Александр Сергеевич Пушкин

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Александр Сергеевич Пушкин

Александр Пушкиннің портреті, О. А. Кипренскийдің жұмысы.

Пушкин: «Себя как в зеркале я вижу, но это зеркало мне льстит». («Өзімді айнадан көргендей көріп тұрмын, бірақ бұл айна мені аландырады»)
Лақап аты

Александр НКШП, Иван Петрович Белкин,
Феофилакт Косичкин (журналдық)[1], P., Ст. Арз. (Старый Арзамасец), А. Б.

Туған күні

26 мамыр (6 маусым) 1799 (1799-06-06)

Туған жері

Ресей Мәскеу,
Ресей империясы

Қайтыс болған күні

29 қаңтар (10 ақпан) 1837 (1837-02-10) (37 жас)

Қайтыс болған жері

Ресей Санкт-Петербург,
Ресей империясы

Азаматтығы

Ресей Ресей империясы

Мансабы

Ақын, прозаик, драматург, әдебиет сыншысы, аудармашы, публицист, тарихшы

Шығармашылық жылдары

18141837

Бағыты

Романтизм, реализм

Жанры

Өлең, повест, поэмалар, өлең түріндегі роман, драмалар, ертегілер

Шығармалардың тілі

орысша, французша

Дебюті

К другу стихотворцу (Ақын досыма) (1814)

Қолтаңбасы

Қолтаңбасы

http://www.pushkinmuseum.ru

Александр Сергеевич Пушкин (6 маусым 1799 жыл, Мәскеу, Ресей10 ақпан 1837 жыл, Санкт-Петербург, Ресей) — Ресей ақыны, классикалық орыс әдебиетінің негізін салушы.

1837 жылы 29 қаңтарда (10 ақпан) Жорж Шарль Дантестің қолынан қаза табады.

Александр Сергеевич Пушкиннің өмірі мен өнерпаздық жолы азаттық, адамгершілік идеялары үшін аянбай күресу жолы болды. Сөз өнерін дәуірінің озат тілек-мақсаттарымен ұштастыра білуі оған әдебиетте тың жол табуға, бүкіл елдің, орыс халқының әдебиетін жаңа арнаға бұрып, әдебиетті жаңаша тұрғыда дамытып, өркендетуіне мүмкіндік берді. Александр Сергеевич Пушкиннің шығармашылығы бір жарым ғасырға созылған орыстың ұлттық әдебиетінің қалыптасу кезеңін аяқтады.

Александр Сергеевич Пушкин 1799 жылы 6 маусымда Мәскеуде дүниеге келген. Ол дворян отбасында туылып, балалық шағын Мәскеуде өткізген.

12 жасынан Царское селода (қазіргі Пушкин қаласы) лицейде оқып, ақындық шеберлігін шыңдай түсті. Лицейді аяқтаған соң Петербургке қоныс аударып, әдеби-қоғамдық өмірге белсене араласты.

Жас Пушкин әдебиеттегі өз орнын табуға, өзінің шығармашылық бетін айқындап алуға үлкен мән берді. Оның әдебиетке алғаш келген жылдары жазған өлең-жырларының қай-қайсысын алсақ та, олардан біз азаттықты аңсауды, отаншылдықты, халық мұңын, тілек-мүддесін жақтауды шығармаларының негізгі арқауы еткен күрескер ақынның асқақ бейнесін көреміз. Жаңа ұрпақтың арман-мұраты, үміт-сенімі, ескіден безінуі, ізгілікті, бостандық пен бақытты армандауы - осының бәрі оның поэзиясынан бірдей-ақ жарқын көрініс берді. Ақынның ой-сезімінің қалыптасуына күшті әсер еткен зор тарихи оқиға 1812 жылғы Отан соғысы болатын. Ол Пушкиннің санасында мәңгі өшпес із қалдырды.

Ресейде отаншылдық, азаттық идеялары кең қанат жайды. Халықтың еркіндігін, бостандығын темір құрсаумен шырмаған патшалық құрылысқа наразылық үдей түсті. Патшаға қарсы күреске шығып, батыл қимылдаған революцияшыл декабристер ескі дүниені дүр сілкіндірді. Ол болашаққа, азаттық идеясының жеңетіндігіне кәміл сенді. Декабристер көтерілісінен кейінгі жылдарда Пушкин Ресейдің әр аймағында күн санап қанат жайып, күш алып келе жатқан шаруалардың революциялық қозғалысына үнемі көз тігіп, көңіл аударды, оған үлкен үміт артты. Жаңашыл, алғыр ойлы, күрескер ақын халықтың тарихын, әдебиетін, аңыз-ертегілерді, ескі жыр-дастандарды жақсы білді, қалыптасқан бай әдеби дәстүрлерден де іргесін аулақ салған жоқ. М. В. Ломоносовтың ірі қоғамдық мәселелерді толғай білгені, Карамзиннің адамның жан сезімін әсерлі суреттеуі, В. А. Жуковский өлеңдеріндегі ерекше әуездік, сыршылдық, И. А. Крыловтың қарапайым адамның мінез-әрекетін дәл бейнелеуі, А.С. Грибоедовқа тән қоғамдық өмірді суреттеудегі шынайылық, сыншылдық, К.Ф. Рылеев поэзиясындағы отаншылдық, адамзаттық әуен, революциялық сарын - бұлардың бірі де Пушкинге жат емес екенін ап-айқын аңғарамыз. Бірақ ақынның өз тұлғасы осы аталған ақын, жазушылардың біріне де ұқсамайды. Өйткені ол орыс әдебиетіне дәуір талабына сай тың ақындық ой-сөзім әкелді, орыстық ұлттық көркем ой жүйесін керемет өнерпаздық күш жұмсап, мүлдем басқаша қалыптастырды. Сондықтан Пушкиннің терең толғайтын ойшылдығы да, лирикадағы сезімталдығы да, шебер суретшілігі де, оның шығармаларындағы отаншылдық, азаттық аңсау идеялары да, революциялық жалын-леп те бәрі-бәрі де бұрынғыдан өзгеше, жаңаша сипатта танылады.

Осы жылдары «Свобода», «Чаадаеву», «Деревня» секілді өлеңдерін, «Руслан и Людмила» атты тұңғыш поэмасын жазды. Кишинев, Одессадан кейін патшалық Ресей үкіметі Пушкинді әдеби-мәдени ортадан алыс жатқан Михайловское селосына жер аударды. Бұл тұста қаламгер өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романы мен «Граф Нулин», тағы басқа көптеген өлеңдер мен сын мақалаларын (1824), «Борис Годунов» (1825) тарихи трагедиясын жазды. Орыс халқының тұрмыс-тіршілігіне, халықтық сөз қорына дендей енген А. С. Пушкин шығармалары енді көркемдік-реалистік арнаға бет бұрды. Халықтың тұрмыс-тіршілігін, әдет-ғұрпын, адамдардың әр алуан мінез-құлқын терең бейнелеген «Евгений Онегин» романы «орыс өмірінің энциклопедиясы» (В. Белинский) атанды. А.С. Пушкин шығармаларының бір қыры — тарихи таным, «Борис Годунов», «Полтава», «Медный всадник» және тағы басқа да туындысы арқылы ол әрі ақын, әрі тарихшы ретінде танылды.

А. С. Пушкин Орынбор, Орал қалаларында болған кезінде (1833) қазақтың лиро-эпостық жыры «Қозы-Көрпеш — Баян сұлуды» жаздырып алып, осы тақырыпта шығарма жазуды жоспарлады. Құран сүрелерін өлеңмен жырлады.

Пушкин сан алуан жанрлық түрлерді еркін меңгерді. Әр қилы лирика өлең, поэма, әңгіме, повесть, тарихи роман, өлеңмен жазылған роман, ұсақ та, кесек те драмалық шығарма - міне, осылардың қайсысын қолға алса да, ол үлкен көркемдік шеберлік танытты. Сол дәуірдегі орыс әдебиетінің Пушкин араласпаған, ол қол тигізбеген, үлкен ықпал жасамаған, елеулі із қалдырмаған бірде-бір саласы болған жоқ. Осынша қыруар еңбегін ол небәрі 20 жылдай уақыт ішінде атқарып шықты.

Пушкин поэзиясының бұрынғы әдебиеттен ерекшелігін айқын танытатын қасиет - ондағы азаматтық, революция идеялардың қуаттылығы. Ақын Отанды сүю сезімін, «қасиетті бостандықты» аңсаушылықты айрықша қастерлеп, тебіреніп айтады. Айдауда жүрген декабрист-ақындармен өзінің пікірлестігін, ниеттестігін жасырмай, үнемі жария етіп отырады. Ол күрес жолынан еш ауытқып, айнымайды. Тек ол азаттыққа жету жолындағы күрестің жаңа мүмкіндіктерін іздейді. Қоғамдық мүддені, әр азаматтың қоғам алдындағы, халық алдындағы міндетін Пушкин енді дәл өз кезеңінің, өз дәуірінің тілек-талаптары тұрғысынан қарап, терең түсінуге ұмтылады.

Ол өзінің тұңғыш поэмасы «Руслан мен Людмилаға» ежелгі аңыз-оқиғаны арқау етіп жазғанда, немесе «Кавказ тұтқыны», «Цыгандар» дастандарында орыс адамын әр елде, әр түрлі ортада алып суреттегенде өз заманының ең күрделі қоғамдық мәселелерін қозғай білді. Соңғы дастаннан адам өмірдегі күрес-тартыстан шет қала алмайды деген тұжырымды өте-мөте аңғарамыз. Пушкин халықтың тарихи тағдыры жайлы толғанғанда оны өз дәуіріндегі қоғамдық өмірдің түйіндерін шешу міндетімен ұштастырады. «Борис Годунов» драмасындағы тарихи дамудың бетін, үлкен-үлкен кезеңдерін белгілейтін ең басты күш - халық, халықтың мүддесі, ниет-тілегі деген тұжырым - жазушының өз заманына жалғастырыла айтылған шындық.

Оның аса кесек көркем туындыларының бірі «Евгений Онегин» - шын мағынасында халықтық шығарма. Мұндағы басты кейіпкерлер төменгі таптан шыққан адамдар емес екені рас. Бірақ ең маңызды нәрсе Онегин мен Татьяна, Ленский мен Ольга - осылардың қай-қайсысы болсын қарапайым халыққа қаншалықты жақындығы тұрғысынан бағаланады, олардың халық мүддесін түсіне білуі - артықшылығы болса, халықтың ой-түсінігінен алшақтығы - осалдығы болып шығады. Мұны кезінде В.Г. Белинский ете қисынды дәлелдеп керткен болатын. Ол өз романында халықтың өмірін мейлінше толық, жан-жақты суреттейді, дворяндар мен шаруалардың өзара қарым-қатынасын да айқын көрсетеді. Халықтың күнделікті тұрмыс тірлігін, әдет-ғұрпын, әр алуан адамдардың мінез, іс-әрекетін, табиғат көрінісін, бәрін де терең және көркем бейнелегендіктен бұл шығарма шын мәнінде «орыс өмірінің энциклопедиясы» (В. Г. Белинский) болды.

Ол сол дәуірде жеке адамның қоғамдағы орны қандай деген мәселені «Мыс салт атты» дастанында, әңгімелерінде әр жағынан алып қарастырады, ол «Мыс салт атты» және «Полтава» дастандарында тарихи тақырыпты кеңінен қозғап, Ресей мемлекетінің қуаты артқанын сүйсіне жырлайды. Ақын біраз шығармаларында халықтың ертек-аңыздарын өзінше өрнектеп, халықтық поэзиядағы көркемдік ой-сөзімінің нәрін теңдесі жоқ ақындық шеберлікпін жеткізіп береді. Қарапайым халықтың, орыс шаруаларының тағдырын Пушкин «Дубровский», «Капитан қызы» сияқты шығармаларында шебер бейнелеген. Сонымен қатар ол «Пугачев тарихы» атты еңбек жазды. «Капитан қызы» және «Пугачев тарихы» романын жазар алдында ол қыруар тарихи деректер жинады, архив материалдарын зерттеді, көтеріліс болған жерлерді аралап, Қазан, Симбирск, Орынбор, Орал қалаларында болды. Көтерілісті көзімен көрген адамдардың естеліктерін, ел арасында сақталған жыр, әңгіме-аңызды жазып алды. Мұның бәрі Пушкинге шаруалардың патшаға қарсы көтерілісін, оның басшысы Пугачевтің бейнесін суреттегенде - тарихи шындықты айнытпай дәл көрсетуге мүмкіндік берді. Ол Пугачевті халықтың тап ортасынан шыққан нағыз қарапайым адамға тән қасиеттерін - ерлігін, батылдығын, ақылдылығын, қайырымдылығын сүйсіне сипаттайды. Жазушының Пугачев бастаған көтеріліске орыс шаруаларымен бірге басқа халықтар өкілдерінің - башқұрт, қазақ кедейлерінің де қатысқанын суреттеуі сүйсінерлік. Пушкин езі айтқандай, патшалық қатал заманда азаттықты, бостандықты қасиеттеп, жырлады. Ол шығармаларында халық өмірін мейлінше кең қамтып, бұқара халық пен үстем тап өкілдерін, әртүрлі топтардың адамдарын, олар өскен, өмір сүрген ортаны, табиғат құбылыстарын - бәрін де молынан бейнелейді. Оның шығармаларында лирика сезім қандай нәзік, әсерлі болса, не нәрсенің де көрініс-кейпін, бояу-түсін сөзбен мүсіндейтін суреткерлік те сондай кемеліне келген. Мұнда ірі әлеуметтік, тарихи мәселелердің тереңдігі түйінін табуға жүйріктік, қоғамдық-саяси ой-пікірлердің өткірлігі, отты лебі оқушысын баурап алады.

Пушкин әдебиетті жаңа мазмұн, тақырып идеяларымен байытып қана қойған жоқ, сонымен бірге ол әдебиеттегі өмірді суреттеу әдісін де, бейнелеу тәсілін де өзгертіп, түрлендірді. Кемеңгер ақын орыстың нағыз халықтық, ұлттық әдеби тілін қалыптастырып, жүйеге келтіру міндетін де ойдағыдай іске асырды. Пушкиннің бұл еңбегі күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Пушкин орыс тілінің бірнеше саладағы, яғни дәстүрлі болған кітаби тіліндегі, күнделікті сөйлеу тіліндегі, бай ауыз әдебиетіндегі сөздік қорын екшеп, саралап, көркем әдебиетте мейлінше мол қолдануға жол ашты. Әдеби тіл жалпы халықтық тілдің нәрі мен сөлін бойына әбден сіңіргенде ғана көркемдік қуаты артып, мөлдір таза, керемет бай тіл бола алатынын ұлы жазушы жақсы түсінді. Ол халық тілінің байлығын қалай пайдаланудың, тілді қалай өңдеп, ұстаудың тамаша үлгісін көрсетті. Оның шығармаларынан орыс тіліндегі сөздің терең мағыналылығы, бейнелілігі мен суреттілігі, тартымды әсемділігі мен қарапайымдылығы айқын сезіледі.

Өз Отанының жалынды патриоты болған Пушкин орыс халқымен жақын, тағдыры бір, туыстас барлық халықтардың өміріне үңіле қарады, олардың тілек-мүддесін, арманын терең түсінді. Кавказ халықтарының, сондай-ақ Ресейдің басқа да халықтарының өмірін, тұрмыс-салтын кемеңгер ақынның жақсы білгені және бірталай шығармаларында суреттеп отырғаны белгілі. Пушкин қазақ жерінде, Орынбор, Орал қалаларында болған кезінде қазақ халқына сүйіспеншілік сезіммен қарап, оның өміріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне зер салды. Ол қазақ жігіттерінің Пугачев бастаған шаруалар көтерілісіне бел шеше қатысқанын білумен ғана тынған жоқ, сонымен қоса қазақ халқының бай сөз өнеріне құмарта қызығып, ауыз әдебиетінің, асыл нұсқаларының бірі - «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» дастанын жаздырып алды. Өмірінің соңғы көзінде жазылған белгілі «Ескерткіш» атты өлеңінде өз шығармаларын Ресейдің барлық халықтары оқитын болады дей келіп, осы өлеңнің қолжазба түрінде сақталған бір нұсқасында қазақ халқын да атап кетеді. Қазақ тарихында Пушкин мұрасына алғаш айрықша зер салып, өнеге еткендер Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев болғаны белгілі. Олар Пушкинді тек ақын ретінде қызықтаумен тынған жоқ, терең зерттеп ізденуіне тірек етті. Абай Пушкиннің ең таңдаулы туындысы «Евгений Онегинді» аса жоғары бағалады, оның жеке үзінділерін бұдан бір ғасырға таяу уақыт бұрын асқан көркемдік шеберлікпен қазақшалап берді. Абай қазақ тіліне аударып, арнайы ән шығарған «Татьяна хаты» халық арасында өткен ғасырдың аяқ көзінде ете кең тарап, ең сүйікті өлеңдердің біріне айналуы орыс ақынының ерте кезден-ақ қазақ халқына етене жақын болып кеткенінің айқын дәлелі. Татьянаның тағдырын қыр елі қазақ қызының, әйелінің тағдырына орайлас сезінді. Татьянаның еркіндік сүйгіштігі мен парасаттылығы, сабырлылығы қазақ жастарын да тебірентті. Пушкиннің ұлылығын сол заманда, сол ортада отырып тани, бағалай білгендігі - Абайдың ұлылығының бір жарқын көрінісі. Абайдың Пушкинмен үндестігі, оны жақын тартуы тегін емес еді. Ол қазақ әдебиетінде өз дәуірінде бір кезде Пушкин орыс әдебиетінде атқарған қызметті атқаруды, сондай жүкті көтеруді мақсат етті. Қазақ қоғамы алдына қойған зор міндетті - жаңа реалистік әдебиетті қалыптастыру ісін Абай тиянақты атқарған болса, оған орыс әдебиетінің асқар алыбы Пушкиннің әдеби мұрасының демеуі тимей қалған жоқ. Тек осының өзі ғана Пушкин мұрасы, есімі қазақ әдебиетімен қаншалықты жақын болып кеткендігін айқын көрсетсе керек. Бұған қоса қазақ халқының Пушкингедеген ықыласының көрінісі ретінде «Евгений Онегинді» халық ақындары революциядан бұрын-ақ дастан етіп айтып жүргенін және «Капитан қызының» қазақ тіліне аударылып, 1903 ж. басылып шыққанын атап кеткен жөн. 20 ғ-дың бас көзіндегі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері Шәкерім Құдайбердиев, Ахмет Байтұрсынов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Спандияр Көбеев, Мұхамеджан Сералин, Бекет Өтетілеуов П. шығармаларынан көп нәр алды. Қазіргі қазақ жазушыларының ішінде Пушкинді оқымайтыны, онан үйренбейтіні жоқ. Жыр алыбы қарт Жамбыл Пушкинге арнап өлең шығарып, ұлы ақынға құрметпен ишарат етіп, қазақ халқының сүйіспеншілік сезімін әсем жырмен жеткізген болатын. Қазақ әдебиетінің туындысы «Абай жолы» роман-эпопеясында Пушкиннің өнерпаздығы, Абай арқылы бүкіл қазақ мәдениетіне тигізген игілікті ықпалы көркем бейнеленген. Мұның өзі Пушкин шығармалары, ұлы ақынның бейнесі Мұхтар Әуезовке де шабыт беріп, оны рухтандырғанын аңғартады. П. шығармаларын қазақ тіліне аударуда Ш. Құдайбердиев, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, I. Жансүгіров, Қ. Аманжолов, Т. Жароков, Ө. Тұрманжанов, Ә. Тәжібаев, Қ. Тоғызақов, Ғ. Орманов, Ә. Сәрсенбаев, Х. Бекхожин, Қ. Шаңғытбаев, Ж. Молдағалиев сияқты көрнекті ақындарымыз елеулі еңбек сіңірді.[2]

Қазақстанның көптеген қалаларында орыстың ұлы ақынына арналып ескерткіштер орнатылып, көшелер, мектептерге есімі берілді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Феофилакт Косичкин — Александр Пушкиннің журналдық лақап аты
  2. Абай. Энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, «Атамұра» баспасы, ISBN 5-7667-2949-9

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Александр Сергеевич Пушкин