Мазмұнға өту

Портрет

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Портрет (фр. portraіt, portraіtе — бейнелеу) — бейнелеу өнерінің жанры, адам бейнесін живопись яки графика түріндегі бейнесі.

Анықтамасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Портрет бейнелеу өнерінің барлық түрімен: сұңғат (живопись), мүсін, графика, мозаика, т.б. жазыла береді. Портреттің негізгі міндеті — адамның сыртқы ұқсастығын айнытпай берумен қатар, ішкі жан дүниесін, мінез-құлқын ашып көрсетіп, дәуірлік-тарихи ұлттық тұлғасын шынайылықпен бейнелеу. Портрет кейіпкерге қарап отырып салынады, кейде көмекші материалдарға (көркем, ауыз әдебиеті, түрлі тарихи деректерге, т.б.), естеліктерге сүйене отырып та ойдан туындайды. Портрет жасалу ерекшелігіне қарай қондырғылы (сұңғат-кескіндеме, бюст, графика, монументті, мозайка, т.б.), салтанатты, миниатюралы, т.б. болып бөлінеді. Портретте жеке немесе топтама адамдар бейнеленеді.

Тарихы мен дамуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Портрет ежелгі Мысыр, Қосөзен, Грек, Рим өнері дәуірінен белгілі. Көне дәуірдегі озық портрет үлгісі мүсінші Тутмес сомдаған Нефертитидің бейнесі (б.з.б. 16 ғ.). Орта ғасырларда портрет өнері Қытайда, Жапонияда дамып, Орталық Азия, Әзірбайжан, Ауғанстан (Бекзад Камал әд-Дин), Иран (Реза Аббаси) елдерінде миниатюралық портрет қанат жайды. Еуропада портрет өнерін қайта өрлеу дәуірі суретшілері (Б. ди Джотто, Мазаччо, С.Боттичелли, Леонардо да Винчи, С.Рафаэль, Тициан, т.б.) дамытты (15 — 16 ғ-лар). Портреттің нағыз гүлденген кезеңі — Х.Рембрант, Х. ван Рейн, Ф.Хальс, А. ван Дейк және Д.Веласкес, т.б. өмір сүрген дәуір (17 ғ.). Ресейде портрет 18 ғ-да (Ф.Рокотов, Д.Левицкий, В.Боровиковский, т.б.) өркендеп, одан әрі оны И.Репин, В.Серов, М.Сарьян, мүсіншілер В.Мухина, Е.Вучетич, т.б. жалғастырды.[1]

Қазақстандағы портрет жанры

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Қазақ тарихында мүсіндік портреттің дені ежелгі түркі қағандығы (5 — 8 ғ-лар) мен қыпшақ заманы (8 — 13 ғ-лар) кезеңіндегі балбалдар мен тас мүсіндер. Қазақтың тұңғыш суретшісі Ш.Уәлиханов портрет ағымында көп еңбек етті (“Сұлтан Мамырхан Рүстемов”, “Тезек төре”, қарындаш, 1856 ж., “Алатау қырғызы” түрлі-түсті қарындаш, 1856 ж.). 20 ғ-дың басынан қазақ суретшілері Ә.Қастеев, Қ.Телжанов, Н.Нұрмұхамедов, А.М. Черкасский, Г.Исмаилова, А.Ғалымбаева, М.Кенбаев, Х.Наурызбаев, Ү.Әжиев, т.б. Портрет жанрын ұлттық үрдісте дамыта білді. Кейінгі толқын суретшілері С.Айтбаев, А.Аканаев, С.Досмағанбетов, Е.Сергебаев, М.Аманжолов, А.Дүзелханов, Ж.Сыдықов, Д.Қасымов, Б.Мырзахметов, Ә.Жұмабай, Н.Далай, т.б. Портрет өнерін жаңа қырынан дамытты. Бүгінгі аламан заманда портрет шеберлері алтыннан арман боп бара жатыр. Портет жанры көптеген туыстас жанрлармен өзара байланыста (мысалы, пейзаж). Бұл практика жүзінде шыңдалады.[2][3][4]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақстан”: Ұлттық энциклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  2. Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық, — Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010 жыл.ISBN 9965-26-096-6
  3. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8
  4. Власов Г.В., Иллюстрированный художественный словарь, СПб., 1993