Мүржия ағымы - муржия араб тілінде «үміт ету» мағынасын білдіретін «рәжә» сөзінен шыққан. Қандай да бір істі кейінге қалдыру, Аллаһқа сілтеп, жақсылығын, ақырын Аллаһтан күтушілерге берілген есім. Бұл ағым «Ислам әлемінде үлкен күнә істеген мұсылман кісілердің бұл дүниелік және о дүниелік жағдайы қалай болады екен?» деген алғашқы өзекті мәселелер тұсында пайда болды. Мұндай мәселе әділетті төрт халифаның төртіншісі болған Хазіреті Әлидің (656 - 661) тұсында өрбіді. Үлкен күнә істеп қойған мұсылманды харижиттер «кәпір» десе, муғтазила ағымы «пасық» деп үкім берген. Сол кезеңнің танымал ғалымы Хасан Басри және өзге де ғалымдар ондай кісіге «екіжүзді» деп пәтуә берді. Көпшілік мұсылмандардың пікірі бойынша, ондай кісі «күнәһар мұсылман». Ондай пендені Аллаһ қаласа кешіреді, қаламаса жазасын береді деген бағытты ұстанды. Мүржия ағымы бойынша, күпірлікпен бірге мойынсұнудың пайдасы болмағандай, күнә істеу иманға зиян келтірмейді. Мүржия ағымының пайда болуы мен негізінің қалыптасуы сахабалар тұсынан бастау алады. Хазіреті Османның халифалық кезеңінің соңына таман халық арасында әкімдердің әділетсіздігі мен қатыгездігі өсекке айналып, ақырында халифа Османды өлтірумен аяқталды. Осы оқиғалар барысында кейбір сахабалар үнсіз қалуды жөн көріп, мұндай бүліктерден аулақ тұруды, араласпауды дұрыс деп тапты. Сонымен қатар Хазіреті Әли тұсындағы шыққан бүліктер мен соғыстарда осы ұстанымдарын жалғастырды. Әли мен Шам әкімі Муауия арасында болған 657 ж. Сыффин соғысы жайында ешқандай пікір білдірмеген. Бұл топтың ішінде Сад ибн Әбу Уаққас, Абдуллуһ ибн Омар, Имран ибн Хусайн сынды танымал, беделді сахабалар болды. Олар Сыффын шайқасында өлген мұсылмандар жайында ешқандай үкім айтпай, тіпті қай жақтың дұрыс, қайжақтың кінәлі екендігін де айтпай бейтарап болды. Өлген мұсылмандардың үкімін сұрағандарға «Аллаһ біледі» деп қысқа қайырлы. Аты аталған сахабалар секілді кейбір сахабалар да үлкен күнә істеген мұсылман жайында ешнәрсе айтпауы соғысқа қатысқан мұсылмандарды қатты мазалай бастады. Нәтижеде, бүлікшілер, соғысқа қатысқан және үлкен күнә істеген мұсылмандар жайында ештеңе айтпастан олардың жағдайын тек «Аллаһ қана біледі» деген топ пайда болды. Бұларға «үміт артушылар, үміттенушілер» ұғымына келетін «Мүржия ағымы» деп ат берілді. Муржияшылар «Лә иләһә илаллоһу Мухаммәдур Расулуллаһ» (Аллаһтан басқа ешбір Тәңір жоқ, Мұхаммед Оның Елшісі) деген кісіні жасаған күнәсі үшін кәпір немесе мүшірік деп айта алмаймыз, кімнің кім екендігін Аллаһ біледі деген қағиданы ұстанды.

Шынында да, осы әдіс дұрыс. Кімнің кім екендігін, о дүниеде қайда баратындығын Аллаһ біледі. Кейінгі уақытта шыққан жаңа муржияшылар алдыңғылардан өзгеше түсінікте болды. Олар үлкен күнә істеген мұсылманның жағдайын Аллаһқа тапсырумен шектелмей, күнә жасау иманға зияны жоқ деген пікірді ұстануға көшелі. Сенімдерін мына қағидаға сүйеді: «Иман - тілмен айту, жүрекпен қуаттау, сену және білуден тұрады. Амал ету өз алдына бөлек нәрсе». Тіпті, кейбір муржияшылар «Иман - жүректен сену» деп артық кетті. Діни үкім- дерді тек біліп, сеніп қоюмен шектелген муржияшылар үшін амал ету маңызды болмады. Бұлар иманның негізін жеңілге алып, ақиқатты өзгертуге тырысты. Сол себепті ғалымдар муржияшыларды екі топқа бөліп қарастырады. Бірінші топтағылар сахабалар арасындағы түсініспеушілік пен қақтығыс және Умея билігі кезіндегі бүліктерге үкім беруден бас тартқандар. Екінші топтағылар болса, имани мәселені жеңілге алып, Аллаһ күпірлік пен ширктен басқа бәрін кешіреді деген сенім бойынша иман еткен кісі не істесе де болады деп, ізгі амалды тәрк етушілер. Бұл топтағы муржияшылар алдыңғы сахабалар мен ғалымдардың беделіне кір келтіріп, өзгелердің сынына ұшырайды.

Мысалы, Зәйдия мәзхабын кұрушы Зәйд ибн Али ибн Хусейн осы топтағыларды меңзеп: «Мен пасықтардан, Аллаһтың кешірімінен үміттендірген Муржиядан аулақпын», - деген. Ал адасушы Мүржия ағымы өз діни түсінігіне қосылмағандарды, қабыл етпегендерді «муржия» деп атады. Тіпті, муғтазилиттер кұқықшы ғалымдар мен хадисші ғалымдарға да, атап айтсақ, имам Ағзам Әбу Ханифаға да «муржияшы» деген ат тағып, кінәлаған. Имам Ағзам Әбу Ханифа өз кезегінде муғтазилиттерді сынап бірнеше еңбек жазған. «Әр-Рисала иләл-Бәтғи» атты еңбек Өбу Ханифа тарапынан басралық ғалым және қазы Әбу Осман Муслим әл-Бәттиге жолданған. Кітапта амал иманның бір бөлігі еместігі, иманның артуы мен кемуін қабыл ету мен етпеу мәселесі талқыланып, өзін муржия деп айыптағандардың сөзін теріске шығарады. «Китабур-рад алал-қадария» - бұл еңбекке муғтазила мазхабын сынап жазған. Мүржия ағымы өз арасында түрлі түсініспеушілікпен бірнеше топқа бөлінген. Сол топтардың бастылары мыналар:

  • 1. Юнуситтер,
  • 2. Ғассаниттер,
  • 3. Тумәйнилер,
  • 4. Саубанилер,
  • 5. Мәриеилер.

Бұл топтардың өздеріне тән діни түсінігі бар. Дегенмен, бұл топтардың бәрі дерлік орта ғасырларда жойылып кетті. Алайда, соңғы уақытта кейбір мұсылман бауырлар, яғни салафилік пен тәкфир ету бағыттарын ұстайтындардан муғтазилиттер секілді өздеріне қосылмаған мұсылмандарды «муржия» деп атау белең алып барады. Адасушы муржияның кім екендігін түсінбестен, бұлай атау ғайбат саналады. Муржияшылар әуелде дұрыс бағыт ұстанғанымен, кейінгілері шектен тыс шығаруымен әһли сунна аясынан ауытқыды. Муржиялар айтқандай, иман тек жүрекпен сеніп қоюлан тұрмайды. Жүрекпен сенгенін тілімен айтпайынша, ол пенденің кім екендігін біле алмаймыз.[1]

Дереккөздер

өңдеу
  1. Ислам. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2010 ISBN 9965-26-322-1