Мазмұнға өту

Сатьяграха

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Сатьяграха (/sætɪəɡrɑːhɑː/; санскрит सत्याग्रह satyāgraha) бұл ең алдымен - М.Ганди өзі бас болып өмірге әкелген ұлт азаттығы жолындағы қозғалыстың атауы. Және ұлы тұлғаның Брахмачария антынан кейінгі ұлы қадамы, тапқан термині және оның бүкіл өмірінің айнасы. Ол жөнінде М.Ганди тағыда өзінің аталмыш еңбегінде былайша толғайды:

"Сатьяграха" деп аталатын принцип термин ойлап табылмастан бұрын пайда болған... Бұл принципті гуджарати тілінде сипаттау үшін біз бастапқыда "бәсең қарсылық" деген ағылшын сөзін пайдаландық... Маганлал Ганди "сатаграха" ( ста - шындық, аграха - кәміл) деген сөз ойлап тапты... Мен оны "сатьяграха" деп өзгерттім".

Махатма Ганди өзі құрған Сатьяграха қозғалысының арқасында еш қандай қарсылықсыз, қантөгіссіз, күш көрсетусіз, асқан төзімділікпен Үндістан халқын тәуелсіздікке жеткізуге шындап бел буады.

Ол бүкіл Үндістанды жаяу аралап, будда, христиан, мұсылман дін орындарында болып, ешкімді ұлтына, дініне, әдет-ғұрпына алаламай ортақ күреске шақырады. Бірақ күрестің басты шарты - ешқандай күш көрсетпеу болып есептеледі. Бұл қозғалыс М.Ганди Оңтүстік Африкада жүргенде дүниеге келіп, Үндістан халқы толық тәуелсіздік алғанға дейін жалғасын тапты. Мәңгілік тарихта қалды.

"Мен ойымда, сөзімде және іс-әрекетімде Брахмачария ұстауды да, сатьяграха қозғалысына бар уақытымды арнауды да бірдей аңсадым. Бұған мен тек қана өзімді өзім тазарту жолымен жете алатын едім. Сондықтан өміріме одан әрі де өзгерістер енгізе бастадым және тамақтануға байланысты қатаңдау шек қойдым.

Ораза ұстау және тамақтан тартыну өмірімде анағұрлым елеулі роль атқара бастады.

...Денемді жетілдіргім әрі тәртіптегім келген, бірақ ендігі басты мақсат тежеле білу және талғамымды көндіктіру болғандықтан, мен алдымен бір тамақты, одан кейін екіншісін тандап ішіп, бірте-бірте оның азықтық құрамын кеміте бердім. Алайда тамақтануды жаным сүйе беретін болды. Өзіме ұнаған бір тамақтан бас тартып, басқасын ішсем, онда бұл соңғы тамақ мені жаңадан әрі анағұрлым артық тұшынтатын болды".

Тамақ ішуді шексіз шектеген М.Ганди аптаның екі-үш күнін ораза ұстап, қалған уақытында бірнеше тал таза жеміс-жидек жеп, таза су ғана ішіп, ауырғанда топырақпен емделіп, үй-ішінің барлық адамдарын осы әдіске көндіреді.

Ата-бабасынан келе жатқан үйіндегі барлық асыл заттарды, тіпті әйелі Кастурбайдың қанша жылап қарсыласқанына қарамай, үстіндегі асыл заттарды сыпырып алып, банкіге өткізіп, оның өсімін жетім-жесірлер мен қозғалыс мүддесіне жұмсап отыруы да былай қараған адамға ақылға сыймайтын әрекет.

М.Ганди Үндістан халық Конгресіне белсене араласып жүрген тұста, әр шеттен келген делегация мүшелерінің өздері тұрып жатқан жердегі тазалыққа мән бермейтініне назар аударады, тіпті аналар еш нәтиже шығармағанда, өзі қолына су мен шүберек алып зәр мен нәжісті еш қиналмастан тазалай бастайтын тұсы бар. Ол бұл әдісті Калькутадағы бай адамдар тұратын махалладағы тазалықты тексергенде, аналардың қанша алтын мен күміске малынып отырса да адам баласы төзгісіз тазалықтарын көріп, оларды тазалауды өз мойнына алып, еш жиіркенбестен шешініп тастап, жұмысқа кірісіп кетуінен де байқайсыз.

Оңтүстік Африкада жұмыс істеп жүрген кезінде Махатма Ганди үйінде жатып жүрген қозғалыстың белсенді бір мүшесінің күнде астына жіберіп қоятынына қарамастан асқан төзімділік танытып, тіпті әйелі Кастурбайға сол бейтаныс еркектің астын тазалататыны, жарының қарсылық көрсеткенінен ештеңе өнбейтіні де адамды ойға салады.

"Көп ұзамай мен бірыңғай жеміс диетасымен күнелтейін әрі тамаққа мүмкіндігінше ең арзан жемістерді пайдаланайын деп ұйғардым. Тақыр кедей адамдар қалай өмір сүрсе, біздің де солай өмір сүргіміз келеді.

Жеміс диетасы аса қолайлы болып шықты. Тамақ дайындауды қойдық. Күнделікті дастарқан мәзіріміз - шикі күйіндегі жер жаңғағы, банан, құрма, лимон және зәйтүн майы.

Мен дегенмен Брахмачария болуға тырысатын адамдарды сақтандыруға тиістімін. Диета мен Брахмачария арасындағы тығыз байланысты көре білгеніммен, сөз жоқ, негізгі нәрсе - ақыл-парасат. Рухтың толайым пасық пиғылдарын оразамен тазартуға болмайды.

...Дегенмен рух пен тән арасындағы тығыз байланыс бар және дененің жаны ылғи дәмді мен тоқтықты аңсайды. Диетаға шек қою мен ораза осыларға бейімделіп кетуден кұтылу үшін қажет. Сезімдерді қадағалап отырудың орнына, дененің жаны сол сезімдердің құлы болып кетеді, сондықтан да тән әрдайым да таза, қоздырмайтын тамақ пен мезгіл-мезгіл ораза ұстауды қажет етіп отырады".

Адам миы жете бермейтін қадамдарға бару - М.Ганди үшін үйреншікті әдет. Адамның құлқынның құлы болмауы - Брахмачария мен Сатьяграханың басты шарты. Бүгіндері қоғамда орын алып отырған жаппай жемқорлық, ашкөздік, ешқандай тойымның болмауы, "алам берсем, жей берсем" деген көзқарас әсіресе билік тұтқасында отырғандардың арасында кеңінен белең алуы - біз қазақстандықтарды бір сәтке де ойлантуы тиіс. Махатма Гандидің біз тілге тиек етіп отырған батыл қадамдары - әне, сондайларды бір сәтке болса да ойлантар ма екен деген ойдан да өз басым аулақ емеспін. Бұл - қазіргі жағдайдағы мен үшін алыстағы суық жұлдыздай бір арман ғана.

Үндістанның тәуелсіздігі жолында күрескен және осы мақсатта жауларының қолынан қаза тапқан Махатма Гандидің өмір жолы - тәуелсіздігін алғанына көп бола қоймаған Қазақстан сияқты жас мемлекеттің тізгінін ұстап отырғандарға үлгі болса - нұр үстіне нұр дер едім.

Сан миллиондаған халқы бар Үндістанды ешқандай қан төгіссіз, күш көрсетпеусіз азаттыққа алып барған Махатма Гандидің Сатьяграха қозғалысының тындырған ісі ұшан-теңіз.

Махатма Гандидің басшылығымен Сатьяграха қозғалысының мүшелері - ағылшындар тарапынан көрсетіліп жатқан барлық әділетсіздікке үн-түнсіз, күш-көрсетусіз қарсылық көрсету, ұрып жатса да, өлтіріп жатса да, абақтыларға қамап жатса да - тіс жармау, отырып алу сияқты әдістерді кеңінен қолданады.

Үндістанға сырттан басқыншылыр тарапынан әкелінген барлық тауарларды тұтынбау, керексіз ету, тек қана үндінің тауарларын тұтыну, үнді тілінде сөйлеу, т.б. Махатма Гандидің Сатьяграха қозғалысы қойған талаптар ағылшын отарлаушыларын тығырыққа тірегені анық. Ол отарлаушылардың сырттан әкелген тауарлары - мұндағыларға мүлдем керексіз болып, Англиядағы ірі алпауыттардың өзі шашетек шығынға батып, өз үкіметіне еріксіз наразылықтар көрсете бастайды. Билік пен халық арасындағы ұзаққа созылған текетірес - ағылшын отарлаушыларын отар елдерін тастап, еріксіз бассауғалауларына себеп болады. Міне қантөгіссіз, күш көрсетусіз бостандыққа жету деп осыны айтса керек. Бұл - сөзсіз Махатма Ганди бастаған Сатьяграха қозғалысының басты жеңісі.

"Сатяграха-ашрамның негізі 1915 жылдың 25 мамырында салынған" (бұл да сонда) деп Махатма Гандидің өзі айтқандай бұл қозғалыстың тарихы бай еді. Қозғалыс түпкі нәтижеге қол жеткізді.

"Жан-жақтылы жүргізген тәжірибем Ақиқаттан өзге құдайдың жоқтығына көзімді жеткізді. Және егер бұл кітаптың әр беті оқырманға Ақиқатты түсінудің бірден-бір жолы ахимса екендігін көрсете алмаса, онда кітап жазған еңбегім зая кетті деп ойлаймын. Және тіпті төгілген маңдай терім еш болып шықса да, оқырман біле жүрсін, бұған ұлы принцип емес, таңдап алған жолым кінәлі. Өйткені ахимсаға, сатьяграхаға, брахмачанға деген талпыныстарым неше жерден шынайы болғанымен, олар әлі де жетілмеген, жеткіліксіз. Сондықтан көзім шалып қалған Ақиқаттың жылт еткен болмашы сәулелері күн сайын көріп жүрген күн шапағынан миллион есе күшті, айтып жеткізгісіз Ақиқат шұғыласын ашатын ойды білдіре алар ма екен. Менің көріп, білгенім бар болғаны осы бір орасан зор жұлдыздың көмескі жыпылықтағаны ғана. Бірақ кәміл сеніммен айта аламын, бұл да менің ізденістерімнің жемісі, тек ахимсаны толық танығанда ғана Ақиқатты әбден анық көруге болады" деп ұлы ойшыл, ғұлама, данышпан, ұлы тұлға, Үндістан тәуелсіздігінің жарық жұлдызы Махатма Ганди "Менің өмірім" атты кітабының соңғы тарауында өзі айтқандай Ақиқаттың ақ жолын тапқан адам.

Үндістан тәуелсіздік алғаннан кейін билік басына кім келуі сөз болғанда - Махатма Ганди биік лауазымнан өзі бас тартады, орнына Үндістанның тағы бір ұлы перзенті Джавхарлар Неруді тағайындауды өтінеді. Өйткені бұл екі азамат та Үндістанның тәуелсіздігі жолында кристалдай таза адамдар еді. Джавахарлал Неру да - Махатма Гандиді жанындай сүйген, оның принциптеріне адал берілген, өмірінің ақырына дейін оған адал болған асыл азамат. Үндістанның осы бір қос перзенті - барша үнді халқы үшін аяулы бейнелер. Екеуін бөліп қарау мүмкін емес сияқты. Бірақ Махатма Гандидің орны ерекше!

Ағылшын отарлаушылары Үндістанға амалсыз бостандық берсе де, Кашмирді, Пәкістанды екіге бөліп, будда мен исламның ортасына от жағып кетті. Бұл от бүгінге дейін басылатын емес. Сол бір қауіпті жылдары Махатма Ганди екі діннің ортасына арашашы ретін жатып алып, аштық жариялап, екі жақ амалсыз келісімге келетін болған соң ғана аштығын тоқтатқаны белгілі. Бірақ үндістанның будда дініндегі бір жауыздың үндінің ұлы перзентін қастандықпен өлтіруі - ешбір ақтауға жатпайтын қастандық екені даусыз.

Сатьяграха науқандарының кезінде ұсталуға тиіс ережелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Ганди қарсыласу науқандарының кезінде мына ережелерді ұстануға шақырған:

  1. Ашуланба
  2. Қарсыластың ашуына төз
  3. Біреудің тиіскені немесе жазалауы үшін қарымта қайтарма; бірақ ашумен берілген бұйрыққа жазадан немесе шабуылдан қорыққаннан мойынсұнуға болмайды
  4. Қамауға немесе мал-мүлкіңнің тәркіленуіне өз еркіңмен мойынсұнуың керек
  5. Егер саған біреудің мүлкі сеніп тапсырылған болса, оны өз өміріңмен қорға (зорлықсыздық жолымен)
  6. Басқа біреуді қарғап-сілеме
  7. Қарсыласыңның жеке басын қорлайтындай сөз айтпа
  8. Қарсыласыңның жалауына немесе басшыларына сәлем беруші де, оларға тіл тигізуші де болма
  9. Егер біреу сенің қарсыласыңа тіл тигізуге немесе оған шабуыл жасауға тырысса, өз қарсыласыңды өз өміріңмен қорға (зорлықсыздық жолымен)
  10. Қамауда отырғанда адамгершілік қағидаларын ұстан және түрменің ережелеріне бағын; жеке бастың абыройына нұқсан келтіретіндеріне бағынба
  11. Қамауда отырғанда жеке басыңа ерекше қолайлы жағдай жасалсын деп сұрама
  12. Қамауда отырғанда олардан айырылу жеке басыңның абыройына нұқсан келтірмейтін нәрселерді қайтару үшін ораза ұстаушы болма
  13. Азаматтық бағынбаушылық науқандарының жетекшілерінің бұйрықтарына қуанышпен бағын
  14. Жетекшілердің бұйрықтарының барлығына бағын; бірақ егер ол бұйрықтардың қай-қайсысы саған бұрыс немесе ар-намысқа қайшы келетін болып көрінсе, ол науқанмен байланысыңды бірден үз
  15. Науқанға қатысқанымда немесе қамауға түскенімде менің істес жолдастарым менің қолымдағыларды асырауға тиіс деп шарт қоюшы болма.
  16. Діни қауымдастықтардың арасында дау-жанжалдың шығуына себепші болма
  17. Бұндай даулардың кезінде ешкімнің сойылын соқпа, тек дұрыстығы анық көрініп тұрған жаққа көмектес; дінаралық қақтығыс болғанда қатер төнген жақты өміріңмен қорға (зорлықсыздық жолымен)
  18. Діни қауымдастықтардың арасында дау туғыза алатын нәрселерден аулақ бол
  19. Кез келген діни қауымдастықтың сезімдеріне кері әсер ететін шерулерге қатыспа


Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]