Мазмұнға өту

Зат

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Зат – 1) жаратылыстануда – негізгі физикалық ұғым. Зат тыныштық массасы мен кеңістікте шектелген пішімі бар бөлшекті нысандардың (атом, молекула, ион, денелер) жиынтығын білдіреді. Дене мен затбөлшектері ауыспалы жылдамдықпен қозғалып, ал өріс (мезондықтан басқасы) вакуумдегі жарық жылдамдығымен бірдей тарайды. Элементар бөлшектер (электрон, протон, нейтрон, т.б.) дәрежесінде затпен өрістің айырмашылықтары шартты болады. Зат бөлшектерінің өзі белгілі бір өрістердің кванттарына айналады да, өзінің таза дискреттік сипатын жоғалтады, ал өріс болса үздіксіз болудан қалып, өзінің кванттары – дискреттік құрылымын құрайды. Бұл затпен өріс бірлігінің көрінісін және олардың арасында қатал шектеудің болмайтынын көрсетеді. Сонымен бірге, белгілі жағдайға байланысты затпен өріс өзара бір-біріне (өрістен затбөлшектері пайда болып немесе керісінше) ауысып отыруы мүмкін. Өйткені олардың қасиеттері бір-бірімен өзара тығыз байланысты, себептес болып келеді;

2) философияда – салыстырмалы түрде басқа нәрседен тәуелсіз, орнықты жеке бір нәрсе, дене, адам іс-әрекетінің құралы. Философияда зат ұзақ уақыт бойы өзінің қарапайым мағынасында, тек объективті дене есебіндегі қасиеттерімен бірге ғана қарастырылып келді. Дүниені осындай жеке заттардың, нәрселердің жиынтығы есебінде қарастыру философияда 19 ғ. басына дейін орын алған болатын. Философия тарихында затұғымына ерекше мән бере талдау неміс философы И.Канттан басталған. Ол өз ілімінде “өзіндік затты”, яғни өздігінен өмір сүретін затты біздің қабылдауымыздағы затқа басқаша айтқанда, “біздің затқа” қарама-қарсы қойып қарастырады да, оларды бір-бірінен мүлде алшақтатып, адамзат танымының мүмкіндігін қабылдаудағы затпен шектеп, “өзіндік затты” танып-білуге болмайды деп тұжырымдайды. Қазіргі философияда затұғымы күрделі мағынаға ие. Зат жай ғана әлдебір қарапайым нәрсе емес, ол көп өлшемді. Өйткені әр түрлі басқа заттарға қатынасында, адамның жан-жақты шығарм. іс-әрекетінде (экономикалық, техникалық, коммуникативтік және т.б.) әр түрлі қасиеттерімен, сапаларымен айшықталады. Сондықтан затты тек қана бір жағынан қарастыру, оның физ.-хим., яғни табиғи қасиеттерімен ғана шектелу абстрактылық түсінікке соқтырады. Затты толыққанды түсіну үшін оны адамға, адамның мұқтаждары мен мақсат-мұраттарына, талғамдары мен құндылықтарына байланыстыра қарастыру қажет. мысалы, орманда өсіп тұрған ағаш, үй тұрғызғандағы құрылысшының қолданған ағашы, балтаның не балғаның ағаш сабы не суреттегі көркемдеп салынған ағаштың бейнесі – бәрі де бір затболып көрінгенімен, олар бір-бірінен мәнді айырмашылығы бар әр түрлі заттар санатына жатады, әр түрлі қызмет атқарып, әр түрлі пішінде өмір сүреді. Сондықтан затты берілген бір ғана түрде қабылдаумен шектелмей, оны қалыптасуы мен дамуы, адамның әмбебап іс-әрекетіндегі атқаратын көптүрлі қызмет аясында алып қарастыру қажет;

3) құқықта – мүліктік құқық қарым-қатынасындағы негізгі нысан. Азаматтық құқықта зат әрқилы негіздемелер бойынша жіктеледі:[1]

  1. өндіріс құрал-жабдықтары
  2. тұтыну заттары
  3. біртекті заттар және дара заттар,
  4. бөлінетін заттар және бөлінбейтін заттар, т.с.с.

Біртекті заттар барлығы үшін ортақ қасиеттерімен сипатталады да, мөлшері санмен, салмақпен, т.б. өлшемдермен айқындалады. Оларды бір-бірімен алмастыруға болады, жоғалуы, жойылып кетуі де мүмкін, әдетте, мұның өзі борышкерді затты несие берушіге қайтару міндетінен босатпайды, өйткені оның “тегі ешқашан өлмейді”. Кейбір келісімшарттардың (мысалы, жалдау шартының, мердігерлік шартының) нысаны тек дара заттар болуы мүмкін.

Бөлінетін заттар оларды бөліске салу барысында өзінің пайдалылық қасиетін жоғалтпайды (мысалы, бір қап ұн), ал бөлінбейтін заттар ондай қасиетін жоғалтып алады (мысалы, автомашина). Мұндай қасиет бір затқа ортақ меншікке қатысушылар үшін оны бөлу кезінде, сондай-ақ, көп тарапты міндеттемелердегі үлестік және ынтымақты жауапкершілік кезінде әрқилы заңдық салдарларға апарып соқтырады.

Заттар, сондай-ақ, негізгі зат және оған қосалқы заттар болып та жіктеледі (мысалы, кілт құлыппен бірге, шаңсорғыш түтікшелермен бірге сатылады). Азаматтық құқықта ақша мен бағалы қағаздар да зат деп танылады. Ақша мен ұсынушыға арналған бағалы қағаздар біртекті, алмастырылатын заттардың бір түрі ретінде қарастырылады. Ақшаның жойылуы борышкерді несие берушіге ақша алған сомасын төлеуден босатпайды.

Заттар, сондай-ақ, ұқсатылатын заттар және ұқсатылмайтын заттар болып та бөлінеді. Ұқсатылатын заттар бірнеше мәрте пайдалану барысында жойылып бітеді немесе мүлдем өзгеріске ұшырайды (мысалы, шикізат), ал ұқсатылмайтын заттар пайдалану кезінде тозады, бірақ недәуір уақыт бойына өзінің бастапқы қасиеттерін жоғалтпайды (машиналар, тұрғын үйлер, жиҺаздар, т.б.). Ұқсатылатын заттар мүліктік жалдау, қайтарымсыз пайдалану келісімшарттарының нысаны бола алмайды, әйтсе де ақшаны жұмсаған борышкер борыш сомасын несие берушіге басқалай ақшамен қайтара алатындықтан қарыз келісімшартының нысаны бола алады. Азаматтық құқықта жер телімдері, жер қойнауы телімдері, оқшауландырылған су нысандары және жермен тығыз байланысты нәрселердің бәрі, яғни міндет-мақсатына орасан зор зиян келтірмей тасымалдау мүмкін емес нысандар, соның ішінде ормандар, көпжылдық екпе ағаштар, үй-жайлар, ғимараттар жылжымайтын заттарға, яғни жылжымайтын мүлікке жатқызылады. Жылжымайтын мүлікке жатпайтын заттар, соның ішінде ақша мен бағалы қағаздар жылжымалы мүлік деп танылады. Жылжымайтын мүлік құқығын тіркеу заңда көрсетілгендерден басқа реттерде талап етілмейді.[2]

Зат, нәрсе- бойында белгілі бір қасиеттері бар, материалдарды белгілеу үшін күрделі терминдерде қолданылатын түсінік.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздік-анықтамалық. — Алматы: «Жеті жарғы» баспасы, 2008 жыл. ISBN 9965-11-274-6
  2. "Қазақ Энциклопедиясы",4 том 3 бөлім