Бернард Шоу
Джордж Бернард Шоу | |
---|---|
Мансабы: | Сыншы, жазушы. |
Жанры: | Сатира |
Елеулі сыйлығы(тары): |
Нобель сыйлығы 1925 |
Ықпалдауы
| |
Ықпалдануы
Социализм, ағылшын фабиандық қоғамы.
|
Джордж Бернард Шоу (26.7. 1856, Дублин – 2.11.1950, Эйот-Сент-Лоренс) — ағылшын жазушысы. Ирланд отбасында дүниеге келген.
Жасынан өмір тауқыметін көп тартқан Шоу 1871 ж. мектеп бітірген соң күнкөрістің қамымен хат тасушы, кассир болып әр түрлі мекемелерде жұмыс істеді. Дегенмен, жазушылыққа деген құштарлығы ерте оянып, 1876 ж. Лондондағы анасының қолына келісімен роман жазумен айналысты. Оның қаламынан алғаш туған, сол кездегі қоғамды сынау бағытындағы “Сәтсіз неке” (1880), “Артистің махаббаты” (1881) романдарын бір де бір баспа қабылдамады. Жас жазушының Америкаға жіберген әрекеттерінен де түк шықпады. 1879 ж. жазған “Шикілік” романы елу жылдан кейін ғана (1930) жарық көрді. Шоу 19 ғасырдың 80-жылдарының басында елдің саяси өміріне белсене араласып, шешендігімен көзге түсті. Дегенмен, Карл Маркстің іліміне қаншалықты бой ұрғанымен марксизмге бұрылмай, фабиандық қоғамды насихаттаушылар қатарына келіп қосылды. Осы жылдары кішігірім “Ту-дэй” журналында “Дара социалист”, “Кэшел Байронның кәсібі”, “Аур корнер” журналында “Баянсыз байланыстар”, “Артистің махаббаты” романдары жарияланды. Фабианшы Шоу бар ынтасымен жаңа қоғам құру жолында күрес жүргізсе, ал театр сыншысы ретінде жаңа драма үшін батыл шайқасты. Ол Шекспир шығармаларына Ибсен пьесаларын қарсы қойды. Оның бұл көзқарасы баспасөз бен көрермендер тарапынан қатты қарсылыққа ұшырады. Соған қарамастан Шоу Тәуелсіз театрды белсенділікпен жақтады. Драматургтың ұзақ та жемісті жолы “Жесірдің үйі” пьесасынан басталды. Ол айналдырған сегіз жылдың ішінде бірінен-бірі өтетін драмалық топтамасы: “Жағымсыз пьесалар”, “Жағымды пьесалар”, “Пуритандықтарға арналған пьесаларын” жазды. Іле қоғамдағы жағымпаздық пен жалған көріністерді өткір сынға алған он пьесасын өмірге әкелді. “Соғыс пен адам” пьесасы алғаш Тәуелсіз театр сахнасында табыспен өтті. 1897 ж. Америка театрларының сахналарын дүрілдеткен “Сайтанның шәкірті” Шоу шығармаларындағы елеулі бетбұрыс болды. Жазушы 1- және 2-дүниежүзілік соғыстарды барынша айыптады. Драматургтің 'Pygmalion' пьесасы қазақ тіліне аударылды. Аударған Ү. Кеңесбаева.
Оның “Инка Перусалемский”, “Огэстос өз міндетін атқарды”, “Виктория Кресінің ардагері”, көлемді “Жүрек жаратын үй” (1913 – 17) пьесалары соғысқа қарғыс айтқан, өткір де шынайы туындылар саналады. Соңғы шығармада елді қанқұйлы соғысқа ұрындырып отырған Англия үкіметі басшыларының қара ниеттері мен айла-шарғылары барынша айқын да жиіркенішті түрде бейнеленген. Шоу өмір бойы жаңашылдыққа ұмтылды, адамгершілік ізгі мұраттарды аңсады. Оның керемет шабытпен және шеберлікпен жазылған “Күтпеген аралдардан шыққан пенде” (1936), “Женева” (1938) пьесаларында жауыздық атаулы, қаскүнем қылмыскерлер жер бетінен жоғалады. Драматург өмірінің соңғы кезеңінде жазған “Бойанттың миллиардтары” (1947), “Астарлы мысалдар” (1948), “Шэкс Шэвке қарсы” (1949) пьесаларында да өзіне тән күрескерлігі мен шыншылдығынан, жауыздыққа қарсы өшпенділігі мен жақсылыққа, жаңаға деген құштарлығынан танбаған. Шоу Нобель сыйлығының иегері (1925).[1]
Қызықты деректер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Бернард Шоу - Оскар мен Нобель сыйлықтарын бірдей алған жалғыз адам.[2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IX том
- ↑ http://massaget.kz/layfstayl/debiet/kkzhiek/21213/
|