Киттәрізділер

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Киттәрізділер
Қазбалық ауқымы: 55–0 Ma Early Эоцен – Present
Megaptera novaeangliae
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Хордалылар
Табы: Сүтқоректілер
Кіші табы: Ұрықжолдастылар
Ұлы сабы: Laurasiatheria
Сабы: Cetacea
Матюрен Жак Бриссон, 1762
Кіші саптары

Mysticeti
Odontoceti
Archaeoceti

Киттәрізділер (лат. Cetacea) – суда тіршілік ететін сүтқоректілер отряды.

Ғалымдар киттердің арғы тегі құрлықта тіршілік еткен ежелгі тұяқтылар не қарапайым жыртқыштар (креодонттар), тіпті, бор кезеңінің жәндікқоректілері де болуы мүмкін деген болжам айтады. Бұлардың қазба қалдықтары төменгі эоцен дәуірінен сақталған. Қазақстанда Маңғыстау түбегінен төменгі сармат қабатынан табылған.

Қазіргі кезде киттердің 2 отряд тармағына (тісті киттер және мұртты киттер) жататын 38 туысы, 80-нен астам түрі мұхиттарда, теңіздерде, кейбір түрлері (дельфиндер) өзендерде таралған[1].

Биологиялық сипаттамасы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Денесінің ұзындығы 1,1 – 33 м-ге дейін, салмағы 30 кг-нан 150 т-ға дейін жетеді. Дене пішіні жұмыр қос қалақты терілі, құйрық жүзбеқанаты көлбеу бағытта орналасқан. Көпшілік түрінің басы жалпақ, мойны айқын байқалмайды. Алдыңғы аяқтары ескекке айналған. Артқы аяқтары жойылған, тек жамбас сүйектерінің (кей түрінде ортан жіліктің) қалдықтары сақталған. Киттердің терісі түксіз жалаңаш, тері астында май қабаты жақсы жетілген (қалыңдығы 18 – 50 см). Бұл дене температурасын реттеуге қатысады.

Терісінде май, тері бездері болмайды, сүт бездері жақсы жетілген.

Тыныс алу мүшесі – танау тесігі (1 не 2) төбесіне қарай орналасқан. Ол тек тыныс алу-шығару кезінде ғана ашылады.

Киттердің қанының құрамында гемоглобиннің, бұлшық еттерінде ерекше ақуызды зат – миоглобиннің болуы су астында 30 – 40 мин (кейде одан да ұзақ) тыныс алмай тіршілік етуіне септігін тигізеді.

Барлық киттердің ауыз қуысы өте үлкен. Бұлар тісі ең көп жануарларға жатады, мысалы, тісті киттің тісінің саны 272 болса, Амазонка дельфинінің бір ғана үстіңгі сойдақ тісі алға қарай 3 м-дей созылыңқы болады.

Киттердің миы күрделі құрылысты әрі жақсы дамыған. Олардың сезу мүшесінің қызметін қылшықты мұртшалары атқарады. Көзі су астында, су үстінде де жақсы көреді. Киттердің есту мүшесі жақсы дамыған, құлақ қалқаны болмайды. Қорегін тұтастай жұтады. Сілекей бездері болмайды. Қарны күрделі құрылымды (3 – 14 бөлімнен тұрады).

Киттердің көпшілігі – моногамды. Олар 2 – 6 жаста жыныстық жағынан жетіледі. Екі жылда бір рет балалайды. Буаздық мерзімі 10 – 12 ай. Аналығының жыныс саңылауының екі бүйірінде 2 емшегі болады. Арнайы бұлшық еттердің жиырылып-жазылуынан сүт баласының аузына шашырайды. Киттер баласын 4 айдан (майда дельфиндер) 1 жылға дейін (кашалоттар) емізеді. Киттің сүті өте құнарлы: сиыр сүтімен салыстырғанда май 10 есе, белок 3 есе көп. Баласы тәулігіне 450 л-ге дейін сүт емеді, 4 см-ден астам өсіп, 90 кг-дай салмақ қосады.

Табиғатта 30 – 50 жылдай тіршілік етеді. Көпшілік түрі топталып, үйірленіп жүреді, теңіз жануарларымен қоректенеді.

Экологиялық жағдайы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Киттердің саны жылдан-жылға азаюда, әсіресе, ірі киттердің біраз популяциясының жойылып кету қаупі бар. Сондықтан кит аулау кәсібін реттеу мақсатында Халықаралық комиссия (оған дүние жүзінің 20 мемлекеті мүше) ұйымдастырылған (1946). Киттердің санын сақтау үшін қорғауға алынып, олардың 18 түрі мен 1 түр тармағы Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген.[2]

Тыныс алу мүшесі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Киттер бастарының төбесінде орналасқан демтесіктері арқылы тыныс алады. Дем­тесік киттің кеңірдегі мен өкпесіне байла­нысады. Көп киттерде бір ғана демтесік болады. Алайда кейбіреулерінде екеу болуы мүмкін. Киттер дем шығарған кезде су мен ауа ағыны осы демтесік арқылы атқылап шығады.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Қ.Қайым,Б.Муханов,Р.Сәтімбекұлы,М.Шаймарданқызы, "Жануартану"(1998), 247б., ISBN 5-625-03599-7
  2. Қазақ Энциклопедиясы