XX ғасыр хореографиясындағы ырғақ пен пластика

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

XX ғасырдың басында Батыстағы хореографиялық өнер үлкен дағдарысқа ұшырады. Классикалық балет жанр ретінде өмір сүруін мүлдем тоқтатты. Оның орнын неше түрлі ырғақты-пластикалық пилер басты. Әр елде оны әр түрлі атады — қазіргі күннің биі, пикындық биі, тәуелсіз би, көркем би, ырғакты би, тағы басқа. Бірақ бәріне ортақ нәрсе — ол классикалық биді ескі және қазіргі заман тақырыбы мен бейнелерін аша алмайды деп жоққа шығару. Шығыс, Мысыр, Үндістан, Грекия, Ассирия билері — олардың эстетикалық кредосын құрады.

Хореографиядағы бұл бағыттың аса көрнекті өкілдері: Айседора Дункан, Франсуа Дельсарт, Эмиль-Жак-Далькроз болды. XX ғасырдың 20-жылдары көркем театр бағыттарының бірі — экспрессионизм болды. Оның ең негізгі қағидасы — бүгінгі күннің басты мәселелерін сахнаға шығару. Бірақ практикада бұл әрдайым іске аспады. Хореографиялың бейнелер символ, сұлба, фигура ретінде ғана көрінді. Балет сахнасына тағдыр күші, маск-бейнелер шығарылды. Өлім, бітпес қайғы, үзілген үміт тақырыптары кен етек жайды.

Спектакльдің экспрессиясы бидің өткір формаларымен, ырғақ пен қозғалыстың тез ауысуымен, қимыл мен костюмдердің таңғаларлық түрлерімен әсерлене түсті. Ол, әсіресе экспрессионизм модерн немесе сол кездегі атауы — айқындық биінде қарқынды түрде дамыды. Өнердің бұл түрінде Германияның үш танымал хореографтары — Рудольф фон Лабан мен оның шәкірттері: Мэри Вигман және Курт Йосс өздерін көрсетті. Олардың билері трагедиялық әжуамен, патетикалык қимылдармен, қарапайымдылықпен, сахнада қалықтаудың жоқтығымен ерекшеленді. Ырғақ және ұрмалы аспаптардың сүйемелденуі музыканың негізіне айналды. Англия, Франция мен Италияда модерн биі дамыған жоқ. Оның дамуына үлкен әсерін тигізген, осы жанрдың көрнекті өкілі — Айседора Дункан болды.

Айседора Дункан

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Айседора Дункан

Айседора Дункан
Дүниеге келгені: 1877 ж. мамырдың 27 (1877—05—27) (147 жас)
Қайтыс болғаны: 1927 ж. қыркүйектің 14 (50 жаста)
Ұлты: америка
Мансабы: бишісі

Айседора Дункан (1878—1927) — америка бишісі. Ұлты ирландиялық. "Модерн" биінің негізін салушылардың бірі. Бишілік жолын 1896 жылы Нью-Йоркте бастады. Гастрольдік сапармен АҚШ, Еуропа елдерін аралады. Ресейге бірнеше рет келген (1905, 1907—1913). 1921—1924 жылдары Ресейде тұрды, Мәскеуде студия ұйымдастырды. Мұны кейіннен өгей қызы Ирма Дункан басқарды. Айседора Дункан классикалық балет мектебіне қарсы болды, өз шығармашылығында ежелгі грек биіне тән табиғилық пен пластикаға көп көңіл аударды. Оның қимылдары өте қарапайым болды. Билеген кезде Дункан импровизация жасады. Балет киімдеріне өзгертулер енгізді, сахнада жалаңаяқ биледі. Өзінің концерттік бағдарламасымен Дункан бірінші рет сахнаға 1903 жылы Будапештте шықты. Ол жалаңаяк, жеңіл, желбіреген туникаларда биледі. Оның қимылдары қарапайым болды: аяғының басымен жеңіл жүгіру, қарапайым аялдаулар, әрекеттер, кішкентай секірулер. Кейбір қимыл-қозғалыстарды ол грек мүсіндерінен, фронтон, барельеф, құмыралардағы суреттерден алып отырды. Глюк, Мендельсон, Бетховен, Моцарт, Шопен, Шуберт, Вагнер және Чайковскийдің музыкасына билер қойды. Дункан өз мектебін ашуды армандады, бірақ Германия (1904), Франция (1912) мен АҚШ-та (1915) ашқан мектептері ұзақ өмір сүрген жоқ. 1921 жылы Айседора Дункан Мәскеуде студия ашып, ол 1949 жылға дейін жұмыс істеді. Бірақ ол кәсіби би жүйесін жасай алмады. Педагогикалық тәсілдер жүйесінің, би техникасының болмауы Дункан студияларының тез жабылып отыруын айқындады. Классикалық би мен оның айқын мүмкіндіктерін жоққа шығаруы, оның қойылымдарын кедейлендірді. Бірақ оның ашқан кейбір жаңалықтары көркем гимнастиканың элементтеріне айналды. Ол "Менің өмірім" және "Болашақ биі" деген екі кітап жазды.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Өнер: Жалпы білім беретін мектептің жаратылыстану-математика бағытындағы 11-сыныбына арналған оқулык/Қ.Болатбаев, Е.Қосбармақов, А.Еркебай. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. ISBN 9965-33-998-8