Мазмұнға өту

Сызу

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Азияның картографиясы

Сызусызбаны, ықшамсызба, графикті т.т. жасаудың, сызудың әдісі мен ережесін анықтап белгілейтін қолданбалы техникалық пән.[1]

Басқа мағыналары:

  • Кейбір шартты белгілерді, ерекше ережелер мен белгілі бір масштабты сақтай отырып белгілі бір аспаптардың көмегімен, кейде қолмен сызба салу. Сызудың мынадай негізгі түрлері бар: проекциялық сызу (кеңістіктегі денелерді бейнелеу), арнаулы сызу (машина жасауда, құрылыста, картографияда, т.б. қолданылады) және геометриялық сызу (геометриялық салу есептерін графиктік жолмен шешу үшін қолданылады). Нүкте кескіндерінің орнын анықтау теңдеулері бойынша алынатын заттарды бейнелеу, т.б. үшін тік бұрышты не полярлық координаттар пайдаланылады. Кеңістіктегі фигуралардың жазықтықтағы бейнесінің теориялық негізі сызба геометрия болып табылады. Техникалық сызудағы нәрселерді бейнелеудің басты тәсілі – кескіндерді өзара перпендикуляр жазықтықтарға тік бұрыштап проекциялау. Техникалық сызуға сызба, сипаттізім, сұлба, т.б. жатады.
  1. Сызбада бұйымдарды жасап шығару немесе құрастыру үшін керек ақпарат түгелдей келтіріледі, яғни мұнда бұйымның кескіндері беріледі. Кескіндерді көріністер, тіліктер және қималар деп ажыратады. Көрініс нәрсенің көрінетін (алдынан, үстінен және сол жағынан) бетінің проекциясы, ал қима мен тілік – бұйымды бір немесе бірнеше жазықтықпен қиғанда шығатын шартты кескіндер. Қимада бұйымның қиюшы жазықтықпен ортақ бөлігі ғана кескінделсе, тілікте қиюшы жазықтықтың арғы жағындағы бөлігі қимаға қоса сызылады.
  2. Сипаттізім күрделі бұйымның құрамын анықтайды, құрастырылатын бұйымның негізгі конструкторлық құжаты болып табылады.
  3. Сұлбада бұйымның құраушы бөліктері мен олардың арасындағы байланыстар шартты графикалық белгілер түрінде көрсетіледі. Электрикалық (Э), кинематикалық (К), гидравликалық (Г), пневматикалық (П), т.б. сұлбалар қазіргі техниканың күрделі қондырғыларының қалай жұмыс істейтінін түсінуге көмектеседі.
  • Үлгілер мен күрделі емес сызбаларды оқушылардың өздігінен орындауына және оны оқи білуіне қажетті білім, тәжірибелік дағды мен іскерлікті игеруді мақсат ететін жалпы білім беретін орта мектептегі оқу пәні.

Ғылым мен техниканың дамуы сызуға айтарлықтай жаңалықтар қосты. Қазіргі кезде сызуда Компьютерлік графика деп аталып жүрген жаңа бөлім пайда болып, сызу “Инженерлік графика” деп атала бастады.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Механика / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар : «ЭКО»ҒӨФ. 2007.-29 1 б. ISBN 9965-08-234-0
  2. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том