Финалға дейін екі құрама да керемет ойын көрсетті. Бразилия 16, Германия 14 доп соқты. Сондай-ақ, бұл жерде немістердің финалға дейін бір ғана гол жібергенін де айта кету керек. Тағы бір көпшілікті қызықтырған нәрсе: чемпионаттың сұрмергені қай футболшы атанады деген сұрақ еді. Өйткені финалға дейін бразилиялық Роналдо 6 доп соқса, германияның Мирослав Клозенің еншісінде бес доп бар еді. Оған қоса Бразилия финалға дейін алты ойынның бәріне ұтса, Германия бес ойында жеңіске жетіп, бір рет тең ойнаған болатын (екінші турда Ирландиямен - 1:1).
Финалдық ойынға Германияның белді футболшысы Михаэль Баллак қатыса алмады. Бірінші тайм тең дәрежеде өтті. Тек Клеберсонның маңдайшаға тигізген соққысы мен Роналдоның Канмен жеке шығып, мүмкіндігін пайдалана алмағаны есте қалды. Екінші таймда Роналдоның қанжығасы майланды. 67-минутта Ривалдоның алыстан тепкен добын Кан қолынан шығарып алды да, өзгелерден бұрын жеткен Роналдо бос қақпаны дәл көздеді. 79-минутта оң қанаттан Клеберсон доп асырды. Ривалдо аса шеберлікпен өткізіп жіберді де, доп Роналдоға келді. Роналдо оң бұрышты дәл көздеді - 2:0.
Осы есеп өзгермеді. Бразилия жеті ойынның жетеуінде де жеңіске жетіп, бесінші рет әлем чемпионы атанды. Роналдо 8 гол соғып, чемпионат сұрмергеніне айналды.
2002 жылға дейін Бразилия 5 рет, Германия 6 рет финалда ойнаған. Соған қарамастан, әлем чемпионатының 72 жылдық тарихында бұл екі құрама бірінші рет өзара ойнады.