Мазмұнға өту

Палеография

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Палеография

Палеография (көне грекше: παλαιóς «ежелгі; маңызды» + γράφω «жазу»)[1] – жазу тарихын, оның кескіндік формаларының даму заңдылықтарын зерттеумен, сондай-ақ ежелгі жазба ескерткіштерді оқу, олардың авторларын, уақытын, жерін анықтаумен айналысатын тарихи – филологиялық арнайы пән. Палеография әріптердің кескіндік формалары жазба белгілер (мысалы, иероглифтер) эволюциясын, олардың құрамдас элементтерінің пропорцияларын, шрифтердің түрлері мен эволюциясын, қысқартулар жүйесі мен олардың кескіндік бейнеленуін, жазу материалы мен құралдарын зерттейді. Палеографияның ерекше саласы құпия жазу жүйелерінің графикасын зерттейді (криптография). Палеографияда зерттеудің арнайы әдістері (кескіндемелік деректерге талдау жасау техникасы, Палеографиялық белгілердің жиынтығы, т.б. арқылы қолжазбалардың уақытын анықтау әдіснамасы) жасалған. Сондай-ақ басқа ғылымдар мен арнайы пәндердің әдістері де қолданылады: тілтану (тілдік деректер бойынша қолжазбалардың уақыты мен жерін анықтау), текстология мен дипломатика (жазулар мен құжаттардың түрлері бойынша олардың мазмұндарын, стилін, мәтін тарихын анықтау), өнертану (миниатюралар, өрнектерді зерттеу), химия (сиялар мен басқа да бояу заттарға талдау жасау), физика (органикалық материалдардың жасын анықтау үшін радиоактивті изотоптарды пайдалану), т.б. Палеографияның теориялық жағы – жазу тарихы белгілі бір халық мәдениеті тарихының бөлігі бола отырып, оның іс-тәжірибелік жағы үшін ғылыми негіз береді. Ол әліпбилер мен тілге байланысты гректік, латындық, славян-орыс, армян, грузин, арабтық, т.б. Палеографияға бөлінеді. Кейбір ғалымдар (француз Ж.Маллон, австриялық Л.Сантифаллер, бельгиялық Ф.Мазе, т.б.) кез келген жазу үшін ортақ даму заңдарын құру қажеттілігі жөнінде мәселе қойғанымен, жалпы Палеография негіздері жасалған жоқ. “Палеография” терминін алғаш рет 18 ғасырда француз ғалымы Б.Монфокон қолданған. 20 ғасырдың ортасынан бастап Палеографияда жазба ескерткіштерді ол жазылған материалдарға қарамастан зерттеу бағыты пайда болды. Гректік Палеография ежелгі заманнан бастап Византия империясы құлағанға (1453) дейінгі грек жазуының тарихын зерттейді. Латындық Палеография латын әліпбиімен еуропалық тілдерде жазылған жазба ескерткіштерді зерттейді. Латындық Палеографияның негізін 17 ғасырда Ж.Мобильон салды. Ол жазуды кітаби және дипломатилық деп бөлді, жазудың ұлттық типтерін (18 ғасырда енгізілген термин) – вестготтық, лангобардтық, ағылшын-сакстық және меровингтік типтерді анықтап, сипаттап жазды. Славян-орыстық Палеография глаголица және кириллицамен жазылған жазба ескерткіштерді зерттейді. Армяндық Палеографияның негізін 19 ғасырдың соңында армян ғалымы Я.Ташян салды. Ол армян қолжазбаларының үлгілі каталогын құрастырды, бұл каталог Венадағы кітапханада сақтаулы. Каталогта 5 – 18 ғасырлардағы армян жазуының негізгі ескерткіштері енгізілген. Грузиндік Палеографияның ғылыми пән ретінде пайда болуы грузин жазуының барлық түрлерін кезеңдерге бөліп, Палеографиялық кестелер жариялаған Д.З. Бакрадзенің есімімен байланысты болды. 20 ғасырға таман Қытай Палеографиясы жеке ғылыми пән болып қалыптасты. Араб Палеографиясы араб әліпбиімен жазылған ескерткіштерді (араб, парсы, түрік, т.б. тілдерде) зерттейді. Еуропада араб қолжазбалары 17 ғасырдан бастап зерттелсе, Ресейде араб қолжазбаларын жинастыру мен оларды көшіру Петр І-нің кезінде басталды.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы” Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
  2. Қазақ тілі. Энциклопедия. Алматы: Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан даму институты, 1998 жыл, 509 бет. ISBN 5-7667-2616-3