Мемлекет
Мемлекет — белгілі бір аумаққа иелік етіп, сол жердегі халықтың еркін дамуына мүмкіндік беретін, қоғам табиғатынан туындайтын ортақ істерді атқаруға қажетті басқарудың жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан жүйесі, саяси билік ұйымы. Егемендікке ие және қоғамды басқаруды арнайы механизмдер (аппарат) арқылы жүзеге асыратын қоғамдағы саяси билікті ұйымдастырудың ерекше түрі, саяси жүйенің орталық институты.[1]
Мемлекеттің белгілері
- мемлекеттің орталық және жергілікті билік органдары жүйесі болады, оған заңды, атқарушы және сот органдары, әскер, полиция жатады;
- мемлекеттің тұрғындары әкімшілік-аумақтық бірлестіктерге (облыс, аудан, ауыл, т.с.с.) бөлінеді (ол бірліктер әр елде түрліше аталады);
- мемлекеттің шекарасы анық белгіленген аумағы болады;
- мемлекеттің әскерді, полицияны, сотты, басқа мемлекеттік мекемелерде қызмет істейтін шенеуніктерді ұстау үшін салық жинайды;
- мемлекет заңдар және басқа нормативтік-құқықтық актілер шығарады, солардың көмегімен қоғамда тәртіп орнатады.
Мемлекет түрлері
Мемлекет құрылымы бойынша келесі түрлерге бөлінеді:
- Унитарлық (лат. unitas — біртұтас, біріккен) құрылыста саяси билік бір орталыққа бағынады, мемлекет ішінде өз алдына бөлек басқа құрылымға жол берілмейді. Оның территориясы, конституциясы бір болады. Мемлекеттік биліктің жоғары органдар жүйесі, азаматтығы ортақ. Мысалы, Италия, Франция, Қазақстан т.б. осы түрге жатады.
Унитарлы мемлекет - әкімшілік-территориялық бірлестіктердің саяси дербестігі болмайтын мемлекеттік құрылыс түрі. Мемлекеттік құрылысқа келесі сипаттамалар тән: елдің бүкіл территориясында тең жүретін біртұтас конституция; заңды күші бүкіл территорияға таралатын жоғарғы мемлекеттік билік органдарының біртұтас жүйесі; біртұтас құқық жүйесі; биліктің муниципалды органдарының жалпы мемлекеттік органдарға бағынуы.[1]
- Федерация (лат. foederatio — одақ, бірлестік) — белгілі бір саяси тәуелсіздігі бар, бірнеше мемлекеттік құрылымдардың бірігіп одақтық жаңа бір мемлекетті құруы. Федерация мен оған кіретін субъектілердің міндеттері арасындағы айырмашылықтар жалпымемлекеттік конституциямен реттеледі. Әр субъектінің өзінің жоғарғы билеу (заң шығарушы, атқарушы, сот органдары болады). Мұндай мемлекеттерге АҚШ, Германия, Малайзия, т.б. жатады.
Мемлекет басқаруы бойынша
- Монархия (гр. μοναρχία — біртұтас билік) — абсолюттік және конституциялық болып екіге бөлінеді. Абсолюттік монархия
— мұраланған тақ иесінің (монархтың) ешқандай заңдармен шектелусіз, өз қалауынша дара билік жүргізуі. Шыңғыс хан және оның ұрпақтары билеген Қыпшақ мемлекеттері, XVIII ғасырдың соңындағы буржуазиялық революцияға дейінгі Людовиктер басқарып келген Франция осы абсолюттік монархияға мысал. Атадан балаға мұра боп қалған билік иесінің мемлекеттің сайланып қойылатын басқару органдарымен біте қайнасып, демократиялық ұстанымдармен үйлесім тауып басқаруын конституциялық монархия дейді. Мысал ретінде қазіргі Англия, Жапония мемлекеттерін айтуға болады.
- Республикалық басқару — парламенттік және президенттік болып екіге бөлінеді. Парламенттік жүйесі бар елдерде парламенттегі орындардың көпшілігін сайлауда жеңіп алған партия немесе партиялар коалициясы — премьер-министр басқарады. Үкімет өзі жасап парламент бекіткен бағдарлама бойынша жұмыс істейді, парламентке есеп береді. Парламент жетекші рөл атқарады, қажет десе, басқарушы үкіметті қызметтен кетіре алады. Парламент заңдарды ұсынады және оларды қабылдайды. Премьер-министр де парламенттің қарауына заңдар ұсынады. Сот билігі тек заңдарға сүйеніп жүзеге асырылады. Парламенттік республикалық басқаруға Италия, Германияны жатқызуға болады. Президенттік жүйеде президентті және парламентті халық сайлайды, заңды билік пен атқарушы билік арақатынасы өзгереді, ел президенті мемлекеттің де, үкіметтің де басшылығын өз қолына алады. Президенттік басқару үлгісі ретінде АҚШ-ты келтіруге болады.
- Диктатура (лат. dictare — нұсқау беру) — бір қолға шексіз биліктің жинақталуы, заңды аяққа баса отырып, күш көрсету арқылы мемлекет басқаруды жүзеге асыру. Диктатура мемлекеттік билік формасының ерекше көрінісі ретінде монархиялық және республикалық режімдер жағдайында ұшыраса береді.
Қызметтері
Мемлекет мынадай қызметтерді атқарады: шаруашылық жүргізу (меншік) мәселелерін реттеу (бөлу), жер бөлу, алым-салық жүйесін белгілеу, адамдардың құқықтық жағдайын белгілеу, қорғанысты қамтамасыз ету, тағы басқа мемлекет саяси ұйымдардың ішіндегі ерекше күрделісі және қуаттысы бола отырып, бүкіл қоғамды қамтып, сол қоғам атынан оның ішінде де, сыртында да өкілдік етіп, сол қоғам үшін қызмет ететін саяси ұйым. Осыған орай мемлекеттің қоғам өміріне тікелей және жанама әсер ететін ерекше органдары және оны басқа саяси ұйымдардан ажырататын белгілері бар:
- 1) өз аумағында бүкіл қоғамның жалғыз ресми өкілі ретінде халықты азаматтық тұрғыда біріктіреді;
- 2) жоғарғы билік, тәуелсіздік мемлекетте ғана болады. Ол басқа мемлекеттерден тәуелсіз, яғни сол қоғамның ең жоғарғы билігін өз қолында ұстап, ішкі және сыртқы саясатын өз қалауымен жүзеге асырады;
- 3) заң күші мен құқық нормаларын шығару, құқық шығарма мемлекетке ғана тән;
- 4) билеуші органдарының болуы. Оның органдарында тек қана басқару ісімен шұғылданатын арнайы қызметкерлері болады. Қоғам тәртібін сақтау үшін мемлекет әскері мен жасағы құрылады. Сыртқы күштердің ықпалынан қорғану үшін оларға қарсы барлау ұйымдастырылады;
- 5) мемлекет органдары мен онда қызмет ететін адамдарды қаржыландыратын арнаулы материалдық қор болады, ондай қор жасау үшін алым-салық белгілейді және жинайды;
- 6) өз тұрағы, аумағы бар. Сол аумақта билігі жүреді, өмір сүреді және оны қорғау мақсатында тынымсыз әрекет жасайды. Басқаруды тиімді жүзеге асыру үшін аумақты әкімшіліктерге бөледі.
- 7) құқықтық жүйенің қалыптасуы. Басқарылатын қоғамдық қатынастарды реттеп, оларды қажетті қалыпқа салып, тәртіп орнату үшін құқықтық нормалар жасалынады.
Оларды жасап, қабылдайтын мемлекеттің тиісті өкілетті органы болады. Мемлекетті шаруашылық жүргізу тәсіліне қарай құл иеленушілік, феодалдық, буржуазиялық, социалдық деп бөлу олқылықтарына қарамастан бүгінгі күнге дейін сақталып отыр. Сонымен бірге батыс зерттеушілері мемлекетті мәдени белгілеріне қарай ислам, қытай, батыс, православтық деп өркениеттік жіктеу негізінде де бөледі. Осы пайымдауларға қоса мемлекеттерді пайда болған табиғи ортасына қарай ірі өзендер аймағында, теңіз жағалауларында, далалы-орманды жерлерде пайда болған мемлекеттер деп бөлуге болады. Мемлекеттің пайда болуына әр түрлі табиғи орта мен әлеуметтік жағдай әсер етеді, сондықтан да белгілі бір аумақтағы мемлекеттің қалыптасу барысы әр түрлі болады. Ол мемлекет туралы әр түрлі ілімдердің пайда болуынан көрінеді.
Тарихта
Жалпы ежелгі дүниедегі мемлекеттердің қалыптасуы кезінде экономдау, басқару, қорғану мәселелерін шешу барысында адамдар бірлестігі жаңа сапалық қасиеттерді бойына сіңіріп, реттеу мен мәжбүрлеуді күшейтіп отырғаны байқалады. Ал адамдар қауымдастығының не үшін реттеу мен мәжбүрлеуді күшейтіп отырғанының себебі әр түрлі елдердегі мемлекет туралы ұғымның сол кезеңдегі түсініктерінде жатыр. Ежелгі грек ойшылы Платон “ Мемлекет дегеніміз адамдардың азаматтық борышын өтеу үшін бірігуі” деп анықтама беріп, оның пайда болуына еңбек бөлінісі әсер етті десе, ал оның шәкірті Аристотель “ Мемлекет дегеніміз адамдардың пайдалы игілік үшін бірігуі” деп түсіндірді.
Көне Рим ойшылы Цицерон “Мемлекет дегеніміз ортақ іс, халық игілігі, ал халық дегеніміз адамдардың көрінген бір қосындысы емес, ол көптеген адамдардың құқық мәселесі бойынша келісімі мен мүдделер бірлігінің нәтижесінде байланысқан бірігуі” дейді. “Мемлекет” сөзінің араб тілінен аудармасы “иелік ету, иелену” деген ұғымды, яғни белгілі бір аумаққа, сол аумақтағы халыққа иелік етуді білдіреді. Ал түркі тілдес халықтардың кейбірі “мемлекет” сөзінің орнына “дәулет” сөзін пайдаланады. Енді дәулет дегеніміз байлық, яғни көшпелі тайпалардағы мемлекеттің қалыптасуына әсер еткен пайда табу идеясынан туындаған. Сонымен мемлекеттің әр түрлі себептердің нәтижесінде пайда болғанын оның атауы да аңғартады. Бірақ ондай себептер көп емес, шектеулі. мемлекеттің қалыптасуына географиялық орта немесе табиғи орта, адам саны, шаруашылық жүргізу тәсілі (экономика), өндіріс тәсілі мен еңбек бөлінісі, дін немесе дүниетаным іспеттес және басқа да сыртқы фактор әсер етеді.
Ең алғашқы мемлекеттер адам санының белгілі бір табиғи ортаға қарама-қайшы келе бастауынан ұйымдасуда, шаруашылық жүргізуде өзгерістер жасауға мәжбүр болғандықтан пайда болса, кейіннен осы мемлекеттердің өздері басы бірікпей жатқан көршілеріне қысым жасауынан көрші аумақтарда да қорғану мақсатында адамдар бірлестігі — мемлекет пайда болды. Кейіннен сыртқы күштерден сақтанып, қауіп нәтижесінде біріккен топтар қауіп нәтижесінде жойылған кезде қайта ыдырағысы келеді. Бірақ шаруашылықты бірлесіп жүргізудің аз уақыт болса да пайдалы екенін көрген сол аумақтағы мүдделі адамдар олардың қайта ыдырауына қарсы болады. Осы кезде жаңа ұйымдасқан топты басқару қиындай бастағандықтан діни көзқарастарды қалыптастыру арқылы басқаруды жеңілдетуге көп күш салынды. Сыртқы күштердің қысымы кей жағдайда басы бірікпей жатқан елдің бірігуіне әсер етсе, кей жағдайда ыдырап кетуіне әсер етеді.
Даму сатылары
Биліктің бір мазмұннан бір мазмұнға өтуі мен күрделіленуіне және өз аумағының кеңеюіне қарай мемлекет мынадай даму сатыларын бастан кешіреді:
- ном, полис — халқы да, аумағы да аз, басқару жүйесі қарапайым протомемлекет);
- бірнеше полис немесе тайпалық одақтардың бірігуінен пайда болған, басқару жүйесі әлсіз, ортақ заң жүйесі жоқ немесе нашар дамыған, ыдырап кету қаупі күшті, қазіргі кездегі конфедерацияға ұқсас құрылым);
- орталықтанған мемлекет — ішкі әкімшілік аймақтарда экономикалық қарым-қатынастар күшейіп, ортақ ақша, ортақ заң жүйесі енгізілген, ыдырап кету қаупі болмашы ғана. Мұндай елдердің халқы әдетте ұлт деп аталады);
- империя; Орталықтанған мемлекеттер күшейе келе көрші елдер аумақтарын басып алады, әр түрлі шаруашылық жүйелерін біріктіріп, әр түрлі қоғамдық құрылысы бар елдерді күшпен бір орталыққа бағындырады, нәтижесінде империя пайда болады.
Ассоциацияланған мемлекет
Ассоциацияланған мемлекет - мемлекет ішілік жиі мемлекет аралық қатынастардың ерекше түрін білдіруге қолданылатын ұғым. Негізінен ассоциацияланған мемлекет ретінде ерікті жолмен басқа мемлекетке өзінің егемендігінің бір бөлігін (жиі қауіпсіздікті қамтамасыз ету және сыртқы саяси байланыстарды жүзеге асыру, ақша айналымын ұйымдастыру бойынша өкілеттіліктерді) берген мемлекет түсініледі.[1]
Буферлік мемлекет
Буферлік мемлекет - екі немесе бірнеше үлкен мемлекет территориясы арасында орналасқан мемлекет. Буферлік мемлекет әскери басып кіру шегінде орналасқан, оның территориясы арқылы маңызды транспорттық байланыс өтеді. Мұндай мемлекет геосаяси тұрғыда тиімді аймақты бақылауға мүмкіндік береді.[1]
Көпұлттық мемлекет
Көпұлттық мемлекет - территориясында әртүрлі этностар - ұлттар, халықтар мен басқа этникалық топтар тұратын мемлекет.[1]
Ұлттық мемлекет
Ұлттық мемлекет - белгілі бір ұлттың тарихи-этникалық территориясында пайда болған, оның егемендігін көрсететін мемлекет.[1]
Құқықтық мемлекет
Құқықтық мемлекет - бұқаралық-саяси биліктің ұйымдастырылуы мен әрекет етуі және оның құқық субъектілері ретіндегі индивидтермен өзара қатынасының құқықтық формасы.[1]
Әлеуметтік мемлекет
Әлеуметтік мемлекет - әлеуметтік қамтамасыз етудің дамыған жүйесімен сипатталатын, жалдамалы жұмысшыларға минималды өмір деңгейін және әлеуметтік тәуекелдің төмендеуін кепілдейтін мемлекеттің түрі.[1]
Унитарлы мемлекет
Унитарлы мемлекет - әкімшілік-территориялық бірлестіктердің саяси дербестігі болмайтын мемлекеттік құрылыс түрі.
Мемлекеттік құрылысқа келесі сипаттамалар тән:
- елдің бүкіл территориясында тең жүретін біртұтас конституция;
- заңды күші бүкіл территорияға таралатын жоғарғы мемлекеттік билік органдарының біртұтас жүйесі; біртұтас құқық жүйесі;
- биліктің муниципалды органдарының жалпы мемлекеттік органдарға бағынуы.[1]
Мемлекетаралық төлем келісімі
Мемлекеттер арасындағы сыртқы сауда алыс-берістері мен басқа да операцияларға байланысты төлем төлеу және есеп айырысу шарттары мен тәртібін белгілейді. 1929 — 33 жылдардағы дүниежүзілік экономикалық дағдарыстар кезеңінде батыс елдерінде кең етек алды. Бұл кезде көптеген мемлекеттер валюта шектеуін енгізіп, оның еркін алмасуын тоқтатқан болатын. Мемлекетаралық төлем келісімі көздеген мақсатына және кейбір елдердің ерекшеліктеріне қарай алуан түрлі болып келеді. Негізінен экспорттық және импорттық тауар айналысына байланысты сыртқы есеп айырысу және ол үшін төлем төлеу мақсатын көздейді. Көптеген дамыған және дамушы елдер арасындағы есеп айырысу екі жақты келісімдер негізінде клиринг түрінде жүргізіледі.
Мемлекет функциялары
Мемлекет функцияларын анықтауда, біз ең алдыменмемлекеттің қоғам өміріндегі жалпы рөлін басшылыққа алуымыз керек. Бұл жерде бірінші орынға мемлекеттің адамдарды қауымдастыққа біріктіретін, олардың мүдделерін түйістіретін, жалпы нормаларды сақтауға мәжбүрлейтін және геосаяси тұтастықты қалыптастыратын біріктіруші рөлі қойылады. Бұдан мемлекеттің ең бірінші функциясы мәжбүрлеу функциясы екендігін көруге болады.
Мәжбүрлеу функциясы әр түрлі әдістер мен құралдар арқылы іске асуы мүмкін. Бұл не тікелей күш көрсету болуы мүмкін, не жанама мәжбүрлеу болуы мүмкін. Барлық мемлекеттерде билік құрушы субъект мәжбүрлеуді пайдаланады, бірақ оны әр жағдайда әркалай қолданатындықтан мазмұны мен сипаты, әдістері мен құралдары әрқилы болуы мүмкін.
Осы функцияны жүзеге асыру үшін мемлекеттік биліктің құрылымында мәжбүрлеу күштері қалыптасады, яғни олар: әрекеттерді нормативті тұрғыда бағалайтын және кінәлі немесе кінәлі еместігінің объективті ақиқатын белгілейтін, мәжбүрлеу шаралары туралы мәселелерді шешетін заң органдары; тергеу органдары; полиция; пенитенциарлық мекемелер және басқалары.
Өркениетті мемлекеттерде мәжбүрлеу құқығына тек мемлекеттік билік органдары ғана ие. Мәжбүрлеу функциясы, мемлекеттің басқа да функциялары сияқты, органдар мен билік субъектілерінің биліктік өкілеттіктерінде белгіленеді. Бірақ құқықтық мемлекетте мемлекеттік билік органдары мәжбүрлеу шараларын құқықтық нормалар шеңберінде ғана қолдана алуы мүмкін. Сондықтан мәжбүрлеу әрекеттері заңды деп танылатындықтан азаматтар оларды қабылдауға жөне бағынуға міндетті.
Алайда, билік құру өз мазмұны бойынша агрессивті әрекет болғандықтан билік жүргізуші субъект тікелей тиімділік пен нәтижелілікке қол жеткізу үшін мәжбүрлеу әдістері мен құралдарын қолдануда заңмен белгіленген шектен шығып кетуі де мүмкін. Бұл әрекеттердің заңсыз екеңдігі анық, ал олардың қажеттілігі және іс жүзінде өзін ақтағанына сілтеме жасау жеткілікті негіз болып табылмайды.
Мәжбүрлеу функциясының болуы мемлекетті билік құрушы күштердің қолындағы сойылға, диктатураның, террордың құралына айналдырып жіберуі мүмкін.
Мемлекеттің келесі функциясы — келісімдік функция. Мемлекеттің саяси қатынастардың әр түрлі субъектілерінің арасын келістіруші орган екендігі сөзсіз, ол айтыс-тартыстарда төреші ретінде қатысады, позициялардың жақындасуына жәрдемдеседі. Мәселен, мемлекеттік органдардың еңбек пен капитал арасындағы келісімдік рөлі белгілі. Сондықтан өркениетті мемлекет үшін саяси қатынастардың барлық субъектілерінің түпкілікті мүдделері туралы қамқорлық басты болып саналады, және бұл қамқорлық тек қағаз жүзінде қалып қоймауы үшін мемлекеттік органдар барлық азаматтардың мүдделерін қамтып, білдіре алатындай және азаматтық қоғам ұйымдарымен кең қарым-қатынасқа түсе алатындай саяси қатынастардың барлық субъектілерінің түпкілікті мүдделерін белсенді қорғай алатын дамыған құқықтық базаға ие бола отырып құрылымдануы тиіс.
Келісімдік функция — мемлекеттің маңызды функциясы, оның іргетасы. Бұл функция қоғамның саяси мәдениетінің қалыптасу мен даму деңгейіне, оның өркениеттенуінің артуына орай жан-жақты және маңызды бола түседі. Келісімдік функция адамгершілік, қайырымдылық, ізгілік, төзімділік секілді ұғымдар басты болатын ділдің дамуымен де байланысты. Мемлекеттің келісімдік функциясының жүзеге асуында азаматтық қоғам институттары маңызды мәнге ие.
Мемлекеттің үшінші функциясы — ұйымдастырушылық. Мемлекет адамдардың әлеуметтік өмірінің негізгі аспектілерінің ұйымдасуына қатысады. Бұл үшін мемлекеттік меншіктің; мемлекеттің қаржылық мүмкіндіктерінің; мемлекеттік органдар қызметінің жалпылық, міндеттілік және басқарушылық сипаттарының; құқықтық базаның; мемлекет шараларының заңдылығының болуы шарт.
Мемлекет өзінің табиғи, функционалдық ерекшеліктеріне орай экономикалық дамудың күшті факторы бола алады. Этатизм (мемлекеттің экономикаға ықпалы) айқын формада барлық мемлекеттерде болады, ал кейбір мемлекеттердің қызметінде басты болып барлығын қамтиды. Этатизм кауымдастықтың тіршілік әрекеті үшін қажетті бағдарламалық мәселелерді, мақсаттарды шешуге кажетті күштерді жұмылдыруға мүмкіндік береді. Мәселен, экономика саласында — бұл мемлекеттің экономикалық куаты мен экономикалық дербестігінің артуы, ішкі рынокты қорғауы, әлемдік қауымдастықта экономикалық белсенділігін камтамасыз етуі және т.б.
Алайда, қазіргі саяси тәжірибе көрсетіп отырғандай, мемлекеттің экономикалық салмағының шектен тыс күшеюі мемлекеттік биліктің ықпалының қалыптан тыс ұлғаюына, азаматтық қоғам институттарының шектелуі мен шеттетілуіне, қоғамның саяси тоқырауына алып келетін демократияға жат тенденциялардың пайда болуына әкеліп соғады.
Мемлекет әлеуметтік өмірдің негізгі аспектілерін реттеуге де қатысады. Ол қоғамдағы әлеуметтік жағдайды қадағалауға, қоғамдық көзқарасты бақылауға, қоғамның кеселді тұстарымен, қайшылықтарын анықтап, алдын алуға міндетті.
Мемлекет белгілі бір деңгейде қоғамның рухани өмірінің ұйымдастырушысы да болып табылады. Ол адамдардың тіршілік әрекетінде қызмет ететін әлеуметтік қағидаларға, адамгершілік принциптерге, өскелең ұрпақтың болашағына; оның азаматтық кемеліне жетуіне, рухани мәдениетті игеруіне, әлеуметтік өмірге дайындық деңгейіне және басқаларына бей-жай қарай алмайды.
Мемлекеттің рухани өмірді ұйымдастыру мүдделілігі саяси экстремизмнің шектен тыс формасында көрінуі мүмкін, мысалы, қоғамның рухани өмірінің барлық тұстарының мемлекеттің саяси бақылауында болуы және осыған байланысты мемлекеттің идеократтық саяси жүйеге айналуы тоталитарлық режимдерге тән құбылыстар. Бұл үрдісті авторитаризмнен де байқауға болады, себебі авторитаризм де халықты біріктіретін идеологияға сүйенеді.
Мемлекеттің төртінші функциясы — қорғау функциясы. Мемлекет қоғам тұрақтылығы мен оның дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасай отырып қорғайды. Ол адамдар қауымдастығын сыртқы теріс әсерлерден және ішкі деструктивті, қиратушы күштерден қорғауы қажет. "Милитаристік мемлекеттер", "полициялық мемлекеттер" деп аталатын мемлекеттерде қарастырып отырылған функция шектен тыс артып, үстемдік етеді.
Қарастырылып өткен функциялардың барлығы қандай дәрежеде болмасын барлық мемлекеттерге тән, себебі олар мемлекет мәнінің көрінісі болып табылады, және оның табиғаты мен негізінен туындайды. Бірақ мемлекет түрлерін анықтауда бұл функциялардың арақатынастары әр түрлі екендігі байқалады. Олардың мемлекеттің тіршілік әрекетіндегі орнын басқару формалары мен саяси режим ерекшеліктеріне сай құрылған мемлекеттік органдардың құрылымдық өзіндік ерекшелігі анықтайды.
Авторитарлық типтегі мемлекеттерге мәжбүрлеу функциясының келісімдік функциядан басымдылығы, саяси қатынас субъектілерінің дербестігінің жетімсіздігі, оппозицияның әлсіздігі мен ұйымдаспағандығы тән. Осыған байланысты авторитарлық мемлекеттер жүзеге асырып отырған акцияларының салыстырмалы заңдылығымен, айқын тұрақтылығымен сипатталынады. Осының салдарынан қоғамдық организмде дер кезінде мемлекеттік органдар шешімін табуға мүмкіндік бермеген әлеуметтік проблемалар жинақталынуы және шоғырлануы мүмкін. Билік өте беделді және қажетті кәсібилікке ие болғандықтан пайда болған барлық проблемаларды шешуге қабілетті деген саяси иллюзияның негізінде қызмет етеді.
Демократиялық мемлекеттерде мәжбүрлеу функциясымен қатар келісімдік функция да басым болады. Саяси қатынастар субъектілері дербес, қоғамда дамыған саяси мәдениетімен ұйымдасқан оппозиция қызмет етеді, ал бұл саяси мәдениет оған шиеленіс түйінін өз уақытында тарқатуға мүмкіндік беретін, жағдайдың тұрақтануы мен қоғамның әлеуметтік даму жолымен алға басуына жәрдемдесетін конструктивті саяси, экономикалық, әлеуметтік идеялар мен акцияларды ұсынуға және олардың жүзеге асуына қатысуға жағдай жасайды.
Оппозицияның міндеті — қоғамдық өмірде ең басты мәселелердің қойылуы мен шешілуіне ашық қатысу жолымен электораттың сеніміне ие болу. Қажетті демократиялық құрылымдардың болуы мемлекеттік саяси акциялардың да, сондай-ақ саяси қатынастардың әр түрлі субъектілерінің де заңдылығын толықтай қамтамасыз етеді.
Тоталитарлық мемлекеттерде мәжбүрлеу мен қорғау функциялары дамыған, ұйымдастыру функциясы барлығын қамтиды және келісімдік функциясын жоққа тән деуге болады. Сондықтан тоталитарлық мемлекеттер қоғамдық өмірдің барлық салаларында толықтай ұйымдасқан бақылау жүргізетін мемлекеттік нормалар мен қағидалардың үстемдігімен, яғни қоғам өмірінің толықтай мемлекеттенуімен сипатталатын өте күшті милитарландырылған полициялық мемлекет болып саналады.
Мемлекет типтері мен ондағы қандай да бір функцияның басымдығы арасында органикалық байланыс бар. Мемлекет функциялары өз кезегінде мемлекеттік қызметтің таралу аймағын, мемлекеттік органдардың құрылымы мен биліктік өкілеттіктерін анықтайды.[2]
Мемлекетаралық экономикалық одақтар
Әлеуметтік-экономикалық, аумақтық қажеттілікке байланысты немесе аймақтық рыноктарды қалыптастыру, біртұтас экономикалық кеңістік құру үшін, кей жағдайда басқа экономикалық одақтардан қорғану үшін құрылады. Мұндай одаққа кірген мемлекеттер сыртқы сауда, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылық, ғылыми-техникалық прогресс, валюта, қоршаған ортаны қорғау салаларында, аймақтық саясатта бірыңғай шаралар жүйесін іске асырады. Мемлекетаралық экономикалық одақтар экономикалық интеграцияға кең жол ашады. Дүние жүзінде мемлекетаралық экономикалық одақтар 20 ғасырда кең өріс алды. Олардың кезеңді міндеттерге орай ауқымы мен басқару функциялары өзгеріп, құрылымы жетілдіріліп отырды. Кейде оның құрамында бір құрлықта орналасқан мемлекеттер түгелдей дерлік қамтылады. Батыс Еуропа экономикалық одағы осындай үлкен мемлекетаралық экономикалық одақтарға жатады.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері бірнеше Мемлекетаралық экономикалық одақтарға: Кедендік одаққа (1995), Шанхай ынтымақтастық ұйымына (2001), Еуроазия экономикалық одағына (2002), Орталық Азия ынтымақтастық ұйымына (2004) мүше болды. Қазақстанның және осы одақтар құрамына енетін басқа да мемлекеттердің алға қойған негізгі мақсаты — алыс-жақын көрші елдермен арадағы эконамикалық қарым-қатынасты нығайту, сыртқы сауда-саттықты дамыту, аймақтағы тұрақтылықты, қауіпсіздікті, өзара тиімді байланыстарды қамтамасыз ету, ішкі реформалардың іске асырылуына қолайлы жағдай туғызатын сыртқы ортаны қалыптастыру. Олар ағымдағы мәселелермен қатар келешектегі күрделі мәселелерді де шешуге күш салады. Мәселен, Орталық Азия аймағында мұнай мен газды, электр қуаты мен су ресурстарын тиімді пайдалану, экологиялық мәселелерді бірлесіп шешу, ортақ рынок құру, халықаралық лаңкестікке, есірткі бизнесіне қарсы бірлесіп күресу, тағы басқа Орталық Азия ынтымақтастық ұйымының алдына қойылып отырған ортақ күрделі міндеттер болып табылады.
Мемлекет иелігіне алу
Мемлекет иелігіне алу — шаруашылық жүргізуші субъектілерді тікелей басқару атқарымдарын мемлекеттен жеке немесе заңды тұлғаларға ішінара немесе толық (соның ішінде жекешелендіру жолымен де) беру. Әкімшілдік-әміршілдік экономикадан нарықтық экономикаға көшудің, тауар өндірушілердің дербестігін нығайтудың, рынокты тауарлармен (қызметтермен) молықтырудың, тауарлардың сапасын арттырудың, мемлекет кәсіпорындардың монополизмін жоюдың маңызды бағыты ретінде қаралады. Жалпы ел экономикасының тиімділігін арттыруға және оның азаматтарының тұрмыс деңгейін көтеруге бағытталады. Қолданыстағы заңдарға және жекешелендіру бағдарламасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік айыптаушы
Мемлекеттік айыптаушы — қызметі қылмыстық іс бойынша айыпталушының кінәсін дәлелдеуге бағытталған, сот отырысында заңға сәйкес негізде мемлекет атынан айыптауды жүзеге асыратын лауазымды тұлға. Мемлекеттік айыптаушы қызметінің құқықтық жай-күйі әр мемлекетте әр түрлі аталады және мұндай қызмет барлық жерде біріне бірі ұқсай бермейтін салалық мемлекет қызмет жүйелерінде атқарылады. Бір елде мемлекеттік айыптаушы лауазымы сот жүйесінің құрамындағы қызметтік тармақ болса, басқаларында ол өз алдына бір мемлекет қызмет жүйесі. Қазақстанда мемлекеттік айыптаушы қызметі прокурор лауазымының атқаратын міндеттерінің бір саласы. Мұндай қызмет прокурордың қылмыстық іс материалдарына сүйене отырып, заттай дәлелдемелер мен куә айғақтары арқылы айыптаушылық тұжырым айтып, соттан сотталушыға жазаның нақты бір түрін тағайындауды сұрауынан тұрады. Сотта мемлекет айыптауды қолдау үшін прокурор өз дәйектерін алдын ала орнықтыру сатысынан өтеді. Тергеу органдарынан келіп түскен қылмыстық істің заңдылығын қадағалау барысында прокурор заңсыз қозғалған істі қысқартады не қайта саралайды немесе нұсқау беріп тергеушіге қайта жібереді. Ал заң талабына толық жауап беретін іс болса немесе заңсыздықтар жойылып, қайта түскеннен кейін прокурор істі сотқа өткізеді. Мемлекет айыптауды қолдау да қылмыс жасаған адамның қудалануын талап еткен заңның орындалуын қадағалаудан туындайды.
Мемлекеттік алтын және асыл металдар музейі, 1992 жылы құрылған. Қазақстандық қолөнер шеберлерінің туындыларын және көне замандардан жеткен зергерлік бұйымдарды жинап, сақтап және зерттеп, насихаттауды көздейді. Мемлекеттік алтын және асыл металдар музейін құрудағы мақсат: республика көлеміндегі көптеген музейлерде сақталған, археологиялық қазбалардан табылған әр ғасыр қолөнер шеберлерінің бұйымдарын бір жерге шоғырландыру; тәуелсіздікке дейін жақын және алыс шетелдерге шығарылған тарихи-мәдени құндылығы зор асыл заттарды Қазақстанға қайтарып, жинақтауға ықпал ету. Зергерлік өнер туындыларын осылайша бір музейге шоғырландыру ерте замандардан бері сабақтастығын үзбей келе жатқан өнердің көркемдік, технологиялық әдіс-тәсілдерін, композиция стилдерін салыстырмалы түрде, әр қырынан зерттеуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік алтын және асыл металдар музейі 2000 жылы Астана қаласына көшірілді.[3][4][5]
Дереккөздер
- ↑ a b c d e f g h Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын – Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. – 569 б. ISBN 9965-808-89-9
- ↑ Теориялық саясаттану. Оқулық. — Алматы: Издательский центр ОФППИ «Интерлигал», 2005. ISBN 9965-537-99-2
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энциклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл, ISBN 5-89800-123-9, II том
- ↑ Саяси түсіндірме сөздік. – Алматы, 2007. ISBN 9965-32-491-3
- ↑ Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7
Сілтемелер
- Bigox.kz Мемлекет реферат (қазақша)
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
|