Мазмұнға өту

Төлем қабілеті

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Төлем қабілеті, төлем төлеуге қабілеттілік – мемлекеттің, заңды және жеке тұлғалардың төлем бойынша өз міндеттемелерін өздерінде бар ақшалай қаражаттың есебінен толық орындауға қабілеттілігі. Кәсіпорын, егер өзінде бар ақшалай қаражат, қысқа мерзімді қаржы салымы (бағалы қағаздар, басқа кәсіпорындарға уақытша ақшалай көмек) және актив есептесулер (дебиторлармен есептесулер) өзінің қысқа мерзімді міндеттемелерін (қысқа мерзімді несие мен қарызды, кредиторлық берешекті) өтейтін болса, төлем төлеуге қабілетті деп саналады. Төлем қабілеті кәсіпорынның жұмылдырылма қаражатының оның ағымдағы міндеттемелеріне қатынасы ретінде есептеледі. Бұл көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, яғни өтімді ресурстары (қолма-қол ақша, мемлекеттік қысқа мерзімді міндеттемелер, банктердің, акционерлік қоғамдардың аса өтімді бағалы қағаздары, т.б.) неғұрлым көп болса, ол қойылатын талаптарды, ағымдағы міндеттемелерді соғұрлым тезірек орындай алады. Өтімді активтер көлемінің азаюы кәсіпорынның үмітсіз берешегінің көбейгені сияқты оның Төлем қабілетінің деңгейін төмендетеді. Өтімді активтер мен талаптардың көлемінен міндеттемелердің артуы кезінде де осындай жағдай қалыптасады. Кәсіпорынның Төлем қабілетінің деңгейін белгілі бір дәрежеде оның айналым қаражатының күйі де айқындайды. Өндірістік үдерістің іркіліссіз жүруі үшін кәсіпорынның айналым қаражатының бір бөлігі өтімді нысанда болуға тиіс. Бұл ағымдағы төлемдерді, жалақыны төлеу, т.б. үшін қажетті қаражат. Егер кәсіпорынның айналым қаражатының елеулі бөлігі осы айналымнан басқа жаққа тартылатын болса және басы артық босалқы шикізат қорларының құрамында болса немесе басқа кәсіпорындарға қамсыздандырылмаған коммерциялық несие беру үшін пайдаланылса, сондай-ақ өтімділігі төмен бағалы қағаздарға салынатын болса, онда кәсіпорынның өз міндеттемелерін өтеу мүмкіндігі күрт төмендеп, оның Төлем қабілеті азаяды. Төлем қабілеті коэффициенті пайыз түрінде тұлғаланады және әріптестің тәуекелдік дәрежесін көрсетеді. Кәсіпорынның ұзақ мерзімді қарызы бойынша Төлем қабілетін көрсететін коэффициент қарыз капиталының меншікті капиталға қатынасы ретінде есептеледі.

Елдің Төлем қабілеті – елдің өзінің сыртқы борышын несиегерге қолайлы валютамен уақтылы өтей алуы. Ол елдің ресурстарына, ЖҚӨ-нің көлеміне, экспортқа, халықар. валюталық өтімділікке байланысты айқындалады. Елдің төлем төлеуге қабілеттілігін талдау үшін әлемдік тәжірибеде бірқатар көрсеткіштер пайдаланылады. Сыртқы борыш елдің ЖҚӨ-мен салғастырылады, бірақ бұл көрсеткіш бойынша әмбебап өлшем жоқ. Әр елдің өзіндік өлшемдік деңгейі бар. Сыртқы борышты өтеу бойынша төлем төлеудің түрлі кестесін ескере отырып, басқа көрсеткіш: борышты өтеу бойынша төленетін төлемнің ЖҚӨ-ге қатынасы есептеледі. Борышқор мемлекеттің экспорттық мүмкіндіктерін ескере отырып, үшінші көрсеткіш: борыштың тауарлар мен борыш бойынша көрсетілетін қызметтер экспортына қатынасы есептеледі.

Сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

«Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том.