Көшім хан

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту

Көшім хан
Көшім хан
Қашлық (Ескер) қаласындағы Көшім хан (Кунгур жылнамасы). Фрагмент.
Лауазымы
Түмен және сібір ханы
1569-1574, 1578-1598
Ізашары Ахмет-Керей хан
Ізбасары Әли хан
Өмірбаяны
Діні ислам
Дүниеге келуі XVI ғасыр
Ноғай Ордасы, Арал теңізінің солтүстік жағалауы, Алтыұл ұлысы
Қайтыс болуы 1598 немесе 1601
Әкесі Мұртаза хан
Жұбайы Салтаным, Сүзге ханым, Жандәулет, Кек, және т.б.
Балалары Әли, Шайым, Берді-Мұрат, Қапақша, Алтанай, Құмыш, Кедай, Шуақ, Асманақ, Келмамет, Әбілқайыр (Андрей Кучумович), Би-Падишах, Молла, Есім, Қанай, Әзім

Көшім хан (толық есімі Көшім Баһадүр хан, сіб.-тат. Көцөм хан, орыс. Кучум-Богатырь царь, Кучюм царь, тат. Күчем хан, туған жылы белгісіз – 1598 немесе 1601) – Шибан әулетінен шыққан Сібір (Түмен) хандығының 1569-1574, 1578-1598 жылдардағы билеушісі, Мұртаза ханның ұлы, түмен ханы Ибақтың немересі.

Көшім ханның нақты туған уақыты мен орны белгісіз. Әбілғазы Баһадүр ханның шежіресінде Көшім ханның шығу тегі төмендегідей:

«...Шыңғыс ханның ұлы Жошы хан, оның ұлы Шибан хан, ұлы Баһадүр хан, ұлы Жошы бұға, ұлы Бадақұл, ұлы Меңгу-Темір, ұлы Бик-күнди-оғлан, ұлы Әли-оғлан, ұлы Қажы-Мұхаммед хан, ұлы Махмұдбек хан, ұлы Ибақ хан, ұлы Құтлық хан, ұлы Шамай сұлтан, ұлы Ұзар сұлтан, ұлы Баһадүр сұлтан. Жоғарыдағы Махмұдбек ханның Мұртаза хан деген ұлы болған, оның Көшім хан деген ұлы болған...»

Савва Есиповтың жылнамасы бойынша, Көшім ханның шыққан тегі - Қазақ Ордасы. Ал А.И. Левшиннің кітабында қырғыз-қазақ ретінде аталып өтті. Соңғы зерттеулерге сәйкес Көшім, шамамен, 1537 жылы Ноғай Ордасының Алтыұл ұлысында дүниеге келген. 1530-1540-шы жылдары ноғай биі Шейх-Мамайдың сарайында болашақ қазақ ханы Хақназар, Ибақ ханның немерелері Ахмет-Керей және Көшім тәрбие алған.

Сібір тағын иеленуі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Едігердің орыс патшасының қол астына өтуі Шибан әулеті өкілдерінің наразылығын тудырды. 1555-1563 жылдары Мәскеуде Едігердің, Мұртаза хан мен оның ұлы Ахмет-Керейдің елшілері келіссөздер жүргізген. Тайбұғалықтар Исмаил бидің, ал шибандықтар Шейх-Мамай ұрпақтарының қолдауына ие болған. Орыс әскерінің көмегіне үміт артқан Едігердің жоспары іске аспады. «Сібір жылнамасы» Көшімнің Ескерді жаулап алуын әскери қақтығыс ретінде қарастырса, ал Патриарх жылнамасындағы ақпаратқа сәйкес орыс патшасына алым-салық төлеуге наразылық білдірген билеуші топтар Сібір тағына Мұртаза ханның ұлын шақырған.

Ішкі және сыртқы саясаты

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Сібір Ордасы (1570)

Көшім хан 1560-шы және 1570-ші жылдары шығысқа ұйымдастырған жорықтарының нәтижесінде Қызыл-Тура мен Есілдің сағасынан бастап, Ом өзені, Барабы даласы, Обь маңындағы жерлерді басып алды. Жергілікті тайпалардың билеушілерімен одақ құрып, төленетін алым-салықтың мөлшерін бекітті. Жаңа шекаралардың бойында кішігірім қалашықтар салдыртты. Обь өзенінің жоғары ағысында мекендеген қалмақ тайпалары Көшім ханның одан әрі шығыс аймақтарды бағындыруына кедергі болды. Көшім хан 1569-1570 жылдары қазақ ханы Хақназарға қарсы әскери жорық ұйымдастырған. Ноғай билеушілеріне жөнелтілген орыс елшісі Семен Мальцевтің Мәскеуге жазған хатына сәйкес 1569 жылы Хақназар хан, Шығай және Жалым сұлтандар бастаған әскер Ноғай ордасын шабуылдаған. 1570 жылы қазақ ханы басып алған жерлерінен шегініп, ноғай мырзаларымен, түмен (сібір) ханымен бітімге келген. 1570-ші жылдары Түмен (Сібір) хандығының майдан даласындағы белсенділігі батысқа ауысты. Оралдың арғы бетін басып алған Көшім Пермь жерін және салынып жатқан жаңа орыс қалаларын жиі шабуылдаған.

Орыс мемлекетімен қарым-қатынасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Көшім қалашығы (Кучюмово городище). Ремезовтың «Сібірдің хорографиялық кітабы»

Қазақ Ордасының Хақназар ханның тұсында күшеюі сібір билеушісін Орыс патшалығымен жақындасуға итермеледі. 1571 жылы екі мемлекеттің арасындағы қарым-қатынас күрт нашарлады. Қырым әскерінің Мәскеуді өрттеп жіберуі Орыс патшалығының саяси беделіне кері әсер етті. Оған қоса Сібір хандығына бұхар ханы ІІ Абдаллахтың ықпалы арта түсті. 1572 жылы Ескерге Хиуада Бұхараның өтініші бойынша жасақталған мұсылман миссиясы жетті. Миссияның негізгі мақсаты - жергілікті халық арасында ислам дінін тарату, сауда-саттық мәселелері және болашақ бұхар қоныстарын ұйымдастыру болды. Бұл саяси оқиғалар Строгановтардың иеліктерінде жергілікті тайпалардың көтерілістеріне алып келді. 1572 жылы Кама бойына Көшім хан, ал 1573 жылы Пермь жеріне Мәметқұл шабуылдар ұйымдастырған. Сібір ханы Орал арқылы өтетін сауда жолдарын бақылауды, алым-салық төлейтін халықты қайтаруды және оның санын арттыруды көздеген. Ол черемистердің 1572 жылы ұйымдастырған көтерлісін сәтті пайдаланған. Осыған жауап ретінде орыс патшасы 1574 жылдың мамыр айында Строгановтарға иеліктерін қорғауға, жаңа бекіністер салуға, Сібірге шабуылдар үйымдастыруға, жалдамалы әскер жасақтауға рұқсат берді. Көшім ағасы Ахмет-Керейдің өлімінен кейін ноғай билеушілерімен қарым-қатынасын қалпына келтіруді қолға алды. Орыс патшасының бодандығын қабылдап, 1577 жылы Ноғай Ордасында кездескен орыс және сібір елшілері төленетін алым-салықтың мөлшерін бекітті. 1586 жылы Сібірге воеводалар Василий Сукин және Иван Мясной, ал 1587 жылы Данила Чулков жөнелтілді. Сібір мемлекетіндегі алауыздықтар оның әскери күшіне кері әсер етті. Көшімнің қарсыласы Сейтек мырза ханның ұлдарын Ескерден қуып шыққанымен, 1588 жылы Данила Чулковтың қолына түскен. 1590 жылдың 3 шілдесінде Көшім хан Тобыл қаласына мейлінше жақындап, көршілес ауылдардағы бірнеше адамды өлтіріп кеткен. Келесі жолы Қауырдақ және Салым болыстарын шабуылдап, жергілікті халықтан орыс бодандығына өткені үшін өшін алып, бай олжамен кері қайтқан.

«Көшім дулығасы» (XVI ғасыр, Иран). Қару-жарақ палатасында сақтаулы

1598 жылы орыстың тұрақты әскери отрядының уысынан шығып, ноғай даласына кетті, ол ондағы шайқастардың бірінде қаза тапты. Кейбір жылнамаларға сәйкес Көшім Қазақ Ордасына бет алған. Оның қалай және кімнің қолынан қаза тапқаны туралы тарихшылар толық анықтай қойған жоқ.

Көшім ханның ұлдары:

  • Әли
  • Шайым
  • Берді-Мұрат
  • Қапақша
  • Алтанай
  • Құмыш
  • Кедай
  • Шуақ
  • Асманақ
  • Келмамет
  • Әбілқайыр (Андрей Кучумович)
  • Би-Падишах
  • Молла
  • Есім
  • Қанай
  • Әзім

Көшімнің өлімінен кейін 1601 жылы сібір тағына үлкен ұлы Әли отырды. Ол 1608 жылы орыс тұтқынына түсіп, Ярославльге жер аударылды. Ханның мирасқорлары Абылайкерім мен Керей сұлтандар сібір татарларының 1620-1630 жылдары орын алған көтерілістеріне белсене қатысқан. Алайда олар қалыптасқан саяси жағдайды өзгерте алмады.

Көшім ханның Едігер мен Бекболат бастаған әскерімен шайқасы. Кунгур жылнамасы
Көшім ханның Қазандағы үйлену тойы. Кунгур жылнамасы
Көшім ханның чуваштардан, Қазақ Ордасынан, вогулдардан, остяктардан әскер жасақтауы. Кунгур жылнамасы
Көшім ханның Қашлықтан қашып, Қазақ Ордасына бет алуы. Кунгур жылнамасы
  • Атласи Х. История Сибири. — Казань: Татар. кн. изд-во, 2005. — 96 с.
  • Катанов Н.Ф. Предания тобольских татар о Кучуме и Ермаке // Ежегодник Тобольского губернского музея. Вып. 5. Тобольск, 1896. С. 1–12.
  • Маслюженко Д. Н., Рябинина Е. А. Реставрация Шибанидов в Сибири и правление Кучум хана во второй половине XVI века // Средневековые тюрко-татарские государства / Отв. ред. И. К. Загидуллин. — Казань: Институт истории им. Ш. Марджани АН РТ, 2009. — С. 97—111. — 232 с. — 500 экз. — ISBN 978-5-98245-048-7.
  • Матвеев А. В., Татауров С. Ф. Сибирское ханство Кучума царя. Некоторые вопросы государственного устройства // Средневековые тюрко-татарские государства / Отв. ред. И. К. Загидуллин. — Казань: Институт истории им. Ш. Марджани АН РТ, 2009. — С. 112—117. — 232 с. — 500 экз. — ISBN 978-5-98245-048-7.
  • Матвеев А.В., Татауров С.Ф. Сибирское ханство: военно-политические аспекты истории. Казань: Фэн АН РТ, 2012. 260 с.
  • Миллер Г.Ф. История Сибири. Кн.1. М.-Л.: Изд-во Академии наук СССР, 1937. 662 с.
  • Посольские книги по связям России с Ногайской Ордой. 1561-1566 гг. Публикация текста / [сост. Д. А. Мустафина ; авт.предисл. В. В. Трепавлов]. - Казань : Татар. кн. изд-во, 2018. - 231 с., илл.
  • ПСРЛ, 1987 – Полное собрание русских летописей. Т.36. Сибирские летописи. Ч.1. Группа Есиповской летописи. М.: Наука, 1987. 383 с.
  • Родословное древо тюрков. Сочинение Абуль-Гази, хивинского хана. Пер. и предисл. Г.С.Саблукова. Казань: Тип. Имп. ун-та, 1906. 352 с.
  • Трепавлов В.В. Сибирский юрт после Ермака: Кучум и Кучумовичи в борьбе за реванш. М.: Вост.лит., 2012. 231 с.
  • Тюменское и Сибирское ханства / под ред. Д. Н. Маслюженко, А. Г. Ситдикова, Р. Р. Хайрутдинова. — Казань: Издательство Казанского университета, 2018. — 560 с. — ISBN 978-5-00130-021-2.