Мазмұнға өту

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
(СССР бетінен бағытталды)
Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы
Союз Советских Социалистических Республик

Одақтық мемлекет

 

 

 

30 желтоқсан 1922 — 26 желтоқсан 1991


Байрағы Елтаңбасы
Ұраны
Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!
Әнұраны
Интернационал (1922—1944)
noicon

КСРО Мемлекеттік әнұраны (1944—1991)
noicon

1945 жылғы КСРО картасы
Астанасы Мәскеу
Ірі қалалары Алматы, Баку, Горький, Днепропетровск, Донецк, Ереван, Қазан, Киев, Куйбышев, Ленинград, Минск, Мәскеу, Жаңасібір, Одесса, Омбы, Пермь, Дондағы Ростов, Свердловск, Ташкент, Тбилиси, Үфі, Харьков, Челябі[1]
Тіл(дер)і орысша (де-факто)[a]
Діні зайырлы мемлекет (де-юре)
атеизм (де-факто)
Ақша бірлігі КСРО рублі
Уақыт белдеулері +2…+12
Аумағы 22 402 200 км² (1991)
Халқы 293 047 571 адам (1989)
Басқару формасы Бірпартиялық социалистік федерация (1922–1924)
Тоталитарлы диктатурадағы Ленинистік бірпартиялық социалистік федерация (1924–1927)
Сталинистік тоталитарлы диктатурадағы Марксист-Ленинистік бірпартиялық социалистік федерация (1927–1953)
Марксист-Ленинистік бірпартиялық парламенттік социалистік федерация (1953–1990)
Аралас федерация (1990–1991)
Басшысы
 - 1922—1924 Владимир Ленин
 - 1924—1953 Иосиф Сталин
 - 1953 Георгий Маленков
 - 1953—1964 Никита Хрущёв
 - 1964—1982 Леонид Брежнев
 - 1982—1984 Юрий Андропов
 - 1984—1985 Константин Черненко
 - 1985—1991 Михаил Горбачёв
Тарихы
 -  7 қараша 1917 Қазан төңкерісі
 -  31 қаңтар 1924 Бірінші конституциясы
 -  5 желтоқсан 1936 Екінші конституциясы
 -  1941–1945 Ұлы Отан соғысы
 -  25 ақпан 1956 Де-Сталинизация заманы
 -  9 қазан 1977 Соңғы конституциясы
 -  19–22 тамыз 1991 Тамыз бүлігі
 -  8 желтоқсан 1991 Беловеж келісімі
 -  21 желтоқсан 1991 Алматы декларациясы
 -  26 желтоқсан 1991 КСРО ыдырауы
Негізін салушы мемлекеттер
КСРО-ның ыдырауынан кейінгі мемлекеттер
Ресей Кеңестік Федерациялық Социалистік Республикасы
Украин Кеңестік Социалистік Республикасы
Белорус Кеңестік Социалистік Республикасы
Күнгей Кавказ Социалистік Федерациялық Кеңес Республикасы
Армения
Әзірбайжан
Беларусь
Грузия
Қазақстан
Қырғызстан
Латвия
Литва
Молдова
Ресей
Тәжікстан
Түрікменстан
Өзбекстан
Украина
Эстония
  1. Кеңес одағы

Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (Кеңес Одағы, КСРО; орыс. Союз Советских Социалистических Республик, Советский Союз, СССР) — Еуропада және Азияда 1922 жылдан 1991 жылға дейiн болған мемлекет. КСРО — 15 республикалардан құрылған ірі федерация болған, адамзат заманауи тарихындағы ең ықпалды мемлекеттерінің бірі еді.

1917 жылғы Конституцияға сәйкес, КСРО бiртұтас одақ, көп ұлтты және социалистiк мемлекет болып жарияланды.

Ауғанстанмен, Мажарстанмен, Иранмен, Қытаймен, (1948 жылғы 9 қыркүйектен) Солтүстік Кореямен, Моңғолиямен, Норвегиямен, Польшамен, Румыниямен, Түркиямен, Финляндиямен, Чехословакиямен және тек қана теңiздегi АҚШ-пен, Швециямен және Жапониямен КСРО-ның Екінші дүниежүзілік соғыстан кейiн жаяу шекарасы болды.

КСРО Ресей КФСР, Украин КСР, Белорус КСР және Күнгей Кавказ СФКР бiрiгуі жолымен 1922 жылғы 30 желтоқсанда құрылды.

Конституциясы бойынша егемендi мемлекет болып табылған (әртүрлi жылдарда 4-пен 16-мен аралығындағы) одақтас республикалардан тұрды; әрбiр одақтас республиканың одақтан еркiн бөлiнiп шығу мүмкіндігі сақталынды.

Одақтас республика шет мемлекеттермен қатынасқа шығып, келiсiм-шарттарымен тұжырымдап, дипломаттық және консулдық өкiлдермен ауысып, халықаралық ұйымдардың қызметiне қатысуға құқығы болды. КСРО-мен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының 50 ел-негiздеушiлерiнiң арасында Белорус КСР және Украин КСР қатар дауыс құқығына ие болды.

Екiншi дүниежүзілік соғысынан кейiн АҚШ-тан кейінгі екінші жоғарғы держава болды. Кеңес одағы социализмнің дүниежүзілік жүйесiнде үстем болды, сонымен бiрге Біріккен Ұлттар Ұйымының қауiпсiздiк кеңесінің тұрақты мүшесі болды.

КСРО-ның ыдырауы орталық одақтық өкiмет және одақтас республикалардың жоғарғы кеңестері, президенттері орындарына жаңа сайланған өкiмет өкiлдерінiң арасындағы өткiр қарсы тұрумен бейнелендi. Республикалық жоғарғы кеңестер 1989—1990 жылдары барлығы бірдей мемлекеттiк егемендiк туралы декларацияларын қабылдап, кейбiреулері тәуелсiздiк декларациясын жариялады.

КСРО-ның 15 республикасының 9-ында 1991 жылғы 17 наурызда азаматтардың үштен екiсi жаңартылған одақтың сақталуын шешу мақсатында Бүкiлодақтық референдум жүргiзiлдi. Бірақ орталық өкiметке ахуалды тұрақтандырудың сәтi түспедi.

Сәтi түспеген мемлекеттiк төңкерістің нәтижесінде Балтық жағалауы республикаларының тәуелсiздiгiнiң ресми мойындауы болды. Украина тәуелсiздiгi жарияланған Бүкiл Украиналық референдумнан кейiн КСРО-ны сақтау мүмкiн емес болды. Беларусь, Украина және Ресей Федерациясы 1991 жылғы 8 желтоқсанда қол қойған Тәуелсiз мемлекеттердiң достастығын құру туралы келiсiмде мәлiмдеген.

Этимологиясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақстанның Кеңес Одағындағы жылдарында қазақ тілінде совет русизмі қолданылған еді және мемлекеттің толық атауы Советтік Социалистік Республикалар Одағы еді. 1992 жылдан бастап бұл сөз Кеңестік деп аударылып келді, мемлекет Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы деп аталатын болды.

«Совет» — орыс тіліндегі «Кеңес» сөзінің аудармасы. Оны тағы «ассамблея», «жиналыс» деп те аударуға болады.

Бастапқыда КСРО атауы Владимир Ленинмен басқаша болып жоспарланған еді. Ол «Еуропа мен Азияның Кеңестік Республикалар Одағы» атын ұсынған еді,[1] бірақ кейінірек Иосиф Сталинмен бірге олар бұдан кейін бас тартты. Сонымен одақ Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы деп аталып кетті де, елді белгілейтін «совет» русизмі әр республикада болды (алайда украин тілінде ол «рада» болуын тоқтатпады).

1918 жылы қаңтарда өткен жұмысшы, солдат және шаруа кеңестерінің (бұдан әрі кеңестер деп аталады) біріккен съезінде “Еңбекші және қаналған халықтардың декларациясы” жарияланды. Езілген ұлттарға өз республикаларын құруға мүмкіндік берілді. 1918 жылы 4 – 10 шілдедегі Кеңестердің 5-Бүкілресей съезінде Ресей Кеңестік Федеративтік Социалистік Республикасының (РКФСР) тұңғыш конституциясы қабылданды. 1919 жылының наурызында мемл. билік басындағы Ресей Коммунистік (большевиктер) партиясының РК(б)П жаңа бағдарламасы қабылданып, елде социализм орнату жолдары белгіленді. Бағдарламаға сәйкес ішкі және сыртқы контрреволюциямен күресу үшін 1919 жылы маусымда Ресей, Украина, Белоруссиядағы кеңестер билігін (қ. Кеңес үкіметі) жақтайтын мемл. органдардың әскери, саяси, шаруашылық одағы қалыптасты. 1918 жылының 30 сәуірінде Түркістан Кеңестік Федеративтік Республикасы, 1920 жылы 26 сәуірде Хорезм Халық Кеңес Республикасы, 1920 жылы 8 қазанда Бұхара Халық Кеңес Республикасы, 1920 жылы 4 қазанда Қазақ Автономиялы Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ АКСР-і) құрылды.

Қызыл армияның Кавказға жорығы нәтижесінде ондағы ұлттық үкіметтер құлатылып, Әзірбайжан Кеңестік Социалистік Республикасы (28.04.1920), Армян Кеңестік Социалистік Республикасы (29.11.1920), Грузин Кеңестік Социалистік Республикасы (25.02.1921) жарияланды. 1922 ж. 12 наурызда осы үш республика бір федеративтік одаққа Күнгей Кавказ Социалистік Федеративтік Кеңестік Республикасы болып бірікті. Ресей мен Жапония арасында болуы ықтимал әскери қақтығыстың алдын алу және ақ гвардияшыларды, интервенцияны жоюға жағдай туғызу мақсатында 6.4.1920 ж. жарияланған Қиыр Шығыс Республикасы, алға қойылған мақсат орындалған соң, 15.11.1922 ж. ВЦИК декретімен барша жері РКФСР-ге оның құрамдас бөлігі ретінде қосылды. 1922 жылдың ортасына таман бұрынғы Ресей империясының барлық жерінде дерлік кеңестер билігі орнады.

Мемл. құрылымды одан әрі жетілдіру үшін, билік басындағы коммунистер (большевиктер) партиясының жетекшісі Владимир Ильич Лениннің жоспары бойынша, кеңестік республикалардың одағын құру керек болды. Жаңа одаққа кіретін республикалар тәуелсіз және тең құқылы болып саналды. РКФСР, УКСР, БКСР, ККСФКР Кеңестерінің кезекті съездері одаққа бірігуді жақтап дауыс берді.

Осыны негізге ала отырып, 1922 жылы 30 желтоқсанда шақырылған аталған төрт республика кеңестері өкілдерінің 1-съезі Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын құру жөнінде Декларация қабылдады. Декларацияда КСРО-ға кіру теңқұқылық пен еріктілік негізінде жүзеге асырылады және Одақтан өз еркімен шығу құқы сақталады, әрі басқа да жаңадан құрылған республикалар одаққа өз еркімен кіре алады деп көрсетілді. Съезд КСРО-ны құру жөніндегі келісімшартты бекітті. Одақтың жоғарғы органын – КСРО Орталық Атқару Комитетін сайлады. ОАК-нің тең төрағалары болып Михаил Калинин, Григорий Петровский, Нариман Нариманов, Александр Червяков сайланды. ОАК-нің 2-сессиясында Кеңес Одағының үкіметі – Владимир Ленин бастаған КСРО Халық Комиссарлар Кеңесі құрылды. 1924 жылы 31 қаңтарда 2-Кеңестер съезі КСРО-ның алғашқы Конституциясын бекітті. 20 ғ-дың 20-жылдарының бас кезінен бастап, әсіресе, Ленин қайтыс болғаннан кейін, Кеңес Одағында билік үшін талас-тартыс басталды. Бұл күресте Иосиф Сталин жеңіске жетті де, елде өзінің авторитарлық жеке билігін орната бастады. 1925 жылы Өзбек Кеңестік Социалистік Республикасы (Өзбек КСР-і) және Түрікмен Кеңестік Социалистік Республикасы (Түрікмен КСР-і) құрылды. 20 ғасырдың 20-жылдарының ортасынан бастап Кеңес Одағы жаңа экономикалық саясаттан бас тартып, елді күшпен индустриализациялау және ауыл шаруашылығын күшпен ұжымдастыру саясатын жүргізді. Коммунистік партия мемлекеттік билікті толық қолына алды.

Елде қатты орталықтандырылған әрі милитаризацияланған тоталитарлық режим орнады. Бұл жүйе елді жедел түрде модернизациялауға және басқа мемлекеттердегі революциялық қозғалыстарды қолдауға қызмет етті. Ауыл шаруашылығында шаруаларды зорлықпен ұжымдастыру және ұсақ меншік иелерін (кулактарды, орта шаруаларды, ауыл байларын, т.б.) тәркілеу халықты жаппай ашаршылыққа ұшыратты. Оған қоса зорлықпен отырықшыландырылған украин (Холодомор) және қазақ шаруалары (қазақ ашаршылығы) айрықша қатты шығынға ұшырады. Бұл халықтың жаппай наразылығын туғызып, жер-жерде шаруалар көтерілістері басталды. Бірақ оларды үкімет әскерлері күшпен басып тастады. 1929 жылы КСРО халық шаруашылығын дамытудың 1-ші бесжылдық жоспары жасалды. 1934 жылы алғашқы бесжылдық жоспарды мезгілінен бұрын орындау қорытындылары қаралып, 2-бесжылдық жоспар жасалды.

Екі бесжылдық нәтижесінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша КСРО Еуропада 1-орынға, әлемде (АҚШ-тан кейін) екінші орынға шықты. 1934 жылдың соңында КСРО бойынша жаппай саяси қуғын-сүргін басталды.

Көптеген партия, мемлекет, қоғам, әскери, мәдениет қайраткерлері атылып кетті, миллиондаған тұтқындарды тегін жұмыс істету үшін еңбек лагерлері құрылды (қ. ГУЛАГ).

1936 жылы 5 желтоқсанда КСРО-ның екінші Конституциясы қабылданып, бұрынғы ЗКФСР-дан бөлінген Әзірбайжан Кеңестік Социалистік Республикасы (Әзірбайжан КСР-і), Армения Кеңестік Социалистік Республикасы (Армения КСР-і), Грузия Кеңестік Социалистік Республикасы (Грузия КСР-і), РКФСР-ден бөлінген Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы (Қазақ КСР-і), Қырғыз Кеңестік Социалистік Республикасы (Қырғыз КСР-і) құрылып, Кеңес Одағындағы одақтас республикалар саны көбейді. 20 ғ-дың 30-жылдарының аяқ кезінде елдің сыртқы саясатында үлкен өзгерістер болды. 1939 жылы кеңес-герман келісімшарты жасалынып, ол бойынша КСРО құрамына Батыс Украина мен Батыс Белоруссия, 1940 жылы Балтық теңізі жағалауы елдері, Бессарабия, Солтүстік Буковина зорлықпен қосылды. Осының негізінде 1940 жылы Молдовия Кеңестік Социалистік Республикасы (Молдован КСР-і), Латвия Кеңестік Социалистік Республикасы (Латвия КСР-і), Литва Кеңестік Социалистік Республикасы (Литва КСР-і), Эстон Кеңестік Социалистік Республикасы (Эстон КСР-і) құрылып, Кеңес Одағы құрайтын одақтас республикалар саны 15-ке жетті. 1941 жылы жазда КСРО Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысты (қ. Ұлы Отан соғысы).

Соғыс кезінде тұтас халықтар (балкарлар, шешендер, қалмақтар, қырым татарлары, қарашайлар, месхет түріктері, немістер, т.б.) Қазақстанға, Орта Азияға, Сібірге жер аударылды. Соғыс аяқталғаннан кейін КСРО-ға Оңтүстік Сахалин, Курил аралдары, Петсамо (Печенга) ауданы, Клайпеда, Көнигсберг (Калининград), т.б. территориялар қосылды. Соғыстан кейінгі жылдары саяси қуғын-сүргін қайтадан басталды (космополиттермен күрес, “Ленинград ісі”, “дәрігерлер ісі”, т.б.). Соғыс кезіндегі бұрынғы одақтастармен (АҚШ, Ұлыбритания, Франция) арада бәсеке күшейіп, “қырғи-қабақ соғыс” ахуалы қалыптаса бастады. Әлемде екі жүйе (социалистік елдер мен капиталистік елдер) пайда болып, жанталаса қарулану күшейіп кетті.

1949 жылы Семей полигонында КСРО-да тұңғыш атом қаруы сыналды. 1953 жылы көктемде Сталин өліп, үкімет билігі үшін тартыс қайта басталды. Үкімет басына келген Никита Хрущёв партияның 20-съезінде (1956) Сталиннің жеке басына табынудың зардаптары жөнінде баяндама жасады. Саяси қуғын-сүргін құрбандары ақтала бастады. Қудалауға ұшыраған халықтардың РКФСР құрамындағы автономиялық құрылымдары қалпына келтірілді. Кеңес Одағы құрамында жоғарыда аталған 15 одақтас республикалардан өзге 20 автономиялық республика, 8 автономиялық облыс, 10 ұлттық округ болды. Өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығын дамытуға үлкен көңіл бөлінді. Қазақстан мен Батыс Сібірде тың және тыңайған жерді игеру қолға алынды. 1954 жылы алғашқы атом электрстанциясы салынды, 1957 жылы Жердің жасанды серігі ұшырылды, 1961 жылы адам тұңғыш рет ғарышқа ұшырылды. Бірақ бұл жұмыстардың барлығы тоталитарлық жүйе тәртібімен жүргізілгендіктен, ішкі қайшылықтары көп болды. Орыстандыру саясатының күшеюіне қарсылық ретінде ұлт республикаларында наразылықтар бой көрсетті. 1964 жылы Хрущёв орнынан түсіріліп, билікке Леонид Брежнев келді. Жаңа үкімет басшысы жүргізген реформалар ақырына дейін жеткізілмей, сәтсіздікке ұшырады.

Экономика экстенсивті жолмен дамыды, елді милитаризациялау әрі қарай жалғасты. Көрші социалистік елдерде реформа жасау әрекеттері – Мажарстан (1956) мен Чехословакияға (1968) қарулы әскер кіргізу арқылы басып тасталды. 1979 жылы Ауғанстанға Кеңес Одағы әскерлері кіргізілді. Жанталаса қарулану одан әрі шегіне жетті. 1977 жылы қабылданған КСРО-ның үшінші Конституциясы елдің қоғамдық-саяси өміріне, әлеуметтік-шаруашылық тұрғыда дамуына серпін бере алмады. 1980 жылдың бас кезінде Кеңес Одағы экономикалық тоқырауға ұшырады.

1985 жылы билікке Михаил Горбачев келуімен бірге елде саяси-экономикалық реформалар басталды. Кеңес жүйесін реформалауға тырысу КСРО-ны дағдарысты жағдайға алып келді. Халықтың саяси белсенділігі бірден көтеріліп, ұлттық партиялар мен қозғалыстар пайда болды. Қазақстанда (қ. Желтоқсан көтерілісі), Балтық теңізі жағалауы елдерінде, Кавказ республикаларында халықтың жаппай бас көтерулері болып өтті. Экономика тұралап қалды, шахтерлердің, кеншілердің, мұғалімдер мен студенттердің, дәрігерлердің үкіметтің саясатына қарсы ереуілдері басталды. Кертартпа күштердің 1991 жылы тамызда мемл. төңкеріс жасау әрекеттері сәтсіздікке ұшырады. Кеңес Одағының бұдан әрі өмір сүруі мүмкін болмай қалды.

1991 жылы желтоқсанда Минск қаласында КСРО-ның бастапқы құрылтайшылары болған одақтас республикалар Беларусь, Ресей, Украина басшылары өздерінің КСРО-ны тарататындықтарын жариялады (қ. Беловеж келісімі). Сөйтіп, КСРО өзінің өмір сүруін тоқтатты. 1991 жылы 21 желтоқсанда бұрынғы КСРО республикалары Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан, Украина Алматы қаласында өздерінің Тәуелсіз мемлекеттер Достастығын құратындықтары жөніндегі декларацияға қол қойды.[2]

Географиясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

КСРО әлемдегі жер ауданы ең үлкен мемлекет еді. Оның жалпы аймағы 22,402,200 шаршы километр, бұл статус оның ізбасар мемлекеті Ресейге мұра болып берілді.[3] КСРО ауданы әлемнің жерінің жетіден бірін алып, Орталық Еуропадағы Калининградтан Беринг бұғазына дейін созылған. Шығыстан батысқа КСРО шамамен 10,000 километр, және солтүстіктен оңтүстікке қарай 7,200 километрден көп созылатын. Бес климаттық зона: тундра, тайга, дала, шөл мен таулар.

КСРО ең биік нүктесі — биіктігі 7,495 метр, Тәжік КСР жерінде орналасқан Коммунизм шыңы (қазіргі Исмоил Сомони шыңы). КСРО жерінде тағы әлемнің ең үлкен көлі, Каспий теңізі деп болған.

Әкімшілік бөлінісі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Аты айтып тұрғандай, КСРО бірнеше кеңестік республикалардың одағы еді. Қазіргі терминдермен сипаттасақ, Кеңес Одағы — федерация. Осы республикалардың кейбіреулері унитарлы болса (мысалы, Украин КСР және Белорус КСР), басқалары федерациялы (Ресей КФСР және Күнгей Кавказ СФКР) еді. Аталғанның төртеуі де 1922 жылы желтоқсанда КСРО-ны құру туралы шартқа қол қойған негізін қалаушы республикалар. 1924 жылы Орталық Азиядағы Ресейдің Түркістан КФР-нің бір бөлігінен Өзбек КСР мен Түркімен КСР және Кеңес Одағының екі тәуелділігі, Хорезм ХКР және Бұхара ХКР республикалары құрылды. 1929 жылы Тәжікстан Өзбекстан КСР-ынан бөлініп шықты. 1936 жылғы конституция бойынша Күнгей Кавказ СФКР таратылды, соның нәтижесінде оның құрамындағы Армения, Грузия және Әзірбайжан республикалары одақтық республика қатарына қосылды, ал Қазақстан мен Қырғызстан Ресей КФСР-дан бөлініп, сол статусқа ие болды. 1940 жылы тамызда Бессарабия және Украин КСР-нің бөліктерінен Молдавия құрылды. Одаққа Эстония, Латвия және Литва да қабылданды, оны халықаралық қауымдастықтың көпшілігі мойындамады және заңсыз аннексия деп есептеді. Карелия 1940 жылы наурызда Ресейден одақтық республика ретінде бөлініп, 1956 жылы қайта сіңірілді. 1956 жылдың шілдесі мен 1991 жылдың қыркүйегі аралығында 15 одақтық республика болды (төмендегі картаны қараңыз).

Республика 1956-1991 жылдардағы КСРО картасы
1 Ресей КФСР
2 Украин КСР
3 Белорус КСР
4 Өзбек КСР
5 Қазақ КСР
6 Грузин КСР
7 Әзірбайжан КСР
8 Литва КСР
9 Молдован КСР
10 Латвия КСР
11 Қырғыз КСР
12 Тәжік КСР
13 Армян КСР
14 Түрікмен КСР
15 Эстон КСР

КСРО саясатында үш басты иерархия мүшелері болды: заң шығарушы биліктің өкілі Жоғарғы Кеңес, үкіметтің өкілі Министрлер Кеңесі және елдің бір ғана заңды партиясы, КОКП.

Билік иерархиясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Де-юре, КОКП басшылығында КОКП съездінде сайланатын Орталық Комитет болған. Орталық Комитет Саяси бюроны (1952-1966 жылдары Президиум деп аталған), Хатшылықты және де-факто ең маңызды адам, Бас Хатшыны сайлайды. Көбінесе КСРО үкіметін тек Саяси бюро немесе тек бір адам, КОКП ОК Бас Хатшысы басқаратын.

Толық мақаласы: КСРО үкіметі
КСРО этнографиялық картасы, 1970

Кеңес Одағы 100-ден астам ерекше этникалық топтардан тұратын алуан түрлі ұлттары бар ел болды. Ел халқының жалпы саны 1991 жылы 293 миллионға жетті. 1990 жылғы есеп бойынша халықтың басым бөлігін орыстар (50,78%), одан кейін украиндар (15,45%) және өзбектер (5,84%) құрады.

Жалпы 1989 жылы елдің этникалық демографиясы бойынша 69,8% шығыс славяндар, 17,5% түркілер, 1,6% армяндар, 1,6% балтылар, 1,5% финдер, 1,5% тәжіктер, 1,4% грузиндер, 1,2% молдовандар және 4,1% басқа әртүрлі этникалық топтардың өкілдері болды.[4]

КСРО-ның барлық азаматтарының өздерінің этникалық тиістілігі болды. Адамның ұлтын он алты жасында баланың ата-анасы таңдайды. Ата-анасы келіспесе, балаға әкесінің ұлты автоматты түрде тағайындалады. Ішінара кеңестік саясаттың кесірінен кішігірім азшылық этникалық топтардың кейбірі үлкен көршілердің бөлігі болып қате қосыла берді.

КСРО көпұлтты мемлекет болғанымен, орыс емес ұлттар дискриминацияға түсе алатын. Осыған қарамастан, КСРОның орыс емес басшылары да болған, мысалы ұлты грузин Иосиф Сталин, ұлты украин Николай Подгорный, ұлты беларус Андрей Громыко және ұлты еврей Григорий Зиновьев.

Коммунизм идеясы дінді сынағандықтан, КСРО-да барлық дін опрессияға түсті. Кеңес Одағының Конституциясы бойынша "дінді ұстануға рұқсат берілген"імен, елде дін жою жүргізілді және мемлекеттің де-факто дінін атеизм деп те атауға болады.

Никита Хрущёвтың тұсында мемлекет басшылығы 1958–1964 жылдары шіркеулермен қақтығысты, бұл кезеңде білім беру бағдарламасында атеизмге баса назар аударылды және көптеген мемлекеттік басылымдар атеистік көзқарастарды насихаттады. Бұл кезеңде шіркеулер саны 1959-1965 жылдар аралығында 20 мыңнан 10 мыңға, ал синагогалар саны 500-ден 97-ге дейін қысқарды. Жұмыс істейтін мешіттердің саны да қысқарды, он жыл ішінде 1500-ден 500-ге дейін төмендеді.

Діни мекемелер Кеңес үкіметінің бақылауында болды, бірақ Брежнев дәуірінде шіркеулер, синагогалар, храмдар мен мешіттерге көбірек еркіндік берілді. Православие шіркеуі мен үкімет арасындағы ресми қарым-қатынас қайтадан жылығаны сонша, Брежнев үкіметі православиелік патриарх Алексий I-ні Еңбек Қызыл Ту орденімен екі рет марапаттады. 1982 жылы Кеңес өкіметі жүргізген сауалнамада Кеңес халқының 20%-ы «белсенді дінге сенушілер» болған.


Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Джордж Легетт, https://archive.org/details/chekaleninspolit0000legg 1981. Оксфорд: Оксфорд Университетінің прессасы. ISBN коды 978-0-19-822552-2
  2. Қазақ энциклопедиясы
  3. https://massaget.kz/layfstayl/alemtanu/61607/
  4. http://www.demoscope.ru/weekly/ssp/sng_nac_89.php


Дереккөз қатесі: "lower-alpha" деп аталған дереккөз тобында <ref> тегі бар, бірақ тиісті <references group="lower-alpha"/> тегі табылмады, немесе </ref> жабу тегін қажет етеді