Жұлдыздық карта

Жұлдыздық Карта

Жұлдыздық Карта

өңдеу

Жұлдыздық Картажұлдызды аспанның не оның бір бөлігінің картасы. Барлық аспанды не оның бір бөлігін қамтитын, аспанның іргелес жатқан учаскелерінің Жұлдыздық карталарының жиынтығын жұлдыздық атлас деп атайды. Жұлдыздық карта жұлдызды аспан нысандарын (планеталар, құйрықты жұлдыздар, айнымалы жұлдыздар, т.б.) іздеу, аспанның берілген нүктесіне телескопты бағыттау, т.б. кезінде қолданылады. Жұлдыздық карта, көбінесе, аспан координаттарының экваторлық жүйесінде координаттық тормен қоса беріледі. Жалпы шолу Жұлдыздық картасы, әдетте, аспанның Солтүстік және Оңтүстік жарты шарлары үшін (жеке-жеке) стереография проекциямен беріледі. Аспанның экваторлық белдеуін бейнелеу үшін цилиндрлік проекция, полярлық аймағы үшін азимуттық проекция, ал олардың аралығы үшін конустық проекция қолданылады. Жұлдыздық карта сурет түріндегі Жұлдыздық карта және фотографиялық Жұлдыздық карта болып ажыратылады.

 
Жұлдыздық Карта

Қысқаша тарихы

өңдеу

Жұлдыздық картаның ертедегі нұсқасы 13 ғасырға жатады. Адамдар оған дейін глобусты қолданған. Алғашқы жұлдыздық атласты неміс астрономы И.Байер құрастырған (1603). Мұндай жұлдыздық атластарды 17 – 19 ғасырларда поляк астрономы Я.Гевелий (1690), ағылшын астрономы Дж.Флемстид (1729), неміс астрономдары И.Э. Боде (1782), Ф.Аргеландер (1843), Э.Хейс (1872) құрастырды. Тұңғыш орыс Жұлдыздық картасы Петр І-нің нұсқауымен 1699 жылы құрастырылды. 20 ғасырда орыс астрономы А.А. Михайловтың, чех астрономы А.Бечварждың, т.б. құрастырған жұлдыздық атластары кең қолданылды. 1887 жылы Халықаралық астрономия конгресс фотографиялық “Аспан картасын” құрастыру жөнінде шешім қабылдады. Оны орындауға дүние жүзінің 21 обсерваториясы қатысты (бірақ жұмыс аяқталмай қалды). Онда аспанның 15-жұлдыздық шамаға дейінгі жұлдыздары қамтылды. 1954 – 67 жылы АҚШ-та Ұлттық географиялық қоғам мен Паломар обсерваториясының қатысуымен фотографиялық атлас (21-жұлдыздық шамаға дейінгі жұлдыздар қамтылған) жасалды. 20 ғасырда градустық тор түсіріліп, фотографиядан репродукция жасалған Жұлдыздық карта (И.Пализа, М.Вольф, Г.Ференберг, т.б.) басылып шықты. Қазіргі кезде аспанмен алғашқы таныстыруға арналған, тек жай көзге көрінетін жұлдыздарды қамтитын жұлдыздық атластар мен Жұлдыздық карталар басылып шығып тұрады (Жұлдызды аспан картасын қ.).[1]

Сілтеме

өңдеу
  1. Қазақ энциклопедиясы, 4 том;