Махдишілдер көтерілісі
Махдишілдер көтерілісі – Судандағы 1881-98 жылдардағы түрік-египет өкіміеттері мен ағылшын басқыншыларна қарсы көтеріліс. Оны Махди Суданский басқарды. Көтерілісшілер 1881 жылы Кордофан провинциясының көптеген қаласын басып алды. 1883 жылы қарашада Эль-Обейд маңында ағылшын генералы Хикстың 10 мың әскерін талқандады. 1885 жылы қаңтарда елдің әкімшілік орталығы – Хартумды басып алып, Судандағы ағылшын губернаторы Ч. Дж. Гордонды өлтірді. Көтеріліс барысында қазіргі Судан республикасының территориясында феодалдық-теократтық тәуелсіз мемлекет пайда болды. Махди өлгеннен кейін мемлекетті оның ізбасары – халиф Абдаллах ибн әл-Саид Мухаммед (ат-Таюши) басқарды. Абдаллах тұсында сауда, ұсақ өнеркәсіп, жол және мектеп құрылысы дамыды. Бірақ елдегі ауыр қанау мен өзара тартыстар Судан мемлекетін әлсіретті. Ұлыбритания Судан жағалауын қоршауға алып, 1885 жылы Эфиопияны махдишілдерге қарсы айдап салды. 1896 жылы ағылшын-египет әскери қимылдары қайта басталды. Абдаллах армиясы 1898 жылы Омдурдағы соғыста күйрей жеңілді. Судан ағылшын отарына айналды. Бірақ Абдаллахтың басшылығымен Судан халқының күресі 1899 жылы қарашаға дейін толастамады.