Мазмұнға өту

Тұтыну (экономика)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Тұтыну[1]өндірістік, қоғамдық тұтынудың қорытынды сатысы: өнімді, игіліктерді, тауарларды, көрсетілетін қызметтерді қоғамдық қажеттердің қанағаттандырылуы үшін пайдалану.

Тұтыну ұдайы өндіріс циклінің ақырғы кезеңі болып табылады. Тұтынылатын игіліктердің арналу мақсатына қарай өндірістік тұтыну – өндіріс үдерісінде ресурстарды, яғни өнімді (тауарларды, бұйымдарды) дайындау барысында өндіріс құрал-жабдығын пайдалану. Мұнда өнім: шикізат, отын, энергия, машина, жабдық, т.б. өндіріс үдерісіне қайтадан пайдаланылады. Алайда өндіріс құрал-жабдығын өндіру жалаң мақсат болып табылмайды, ақырғы тұтыну заттарын ұдайы өндіру үшін құрал қызметін атқарады. Өндірістік тұтыну өніміне сұраныс тек тұтыну. тауарларына деген сұраныс көбейгенде ғана артады; бейөндірістік тұтыну – қоғамдық және жеке бастың тұтынуын қамтитын бейөндірістік саладағы тұтыну, яғни халықтың тұрмыстық қажеттерін қанағаттандыру үшін түрлі игіліктер мен көрсетілетін қызметтерді пайдалануы. Жеке бастың тұтынуына тамақ өнімдерін, киім-кешек, аяқ киім, мата, мәдени-тұрмыстық заттар, отын, электр энергиясын, тұрғын үй, т.б. сатып алуға жұмсалатын шығынмен бағаланатын материалдық игіліктерді тұтыну, сондай-ақ ақылы және ақысыз көрсетілетін қызметтерді коммуналдық, тұрмыстық қызметтерді, әлеуметтік қызмет көрсету салаларының қызметтерін тұтыну жатады; қоғамдық тұтыну – бейөндірістік саладағы мекемелер мен ұйымдар (білім беру, ғылым, денсаулық сақтау, басқару, т.б.) тұтынатын материалдық игіліктер мен қызметтерді қамтиды. Тұтыну ұдайы өндіріс үдерісінің ақырғы кезеңі ғана емес, сонымен бірге оны жаңарту үшін жаңа алғышарт та болып табылады. Шаруашылық жүргізуші субъектілердің еңбек уәждемесі, белсенділігі, экон. мінез-құлқы кімнің, нені және қанша тұтынғанына байланысты. Қоғамдық игіліктерді тұтынудың көлемі, сапасы мен деңгейі ел экономикасының жалпы жағдайына және бюджеттің кіріс бөлігінің толығу дәрежесіне қарай айқындалады. Тұтыну өндірістің дамуына зор ықпал жасайды. Ол қоғамдағы әлеуметтік-экономика ілгерілеудің қуатты факторы да, кері кетуінің себебі де болуы мүмкін. Тұтыну адам капиталының қорлануын айқындайды, нарықтық экономиканың серпінін және өзін-өзі реттеуін қамтамасыз ететін тиімді сұранысты қалыптастырады. Қазіргі заманғы тұтыну жалпы эконмикалық өрлеу үрдісіне де, ондағы шаруашылықты жүргізу үлгілері эволюциясының алғы шарттарының пісіп-жетілуіне де, оның қоғамдағы өндіріс пен тұтынудың өзгермелі жағдайына ұдайы бейімделіп отыруына да қуатты жеделдетуші ықпал етеді деген пайымдауға сүйенеді. Бүкіл халықтың тұтынуы көлемінің ұлғаюы отандық өндірістің тұрақты өрлеуіне байланысты.

Тұтынудың құрылымын өзгерту

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тұтынудың құрылымын өзгерту - адамзаттың бай бөлігінің шектен тыс ысырап етуі, қоршаған ортаның бұзылуы мен табиғат ресурстарының сарқылуының себептері, энергетикалық және шикізаттық пайдалануды қысқарту, экологиялық таза технологияларды дамыту.Сондықтан кедей адамдар өмірге қажетті минималды мөлшерімен қамтамасыз етілмейді.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, VIII том