Мори Қазақ автономиялық ауданы
Мори Қазақ автономиялық ауданы (ұйғ. مورى قازاق ئاپتونوم ناھىيىسى / Mori Qazaq Aptonom nahiyisi; қыт. 木垒哈萨克自治, пин-йин: Mùlěi Hāsàkè Zìzhìxiàn) — Қытай Халық республикасының Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында 1955 жылы құрылған. Орталығы – Мори (Мулэй) қаласы жер аумағы 13515 км2. Қазақтардың саны – 19846 адам (1995). Мори Қазақ автономиялық ауданы шығысында Баркөл Қазақ автономиясы және Хами у-мен, оңтүстігінде Пичань (Шаньшань), батысында Цитай, солтігінде Цзинхэ уездерімен және солтүстік-шығысында Моңғолиямен шектеседі. Жер бедері күрделі, айналасы таумен, ал солтүстік-батысы жазық даламен шектескен. Климаты қатал, континенттік, жауын-шашынның жылдық орташа мөлшері 120 – 200 мм. Аудан табиғи ресурстарға бай: мыс, хром, інжу, көмір, тұз, т.б. Тұрғындары негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Қытай деректері бойынша Хань дәуірінде бұл жерде шағын Пулэй патшалығы болған. Тан дәуірінде “Пулэй” деп аталып, Бэйтин әкімшілігіне бағынған. 13 ғасырда Мори жері моңғол тайпаларының жайылымына айналды. 1732 жылы Мори қаласының негізі қаланды. Мори 1754 жылы Цитай уезінің құрамына кіріп, 1930 жылы ресми түрде дербес Мори уезі болып құрылды. 1913 – 14 жылы осы жерге қазақтардың жаппай қоныстануы басталды. 1954 жылы 14 шілдеде Мори Қазақ автономиялық округі деген атауға ие болды. 1955 жылы Үрімшжі округінің, 1958 жылы Санжы-Дүңген автономиялық облысының құрамына енді. 1995 жылғы санақ бойынша ауданда 87706 адам тұрады. Этностық құрамы: ханьдықтар – 61534 адам (70,16%), қазақтар – 19846 адам (22,63%), ұйғырлар – 4213 (4,7%), өзбектер – 1196 (1,36%), т.б. Бұл жердегі қазақтар дінін, ұлттық салт-дәстүрін сақтап қалған.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев — Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, XI том 27 бет.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы географиясы бойынша мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. |