткіштерде жақсы еритін, сілтілер мен сілтілік металдар әсеріне тұрақты, бейтарап, активтігі нашар қосылыстар. Жай эфирлер негізінен спирттерді немесе олардың алкоголяттарын галогенакилмен алкилдеу арқылы алынады: RОМе+R ХRОR+МеХ. Жай эфирлердің ең маңыздысы – этил эфирі (ол көбіне эфир деп аталады). Эфирлер этил спиртін сусыздандыру арқылы алынады. Жай эфирлердің көпшілігі лабораторияларда және өндірісте еріткіш ретінде, органиканикалық синтезде, медицинада, т.б. қолданылады.
Күрделі эфирлер – қышқыл құрамындағы сутек атомын (карбон қышқылдарындағы карбоксил тобының сутек атомын) алкил немесе арил радикалдарымен алмастырғанда түзілетін қосылыстар. Күрделі эфирлерді алудың кең тараған әдістеріне эфирлену (қышқыл мен спирттің әрекеттесуі) реакциясы жатады. Бұл – белгілі бір сатысында тепе-теңдік күйге келетін қайтымды реакция. Күрделі эфирлердің ең маңызды химиялық қасиеттерінің бірі – сабындану реакциясы (гидролиз). Күрделі эфирлер табиғатта кең таралған. Олардың көбі эфир майларының құрамында болады. Глицерин мен май қышқылдарының күрделі эфирлері табиғи майлардың негізін құрады. Күрделі эфир техниканың, өндірістің әртүрлі салаларында кең қолданылады. Мысалы, күкірт қышқыл күрделі эфирлері алкилдеу реакцияларында, қағаз өндірісінде, фосфор қышқыл күрделі эфирлері өсімдіктер зиянкестеріне қарсы қолданылады. Кейбір эфирлер тамақ және парфюмерия өндірісінде, дәрі-дәрмек дайындауда, органикалық шыны жасауда, еріткіш ретінде, т.б. қолданылады.[2]
Тағы қараңыз
Пайдаланған әдебиеттер
- ↑ Химия: Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулық / Ә. Темірболатова, Н. Нұрахметов, Р. Жұмаділова, С. Әлімжанова. – Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007. – 352 бет, суретті. ISBN 9965-36-092-8
- ↑ Қазақ энциклопедиясы, 10 - том
Бұл — мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. Бұл ескертуді дәлдеп ауыстыру қажет. |
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |