Норвегия
Норвегия (букмол Norge, нюнорск Noreg), ресми атауы — Норвегия Патшалығы (букмол Kongeriket Norge, нюнорск Kongeriket Noreg) — Еуропада орналасқан ел.
Атауы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Географиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Солтүстік Еуропаның Скандинавия түбегінде батыс жағалауды барынша иемденіп жатқан ірі елдердің бірі — Норвегия болып табылады. Атлант мұхитынан соғатын суық желдің әсері бар, батыстағы таулы қыраттың қытымыр аязы үстемдік құратын өлке қатарынан үш елмен қоңсылас орналасқан: Ресеймен — 196, Финляндиямен — 727 км, ал Швециямен — 1619 км шекарасы шектесіп жатыр.
Корольдіктің жер аумағы — 386 960 км2 құрайды. Бұл жағынан келгенде Норвегия Скандинавия елдері ішінде екінші орында.
Норвегияның жер қыртыстарын сөз етсек, солтүстіктен басталған аласа таулар легі оңтүстікке қарай биіктеп, таулы өлкеге айналып сала береді. Мемлекеттің ең биік нүктелері — Галлхейпиген (2469 m) мен Глиттертинн (2452 m) шыңдары боп есептеледі.
Норвегияның ең ірі өзендері шығыста орналасса, батысында қысқа, бірақ ағысты өзендері ағады. Елдің оңтүстік өлкесі келбетті көлдерге бай. Дегенмен жасылмен жан бағатын елдермен салыстырғанда, Норвегияның өнім беретін өсімдіктері жоқтың қасы. Шыңын мұз басқан таулы, қыратты аймақтың бар болғаны 4 пайызы ғана егістікке қолайлы болып келеді. Сол секілді жануарлар әлемі де корольдікте аса мәз емес.
Әкімшілік бөлінуі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Норвегия жері 19 облысқа бөлінген (жергілікті тілде облысты фүлке атайды). Әр облыс қалалар мен ауылдық округтерден (коммуна) құралады. Оның әрбірі төрт жылда бір сайланатын кеңеске ие.
Халқы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Халық саны жер аумағына қарай шаққанда аз және қоныстануы да әркелкі. Айталық елде 5 миллион 468 мың халық тұрады. Ал осы аз халықтың үштен бірі — бір Осло-Фьорд аймағына ғана шоғырланған. Ал өзге ірі қалалардағы халықтың қоныстануы төмендегідей: Берген (224 мың), Тронхейм (145 мың), Ставангер (106 мың), Берум (98 мың). Ал елдің қалған бөлігі халық өте сирек қоныстанған аймақ болып саналады.
Елдегі бала туу — 11,89% құраса, адам өлімі — 9,51%. Елдегі балалар өлімі ең төменгі деңгейде. Және статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әрбір төртінші норвег ауылдық жерді мекен етеді екен.
Норвегияның негізгі халқы — германиялық біртекті ұлт. Ал елдің солтүстігінде жалпы саны 20 мыңға жуық саам халқы мекен етеді. Елде норвег тілінің екі түрі кездеседі — букмол және нюнорск.
Табиғаты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Норвегияның көп бөлігін Скандинавия таулары алып жатыр (ең биік нүктесі – Гальхепигген тауы 2469 м). Солтүстік және Норвег теңіздерінің жағалаулары фьордтармен тілімделген. Климаты – баяу теңіздік. Қаңтардағы орташа температурасы –2 – 12ӘС, шілдеде 6 – 15ӘС болады. Жылдық жауын-шашын мөлшері шығысында 300 мм-ге, батыс тау беткейлерінде 3000 миллиметрге дейін жетеді. Мұздықтардың жалпы аумағы 3 мың км². Мол сулы ірі өзендері – Гломма, Логен және тағы басқалары. Жерінің 27 пайызын ормандар (негізінен қылқан жапырақты, жапырақты) алып жатыр. Солтүстігі мен биік жерлерінде таулы тундра мен орманды тундра басым. Жануарлар дүниесін түлкі, сілеусін, ақкіс, сусар, бұлан, солтүстік бұғысы, ақтиін, қоян құрайды. Жағалауларында құс базарлары көп. Норвегия теңіздері балыққа бай. Кен байлықтарынан темір, никель, мыс, молибден, кобальт, күміс кентастары белгілі. 1970 жылы Солтүстік теңізінен мұнай мен газ кен орны ашылған.
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тәуелсіздікке 1905 жылы ғана қол жеткізсе, бұған дейінгі 1397—1814 жылдары Дания қарауына еніп, кейінгі 1814—1905 жылдары Швецияның отары болған.
Саяси жүйесі
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Норвегия — демократиялы конституциялық монархия болып табылатын мемлекет. 1991 жылдың 17 қаңтарынан бері мемлекет королі — V Харальд.
1814 жылы қабылданып, көптеген рет өзгерістер мен толықтыруларды бастан кешірген ел конституциясына сай, корольдің уысына елдің үш билігі бірдей берілген.
Министрлер кабинеті Премьер-министр мен 16 министрден құралады. Үкіметбасыға елдің атқарушы билігі табысталған.
Стортинг аталатын ел парламентіне 169 депутат мүше бола алады.
Корольдікте көппартиялық жүйе мықтап қалыптасқан. Норвегияның белді партиялары қатарына — «Норвегия жұмысшылар партиясы», «Социалистік солшылдар партиясы» және «Орталық партия» жатады.
Экономикасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Норвегияның экономикасы жөнінде алып-қашпа әңгімелер көп. Бұған себеп — үлкен мұнай қорына иелік ете тұра, корольдіктің сыртқы саяси ойында аса белсенділік танытпауында жатыр. Дегенмен, қазіргі таңда ІЖӨ индексі бойынша Норвегия әлемнің ең бай мемлекеттерінің қатарында. 1970 жылдары басталған Солтүстік теңізі кенішіндегі мұнай мен газ өндірісі елді Батыс Еуропа нарығындағы ең ірі мұнай шығарушы мемлекет қатарына шығарып, әлемдік саудаға мұнай шығарудан Сауд Арабиясынан кейінгі 2-ші орынға көтеріп тастады. 2005 жылы ІЖӨ 194,7 млрд. АҚШ долларын немесе жан басына шаққанда 42,4 мың АҚШ долларын құрап, Норвегияны үздіктер тізбегіндегі 17 орынға шығарса, 2006 жылы корольдік тағы да бес сатыға жоғарылап, 12-орынға көтерілді.
Ел экономикасындағы негізгі сала — мұнай мен газ өндірісі. Алайда елдегі энергия көзі осы мұнайдан алынып отыр деу — жаңсақ. Өйткені Норвегия мұнайы түгелімен экспортқа шығарылады. Ал энергияны олар су көзінен алады. Алдағы уақытта оған «этанол» аталатын химиялық қосалқы энергия көзін қосу — жоспарда. Бұл дегеніңіз — қалдықтарды қайта өңдеу арқылы оны бензинге араластырып, таза экологиялық энергия шығару деген сөз. Норвегия үкіметі химия технологиясына қатты мән береді.
Дегенмен бұл жерасты байлығын иемденем дегенге дейін Норвегия экономикалық тұрғыда үлкен қиындықтарды бастан кешіргені белгілі. Өйткені XIX ғасыр мен XX ғасыр орта шеніне дейін елдің негізгі экономикалық саласы — ауыл, орман және балық шаруашылығы болғаны белгілі.
Корольдік ежелден теңізшілер елі саналады. Соған орай халықтың үлкен бөлігі жағалауға қарай қоныстанған. Ертеректе, дәлірек айтқанда біздің дәуірдің 1000 жылдары викингтер аталатын тәжірибелі қарақшы-теңізшілер тобы Атлант мұхитын кесіп өтіп, Жаңа Дүниенің есігінен енген. Бұл ерте дәуірден-ақ Норвегия жерінде теңіз шаруашылығының кең өріс алғанынан хабар берсе керек. Бұған елде сақталып қалған зәулім сауда флоты мен жоғары дамыған балық шаруашылығы да дәлел бола алады. Айта кетерлігі аталмыш флот тасымалға шығаратын тауар көлемі жағынан 1997 жылы 6-орынды иеленген.
Балық шаруашылығы елде ертеден-ақ жақсы дамыған. 1975 жылы аталмыш шаруашылықты дамыту жөнінен Норвегия дүниежүзі бойынша 5-орынды иеленсе, 1995 жылы 10-орынға тұрақтаған. Корольдікте балық шаруашылығы саласының ең негізгісі — майшабақ. Бұл жағынан 1996 жылғы есеп бойынша Норвегия ең негізгі бәсекелесі — Ұлыбританиядан үш есе көп, 330 мың тонна балық аулап, экспортқа шығарған.
Орман шаруашылығында да айтарлықтай жетістіктер бар. Өйткені Норвегия жері географиялық жағынан орман шаруашылығына қолайлы. Ел территориясының төрттен бір бөлігі орманды алқап. Алайда ағаш өсімінің өте баяу екенін ескеретін болсақ, бұл саланың ел экономикасының екпінді тірегіне айналмағанына көз жеткізу қиынға соқпайды.
Ауыл шаруашылығы Норвегия халқы үшін тиімсіз сала, себебі географиялық жағадайлардың қолайсыз болуы. Мысалы егін егуге корольдіктің таулы, қыратты, құнарсыз топырақты географиясы мен жазы салқын, аса мол жауын-шашынды ауа райы да қолайсыз. 1996 жылы ауыл және орман шаруашылығында еңбекке жарамды халықтың бар болғаны 5,2 пайызы ғана қызмет еткен. Ал ауыл шаруашылығына бөлінген жердің 3 пайызы ғана өңделіп, пайдаланылған. Мұнай өндірісі ашылғанға дейін ел экономикасының негізгі салаларының бірі болғанымен, бүгінде Норвегияда ауыл шаруашылығына аса көңіл бөлінбейді.
Норвегияның өңдеу өнеркәсібінде алға қойылған салалар — электрометаллургия, радиоэлектроника мен кеме жасау және жөндеу өнеркәсіптері. Бұл салаларға жалпы еңбекке жарамды халықтың 25 пайызы тартылған. Норвегия сыртқы саудада Германия, Швеция, Ұлыбритания, Дания, Нидерланд, Еуропа одағы елдерімен және АҚШ мемлекеттерімен тығыз байланыс орнатқан. Экспортқа шығаратын негізгі өнімдері — мұнай мен газ (55 пайыз) және дайын өнімдер (36 пайыз). Сондай-ақ, импорттайтын тауарлары — дайын өнімдер (81,6 пайыз) және ауыл шаруашылығы өнімдері (9,1 пайыз).
Мәдениеті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]БАҚ
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Schibsted медиаконцерні
Норвегиядағы ең ірі газеттердің қатарында күнделікті «Верденс ганг» (365 мың дана), «Афтенпостен» (250 мың)[6], «Дагбладет» (183 мың)[7] бар, олар сыртқы саяси материалдарды кеңінен ұсынады. Норвегия жан басына шаққандағы мерзімді басылымдар саны бойынша әлемде алдыңғы орындардың бірін алады. Норвегиялық газеттер одағы 1998 жылы 152 газетті біріктірді. Басылымдардың көпшілігін Консервативті партия қолдайды немесе бақылайды — 44 басылым, жалпы таралымы 800 мың дана.
Ұлттық ақпарат агенттігі — Норвегия телеграф бюросы — NTB (акционерлік қоғам). 1867 жылы құрылған. NTB - норвегиялық газеттер, радио мен телеарналар үшін бірінші жаңалықтар провайдері. Норвегияның мемлекеттік радио және телехабар таратуын (кабельдік және коммерциялық теледидардан басқа) Норвегиялық хабар тарату корпорациясы (Norsk Rikskringkasting, NRK) басқарады, оған NRK P1, NRK P2, NRK P3, NRK1, NRK2 және NRK3 радиоарналары кіреді. Бергендегі коммерциялық ТВ2 телеарнасы 1992 жылы 5 қыркүйекте көрсетіле бастады, танымалдылығы жағынан NRK-мен бәсекелес. Одан кейін TVNorge мен TV3 келеді. Жақында фильмдер мен ойын-сауық бағдарламаларын көрсетуге мамандандырылған жаңа норвегиялық MEtropol телеарнасы ашылды.
FM-диапазонында аналогтық хабар таратудан бас тарту
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Норвегия FM-диапазонындағы аналогтық хабар таратудан толығымен бас тартқан әлемдегі алғашқы ел болды. Өшіру 2017 жылдың 11 қаңтарында басталды. Жоспар бойынша жалпыұлттық радиостанциялар жыл соңына дейін цифрлық сигналға (DAB) ауысуы тиіс; Жергілікті хабар таратушыларға бұл процедураны орындауға бес жыл беріледі.
Мерекелері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Күні | Аты | Норвегиялық атау | Ескертулер |
---|---|---|---|
1 қаңтар | Жаңа жыл | Nyttårsdag | демалыс күні |
21 қаңтар | Ханшайым Ингрид Александраның туған күні | HKH Prinsesse Ingrid Alexandras fødselsdag | |
6 ақпан | Саам халқының күні | Samefolkets dag | |
21 ақпан | Король Харальдтың туған күні | HM Kong Haralds fødselsdag | |
өзгеріп отырады | Пасха алдындағы жексенбі | Palmesøndag | демалыс күні |
өзгеріп отырады | Ұлы бейсенбі | Skjærtorsdag | демалыс күні |
өзгеріп отырады | Қайырлы жұма | Langfredag | демалыс күні |
өзгеріп отырады | Пасханың бірінші күні | 1. påskedag | демалыс күні |
өзгеріп отырады | Пасханың 2-ші күні | 2. påskedag | демалыс күні |
1 мамыр | Қоғамдық мереке | Offentlig høytidsdag | демалыс күні |
8 мамыр | 1945 жылы босату күні | Frigjøringsdag 1945 | |
17 мамыр | Конституция күні | Grunnlovsdag | демалыс күні |
өзгереді | Мәсіхтің көтерілуі | Kristi himmelfartsdag | демалыс күні |
өзгереді | Троицаның бірінші күні | 1. pinsedag | демалыс күні |
өзгереді | Троицаның 2-ші күні | 2. pinsedag | демалыс күні |
7 маусым | 1905 жылы Швециямен одақтың ыдыраған күні | Unionsoppløsningen 1905 | |
4 шілде | Соня патшайымның туған күні | HM Dronning Sonjas fødselsdag | |
20 шілде | Мұрагер ханзада Хоконның туған күні | HKH Kronprins Haakons fødselsdag | |
29 шілде | Әулие Олаф патшаның қайтыс болған күні | Olsok | |
19 тамыз | Мұрагер ханшайым Метте-Мариттің туған күні | HKH Kronprinsesse Mette-Marits fødselsdag | |
24 желтоқсан | Рождество | ||
25 желтоқсан | Рождествоның 1-ші күні | 1. juledag | демалыс күні |
26 желтоқсан | Рождествоның 2-ші күні | 2. juledag | демалыс күні |
Спорты
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Норвегия 1900 жылы Париж ойындарынан бастап барлық Жазғы Олимпиада ойындарына және 1924 жылғы Шамони ойындарынан бері барлық қысқы Олимпиада ойындарына қатысты. Жазғы ойындарда жалпы саны 150-ге жуық (оның ішінде елуден астам алтын) және қысқы ойындарда үш жүзден астам (оның ішінде жүзден астам алтын) медальмен, Олимпиада ойындарының жалпы есептік көрсеткіштерінде, Норвегия жазғы ойындарда үздік жиырмалыққа және қысқы ойындарда үшінші орынға табан тіреді.
Норвегия екі рет қысқы Олимпиаданы қабылдады. 1952 жылы Олимпиада Ослода, ал 1994 жылы Лиллехаммерде өтті.
Норвегияда Ұлттық Олимпиада комитеттері 1900 жылы құрылды.
Қысқы түрлері басымырақ дамыған. Норвегиялықтар шаңғы жарысы мен коньки тебу спортында ең көп медаль жеңіп алды. Биатлон командасы Ресей мен Германиямен бірге әлемдегі ең мықты командалардың бірі. Қазіргі заманғы ең көрнекті биатлоншы — биатлоннан әлемдегі жалғыз сегіз дүркін Олимпиада чемпионы және басқа жарыстардың бірнеше дүркін жүлдегері Уле-Эйнар Бьорндален. Алайда, кеңінен таралған ойындар хоккей мен футболда басқаларына орын береді. Футбол командасының ең үлкен жетістігі — 1998 жылы Францияда өткен әлем чемпионатының 1/8 финалына шығуы. Ұлттық құрама ойыншыларының көпшілігі Англия чемпионатында ойнайды. Норвегия чемпионатында дәстүрлі түрде «Русенборг» (20 дүркін чемпион), «Бранн», «Волеренга», «Викинг» және басқалары көш бастап тұр. 1990 жылдары «Русенборг» Чемпиондар Лигасында сәтті ойнап, 1/4 финалға дейін жетіп, 2008 жылы Интертото Кубогын жеңіп алды. Атақты футболшылар — Уле Гуннар Сульшер, Туре Андре Фло, Джон Карью, Йон Арне Риисе, Эрлинг Холанд және т.б.
Норвегиялық шахматшы Магнус Карлсен 2013 жылдан бері әлем чемпионы және тарихтағы ең жоғары Эло рейтингіне ие.
Музыкасы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Ел аумағында жүргізілген археологиялық қазбалар норвегиялық музыканың ежелгі бастауларын ашады. Көптеген халық аспаптары скрипка, арфа және флейталардың әртүрлі түрлері бар. Норвегиядағы этникалық музыка өте алуан түрлі. Атап айтқанда, оған викинг дәуірінде жасалған лиро-эпикалық мотивтер кіреді.
Норвегиялық академиялық музыка Батыс Еуропаның көптеген елдеріне қарағанда біршама кеш дами бастады, бұл Данияға 400 жылдан астам тәуелділікпен байланысты. XVIII ғасырдың соңында Линнеман ("норвегиялық Бахи") композитор-органистер отбасы даңққа ие болды. Ұлттық музыка мектебінің негізін қалаушылар көбінесе Норвегиялық романсты жасаушы Хальфдан Хьерульф; импровизатор және виртуозды скрипкашы Уле Булл; Рикард Нурдрок — ұлттық музыканы насихаттаушы, мемлекеттік әнұранның авторы. Ең маңызды норвегиялық композиторды норвег романтизмінің негізгі дәстүрлерін салған Эдвард Григ деп атауға болады. Сонымен қатар, «Григтен кейінгі ең ірі ұлттық композитор» деп аталатын Кристиан Синдинг норвегиялық музыканың дамуына елеулі үлес қосты; Додекафония принциптерін өз жұмысында қолданған Ф.Вален (Арнольд Шёнбергтің шәкірті); Альф Хурум, Харальд Северуд және т.б. Композитор мен орындаушы Кетиль Бьёрнстад пен Аксел Кольстадтың отаны.
1970 -ші жылдардың аяғы мен 1980 -ші жылдардың басында Норвегияда Kjøtt, De Press, The Aller Værste!, Blaupunkt сияқты топтардан тұратын «жаңа толқын» пайда болды.
Норвегияның ең танымал музыкалық тобы — 1983 жылы Осло қаласында құрылған a-ha тобы. A-ha — «жаңа толқынның» соңында пайда болған синтипоп (электропоп) стилінің жетекші ұжымдарының бірі.
Норвегиялық электронды музыканы Kygo, Röyksopp, Сусанна Суннфер және т. б. орындаушылар ұсынады.
Америкалық баспасөз 1994 жылы Норвегияда өткен Қысқы Олимпиада ойындарының ашылу және жабылу рәсімдеріне қатысқанына, сондай-ақ Джеймс Кэмеронның «Титаник» фильміндегі вокализді шырқағаны үшін танымал опера әншісі Сиссель Ширшебоны «Норвегияның әнші құсы» деп атады.
Норвегияда дамыған метал-сахнасы бар, әсіресе блэк-метал және викинг-метал. Блэк-метал топтарының саны көп, соның ішінде осы стильдің негіз салушылары Норвегиядан бастау алады. Ең атақтылары: Antestor, Burzum, Darkthrone, Mayhem, Immortal, Dimmu Borgir, Emperor, Gorgoroth, The Kovenant, Satyricon, Storm, Windir. Сонымен қатар, Норвегияда симфоник-метал мен готик-метал өте танымал: Theatre of Tragedy, Leaves’ Eyes, Tristania, Sirenia, Mortemia және т. б.
Норвегиялық джаздағы ең маңызды музыкантты кең стилистикалық диапазонда жұмыс істейтін саксофонист Ян Гарбаректі атауға болады: фри-джаз, этно-джаз, симфониялық музыка.
Рой Хан, бірегей барқыт дауыс иесі және Kamelot метал тобының бұрынғы вокалисі, ол да Норвегиядан шыққан. 2014 жылы музыкалық сыншылардың назарын джаз композицияларының жас орындаушысы Анджелина Джордан аударған болатын.
Бірнеше стильдерді біріктіретін музыкалық топтардың ішінде Katzenjammer атап көрсетуге болады.
Норвегия «Eurovision» конкурсында үш рет жеңіске жетті (1985, 1995, 2009 жылдар).
Әдебиеті
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Норвег әдебиеті өзінің бай тарихын Норвегиядан қоныс аударушылар жасаған ескі исланд сагаларынан алады. Алайда, Даниямен одақ жасалғаннан кейін, жазбаша норвег тілі біртіндеп дат тілімен алмастырылды, ал XX ғасырдың басына дейін норвег жазушылары өз шығармаларын даттан іс жүзінде ажыратылмайтын тілде жасады. Норвегияның мәдени тәуелсіздігі үшін күрескен Генрик Вергеланн Норвегияның әдеби тілінің жандануына айтарлықтай ықпал етті. Оның еңбектері XIX ғасырдың екінші жартысындағы ұлы жазушыларға — Генрик Ибсен мен Бьорнстьерн Бьорнсонға әсер етті.
XIX ғасырдың аяғында норвегиялық модернистер өздерін дәлелдей бастады. Кнут Хамсун мен Зигбьорн Обстфеллер модернизмнің көрнекті өкілдері болды. Модернизм 1960 жылдары дамыды. Осло университетінде шығатын «Профиль» (норв. Profil студенттік журналы әр түрлі әдеби формалармен тәжірибе жасаған жас авторлардың тобын өз айналасына жинады. Олардың көпшілігі кейіннен норвег әдебиетіне үлкен үлес қосты: Даг Сульстад, Тур Обрестад, Эльдрид Лунден және басқалар. Драматург Юн Фоссе де модернизмнің көрнекті өкілі.
ХХ ғасырдың көрнекті норвегиялық жазушыларының ішінде Юхан Борген мен Аксель Сандемусені де атап өтуге болады. Алдағы мыңжылдықта олар өте танымал, соның ішінде Ресейде Ларс Соби Кристенсен, Николай Фробениус және Эрленд Лу.
Норвегиялық жазушылардың үшеуі Әдебиеттен Нобель жүлдесі алды: 1903 жылы Бьорнстьерне Бьорнсон, 1920 жылы Кнут Гамсун және 1928 жылы Сигрид Унсет.
Норвегия балалар әдебиетімен де әйгілі болды. 1874 жылы Петер Асбьёрнсен мен Йорген Му норвег фольклорының негізінде «Norske Folkeeventyr» халық ертегілерінің жинағын шығарды, ол «Норвегиялық ағайынды Гримм» деген атқа ие болды. Қазіргі заманғы балалар жазушылары — Анна-Катарина Вестли және норвегиялық балалар әдебиетінің өсіп келе жатқан жұлдызы Мария Парр бүкіл әлемде үлкен танымалдылыққа ие болды.
Әлеуметтік саласы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Қарулы күштері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Елдің қорғаныс саласында жаяу әскер, әскери-теңіз және әскери-әуе флоттары бар. Ел заңы бойынша, 19 және 45 жас аралығындағы азаматтар міндетті түрде 6 айдан 1 жылға дейінгі уақыт аралығында әскери қызметте болуы шарт. Запастағы әскер саны — 230 мың. Ал Норвегияның қорғаныс саласына жұмсаған соңғы жылдағы қаржысы ІЖӨ-нің 1,9% құраған.
Түсініктемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Тағы қараңыз
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Балықшы елдің базары Мұрағатталған 12 қыркүйектің 2007 жылы.
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Statistisk sentralbyrå
- ↑ Arealstatistics for Norway 2019. Kartverket, mapping directory for Norway (2019). Тексерілді, 22 наурыз 2019.
- ↑ Population, 2024-01-01 (ағыл.). Statistics Norway (21 February 2024). Тексерілді, 24 ақпан 2024.
- ↑ a b c d Norway. International Monetary Fund.
- ↑ 2022 Human Development Index Ranking (ағыл.). United Nations Development Programme (13 March 2023). Тексерілді, 16 наурыз 2024.
- ↑ Афтенпостен газетінің сайты
- ↑ Дагбладет газетінің сайты
|