Керқұлан
Керқұлан | ||||||||||||||||||
---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|---|
Амандық күйі | ||||||||||||||||||
Ғылыми топтастыруы | ||||||||||||||||||
| ||||||||||||||||||
Үш-есімді атауы | ||||||||||||||||||
Equus ferus przewalskii (Poliakov, 1881) | ||||||||||||||||||
Ареал
(қайта жерсіндірілген) | ||||||||||||||||||
Синонимдері | ||||||||||||||||||
hagenbecki Matschie, 1903 |
Керқұлан, Пржевальский жылқысы (лат. Equus ferus przewalskii) – тақтұяқты сүтқоректілердің жылқылар тұқымдасына жататын жабайы жылқы түрі. Кейде оны жойылып кеткен тарпаң жабайы жылқысының түр тармағы деп те есептейді. Денесінің ұзындығы 230 см, шоқтығына дейін биікт. 130 см, салм. 300 кг-дай. Биелері айғырларынан кіші. Денесін бозғылт қызыл сары түк басқан, жон арқасында ұзына бойы созылған жіңішке түкті белдік тәрізді қарақошқыл жолағы болады. Керқұланды 1878 ж. Орталық Азияға жасаған саяхаты кезінде Н.М. Пржевальский Қытайдағы Жоңғарияның шөлді аймағынан кездестіріп, терісі мен бас сүйегін Ресейге алып келген. Оны зерттеген орыс ғалымы И.С. Поляков (1845 – 1887) мұның жабайы жылқының жеке түрі екенін анықтап, Н.М. Пржевальскийдің құрметіне “Пржевальский жылқысы” деп атаған.
Сақтап қалуға әрекет
[өңдеу | қайнарын өңдеу]19 ғ-ға дейін керқұлан Қазақстанның, Моңғолияның, Қытайдың құрғақ далалы, шөлейтті-шөлді аймақтарында кең таралған. Жылқы малының білгір маманы, қытайлық қазақ ғалымы М.Қалиасқарұлының “Қазақтың жылқы шаруашылығының шежіресі” деген кітабында Керқұланға мынадай сипаттама берген: “Тұрқы 2 м, биікт. 1,5 –1,3 м, мойны қысқа, әрі жуан, жалы – тік, қысқа әрі сирек, қайратты келеді. Басы үлкен, кеңсірігі жалпақ. Танауы, астыңғы ерні мен иегіне сояуша түк өседі. Құлағы қысқа, қалың, ұшында жарты ай тәрізді ойығы болады...”. Керқұлан – өте қағылез сақ жануар. 10 – 20-дан топтанып үйір құрады. Қыс мезгілінде шағын үйірлер бірігіп қос құрайды. Олар бетеге, ақшөп, теріскен, итсигек, сексеуіл, ермен, жыңғыл, тасбүрген, селеу, дүзгенді, т.б. сүйсініп жейді. Керқұлан, көбінесе, қақ суларын ішеді. “Қағынан жеріген құлан қаңғырып өлер” деген қазақтың дана сөзі соған байланысты айтылған. Қазақстанда 1868 – 71 ж. Керқұлан ның Іле мен Қаратал өзендерінің аралығында, Ертіс өңірінде таралғандығы туралы да мәліметтер кездеседі. Бірақ 20 ғ-дың 60 – 70-жылдарынан кейін керқұлан қазақ даласында мүлде кездеспеген, кейін Қытай мен Моңғолия жерінен де біржола жойылған. Қазіргі кезде керқұлан дүние жүзінің кейбір зоол. бақтарында ғана сақталған. Керқұландарды сақтап қалу және көбейтіп, бұрынғы тарихи таралған аймақтарына қайта жерсіндіру шараларын жүргізу мақсатында Нидерланд мемлекетінде арнайы қор құрылды (1977). Керқұландарды қайта жерсіндіру жұмыстары Моңғолия жерінде де қолға алынған. Мюнхен зоол. бағында (Германия) керқұландарды қорғау, санын көбейту жұмыстары жүргізілуде. 2002 ж. осы бақтың директоры В.Хеннинг Алматыға арнайы келіп, Алматы зоологиялық бағынан таза қанды керқұлан ның “Липа” атты биесін Мюнхенге алып кетті. Керқұлан Халықаралық табиғат қорғау одағының “Қызыл кітабына” енгізілген.[1]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
Бұл — биология бойынша мақаланың бастамасы. Бұл мақаланы толықтырып, дамыту арқылы, Уикипедияға көмектесе аласыз. |