Турақанаттылар

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Турақанаттылар

Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Буынаяқтылар
Кіші жамағаты: Hexapoda
Табы: Жәндіктер
Сабы: Orthoptera

Бұлардың алдыңғы қанаттары денесінде қомдалатын, қатқылдау келген, денеге тура орналасқан, енсіздеу болады. Қанаттың жалпақтау келген екінші жұбы - жарғақ қанат, тура қанаттың астына орналасады. Ауыз мүшелері кеміруге бейімделеді. Артқы аяқтары ұзын болғандықтан, турақанатты бунақденелілер ұзаққа секіре алады. Шегіртке, шекшек, саяқ, шілделік, бұзаубас тәрізді бунақденелілер турақанаттылар отрядына жатады. Бұлардың кейбірлері кейбір дене мүшелерін біріне-бірін үйкелеу арқылы шырылдаған дыбыс шығарады; шекшек пен шілделік қанатын қанатына үйкейді; шегіртке мен саяқшы артқы аяғының санымен қанаттың жиегін үйкейді. Шегіртке, саяқ, шекшек, бұзаубас ауыл шаруашылығына зиян келтіреді.

Қазақстанда Сырдария, Іле, Алакөл, Зайсан көлі, Каспий теңізінің қамысты жағалауын жайлайтын көкқасқа шегіртке - ауылшаруашылық дақылдарының аса қауіпті зиянкесі. Бұл басқа шегіртке түрлерінен денесінің ірілігі және мұртының қысқалығымен ерекшеленеді. Көкқасқа шегіртке оңтүстік аймақтағы өзен сағасында көбейеді. Көбею маусымы тамыз айының соңында байқалады. Аналық шегіртке құрсағының ұшындағы қысқа жұмыртқасалғышпен топырақты шұңқырлап, ерекше безден бөлініп шыққан көбікті затпен бірге сол жерге жұмыртқа салады. Бөлінген зат жұмыртқаларды біріне-бірін жабыстырып, шұжық пішінді қоймақалта түзеді. Жұмыртқалар қоймақалтада қыстап шығып, одан көктемде дернәсілдер дүниеге келеді. Дернәсіл қанатсыз болады, сондықтан оны жаяу шегіртке деп атайды.

Дернәсілдер бірнеше рет түлейді, топтасып тіршілік ете бастайды; дернәсілдер тобы жаушоғыл деп аталады. Жаяу шегірткелерден құралған жаушоғыл жолында кездескен өсімдік атаулыны жайпап, бір жерден екінші жерге көшеді. Дернәсіл бесінші рет түлеген соң шегірткеге айналады. Ересек шегірткелер аспанды қаптап, егістегі жаяу шегірткелерден аластайды.

Бұл -шегірткеге өте ұқсас, бірақ шағын денелі бунақдене. Қазақстанда саяқтың әсіресе шұбар саяқ және көгілдірқанат саяқ деген түрлері кездеседі. Саяқтардың кейбір түрі ауыл шаруашылық дақылдарын, шабындықты және жайылымды бүлдіреді.

Қазақстанда қысқақанаты шекшекті кездестіруге болады. Бұлар жіңішке, ұзын мұрты арқылы оңай ажыратылады. Ол зиянды бунақденелілерді жеп, көбірек пайда келтіеді. Шекшектің жалпы дене бітімі шегірткеге ұқсас.

Шілделіктер - шегірткеге ұқсас ұзын мұртты бунақденелі жәндіктер, құрсағының ұшында бунақталған екі ұзын өскін болады.

Шілделік тұқымдастарға жататын бунақденелі жәндіктің бірі - бұзаубас. Ол қысқалау келген қуатты жалпақ алдыңғы аяғы арқылы жерден ін қазып, сонда тіршілік етеді. Бау дақылдарына келтіретін зияны көп: өсімдіктердің тамырын қырқып, тамыржемістерін бүлдіреді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Қ.Қайым,Б.Муханов,Р.Сәтімбекұлы,М.Шаймарданқызы, "Жануартану"(1998), 109 б., ISBN 5-625-03599-7