Құң-зы
Конфуций (лат. Confucius, қыт. 孔子, немесе қыт. 孔夫子, "Коң әулие"; бзд.551-бзд.479) — көне қытай ойшылы болып, оның ілімі мен философиясы көне Қытай мәдениетіне, сондай-ақ Корея, Вьетнам және Жапония мәдениеттеріне үлкен ықпал еткен.
Қытай пәлсапасы Ежелгі пәлсапа | |
---|---|
孔夫子 | |
Аты: | 孔丘 (Құң Чиу) |
Тууы: | қыркүйектің 28, 551 ЗБ |
Өлімі: | 479 ЗБ |
Ағымы/салты: | Жуше негізін салушы |
Басты мүдделері: | Аламгершілік философиясы, Әлеуметтік пәлсапа, Құлықтылық |
Елеулі идеялары: | Жуше (конфуцианизм) |
Ықпалы: | Жоу дәуірінің қытай саналығына |
Ықпалданғандар: | Түгелге жуық Шығыс пәлсапашыларына |
Конфуций ілімінің ерекшелігі сол, ол адамгершілік мәселелерін бірінші кезекке қойған. Ал рух, аспан денелерінің қозғалу заңдылықтарына еш көңіл бөлмеген. "Өмірдің не екенін білмей жатып, өлімнің, рухтың не екенін қайдан білейік", — деген екен ол. Алайда, көкті пір тұтқандығы ақиқат, көк тәңірісіне құрбандық шалуды оған деген адамдардың көрсеткен құрметі деп түсінген. Кейіннен Қытайдың «аспан асты империя» деп аталуына да осы ұғым өз әсерін тигізген сыңайлы.
Жоғарыда айтылып өткендей, Конфуций өз ілімін адамға бағыттаған. Ол - алғаш рет адамның кісілік тұлғасы туралы ой қозғаған философ. Үлгі тұтуға жарайтын ер адамның адамгершілігі (жень), үлкенді сыйлауы (сяо), әдет-ғұрып, дәстүрді құрмет тұту (ли) жоғарғы дәрежеде болуы тиіс. Адам тумысынан жаман болып тумайды, оны жаман да, жақсы да қылатын өскен ортасы. Конфуций мемлекетті де үлкен отбасы деп түсіндірген. Оның ілімі, жалпы алғанда, үстем таптың мүддесін қорғады, құлдықты сөкет көрмеді, сондықтан да ұзақ жылдар бойы мемлекеттік ресми идеологияға айналып, Қытайдағы қоғамдық өмірдің барлық салаларына өз әсерін тигізді.
Конфуцийдің қазасынан кейін оның ілімі сегіз тармаққа бөлініп кетті. Олардың ішіндегі ең негізгілері идеалистік бағыттағы Мэн-цзы мектебі мен материалистік бағыттағы Сюнь-дзы мектебі. Бұл екі бағыт та Конфуцийдің шәкірттері Мэн және Сюньнің аттарымен аталады. Мэн-дзы Конфуций ілімдерін жинақтап, бір жүйеге түсірумен ғана айналыспаған, сонымен қатар, жаңа ойлармен толықтырып отырған. Мысалы, «адамның табиғаты тек жақсылықтан жаратылған» деген қағида Мэн-дзы философиясының негізгі өзегі болып табылады.
Сюнь-цзы Конфуций іліміне материалистік нышан енгізген. Әлемнің негізі материалдық күш (ци) және оның екі түрі болады (инь және ян). Әлем өзінің табиғи заңдылықтары арқылы өмір сүреді, көк тәңірі - әлемнің құрамдас бөлігі ғана, оны зерттеп, сырын ұқса адамдардың мақсат-мүдделеріне пайдалануға болады, Бақытты, бақытсыз болу, сау немесе ауру, бай немесе қайыршы болу адамдардын өзіне ғана байланысты. Бұл тұжырым Абайдың ауруды жаратқан Құдай, бірақ нақты адамды ауру қылған Құдай емес; байлық кедейлікті жаратқан Құдай: бірақ белгілі бір адамды бай немесе кедей қылған Құдай емес, адамның бақытты яки бақытсыз болмағы өзінен дейтін ойымен үндесіп жатыр.
Өмірбаяны
өңдеуКонфуций, (бзд 551 жылы, Лу патшалығында туылған – 479 жылы сонда қайтыс болған) – Ежелгі Қытай ойшылы, философ, тарихшы, мемлекет қайраткері, Қытайдағы жергілікті діни мектеп – конфуцийшілдіктің негізін салушы. Кедейленген ақсүйектер отбасында дүниеге келген. Өмірінің көп бөлігін Лу патшалығында өткізген. Б.з.б. 11 – 3 ғасырларда болған осы көне мемлекет ежелгі дәуірдегі қытай тарихы мен мәдениетінің дамуында елеулі рөл атқарғанмен, 6 – 5 ғасырлардан бастап құлдырау кезеңін бастан кеше бастаған-ды. Сондай шақта өз отанында өмір сүрген Конфуций өзіне дейін өркен жайған философиялық ой маржандарын оқып-тоқып өсті. Жас шағында төменгі буындағы шенеунік қызметін атқарып жүрді. Сосын жеке мектеп ашып, 22 жасында бала оқыта бастады. Кофуцийдің он мыңга жуык шәкірттері бар және жиырма шактысы ертелі-кеш жанында болган деген деректер бар. Қытайдағы тұңғыш жекеменшік оқу орнының негізін қалаушы атанды.Ең атақты мұғалім ретінде даңқы шықты. Халық оны сүйіспеншілікпен Құң ұстаз деп атады. Конфуцийдің мектебінде төрт пән – ақлақ (мораль), тіл, саясат және әдебиет оқытылды. Конфуций 50 жасында Лу патшалығының жоғары дәрежелі мемлекеттік қызметшісі болып істеді. Сол шақта саяси қызметін бастады. Алайда, қаскөйлік интригалдар салдарынан лауазымды жұмысынан кетуге мәжбүр болады. Содан 13 жыл бойы Ежелгі Қытайдың Лу патшалығынан басқа мемлекеттерін аралайды. Бірақ еш жерде өз идеяларын қолданысқа енгізе алмайды да, ақыры 484 ж. еліне қайтып оралады. Содан өмірінің соңына дейін ұстаздықпен және көне даналық кітаптарды жинап, өңдеп, таратумен шұғылданған. Конфуций өзіне арнайы бөлінген орынға жерленген. Оның қасына ұрпағы, жақын шәкірттері мен ізбасарлары қойылған. Тұрғын үйі ғибадатханаға айналдырылып, Конфуций рухына тағзым етушілер зиярат жасайтын орын ретінде әйгілі болған. Конфуций ілімі ол қайтыс болғаннан кейін б.з.б. 136 ж. мемлекеттік идеологияға айналған шақта ол “он мың ұрпақтың ұстазы” деп жарияланды. Мемлекет Конфуцийді 1503 ж. қасиеттілер,әулиелер қатарына қосты. Конфуций есімі Қытайда 1911 ж. болған ұлттық-буржуазиялық революцияға дейін ресми түрде ардақталған.
Конфуцийден біртоп бала "неге ай жаңа көтеріліп келе жатқанда үлкенірек, ал ең төбеге көтерілгенде кішірек көрінеді" деп сұрапты. Конфуций жауап бере алмапты. Балалар Конфуцийді ақымақ деп мазақтапты. Оптика ғылымы бертінгі ғасырда ғана көптеген табиғат құбылыстарының сырын айқындай бастады.
Шығармашылығы
өңдеуКонфуций өзіне тән төл ілім жасамаған деген пікір қалыптасқан, ол Ежелгі Қытайдың бес классикалық шығармасын – “Шуцзин” (тарих кітабы), “Щицзин” (әндер мен гимндер кітабы), “Лицзин” (рәсімдер туралы жазбалар), “Юэцзин” (музыка туралы кітап), “Ицзин” (өзгерістердің канондық кітабы) жинастырып, қайта әңгімелеген және оларға түсіндірмелер берген. Осы ретте тұжырымдалған басты көзқарастары мен ілімі жайындағы мағлұматтар “Әңгімелер мен пайымдар”' (“Лунь юй”) деген кітапта таратылып баяндалған. Бұл кітап Конфуций айтқан ойлар мен оның жақын шәкірттерімен және ізбасарларымен әңгіме-дүкенінің жазбасы болып табылады. Зерттеушілер Конфуцийдің жеке басына тиісті деп тек “Көктем мен Күздің, Лу мемлекетінің тарихы кітабына” түсіндірмелерін атайды. “Ұлы ілім” мен “Аралық туралы ілім”' атты туындылар да Конфуцийдің өзінікі емес, ол тек мұның екеуін де қайта әңгімелеп берген деп саналады. Конфуций ілімінің өзіндік сипаты антропоцентризммен, яғни адамды ғаламдық ғимараттың кіндігі және ең жоғарғы мақсаты деп білетін көзқараспен айқындалады. Конфуций ой-пікірінің негізгі мазмұны табиғат заңдарына сәйкес келетін, адамдардың бірлесіп өмір сүруіндегі парасатты реттілікті, тәртіпті қамтамасыз етудің аса маңызды шарттары болып табылатын қарапайым да ғаламат зор “5 ізгілікті” ұғындыруға арналған. Конфуций ғарыш пен әлемнің пайда болуы, эволюциясы мәселелерімен әуестенбеген деген пікір бар, өйткені ол рухтар мен о дүние мәселесіне көңіл бөлмеген. Бұл Конфуцийдің:” “Өмірдің не нәрсе екенін білмей тұрып, өлімнің не екенін білу мүмкін бе?”, – деген, сондай-ақ: “Адамдарға қызмет ете білмей тұрып, рухтарға қалай қызмет көрсетуге болады?” – деп түйген қағида іспетті ой-тұжырымдарынан аңғарылады. Ол адам проблемасына, оның ақыл-ойына, адамгершілік кескін-келбетіне мол көңіл бөлді. Конфуцийдің саяси-этикалық маңызды ұғымы – адамшылық, адамның әділ, ақжүрек болуы (жэнь). Ұлдың кішіпейіл болуын, ата-ананы, жалпы үлкен кісілерді сыйлап жүруін анықтайтын “сяо” тұжырымдамасы да осы қатарда. Бұл екі ұғым жасы үлкен мен орны жоғары адамдарға сый-құрмет көрсетіп отыруға, ел басына адалдыққа, т.с.с-ларға негізделген этик. және әлеуметтік қатынастар жиынтығын білдіреді. Ол “текті ерлерді” (цзюнь цзы) шешімді түрде “ұсақ пенделерге” (сяо жэнь) қарсы қойып отырған. Алғашқысы кейінгісін басқарып отыруға, оларға үлгі болуға тиіс деген.
Идеялары
өңдеуОсындай этикалық теориялары негізінде Конфуций өзінің саяси тұжырымдамасын дамытты, бұл орайда оның: “Билеуші – билеуші, ал бағынышты – бағынышты, әке – әке, ал ұл – ұл болу керек”, – деген атақты сөзі кеңінен мәлім. Конфуцийдің мемлекетті “адамгершілікпен басқару” теориясы оған дейін де болған идеяға – басқарушы билігін құдіреттендіру идеясына сүйенді. Соған сүйене отырып, оны дамытты әрі негіздеді. “Басқару – түзету деген сөз” деген қанатты сөзбен тұжырымдалатын негізгі принцип “чжень мин” ілімінде көрініс тапқан. Мұнда Конфуций [[қоғам|қоғамдағы әр нәрсені өз орнына қою қажеттігін, әркімнің міндетін қатаң да дәл анықтау керектігін айтты (Конфуций бойынша мемлекет – үлкен отбасы). Ол ел билеушілерін халықты заңдар мен жазалаулар негізінде емес, ізгілік жасаушылар жәрдемімен биік адамгершілік, имандылық қасиеттер танытатын тәртіпті үлгі ету жолымен басқаруға үндеді. Халықты салық, салғырт салумен қинамай, әдет құқығы негізінде басқаруды қош көрді. Ең бастысы – шынайы принципті әрқашан басқарушы қатаң ұстануға тиіс деп білді, сонымен бірге адамдар мен олардың игіліктеріне қамқорлық көрсету – басқарушы парызы. Адамдардың байлық пен мәртебені бәрінен жақсы көріп, кедейлік пен жасқанбаушылықты жек көретіндерін дана билеуші жақсы білуге тиіс. Билеуші үшін – кісі сеніміне ие бола білу өте қажет. Осы пайымынан туындайтын: “Билікке қалай жетуге болады?” – деген сұраққа Конфуций: “Халықтың сүйіспеншілігіне қол жеткіз, – деп жауап берген, – сонда сен билікке жетесің, егер халықтың сүйіспеншілігін жоғалтар болсаң, онда билікті де жоғалтып аласың”.
Моралист
өңдеуКонфуцийді моралист деп атайды, өйткені ол өзінің саяси-әлеуметтік доктринасын моральдік максимумдарға – биік мораль, лайықты, дұрыс тәртіп, этикет эталондарына (ли) негіздеді. Нашар мінез бен келеңсіз әдетті өзгертудің ең жақсы құралы ретінде музыкаға (юе) зор мән берді. Конфуций мүлтіксіз, жетілген адам (цзюнь-цзы) тұжырымдамасын жасады. Мұндай адамның асылдығы, Конфуций бойынша, шыққан тегіне емес, алған тәрбиесіне байланысты болмақ. Өте оңды, тамаша адам өзін-өзі жетілдіру нәтижесінде қалыптасады. Ойшыл ретінде Конфуций мұндай кісіні адамшыл (жень), әділ, адал, ақжүрек болу керек деп есептейді. Ол әрқашан білім ала беруге ұмтылып тұруға тиіс. Ата-анасына, жалпы қарт адамдарға айрықша ілтипатпен қарым-қатынас жасау ләзім. “Бүкіл өмірің бойы басшылыққа алуға тұратын сөз бар ма?” деген сұраққа орай Конфуций: “Бар, ол сөз – мейірімділік”, – деп жауап берген. Конфуций адамдар арасындағы (отбасында, қоғамда, мемлекетте) мүлтіксіз қарым-қатынас заңын мынандай қанатты сөзбен тұжырымдаған: “Өзіңе тілемейтініңді басқаға жасама”. Бертінгі ұрпақ адамгершіліктің алтын ережесі ретінде дәріптейтін осынау Конфуций іліміндегі тұжырымдама ілгерілі-кейінгі ойшылдар пайымдауында адам мінез-құлқы мен тәртібінің іргетасы іспетте қолданылуда. Конфуцийдің ізбасарлары оның ілімін басшылыққа алып, дамытып отырды. Мысалы, Мэн-цзы (б.з.б. 372 – 289 ж.) өз тұжырымдамасында басқарудағы басты рөлді халыққа берді. “Мемлекетте халық ең бастысы болып табылады, – деді ол, – одан кейін топырақ пен дән рухтары, ал ең соңғы орында ел басшысы тұрады”. Жалпы алғанда, Конфуций ізбасарларына қатаң әлеуметтік жіктелу идеясын, сондай-ақ, қоғам мүшелері міндеттерін отбасындағы қызмет бөлу тәрізді [[иерархия|иерархиялық бөлініске салуды жақтау идеясын қорғау тән. Мемлекет – халық игілігін қамтамасыз ету және қажет тәртіпті орнату құралы. Солай бола тұра, мемлекет бәрін қамтитын және баршаға ортақ, бәрі орындауға міндетті, бірақ бет-бейнесіз заңға да, тиран-билеушінің озбырлығына да сүйенбеу керек, керісінше, мемлекет – билеуші мен оның көмекшілерінің даналығына, ізгілік-мейірімділігіне арқа сүйеуге тиіс. Конфуцийдің саяси доктринасына әр заманда әрдайым мұқият көңіл бөлініп отырды. Конфуций мен оның ізбасарларының ілімінде бейнеленген идеялар осы күнге дейін Қытай саяси мәдениетінің аса маңызды құрамдас бөлігі болып табылады.[1][2]
Дереккөздер
өңдеу- ↑ Биекенов К., Садырова М. Әлеуметтанудың түсіндірме сөздігі. — Алматы: Сөздік-Словарь, 2007. — 344 бет. ISBN 9965-822-10-7
- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 жыл. ISBN 5-89800-123-9 XI том