Ось - бағыты көрсетілген түзу сызық. Егер ось бойында санақтың бас нүктесі және масштаб (меже) бірлігі белгіленген болса, онда әрбір нақты санға белгілі бір нүкте сәйкес болатын координаттар осі берілген дейді. Жазықтықтағы өзара перпендикуляр екі ось - абсцисса осі мен ордината осі тікбұрышты декарттық коорднаттар жүйесін құрады. Бұл координаттар жүйесінде реттелген нақты сандар жұбына белгілі бір нүкте сәйкес болады. Үш өлшемді кеңістікте нүктенің қалпын анықтау үшін аталған екі оське перпендикуляр ось - аппликата осі енгізілген.

Осьтің түрлері

өңдеу

Жорымал ось - комплекс сандарды жазықтықта бейнелейтін ордината осі.

Координаттық ось - бойында бағыты көрсетілген түзу болатын координаттар жүйесінің бөлігі.

Нақты ось - комплекс сандарды жазықтықта бейнелейтін абсцисса осі.

Ордината осі - жазықтықтағы немесе кеңістіктегі координаттардың декарттық жүйесі осьтерінің екіншісі.

Полярлық ось - сфералық немесе полярлық координаттар жүйесінде полюстен өтетін бұрыштық координаттарың бас нүктесін анықтайтын орнықты түзу.

Сан осі - бойында санақ бас нүктесі О немесе О нүктесінен басталатын оң бағыт көрсетілген әрі бірлік кесінді (масштаб) межеленген, нақты сандарды бейнелеуге арналған түзу.

Симметрия осі - кеңістіктің, жазықтықтың немесе түзудің нүктелерінің симметриялы болып бейнеленетін түзуі.

Дереккөздер

өңдеу

Математика әлемі: Жалпы орта білім беретін оқу орындарының(мектеп, гимназия, колледж, лицей) оқушылары мен студенттеріне және математика әуесқойлары мен көпшілік оқырмандарға арналған математикалық пәндік энциклопедия.Нұрқанат Көбенқұлұлы.