Көкжиек

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Көкжиек, горизонтаспан мен жер бетінің астасып көрінетін сызығы. Алаңқай, ашық жердегі адамға аспан күмбезінің “ернеуі” Көкжиек бойынша жер бетіне тіреліп тұратын сияқты болып көрінеді. Бірақ бұл тек көрініс қана, шынында аспанда ешқандай күмбез жоқ, сондықтан жер беті мен аспан түйісетін шекара да жоқ. Көкжиек – болжал сызық, шартты ұғым. Бақылаушының тұрған орны өзгерген сайын Көкжиек те өзгере береді. Ол ойпаң жердегі адамға жақын, қырат жердегі адамға алыс болып көрінеді. Көрінерлік Көкжиектің қашықтығы, яғни бақылаушы тұрған орыннан жер бетінің оған көрінетін ең шалғай нүктелеріне дейінгі d қашықтығы сол бақылаушының жер бетінен (теңізде су бетінің деңгейінен) қандай h биіктікте тұрғандығына және айналасындағы жердің бедеріне тәуелді болады. Жарықтың орташа рефракциясын еске алғанда бұл тәуелділік d=3,83 формуласы арқылы өрнектеледі (d қашықтығы км-мен, h биіктігі м-мен алынады). h биіктігі артқан сайын d қашықтығы да артады. Мысалы, жазық жерде ашық күндері h=1 м болғанда, d=3,8 км; h=10 м болғанда, d=12,1 км; h=100 м болғанда, d=38,3 км, т.с.с. Мұндай пропорционалдықтың арнайы кестелері жасалған. “Көрінерлік Көкжиектің қашықтығы” қазақ тіліндегі “көз көрім жер” ұғымына жақын келеді. Бақылаушы тұрған жерден төмен қарай тартылған бағытқа перпендикуляр жүргізілетін жазықтық аспан сферасымен “қиылысқанда”, болжал шеңбер шығады. Бұл шеңберді шын Көкжиек немесе математикалық Көкжиек дейді. Шын Көкжиек жазықтығы мен көрінерлік Көкжиектен бақылаушыға келетін сәуленің арасындағы  бұрышы Көкжиектің төмендеуі деп аталады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қазақстан - спортшылар елі. Энциклопедиялық анықтамалық. - Алматы: "Сөздік-Словарь". ISBN 9965-822-57-3