ЮНИДО
ЮНИДО (UNІDO – Unіted Natіons Іndustrіal Develorment Organіsatіon – Біріккен Ұлттар Ұйымының өнеркәсіптік даму жөніндегі ұйымы) – Біріккен Ұлттар Ұйымының халықаралық мамандандырылған үкімет аралық ұйымы. Дамушы елдерді индустрияландыруды (өнеркәсіптік дамуды) жеделдетуге жәрдемдесу үшін 1965 ж. құрылған (1985 жылға дейін Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының органы). Құрамында 150 мүше мемлекет бар. Оның қызметінің түрлері: оперативтік қызмет – дамушы елдерге нақты жобаларды жүзеге асыруда техникалық көмек көрсету (сарапшыларды іссапармен жіберу‚ сабағат өткізу‚ жабдық пен материалдар жеткізу‚ ұлт кадрларын даярлау‚ т.б.); көмекші қызметі – өнеркәсіпті дамыту мәселелері жөнінде ақпарат жинау‚ қорытындылау‚ жариялау‚ мәслихаттар ұйымдастыру‚[1] т.б. ЮНИДО-ның қамқорлығымен азаттық алған елдерді дамытудың он жылдық аймақтық стратегиясы әзірленеді‚ өнеркәсіптік және технологиялық ақпарат банкі жұмыс істейді‚ дамушы елдерде технологиялардың дүниежүзілік рыногын зерттеу жөніндегі ұлттық мекемелер құруға‚ меншікті ғылыми әлуетін нығайтуға бағытталған технологиялық бағдарлама іске асырылады. ЮНИДО көптеген департаменттерден‚ ал олар өз кезегінде бөлімшелерден құралады. Жоғары органы – Бас мәслихат; тұрақты жұмыс органы – Өнеркәсіптік даму жөніндегі Кеңестік Штаб-пәтері – Венада (Австрия). Мүше елдердің жарналарынан құралатын меншікті бюджеті бар‚ оперативтік қызмет Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламалары мен мүше елдердің ерікті жарналарынан құралатын ЮНИДО-ның Өнеркәсіптік даму қорының қаражатынан қаржыландырылады.
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл мақалада еш сурет жоқ.
Мақаланы жетілдіру үшін қажетті суретті енгізіп көмек беріңіз. Суретті қосқаннан кейін бұл үлгіні мақаладан аластаңыз.
|
Бұл — экономика бойынша мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. |
- ↑ Қаржы-экономика сөздігі. — Алматы: ҚР Білім және ғылым министрлігінің Экономика институты, «Зияткер» ЖШС, 2007. ISBN 978-601-215-003-2