Николай Николаевич Силин

Николай Николаевич Силин(1922 жылы туған, Семей қаласы)-2-дүниежүзілік соғысқа қатысушы, подполковник, батальон командирі,орыс. 1941 жылы тамыз айында Кеңес әскері катарына алынып, Алматыдағы әскери училищеге жіберілді. 1942 жылы наурыз айында 8-атқыштар дивизиясының құрамында майданға аттанды. Курск иініндегі ұрыстарға, Десна мен Днепрден өтуге, Еуропаның бірқатар елдерін азат ету жорығына қатысты. Курск иінінде болған шайқас кезінде дивизия Орел-Курск темір жолы бойындағы маңызды телімдердің біріне тосқауыл жасап тұрды. Күзде шегініп бара жатқан жауды өкшелей қуа отырып, дивизия полктері Десна өзенінен өтті де,1943жылы 24 қыркүйекте Киевтің Солтүстік жағын ала Днепрге шықты. 151-полктегі Силиннің 1-батальоны өзеннен бірінші болып өтіп, ұрыспен плацдармды басып алды. Днепрдің оң жағалауына берік бекініп алған батальон дивизияның өзеннен өтуін қамтамасыз етті. КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен Силинге Кеңес Одағының Батыры атағы берілді (16.10.1943). 1946 жылы запасқа шықты. Соғыстан кейін Семей қаласына оралып, облыстық машина жөндеу шеберханасының директоры болды және зауытта жұмыс істеді. Ленин, Қызыл Ту, Александр Невский, 1-дәрежелі Отан соғысы, «Қызыл Жұлдыз» ордендерімен, медальдармен марапатталған.[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. А 31 Айбын. Энциклопедия. / Бас ред. Б.Ө.Жақып. - Алматы: «Қазақ энциклопедиясы», 2011. - 880 бет. ISBN 9965-893-73-Х