Қылмыс
Қылмыс— қылмыстық кодекс бойынша жазалау мүмкіндігімен тыйым салынынған, қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік.
Анықтама
Қылмыс - бұл құқық бұзылушылықтың бір түрі. Қылмыс басқа құқық бұзыушылықтардан, оның қылмыстық заңмен белгіленетіндігімен және оны жасағанда қылмыстық жауапкершіліктің болуымен ерекшеленеді.
Жеке адамға, қоғамға немесе мемлекетке зиян келтірмеген және зиян келтіру қаупін туғызбаған іс-әрекет немесе әрекетсіздік қылмыс болып табылмайды. Бұл анықтамада қылмыстың формальды белгісі де (құқыққа қарсылық), материалдық белгісі де (қоғамдық қауіптілік) қамтылады. Сондай-ақ айыптылық пен жазаланушылық та қылмыстың қажетті белгісіне жатады.
Криминологияда және құқықтық статистикада — әрқайсысы үшін қылмыстық жазалау қарастырылған, іс жүзінде жасалған барлық құқыққа қарсы әрекеттердің жиынтығы. Сонымен бірдерлікте қылмыс — жекелеген қылмыстардын тек қана саны (немесе жиынтығы) ғана емес, бұл белгілі бір заңдылықтарды иеленген құбылыс.
Қылмыс жағдайы заңнамадағы өзгерістер немесе оны іс жүзінде қолдану салдарынан өзгеруі мүмкін. Тіпті заң аясында сот тәжірибесінің ауытқуы да қылмыс статистикасын өзгерте алады. Сол немесе басқа әрекет үшін немесе қылмыстық әрекетті жоятын қылмыстық жауапкершілікті тағайындайтын қылмыстық заңды қабылдау, ол да қылмыс жағдайының әрдайым өзгеріп отыруына әсер етеді.
Қылмыстың құрылымы мен сипатының өзгеруі түрліше әлеуметтік жағдайларға, құбылыстар мен үдерістерге, мысалы, тұрғындардың көші-қон және жас құрамына; аймақтың немесе басқа аумақтың экономикалық жағдайына; қалыптасқан ұлттық әдет-ғұрыптар мен дәстүрлер және т.б.; қылмыс заңнамасының өзгеруіне, қылмыстың алдын алу бойынша жұмыс сапасына және басқа факторларға тәуелді болады.
Іс-әрекет нысандары
Адамның теріс қылығы ғана қылмыс деп танылады. Сырттай көрініс таппаған, қоғамдық қауіп тудырмаған ой-пікір, ниет-пиғыл қылмыс деп танылмайды. Іс-әрекет екі нысанда көрініс табуы мүмкін, олар: әрекет (субъектінің белсенді ісі) немесе әрекетсіздік (адамның жасауға міндетті және жасай алатын әрекетті жасамаған енжарлығы). Әрекеттің қандайын қылмысқа жатқызу, қандайын жатқызбау әр мемлекеттің өз еркіндегі іс. Бір елде қылмыс ретінде жазаланатын әрекет өзге мемлекетте қылмысқа жатпауы мүмкін. Мысалы, ішімдік ішу не зинақорлық жасау — ер мен әйелдің некесіз жақындасуы ислам мемлекеттерінде қылмыс ретінде жазаланса, батыс елдерінде бұл әрекеттер қылмысқа жатпайды. Тек әйел адамның еркінен тыс болған жыныстық қатынас қана қылмыс болып есептеледі. Ал ислам елдерінде бұл әрекеттер ер мен әйелдің өз қалауымен іске асса да қылмыс болып саналады.
Түріне қарай қылмыстар
Айыптылық түріне қарай қасақана жасалған және абайсызда жасалған қылмыс болады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде көзделген іс-әрекеттің сипатына және қоғамдық қауіптілік деңгейіне қарай жеңіл қылмыстарға (2 жылдан аспайтын мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын қасақана және абайсызда жасалған іс-әрекет), ауырлығы орташа қылмыстарға (2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын қасақана және абайсызда жасалған іс-әрекет), ауыр қылмыстарға (5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылатын қасақана және абайсызда жасалған іс-әрекет) және ерекше ауыр қылмыстарға (10 жылдан астам мерзімге бас бостандығынан айыру немесе неғұрлым қатаң жаза қолданылатын қасақана іс-әрекет) бөлінеді.
Нысанына байланысты қылмыстар
Нысанына байланысты жеке адамға қарсы қылмыс, отбасына және кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыс, адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыс, бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыс, мемлекеттің конституциялық құрылысына және қауіпсіздігіне қарсы қылмыс, меншікке қарсы қылмыс, экономикалық қызмет саласындағы қылмыс, коммерциялық және өзге ұйымдардағы қызмет мүдделеріне қарсы қылмыс, қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыс, адамның денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыс, экологиялық қылмыс, көліктегі қылмыс, мемлекеттік қызмет мүдделеріне қарсы қылмыс, басқару тәртібіне қарсы қылмыс, сот төрелігіне және жазалардың орындалу тәртібіне қарсы қылмыс, әскери қылмыс түрлеріне ажыратылады. қылмысы үшін айыпты адам лауазым иесі болса, ал ол жасаған қоғамдық қауіпті әрекет (әрекетсіздік) оның қызмет жағдайымен байланысты болса, оны лауазымдық қылмыстар дейді. Олар: лауазымдық өкілетті теріс пайдаланушылық, лауазымдық өкілетті асыра пайдаланушылық, пара беру, пара алу, қызмет бабын пайдаланып жалған құжат жасау, салдыр-салақтық, т.б.
Халықаралық қылмыс
Адамзат өркениеті үшін ерекше қауіпті түрде халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын бұзушылық халықаралық қылмыстарға жатады. Халықаралық шарттарда көзделген, бірақ халықаралық қылмыстарға жатпайтын қоғамдық қауіпті іс-әрекет халықаралық сипаттағы қылмыстар деп аталады. Халықаралық қылмыстардан өзгеше түрде мұнда қылмыс үшін мемлекет емес, жеке адам ұлттық құқық бойынша жауапқа тартылады.
- Халықаралық қатынастардың тұрақтылығына қарсы қылмыстар (халықаралық лаңкестік, адамдарды кепілге ұстау, әуе көлігіндегі қылмыстар, ядролық материалдарды ұрлау, есірткілерді заңсыз айналысқа түсіру, шетелге рұқсатсыз кету, т.б.);
- қаржы-экономикалық қылмыстар (жалған ақша жасау, қылмыстық жолмен табылған табысты заңдастыру, контрабанда, т.б.);
- адамның жеке құқығына қол сұғушылық (құлдық, құл саудасы, әйелдерді, балаларды саудаға салу, азаптау, т.б.);
- ашық теңізде жасалатын қылмыстар (теңіз қарақшылығы, теңізді ластау, т.б.);
- халықаралық сипаттағы әскери қылмыстар (соғыс жүргізудің тыйым салынған құралдары мен әдістерін қолдану, қаза тапқан адамдарды тонаушылық, т.б.).
Қылмыс және мораль
Қылмыс жасау, сонымен бірге, мораль нормасын бұзу болып табылады. Кез келген құқықтан гөрі моральдің реттеу ауқымы кең, ол басқа ешбір құқық саласы реттемейтін махаббат, достық, жанашырлық сияқты қасиеттерді, отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасын, ұстаз бен шәкірттің арасындағы қатынасты, т.б. қамтиды. Мораль нормалары негізінен ауызша (әдет-ғұрып) кейде жазбаша (әдеп кодексі, Гиппократ анты, т.б.) көрініс табады. Алайда мораль нормаларын бұзушылық барлық уақытта бірдей жауапқа тартыла бермейді.[1]
Қылмыс туғызғыш жағдай
Қылмыстың күшеюіне жағдай жасайтын, қылмысты тудыратын, қылмыстық әрекетпен сипатталатын жағдай. Қылмыс жасау алдындағы, жеке адамның өмір жағдайының жиынтығы.
Қылмыс туғызғыш
Қылмысты тудыратын, қылмыстың өсуіне жағдай жасайтын.
Қылмыскердің жеке басы
Қылмыскердің интеллектуалдық-рухани сапа жиынтықтарына, оның физикалық, және рухани жағдайына тән негізгі болмыстық қасиеттері мен ерекшелік құрылымына негізделеді.
Қылмыскердің жеке басын талдау, ол жасаған әрекетті, соның ішінде жеке басының болжауын құзыретпен бағалауды қамтамасыз ету үшін шешуші болып табылады. Қылмыскердің жеке басы туралы жан-жақты және терең ұғынушылыққа қол жеткізу мақсатында, талдау тек қылмысты жасау уақыты мен зерттеу кезеңіндегі жайды ғана емес, сондай-ақ тексерілушінің дамуын да қамтуы қажет. Бұл жағдайда қылмыстың жасырын сарыны да, сондай-ақ психологиялық-психиатриялық ерекшелігі де тең жағдайда есепке алынуы тиіс. Өйткені қылмыскердің жеке басы мен қылмыс өзара байланысты болғандықтан, қылмыскер тұлғасы туралы криминалистикалық жұмыстар аясында алынған тиісті мәліметтер, қылмысты тексеру бойынша қызметтің бір бөлігін білдіреді.
Беймәлім қылмыс
Белгілі бір аумақта белгілі бір уақыт кезеңі бойына мемлекеттік құқық қорғау органдарына беймәлім болып қалатын және сондықтан ресми қылмыстық, статистикада көрсетілмеген қылмыстық. Жазаланатын әрекет.[2]
Абайсызда жасалған қылмыс
Менмендікпен немесе немқұрайдылықпен жасалған әрекет.
Егер адам өз іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамға қауіп туғызуы мүмкін екенін алдын ала білсе, бірақ бұл зардаптарды жеткілікті негіздерсіз жеңілтектікпен болғызбау мүмкіндігіне сенсе, қылмыс менмендікпен жасалған қылмыс деп танылады.
Егер адам қажетті ұқыптылық пен сақтық. болғанда ол зардаптарды болжап білуге тиіс және болжап біле алатын бола тұра өз іс-әрекетінің (әрекетсіздігінің) қоғамдық қауіпті зардаптарының болуы мүмкін екенін болжап білмесе, қылмыс немқұрайдылықпен жасалған қылмыс деп танылады.
Компьютерлік ақпарат саласындағы қылмыстар
ЭЕМ үшін зиянды бағдарламаларды жасауға, пайдалануға және таратуға мүмкіндік туғызатын заңмен қорғалатын компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіру, сондай-ақ ЭЕМ-ын пайдалану ережелерін, ЭЕМ жүйесін немесе олардың желілерін бұзушылық.
Экономикалык кызмет саласындағы қылмыстар
Қылмыстық құқық бойынша мүліктік және өндірістік қатынастар, азаматтардың, заңды тұлғалардың жергілікті және мемлекеттік құрылымдардың экономикалық құқықтары — ортақ қол сұғу объектісі болып табылатын қылмыс түрлерінің бірі. Оларға мыналар жатады:
- заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі жасау; алынып тасталды
- заңсыз кәсіпкерлік;
- заңсыз банктік қызмет;
- жалған кәсіпкерлік;
- заңсыз жолмен алынған ақша қаражатын немесе өзге мүлікті заңдастыру;
- несиені заңсыз алу және мақсатсыз пайдалану;
- несиелік берешекті өтеуден әдейі жалтару;
- монополистік іс-әрекеттер және бәсекені шектеу;
- көпшілік сауда-саттықтар мен аукциондарды өткізудің белгіленген тәртібін әдейі бұзу;
- көрінеу жалған жарнама беру;
- тауарлық белгіні заңсыз пайдалану;
- коммерциялық немесе банктік құпияны құрайтын мәліметтерді заңсыз алу және жария ету;
- кәсіптік спорт жарыстарының және ойын-сауықтық коммерциялық. конкурстардың қатысушылары мен ұйымдастырушыларын сатып алу;
- эмиссиялық бағалы қағаздар шығару тәртібін бұзу;
- бағалы қағаздар эмитенті лаузымды адамының ақпарат бермеуі не көрінеу жалған мәліметтер беруі;
- бағалы қағаздарды ұстаушылар тізіліміне көрінеу жалған мәліметтер енгізу;
- бағалы қағаздар рыногы кәсібі қатысушыларының көрінеу жалған мәліметтер беруі;
- бағалы қағаздармен операциялар жүргізу ережелерін бұзу;
- жалған ақша немесе бағалы қағаздар жасау немесе сату;
- жалған төлем карточкалары мен өзге төлем және есеп айырысу құжаттарын жасау немесе сату;
- акцизделетін тауарларды акциздік маркалармен және (немесе) есепке алу-бақылау маркаларымен таңбалаудың тәртібі мен ережелерін бұзу, акциздік маркаларды және (немесе) есепке алу-бақылау маркалардың қолдан жасау және пайдалану;
- экономикалық контрабанда;
- шетел валютасындағы қаражатты шетелден қайтармау;
- кеден төлемдері мен алымдарды төлеуден жалтару;
- банкроттық жағдайындағы заңсыз іс-әрекеттер;
- әдейі банкроттық;
- жалған банкроттық;
- бухгалтерлік есеп ережелерін бұзу;
- банк операциялары туралы көрінеу жалған мәліметтер беру;
- банктің ақша қаражатын заңсыз пайдалану;
- азаматтың салық төлеуден жалтаруы;
- ұйымдарға салынатын салықты төлеуден жалтару;
- тұтынушыларды алдау;
- заңсыз сыйақы алу;
- табиғат пайдалану жөніндегі заңсыз мәмілелерді тіркеу;
- мәміле жасауға немесе оны жасаудан бас тартуға мәжбүр ету;
- компьютерлік ақпаратқа заңсыз кіру, ЭЕМ үшін зиянды бағдарламаларды жасау, пайдалану және тарату.
- ұялы байланыстың абоненттік құрылысының сейкестендіру кодын, абоненттің сәйкестендіру құрылғысын құқыққа сыйымсыз өзгерту, сондай-ақ абоненттік құрылғының сәйкестендіру кодын өзгерту үшін бағдарламаларды құқыққа сыйымсыз жасау, пайдалану, тарату.
Халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы қылмыстар
Халықтың денсаулығына және адамгершілікке қарсы жасалған, қылмыстық жаза қолданылатын әрекет:
- есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз дайындау, иемденіп сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе сату;
- есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды ұрлау не қорқытып алу;
- есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтынуға көндіру;
- құрамында есірткі заттар бар өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз есіру;
- улы заттардың, сондай-ақ есірткі заттарды, жүйкеге әсер ететін немесе улы заттарды дайындауға немесе ұқсатуға пайдаланылатын заттардың, құрал-саймандардың немесе жабдықтардың заңсыз айналымы;
- есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды тұтыну үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау;
- есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін немесе улы заттарды ұстау ережелерін бұзу;
- заңсыз медициналық және фармацевтикалық қызметпен және есірткі немесе жүйкеге әсер ететін заттарды алуға құқық беретін рецепттерді немесе өзге де құжаттарды заңсыз беру не қолдан жасау;
- санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзу;
- адамдардың өміріне немесе денсаулығына қауіп төндіретін мән-жайлар туралы ақпаратты жасыру;
- қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарлар шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызмет керсету;
- жезөкшелікпен айналысуға тарту;
- жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастыру немесе ұстау және женгетайлық;
- дәрілік немесе басқа құралдарды пайдаланып есеңгірету үшін притондар ұйымдастыру немесе ұстау;
- порнографиялық материалдарды немесе заттарды заңсыз тарату;
- қатыгездік пен күш колдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату;
- өлгендердің мәйіттерін және олар жерленген жерлерді қорлау;
- адам мәйітінің органдары мен тінін заңсыз алу;
- жануарларға қатыгездік жасау.
Адамның және азаматтың конституциялық құқықтары мен бостандықтарына қарсы қылмыстар
Адамның конституциялық және өзге құқықтарына, бостандықтарына қол сұғатын құқыққа қарсы әрекет:
- азаматтардың тең құқықтылығын бұзу;
- жеке өмірге қол сұғылмаушылықты бұзу,
- хат жазысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф хабарларының немесе өзге хабарлар құпиясын заңсыз бұзу;
- дәрігерлік құпияны жария ету;
- тұрғын үйге қол сұғылмаушылықты бұзу;
- сайлау құқығын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі жасау;
- сайлау құжаттарын, референдум құжаттарын бұрмалау немесе дауыстарды қате есептеу;
- еңбек туралы заңдарды бұзу;
- ар-ождан және діни сенім бостандығы құқығын жүзеге асыруға кедергі жасау;
- қоғамдық бірлестіктердің қызметіне кедергі жасау;
- жиналыс, митинг, бой көрсету, шеру өткізуге, пикет жасауға немесе оларға қатысуға кедергі жасау;
- еңбекті корғау ережелерін бұзу;
- ереуілге (атысуға немесе ереуілге) қатысудан бас тартуға мәжбүрлеу;
- журналистің заңды кәсіптік қызметіне кедергі келтіру.
Жеке адамға карсы қылмыстар
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі бойынша жеке адамға қарсы қылмыстарға мыналар жатады:
- адам өлтіру;
- жаңа туған сәбиді анасының өлтіруі;
- жан күйзелісі жағдайында болған адам өлтіру;
- қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру;
- қылмыс жасаған адамды ұстау үшін қажетті шаралардың шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіру;
- абайсызда кісі өлтіру;
- өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу;
- денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру;
- денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру;
- денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру;
- азаптау;
- денсаулыққа жан күйзелісі жағдайында зиян келтіру;
- қажетті корғаныс шегінен шығу кезінде денсаулыққа ауыр зиян келтіру;
- қылмыс жасаған адамды ұстау кезінде денсаулыққа ауыр зиян келтіру;
- денсаулыққа абайсызда зиян келтіру;
- қорқыту;
- адамның органдары мен тінін алуға мәжбүр ету немесе заңсыз алу;
- медицина және фармацевтика қызметкерлерінің кәсіптік міндеттерін тиісінше орындамауы;
- клиникалық сынақтар жүргізудің және профилактиканың, диагностиканың, емдеудің және медициналық оңалтудың жаңа әдістері мен құралдарын қолданудың тәртібін бұзу;
- соз ауруын жұқтыру;
- адамның иммун тапшылығы вирусын (ВИЧ/ЖҚТБ) жұқтыруы;
- заңсыз аборт жасау;
- науқасқа көмек көрсетпеу;
- қауіпті жағдайда қалдыру;
- зорлау;
- нәпсікұмарлық сипатындағы күш қолдану;
- он алтыға жетпеген адаммен жыныстық қатынаста болу және нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттер;
- жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де іс-әрекеттерге мәжбүр ету;
- жас балаларды азғындату;
- адамды ұрлау;
- бас бостандығынан заңсыз айыру;
- психиатриялық стационарға заңсыз орналастыру;
- адамды саудаға салу;
- жала жабу;
- қорлау.
Бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігіне қарсы қылмыстар
Ұлттар мен мемлекеттердің негіздеріне, олардың ілгері дамуына және халықаралық өзара қарым-қатынас жасауына қауіп төндіретін аса ауыр халықаралық қылмыстар. Қылмыстық, заңнама бойынша мұндай қылмыстарға мыналар жатады:
- басқыншылық соғысты жоспарлау, әзірлеу, тұтандыру немесе жүргізу;
- басқыншылық соғысты тұтандыруға насихат жүргізу және жария түрде шақыру;
- жаппай қырып-жою қаруын өндіру немесе тарату;
- соғыс жүргізудің тыйым салынған құралдары мен әдістерін колдану:
- геноцид;
- экоцид;
- жалдамалылық;
- халықаралық қорғау аясындағы адамдарға немесе ұйымдарға шабуыл жасау;
- әлеуметтік, ұлттық, рулық. нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру.
Қоғамдық қауіпсіздікке және қоғамдық тәртіпке қарсы қылмыстар
- терроризм (лаңкестік);
- терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру;
- террористік топ құру, оған басшылық ету және оның қызметіне қатысу;
- экстремизмді немесе террористік қызметті қаржыландыру;
- адамды кепілге алу;
- ұйымдасқан қылмыстық топты немесе қылмыстық қауымдастықты (қылмыстық. ұйымды) құру және оны басқару, қылмыстық коғамдастыққа қатысу;
- заңсыз әскерилендірілген құраманы ұйымдастыру;
- бандитизм;
- үйлерді, құрылыстарды, қатынас және байланыс құралдарын басып алу;
- әуе немесе су көлігін не жылжымалы темір жол составын айдап әкету, сонымен бірдей қолға түсіру;
- теңіз қарақшылығы;
- жаппай тәртіпсіздіктер;
- терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау;
- жаппай зақымдау қаруын, қару-жарақ және әскери техника жасау кезінде пайдаланылатын технологияларды, ғылыми-техникалық ақпаратты және қызметтерді заңсыз экспорттау;
- тау-кен немесе құрылыс жумыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу;
- сапасыз құрылыс;
- жарылыс қаупі бар объектілерде қауіпсіздік ережелерін бұзу;
- радиоактивті материалдармен заңсыз жұмыс істеу;
- радиоактивті заттарды ұрлау немесе қорқытып алу;
- радиоактивті материалдармен жұмыс істеу ережелерін бұзу;
- айналыстан алынған заттардьщ немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы;
- қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру;
- қаруды заңсыз жасау;
- атыс қаруын ұқыпсыз сақтау;
- қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш қондырғыларды күзету жөніндегі міндеттерді тиісінше атқармау;
- қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттар мен жару құрылғыларын ұрлау не қорқытып алу;
- өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу;
- бұзақылық;
- тағылық..
Меншікке қарсы қылмыстар
Жеке адамның мүліктік құқығына қол сұғылатын қылмыс түрлерінің бірі. Қылмыстық заңнама бойынша мыналар жатады:
- ұрлық;
- сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету;
- алаяқтық,;
- тонау;
- қарақшылық,;
- ерекше құнды заттарды ұрлау;
- қорқытып алушылық;
- алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру;
- көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатып алу немесе сату:
- авторлық және сабақтас құқықтарды бұзу;
- өнертабыстарға, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, селекциялық жетістіктерге немесе интегралдық микросхемалар топологияларына құқықтарды бұзу.[3][4]
Дереккөздер
- ↑ “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998. ISBN 5-89800-123-9
- ↑ Орысша-қазақша заңдық түсіндірме сөздік-анықтамалық. — Алматы: Жеті жарғы, 2008. ISBN 9965-11-274-6
- ↑ Қазақстан ұлттық энциклопедиясы
- ↑ Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі: Қазақстан Республикасының заңы
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|