Мазмұнға өту

Қап, бәлем, тұра тұр! (мультфильм)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Ну, погоди!
Қап, бәлем, тұра тұр!
Жанры

комедия, анимация

Режиссері

Котёночкин Вячеслав Михайлович[1]

Сценарист

Феликс Камов, Аркадий Хайт, Александр Курляндский

Рөлдерді
дыбыстағандар

Анатолий Папанов, Клара Румянова, Ольга Зверева (1-18), Игорь Христенко (19-20)

Композиторы

Виктор Бабушкин, Александр Зацепин, Андрей Державин[2]

Студия

 КСРО Союзмультфильм
 Ресей Студия 13
 Ресей Кристмас Филмз

Ел

 КСРО Ресей

Сериялар саны

20

Форматы

4:3

"Қап, бәлем, тұра тұр!" мультфильмі (орыс: Ну, погоди !) — «Союзмультфильм» киностудиясының ең үздік туындыларының бірі. Бұл мультфильмде екі басты кейіпкер бар.

Біріншісі – кең балақты шалбар киіп, жейдесінің етегін шығарып алып өзінше шіреніп жүрген қасқыр. Екіншісі – кішкентай болса да қулығы қасқырдан басым сақ құлақ қоян. Қоянның соңынан қуа жөнеліп, талай қақпанға түсетін, ол қақпаннан шығып енді ұстадым ба дей бергенде тағы да сүрінетін қасқырдың бірде-бір рет айызы қана алмады-ау.

Ол бәрібір қу қоянды уысына түсіре алмады.

«Қап, бәлем, тұра тұр!» - көрерменнен бағасын алып үлгерген ұлы туынды. Екі басты кейіпкердің бітпейтін шайқасы қаншама сериалға жалғасты.

«Қап, бәлем, тұра тұр!» мультфильмін жарыққа шығару арқылы авторлар балаларға жақсы мен жаманды, мейріміділік пен зұлымдықты айқын ажыратып бергісі келді.

Сондықтан фильмнің екі кейіпкерін бір-біріне қарама-қарсы хайуанаттар етіп алды. Қасқыр ертеден-ақ қарынның қамы үшін қандай да қастандыққа баратын жағымсыз кейіпкердің рөлінде сомдалып жүрді. «Қап, бәлем, тұра тұр!» мультфильмі жарыққа шықпай жатып-ақ барлық халыққа ортақ ертегілерде қасқыр осы образды ойнап келді. Бірақ бұл қатарға көк бөрілер туралы аңызды қосып тұрғанымыз жоқ. Ол өзінше бөлек әңгіме.

Мультфильм өз мақсатын орындап шығу үшін жағымсыз рөлді қасқыр еншілеп алды. Ал қоян осыған керісінше рөлді сомдады. Кіп-кішкентай қорғансыз сақ құлақ қоян өзінің дәрменсіз халімен де талай қақпаннан аман қалады. Қасқырдың асқазанына барар жолға түсіп кетпейін деп әбден алысады.

Осы арқылы ол көрерменге күлкі сыйлайды. Жатыпішер қасқыр ешқандай кінәсіз қоянды қос құлақтан шап беріп ұстап ап, бір сәтке болса да қарнының қамына пайдаланбақ. Бірақ мұндайға тыныш қарап тұратын қоян ба? Қоянға да жан керек. Зырылдап жүріп-ақ қасқырдың жазасын беріп, сазайын тартқызады да жүреді.

Шығу тарихы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әйткенмен бүгіндері қасқыр мен қоянның қызығын қыздырып жүргендер ол кезде осы мультфильмді жарыққа шығаруға аса құлық таныта қоймаған.

Кеңестік «Союзмультфильм» киностудиясының режисерлері бұл жобаны алғаш тұтымы жоқ дәмсіз сценарий көрген. Қасқыр мен қоянның бітпейтін айқасы көрерменге өтпейді деп ойлаған. Бірақ осы мультфильмді қалай да жарыққа шығаруға тырысқан тек Вячеслав Котеночкин ғана болды.

Ол сценарист Курляндскийге мултьфильмді өмірге әкелу үшін ат салысуын сұрады да, бірден іске көшті. Олар сценарий жазу арқылы өздері де осы кейіпкерлермен бірге өмір сүріп, бірге күн кешкендей болды. Кейіннен Курляндский сценаристердің осы дүниені өмірге әкелу барысында әбден күлкіден ішектері түйілгенін айтады.

Алдымен қасқырдың даусын дыбыстау үшін Высоцкийді, сосын Анатолий Папановты шақырған.

Оның даусы да, қуанышқа орай, қасқырдың жексұрын образына дәл келе қалған. Ал қоянды Клара Румянова дыбыстаған. Мультфильмнің туу тарихы жайында сценарий авторларының бірі Александр Курляндский былай дейді: "40 жыл бұрын бізді "Союзмультфильм" киностудиясына шақырып, күлкілі туынды жасауымызды сұрады. Біз екі жұп болдық. Курляндский - Хайт және Камов - Успенский. Біз жас әрі танымал сықақшылар едік. Хайт екеуміз сюжет ойластырдық. Ойлана келе, бұл қуғын фильмі болуы керек деп шешіп, кімнің кімді қуатынын таңдадық. Сөйтіп, өзіміздің халық ертегілерімізге лайықты екі жұпқа тоқталдық.

Менің ойымша, біздің ойлап тапқанымыз - диснейлік жыртқыш емес, өзі қазған орға өзі түсіп жүретін аңқау қасқыр болды. Басында бізге бейне шебер жағынан Камов көмектесті. Бірақ кейіннен Хайт екеуміз жұмыс істедік. Бастапқыда көптеген режиссерлер біздің "түкке тұрмайтын" ойымыздан бас тартқан болатын.

Содан режиссер Вячеслав Котеночкин ғана "бұдан бірдеңе шығады" деп үміттенді.

Мультфильмнің ресми режиссері Котеночкин болған. Бірақ алғашқы шығарылымының суретшісі әрі режиссері Сокольский екенін көпшілігі біле бермейді. Өкінішке қарай, Сокольскийдің қасқыры мен қояны цензураға ұшырайды. Басшылыққа қасқыр мен қоян образдары жауыз болып көрінгендіктен, кейіпкерлердің имиджін өзгерту ұсынылады. Себебі, кеңес балаларына мейірімді қаһармандар керек еді. Қайта жасауға суретші Сокольский келіспей, әрі қарай жұмыс істеуден бас тартады.

Сөйтіп, Сокольскийдің орынына Котеночкин іске кіріседі. Котеночкин қасқырды өз икемінен және өз жүріс-тұрысынан жасап шыққандығын жасырмайды. Ол қасқыр дауысын Высоцкийдің дыбыстағанын қалап,оның қырылдаған дауысымен сынақ жасап көреді. Бірақ, Высоцкийдің дыбыстағаны да басшылыққа ұнамайды. Сосын, Высоцкийдің орнына Анатолий Папанов тағайындалады.

Высоцкийден "Қап, бәлем, тұра тұрге" "Вертикаль" фильміндегі қасқырдың әуенді ысқырығы ғана қалған еді.[3][4]

Дауыстады
Актерлер Негізгі рөлдерде
Анатолий Папанов Қасқыр (1969 – 1994)
Клара Румянова Қоян (1969 – 1994)
Эпизодтарда
Владимир Сошальский Бегемот (15 эпизод)
Геннадий Дудник жартылай Қасқыр (10 эпизод – Оның титрде көрсетілмеген)
Геннадий Хазанов КСРО Орталық теледидарының дикторы (9 эпизод)

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Ну,погоди!
  2. Мультфильм композиторы
  3. "Қап, бәлем, тоқтай тұр" немесе "Ну, погоди!" мультфильмі қалай түсірілді?
  4. «Қап, бәлем, тұра тұр!»