Авангардизм, авангардшылдық (фр. avant-gardisme — алғы шептегілер) — қалыптасқан қағидалар мен дәстүрден, өмір бірқалыптылығынан алшақтай отырып, көркем мәдениетті жаңғыртпақ болған мәдени ағым. Авангардизм XIX ғ. аяғы мен XX ғ. 60—70 жылдарында өрістеді. Ол модернизмнің тым өсерленген бағыты ретінде қалыптасты. Авангардизмнің басты мәнісі—мәдени мирасқорлықтың маңызын кемітіп, «мәңгі құндылықтар» деген ұғымды қайта қарау. Авангардизмнің пайда болуына философияда постклассикалық ағымның (Шопенгауэр, Ницше, Бергсон, Хай-деггер, Сартр т.б.) ықпал етуі; психологияда — фрейдизм мен психоанализдің қалыптасуы, лингвистиканың мәдениеттанулық деңгейде көрінуі; еуропаорталықтық принциптен бас тартып, шығыстық мәдениеттерге, дінге назар аудару; теософия, антропософия жаңа эзотериялық ілімдердің жандануы үлкен әсерін тигізді. Авангардизм ұғым-терминін өнертануда алғашқы рет қолданысқа енгізген француз көркем өнер сыншысы Т. Дюре болды. Авангардизм өкілдері өнерді өмірден айырып қарап, оның әлеуметтік маңызын жоққа шығарды, өнердің ерекше эстет, табиғатын әсіреледі. Реализмді теріске шығарғандардың барлығы өздерін «авангардшылар» қатарындамыз деп есептеді: тарихи-мәдени маңыздылығы бойынша авангардизмнің екі бағытын айыруға болады: ғаламдық және шағын аумақты. Соңғылары өздерінің жеке ізденістері мен тәжірибелері арқылы жалпы авангардизмнің ықпалын күшейтті. Авангардизм өнердің әр саласында өзінше көрініс тапты: театрда реалистік декорация абстракті конструкциямен алмастырылды, қойылымның шарттылығына, еркіндігіне ерекше назар аударды (Б. Брехт, Вс. Мейрхольд, Е. Вахтангов т.б.); әдебиетте (А. Бехер, П. Элюар, М. Пруст, Ф. Кафка, Э. Ионеско т.б.) жаңа рәміздік-шарттылық тәсілдер кеңінен қолданылды; бейнелеу өнерінде (П. Пикассо, М. Шагал, С. Дали, Маттисс т.б.) абстракшылдықтың, дадаизмнің, сюрриализмнің, конструктивизмнің т.б. тәсілдері алдыңғы қатарға шықты; музыкада, әсіресе, таспаға жазып алу және электронды синтезатордың пайда болуы, оны XX ғ. ырғақтарына сәйкестендірді; сәулет өнеріндегі авангардизм стиліндегі ғимараттар адамзат қиялының нәтижесі ретінде көрініс тапты. Ғасыр басында авангардизм бағыты қаншама әділ сынға ұшырағанымен, өзінің мәдени құндылығын жоғалтпады.[1][2][3]

Казимир Малевич, Супрематизм

Дереккөздер

өңдеу
  1. Мәдениеттану: жоғарғы оқу орнындары мен колледж студенттеріне арнлған оқулық. Алматы: Раритет, 2005.- 416 бет. ISBN 9965-663-71-8
  2. “ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6
  3. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8

Үлгі:Stub:өнер