Мазмұнға өту

Квентин Тарантино

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Квентин Тарантино
ағылш. Quentin Tarantino
Сурет
Квентин Тарантино
Жалпы мағлұмат
Туған кездегі есімі

Квентин Джером Тарантино

Туған күні

27 наурыз 1963 (1963-03-27) (61 жас)

Туған жері

Ноксвилл, Теннесси, АҚШ

Азаматтығы

 АҚШ

Мамандығы

режиссёр
сценарийші
оператор
актер
кинопродюсер

Белсенді жылдары

1987 — қазіргі уақыт

Бағыты

тәуелсіз америкалық кино

Марапаттары

«Оскар» (1995, 2013)
«Алтын глобус» (1995, 2013)
«BAFTA» (1995, 2013)
«Алтын пальма бұтағы» (1994)

IMDb

ID 0000233

Квентин Джером Тарантино (ағылш. Quentin Jerome Tarantino, оқылуы Куэнтин; 27 наурыз 1963, Ноксвилл, Теннесси) — америкалық кинорежиссёр, сценарийші, кинооператор, актер және кинопродюсер. Кинодағы постмодернизмнің ең көрнекті өкілдерінің бірі. Тарантино 1994 жылы «Қойыртпақ шығарма» (Pulp Fiction) фильмі шыққаннан кейін әлемге әйгілі болды. «Канн кинофестивалінің» «Алтын пальма бұтағы» (1994), «Оскар» (1995, 2013), «Алтын глобус» (1995, 2013), «BAFTA» (1995, 2013) және тағы басқа көптенген марапаттарының лауреаты. «The Guardian» журналы оны әлемдегі ең үздік 40 режиссерлердің тізімінде 17 орынға қойды[1].

Жастық шағы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Квентин 1963 жылы 27 наурыз күні Теннесси штатының Ноксвилл қаласында дүниеге келді[2]. Әкесі италоамерикандық актер және музыкант Тони Тарантино, шешесі Конни Макхью Ирландиялық және Чероки халқының қаны бар медбике[3]. Ол шешесінің қолында тәрбиеленді, өйткені ата-анасы ол туғаннан бұрын ажырасқан. Кейін Квентин әкесін табу үшін ешқандай әрекет жасамаған[4].

Квентин екі жаста болғанда анасымен бірге Лос Анжелестың оңтүстігіндегі Торранс қаласына көшті. Лос Анжелесте оның бүкіл балалық шағы өтті. Анасы жергілікті музыкант Курт Заступилге екінші рет тұрмысқа шықты. Курт Квентинді ол екі жарым жасында болғанда асырап алып өз ата-тегін берді. Бірақ кейін актер болуға шешім қабылдаған Квентин сахна үшін біршама қолайлы Тарантино ата-тегіне оралды. Квентин сегіз жаста болғанда Курт және Конни ажырасқан.

Квентин түрлі сериалдар мен телешоуларды қарап, теледидардың алдында көп уақыт өткізген. «Эббот және Костелло Франкенштейнді кездестіреді» (Abbot and Costello meet Frankenstein) оның бала кезіндегі ең сүйікті фильмі болды. 15 жасында Квентин анасының үнсіз келісімімен мектепті тастайды. Бірақ Квентин анасына жұмысқа орналасу туралы уәде береді. Тарантино Торранстегі кинотеатрлардың бірінде билетёр ретінде бірінші жұмысын табады. Кеш уақыттарында ол Джеймс Бесттың актерлік шеберлік курстарына барады. 1981 жылдың қаңтар айында Джеймс Бест орталығында Квентин сценарист Крейг Хейменнмен кездеседі, кейін олар жақын дос әрі әріптес болады.

22 жаста Квентин «Видео мұрағат» бейнепрокатына жұмысқа орналасады. Бейнепрокатта ол Роджер Эверимен кездеседі. Олар күні бойы фильмдер туралы талқылайтын және клиенттеріне ұсынатын[5]. Квентин «Видео мұрағаттағы» өз жұмысын режиссер болуынан бұрын әлемдегі ең үздік жұмыс деп атайды. Ол адамдарға қандай фильмдер ұнайтындығына назар аударып осы тәжірибені өзінің келешек режиссерлік жұмысына пайдаланды.

Мансабының басталуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Голливудтық сауық кештердің бірінде Квентин продюсер Лоуренс Бендермен кездеседі. Бендер оны сценарий жазу бастауға көндірген. 1985 жылы Тарантино «Капитан Пичфуз және анчоустық бандит» деп аталатын алғашқы сценарийін жазды, алайда жүзеге асырылмады.

Тарантино әр түрлі киностудияларға өзінің алғашқы туындыларын ұсынып көп қиын жылдар өткізді. Ол өз туындыларын өзі түсірмек болған, бірақ талпыныстары сәтсіздікпен аяқталды.[6] Көп ұзамай Тарантино және досы Роджер Эвери «Менің ең жақын досымның туған күні» атты әуесқой фильмді түсіруге кірісті. Фильмнің соңғы отыз минуты монтаж кезінде зертханада шыққан өрт салдарынан жойылып кетті. Фильм аяқталмай қалғанымен сценарийі «Шынайы махаббат» фильмі үшін негіз болды. Осыдан кейін ол «Алтын қыздар» (The Golden Girls) телехикаясының бірінші және үшінші маусымында Элвис Пресли егізі рөлін сомдады[7].

Тарантиноның «Қоймалық иттер» атты алғашқы толық фильмнің сценарийі үш аптада жазылған. Квентин бұл фильмді минималды қаражатпен тіпті 16-мм камерамен ақ-қара таспаға түсіруге дайын болды. Бірақ атақты актер Харви Кейтель сценарийге қызығушылық танытқаннан кейін фильмнің бюджеті айтарлықтай өсті, өйткені жоба Live Entertainment компаниясынан қаржылық қолдауын алды. «Қоймалық иттер» көптеген көрсетілімдерінде кейбір көрермендер полиция қызметкеріне құлағын кесу көрінісіне шыдамай фильмнің ортасында кинотеатрдан шығып кетті.

« Зорлық-зомбылық - кинематографиялық әдістердін бірі.
Квентин Тарантино[8]
»

Бірақ жалпы алғанда, фильм жақсы кассалық жинақ алып сыншылар тарапынан жақсы бағаланған. Фильм Сандэнс кинофестивалінде көрсетіліп, тәуелсіз американдық кино тарихындағы үлкен маңыздыққа ие болды.

Көп ұзамай Тарантино сценарийімен түсірілген Тони Скоттың «Шынайы махаббат» және Оливер Стоунның «Өлтіру үшін жаралғандар» екі фильмі шықты. Стоун Тарантино сценарийіне елеулі өзгерістер енгізді. Сондықтан Квентин титрдан оның атын алып тастауын сұрады, бірақ ақыр соңында «Квентин Тарантино әңгімесі бойынша» тұжырымына келісті[9]. Айтпақшы, осы екі сценарийді Тарантино «Қоймалық иттерден» бұрын сатқан (тапқан ақшаны фильм түсіру үшін жұмсаған) өйткені осы фильмдерді өзі түсіруге инвестор таппаған.

Қойыртпақ шығарма

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Әйгілі би сценасы: Винсент Вега (Джон Траволта) және Миа Уоллес (Ума Турман) твист билеп жатыр

Тарантино 1994 жылы «Қойыртпақ шығарма» (Pulp Fiction) фильмі шыққаннан кейін әлемге әйгілі болды. Фильм бірнеше беделді марапаттар жеңіп, көптеген жанкүйерлерге ие болды. «Қойыртпақ шығарма» фильмінде Тарантиноның оригиналды стилі қалыптасты. Көріністерді хронологиялық тәртіппен емес көрсету, фильмді «тарауларға» бөлу, танымал «Тарантинолық» диалогтары (кейіпкерлері оқшуланған тақырыптарды ұзақ уақыт бойы талқылай алады — мысалы Мадоннаның «Like a Virgin» әнінің шынайы мағынасы немесе француз гамбургерлерінің атаулары) мен Тарантино көріп өскен ескі және Б-категориялық фильмдерге сілтеулер, оның негізгі ерекшеліктері.

Фильм көптеген актерлер мансабына үлкен әсер етті. Тарантино Марлен Дитрихпен салыстырған және «менің Клинт Иствудым[10]» деп атаған Ума Турман және Сэмюэл Лерой Джексон голливудтың жетекші актерлер санатына кірді, ал Джон Траволта 80-шы жылдардағы сәтсіздіктерден кейін онда оралды. Үшеуі де «Оскар» марапатына ұсынылды.

Барлығы фильм «Оскар» марапатына жеті номинация (оның ішінде үздік фильм) алған. Ең үздік сценарий номинациясында фильм «Оскар», «Алтын глобус», «BAFTA» және «Канн кинофестивалінің» «Алтын пальма бұтағын» жеңіп алды. «Қойыртпақ шығарма» IMDb сайтындағы ең үздік 250 фильмнің тізімінде үнемі бірінші ондығына кіреді[11]. Ал 2013 жылы мәдени, тарихи және эстетикалық құндылығы бар фильм ретінде Американың Ұлттық фильмдер реестріне енгізілді.

Роберт Родригес және Квентин Тарантино

Тарантино Роберт Родригеспен Торонто кинофестивалінде кездесті. Торонто кинофестивалінде Тарантино «Қоймалық иттер» фильмін, ал Родригес болса өзінің «Эль Мариачи» (El Mariachi) киносын көрсеткен. Екі режиссер тез арада тіл табысып араларында ортақ көп нәрсе бар екенін түсінді және ынтымақтасуға шешім қабылдады. Кейіннен олар жақын достар болады[12].

Олардың алғашқы бірлескен жобасы «Төрт бөлме» (Four Rooms) атты фильм болды. Бұл фильм төрт режиссер түсірген (Эллисон Андерс, Александр Рокуэлл, Родригес және Тарантино) төрт бөліктен тұрады. Фильмнің оқиғалары бір мейманханамен және бір кейіпкермен біріктірілген (Тим Рот ойнаған - портье Тед). Тарантино небәрі екі күн ішінде түсірген эпизоды Роалд Далдің «Оңтүстіктен келген адам» әңгімесіне негізделген[13]. Сыншылар мен көрермендер фильмді салқын қабылдады, алайда төрт бөліктің ішінде Тарантиноның эпизоды ең жақсы бағаланды[14][15].

1995 жылы Тарантино Родригестың «Эль Мариачи» жалғасы «Үмітсіз» (Desperado) фильмінде эпизодикалық рөлін ойнады. Сол жылы Квентин «Дестини радионы қосады» (Destiny Turns On The Radio) комедиясында рөл ойнайды және «Жедел жәрдем» (Emergency Room) телехикаясының бір эпизодын түсіріп, Тони Скотттың «Қызыл күрең толқын» (Crimson tide) фильмінің диалогтарын жазуына үлес қосып үлгерді.

1996 жылы «Күн батқаннан таң атқанша дейін» атты фильм шықты. Бастапқыда Тарантино бұл фильмді өзі қоюға және жетекші рөлін ойнауы жоспары болған. Бірақ кейін Родригеске режиссер болуға жол беріп, өзі сценарийді және өзінің рөлін жетіктіруге көңіл бөлді. Фильм тез арада әйгілі болды, ал Тарантино өзінің актер ретінде ең маңызды рөлдердің бірі — параноидалды психопат Ричи Гекконың рөлін сомдады[16]. Осыдан кейін Квентин Спайк Линің «Қыз № 6» (Girl 6) фильмінің эпизодында ойнады.

Джеки Браун

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тарантиноның үшінші фильмі Элмор Леонардтың «Ром пуншы» атты оның сүйікті романы бойынша түсірілген «Джеки Браун» болды. Фильмнің басты рөлін blaxploitation жанрының 70-шы жылдардың жұлдызы Пэм Гриер ойнады. «Джеки Браун» алдыңғы екі фильмдерге қарағанда сәл кем табыстарға жетті. Бірақ сонда да, фильмде екінші дәрежелі рөлін ойнаған Роберт Форстер «Оскар» марапатына ұсынылды, ал Сэмюэл Лерой Джексон «Берлин кинофестивалінде» ең үздік ер адам рөлі үшін берілетін «Күміс аю» жүлдесін жеңді.
Осыдан кейін Тарантино алты жылға режиссерлік жұмысынан сырт қалды. Осы уақыт бойы ол «Күн батқаннан таң атқанша дейін» фильмнің сиквелдерінің продюсері болып, кино мен теледидарда кіші рөлдер ойнайды. Мысалы, «Кішкентай Ники» (Little Nicky) комедиясында есі ауысқан соқыр ақырзаман уағыздаушы және «Лақап ат» (Alias) телехикаясында Маккенас Коул рөлі.

Биллды өлтіру

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Квентин Тарантино және Ума Турман

Тарантино 2003 жылы «Биллды өлтіру. Бөлім 1» фильмімен үлкен экранға оралды. «Биллды өлтіру» екі бөлімнен тұратын криминалды, шығыс жекпе-жек стиліндегі түсірілген фильм. Бірінші бөлігі — «Биллды өлтіру. Бөлім 1» 2003 жылдың күзінде, ал екіншісі — «Биллды өлтіру. Бөлім 2» 2004 жылдың көктемінде шықты. Фильмнің Беатрикс Киддо (Қара Мамба) атты басты кейіпкерін Тарантиноның шабыты Ума Турман сомдады. Фильмде Тарантино Уся жанры (шығыс жекпе-жек мол көрсетумен ерекшеленетін қытайлық фэнтези), «джалло» жанрындағы итальяндық триллер және спагетти-вестернге құмарлығының әсері көрініс тапты.

Маған спагетти-вестерннен бастап самурайлық киноға дейін барлық жанрлар ұнайды.

— Квентин Тарантино[17]

«Биллды өлтіру» Тарантиноның бұрын шыққан фильмдері сияқты хронологиялық тәртіппен емес көрсетілген, және қанды көріністері үшін (әсіресе бірінші бөлім) кейбір көрермендер мен сыншылар тарапынан айыпталды. «Биллды өлтіру» екі бөлімі де ең үздік экшн немесе қызық оқиғалы фильм номинациясында «Сатурн» марапатын жеңді.

Кейін Тарантино «CSI: Қылмыс жеріндегі тергеу» (CSI: Crime Scene Investigation) сериалдың бесінші маусымының екі бөліктен тұратын «Үлкен қауіп» (Grave Danger) атты соңғы эпизодын түсірді. Бұл эпизодта Ник Стоукс, «Биллды өлтіру» басты кейіпкері Беатрикс Киддо сияқты, тірідей жерге көмілгені жағдайы суреттелді. Бұл екі сериялы эпизод 2005 жылы DVD-де шықты. Осы еңбегі үшін, Тарантино ең үздік драмалық телехикая режиссері номинациясында «Эмми» марапатына ұсынылды.

Грайндхаус

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Грайндхаус постері

2005 жылы Роберт Родригестың нео-нуар стиліндегі түсірілген «Күнәлар қаласы» фильмі шықты. Квентин осы фильмде арнайы шақырылған режиссер ретінде Клайв Оуэн және Бенисио дель Торомен бір эпизодын түсірді.

Тарантино мен Родригестың келесі бірлескен жұмысы 2007 жылы шыққан «Грайндхаус» болатын. «Грайндхаус» Тарантиноның «Өлімнен қорғалған» (Death Proof), Родригестың «Қорқыныш планетасы» (Planet Terror) фильмдерінен және түсірілмеген фильмдердің трейлерлерінен тұрады. Бірнеше жылдан кейін Родригес «Мачете» трейлерін толық метражды фильмге дейін кеңейткен.

Грайндхаус — бұл Б-категориялы фильмдерді көрсетумен мамандандырылған кинотеатр. Сондай кинотеатрлар АҚШ-та 70-шы жылдарда үлкен сұранысқа ие болды. Бұл уақыт эксплойтейшн жанрындағы фильмдердің есею дәуірі болатын. Эксплойтейшн жанры Тарантино мен Родригестің режиссерлік стилі қалыптастыруына үлкен әсер етті және екеуі де осы жанрдың үлкен табынушылары болып табылады.

«Өлімнен қорғалған» және «Қорқыныш планетасы» бір-бірінен тәуелсіз сюжетпен түсірілгеніне қарамастан, олар бірнеше ортақ кездерімен байланысқан және төмен бюджетті кино эстетикасын ұстануға тырысты.
67 миллион бюджеті бар «Грайндхаус», америкада кассалық жинақтары 25 миллионға дейін әзер жетті. Ондай сәтсіздіктен кейін фильм продюссерлері ағайынды Вайнштейндер «Грайндхаусты» бөліп, әр бөлігін жеке шығару туралы шешім қабылдады. Тарантино мен Родригес өз фильмдерін қайта құрастырып, екі сағаттық форматқа дейін кеңейткеннен кейін «Грайндхаус» европалық прокатта бөлініп көрсетілді.

2012 жылдың қараша айында, «The Hollywood Reporter» журналға берген сұхбатында Тарантино «Өлімнің дәлелі» өзінің ең нашар фильмі деп атады[18]. Бірақ қаржылық сәтсіздік сыншылар арасында жоғары бағаға ие болуына кедергі жасамаған. «Өлімнен қорғалған» фильмі «Канн кинофестивалінің» негізгі конкурстық бағдарламасына енуі осыған дәлел[19].

Соңғы жұмыстары

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Квентин Тарантино 2007 жылы

Тарантино Екінші дүниежүзілік соғыс туралы фильмді түсіру жоспарлары бар екенін 2001 жылы айтқан болатын. Бұқаралық ақпарат құралдарынан шыққан мәліметтер бойынша басты рөлін Майкл Мэдсен сомдайды, ал фильмнің өзі 2004 жылы шығуы тиіс болатын. Алайда 2002 жылы Тарантино фильм өндірісі жоспарланғаннан әлдеқайда көп уақыт алатындығын түсінді. Сондықтан жобаны кейінге қалдырып, «Биллды өлтіру» фильмін түсіруге көшті[20].

Нәтижесінде «Атақсыз шаталар» (Inglourious Basterds) фильмі тек қана 2009 жылы шыққан. Режиссер сценарийді жеті жыл бойы өзі жазған. Фильмде Тарантино көрермендерге Екінші дүниежүзілік соғыстың баламалы қорытындысын ұсынып, көптеген стереотиптерді теріс айналдырады. Мысалы фильмнің басты кейіпкерлері — нацисттерді қатыгездікпен өлтіріп, бас терісін сыпыртын американдық еврейлердің қарулы жасағы.
Фильм прокатта 320 миллионнан астам қаржы жинап[21], «Оскар» марапатына тоғыз номинация алды. Ал штандартенфюрер Ганс Ланда атты кейіпкерін ойнаған австриялық актер Кристоф Вальц екінші дәрежелі ер адам рөлі үшін «Оскар», «Алтын глобус» және «BAFTA» марапаттарын жеңді.

2011 жылы Тарантино еркіндік алған бұрынғы құл Джанго және оның құлдықтағы әйелін іздеу тарихы баяндайтын «Азат етілген Джанго» (Django Unchained) атты жаңа спагетти-вестернді түсіру бастайтындығын жариялады[22]. Ұзақ уақыт бойы фильмнің басты рөлін Уилл Смит ойнайды деп саналды[23], бірақ Тарантино мен Смит, Кэлвин Кэндині кім өлтіруі тиіс мәселесі бойынша келіскен жоқ. Смит оны Джанго жасау тиісті деп талап етті, ал Тарантино оны доктор Шульц жасау тиісті екенін айтты, өйткені Кэлвин Кэнди өлтіруі тек қана қарапайым кек алу ретінде бағаланушы еді. Нәтижесінде Джанго рөлі Джейми Фокске тиді, ал Уилл Смит фильмді көргеннен кейін өз таңданысын білдірді. Осы фильм үшін Тарантино ең үздік сценарий номинациясында өзінің екінші «Оскар» марапатын женді.

2015 жылдың қаңтар айында Тарантино өзінің «Жексұрын сегіздік» (The Hateful Eight) атты жаңа вестерн жанрындағы фильм түсіруіне кірісті.[24] Фильмнің премьерасы 2015 жылдың 13 қараша күніне жоспарланып отыр.

Басқа жобалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Іске асырылмаған жобалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тарантино Джеймс Бонд туралы «Казино Рояль» (Casino Royale) атты фильмін түсіруге ниетін ашық білдірген болатын. Бірақ бұл бастама продюссерлер тарапынан қолдау таппады[25].

«Атақсыз шаталар» фильмнің Ұлыбритания прокатына шығудың алдында, Тарантино жазушы Лен Дейтонның шпиондық туындылары бойынша фильм түсіру ойы бар екенін айтты. «Берлиндағы Гейм» («Berlin Game»), «Мехикодағы Сет» («Mexico Set») және «Лондондағы Матч» («London Match») атты үш бөліктен тұратын бұл трилогия, басты кейіпкер - құпия барлау қызметінде қырғи қабақ соғысының соңғы жылдарында жұмыс істейтін жасамыс барлаушы Бернард Самсонмен біріктірілген[26].

«Биллды өлтіру. Бөлім 2» фильмнің алғашқы көрсетілімнің алдында Тарантино 10—15 жылдан кейін қанды тарихтың жалғасын түсіру жоспарлары туралы айтқан болатын. Режиссер Ума Турман сомдайтын Беатрикс Киддо (Қара Мамба) үшінші бөлігінде негізгі кейіпкер болмайды деп хабарлады. Сиквел сюжеті енді Вернита Гриннің қызы Никки айналасында өрістеледі. Беатрикс Киддо бірінші бөлімде Никкинің көз алдында оның анасын өлтіріп, ол өскеннен кейін кек алуға мүмкіндігі болатындығын айтады. Тарантино сөздері бойынша Биллдың барлық ақшасы Софиге тиеді де ол Никкиді тәрбиелеп өсіреді. Никки өскеннен кейін ол өлтірілген анасы үшін кек алу жолын бастайды[27]. Бірақ 2012 жылдың желтоқсан айында Тарантино жалғасын түсіруіне қызығушылығын жоғалтқаны туралы айтты: «Мен фильмнің үшінші бөлімі бола ма, болмай ма, білмеймін. Мүмкін. Бірақ ең дұрысы жоқ»[28].

Продюссерлік жобалар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Соңғы жылдары, Тарантино АҚШ-та шығатын шетел фильмдерге көбірек назар аудару үшін Голливудтағы өз ықпалын пайдаланды. Тарантиноның продюссерлігімен шығатын кейбір фильмдер «Квентин Тарантино ұсынады» деген жазуымен белгіленген. Оңдай фильмдердің алғашқысы - 2001 жылы шыққан гонконгтық «Темір маймыл» фильмі. Квентин бұл фильмнің авторлық құқықтарын сатып алып үлкен экранға шығарды. Атақты режиссердың қолдауы үлкен әсерін тігізді. Фильмнің кассалық жинақтары бюджеттен жеті ессе асты.

2004 жылы Тарантино қытайлық «Батыр» фильмін Америка көрермендеріне ұсынды. Фильм бірінші жұмасында 18 млн. табыс жинап кассалық жинақтар бойынша бірінші орынға шығуы көп адамды таңқалдырды. Барлығы 53 млн. жинап, «Батыр» Америка тарихында ең табысты шетелдік фильмдер рейтингінде 3-ші орынға орналасты.

2006 жылы ол америкалық хоррор-триллер «Хостел» және тайландтық шығыс жекпе-жек жанрындағы «Айдаһар намысы» (немесе Том Юм Гунг), ал 2008 жылы «Тозақ сапары» (Hell Ride) фильмдерінің продюссері болды.

1991 жылы Тарантино және оның досы Лоуренс Бендер, «A Band Apart» кинокомпаниясын құрды[29] . Компанияның аты Жан-Люк Годардың «Bande à Part» фильмнен алынған. Ал компанияның логотипі «Иттер қоймасы» кейіпкерлердің стильдендірілген бейнесі болды. Компанияның қызметіне Тарантинодан басқа Роберт Родригес, Джон Ву, Тим Бёртон, Стив Бушеми, Даррен Аронофски және Люк Бессон секілді тұлғалар өз уақытында араласқан болатын. Компания 2006 жылдың маусым айында жабылды. «А Band Apart» 2009 жылы шығарылған «Атақсыз шаталар» фильмнің титрлерінде бар, бірақ компания фильм үшін қайта қүрылғаны туралы ешқандай дәлел жоқ.

Режиссерлік стиль

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Тарантиноның американдық кинематографистердің алдыңғы ұрпағынан айырмашылығы, ол кино өнерін өздігінен зерттеп үйренді. Оның кинематографиялық мәнері поп-мәдениет және артхаустық киноның өзіндік қосылу әсерінен дамыды[30]. Тарантиноның барлық фильмдері тек қана оған тән, басқа режиссерлермен шатастырмас арнайы мәнері бар. Ең алдымен ол сызықсыз құрылым, дәстүрлі емес баяндау, зорлық-зомбылықты көркемдеу және ұзақ диалогтар.

Фильмдерде жарнама орналастыруын жек көргендіктен, ойдан шығарылған брендтерді жасайды. Мысалы, оның бірнеше фильмдерінде «Қызыл алма» (Red Apple) темекісі бар[31].

Кейіпкерлер жиі қара-ала түсті шалбарлы костюмге киінген. Басты кейіпкерлері кем дегенде бір ірі қылмыс жасаған (көбінесе - кісі өлтіру, кейбір фильмдерде - қарақшылық). Оның барлық дерлік фильмдерде лақап және бүркеншік аттарды пайдаланады. Кейіпкерлер жиі кафе немесе мейрамханада отырып тамақ туралы әңгіме айтады.
Тарантино туындыларында ол сүйіп өскен фильмдерге көптеген сілтемелер бар[32].

Оның барлық дерлік фильмдерінде («Өлімнен қорғалған» фильмнен басқа) «Мексикандық тұйық» сценасы бар. «Мексикандық тұйық» ол үш немесе одан да көп адам бір мезгілде бір-біріне қару бағыттауы[33].

Тарантиноны сыншылар тарапынан жақсы бағаланған және ең табысты режиссерлер қатарына жатқызуға болады. Режиссер жарқын және есте қаларлық бірнеше бейнелер тудырып, кино әлеміне өз эстетикасын және белгілі бір тартымдылықты енгізді. Алайда, Тарантино әр түрлі уақытта және әр түрлі себептермен қатты сынға ұшырады. Квентинның жанкүйерлері мен табынушылардан басқа көптеген жек көрушілері де бар.

Тарантино басқа мәдениеттерге тым әдепсіз қатынасы үшін сыналды. Оның фильмдеріндегі кейбір сөйлемдер нәсілшілдік ретінде қабылдануы мүмкін. Әсіресе ол режиссер көп қолданылытын «ниггер» сөзімен байланысты.

Сонымен қатар режиссер фильмдерде зорлық-зомбылықты шамадан тыс көрсетілуі үшін айыпталады. Бірақ кейбір сыншылардың айтуынша Тарантино зорлық-зомбылықты көрермендерде күшті сезімдер туғыздыру үшін қолданады[34] және ол баяндау құралы болып табылады.

Оның фильмдерінде тым көп диалогтар бар екені жиі айтылады. Және кейбір көрермендер оларды қызықсыз деп санайды.

Жеке өмірі

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Квентин көптеген әйгілі әйелдермен романтикалық қарым-қатынаста болған, оның ішінде режиссерлер Эллисон Андерс және София Коппола[35], актрисалар Мира Сорвино[36] және Джули Дрейфус. Сондай-ақ режиссердің Ума Турманмен қарым-қатынасы туралы өсектер болған. Алайда, Тарантино бұл қауесетті жоққа шығарды.

2017 жылдың 30 маусымында Тарантино музыкант Цвика Пиктің қызы Израильдік әнші Даниэлла Пикпен[37] некелесті. Олар 2009 жылы Тарантино Израильде «Атақсыз шаталар» промо турында болған кезде кездесті.[38] 2018 жылдың 28 қарашасында ерлі-зайыптылар Лос Анжелесте жасырын үйлену тойын өткізді.[39]

2020 жылдың 22 ақпанында Израильде ұлы Лео дүниеге келді.[40][41] 2022 жылдың 2 шілдесінде Тель-Авивте қызы дүниеге келді.[42] Тарантино отбасы Тель-Авивте, Рамат-Авив Гимель ауданында тұрады.[43]

Тарантиноның жақсы достар қатарына Пол Томас Андерсон, Харви Кейтель, Кевин Смит және Роберт Родригес кіреді.
Тарантино «Half-Life» компьютерлік ойынды жақсы көреді және ол ойынды экрандау мүмкіндігі туралы айтқан болатын. 2004 жылы XXVI Мәскеу кинофестиваліне келіп, Тарантино Борис Пастернактың бейітінің басына барып қайтты. Аудармашының айтуынша Тарантино Борис Пастернактың үлкен табынушысы болып табылады[44][45].

Кинофестивальдерде төрағалық

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2004 жылы Тарантино «Канн кинофестивалінің» негізгі конкурстық бағдарламасы әділ қазылар алқасының төрағасы ретінде жұмыс атқарған[46]. Сол жылы «Алтын пальма бұтағын» Майкл Мурдың «Фаренгейт 9/11» жанжалды деректі фильмі жеңіп алды. Қазылар алқасының таңдауы туралы түсініктеме беріп, Тарантино ол саяси көзқарасқа байланысты емес деп мәлімдеді.
2010 жылы Тарантино «Венеция кинофестивалінің» әділ қазылар алқасы төрағасы болды[47]. Сол жылы «Алтын арыстан» жүлдесі София Копполаға тиді.

Фильмографиясы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Жыл Қазақша аты Түпкі аты
1992 Қоймалық иттер Reservoir Dogs
1994 Қойыртпақ шығарма Pulp Fiction
1997 Джеки Браун Jackie Brown
2003 Биллды өлтіру. Бөлім 1 Kill Bill Volume 1
2004 Биллды өлтіру. Бөлім 2 Kill Bill Volume 2
2007 Өлімнен қорғалған Death Proof
2009 Атақсыз шаталар Inglourious Basterds
2012 Азат етілген Джанго Django Unchained
2015 Жексұрын сегіздік The Hateful Eight
2019 Голливудта болған оқиға Once Upon a Time in... Hollywood

Жүлделер мен рейтингтер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Жүлделер мен номинациялар

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Жыл Фильм Жүлде Санаты Қорытынды
1992 «Қоймалық иттер» «Сандэнс кинофестивалі» Ең үздік драмалық фильм Номинация
«Тәуелсіз рух» Ең үздік дебюттық фильм Номинация
Ең үздік режиссер Номинация
«Торонто кинофестивалі» Халықаралық сыншылар сыйлығы Жеңіс
«Каталония кинофестивалі» Ең үздік режиссер[48] Жеңіс
Ең үздік сценарий[48] Жеңіс
1993 «Шынайы махаббат» «Сатурн» Ең үздік сценарий Номинация
1994 «Қойыртпақ шығарма» «Оскар» Ең үздік оригиналды сценарий[49] Жеңіс
Ең үздік режиссер Номинация
«Алтын глобус» Ең үздік сценарий Жеңіс
Ең үздік режиссер Номинация
«BAFTA» Ең үздік оригиналды сценарий[50] Жеңіс
Ең үздік режиссер[51] Номинация
Ең үздік фильм[52] Номинация
«Сезар» Шетел тіліндегі ең үздік фильм[53] Номинация
«Канн кинофестивалі» Ең үздік фильм үшін «Алтын пальма бұтағы» Жеңіс
«Давид ди Донателло» Шетел тіліндегі ең үздік фильм[54] Жеңіс
«Эдгар марапаты» Ең үздік фильм[55] Жеңіс
«Тәуелсіз рух» Ең үздік режиссер Жеңіс
Ең үздік сценарий Жеңіс
1996 «Күн батқаннан таң атқанша дейін» «Сатурн» Ең үздік сценарий Номинация
Ең үздік екінші дәрежелі ер адам рөлі Номинация
1998 «Джеки Браун» «Берлин кинофестивалі» Ең үздік фильм үшін «Алтын аю»[56] Жеңіс
2003 «Биллды өлтіру. Бөлім 1» «Сатурн» Ең үздік режиссер Номинация
Ең үздік сценарий Номинация
«Спутник» Ең үздік оригиналды сценарий Номинация
2004 «Биллды өлтіру. Бөлім 2» «Грэмми» Ең үздік саундтрек Номинация
«Сатурн» Ең үздік сценарий Номинация
Ең үздік режиссер Номинация
2007 «CSI: Қылмыс жеріндегі тергеу»
(«Үлкен қауіп» эпизоды)
«Эмми» Ең үздік драмалық телехикая режиссері Номинация
«Эдгар марапаты» Сериалдың ең үздік эпизоды[57] Номинация
2009 «Өлімнен қорғалған» «Канн кинофестивалі» Ең үздік фильм үшін «Алтын пальма бұтағы»[58] Номинация
2009 «Атақсыз шаталар» «Оскар» Ең үздік оригиналды сценарий[59] Номинация
Ең үздік режиссер[60] Номинация
«Алтын глобус» Ең үздік сценарий[61] Номинация
Ең үздік режиссер[62] Номинация
«BAFTA» Ең үздік оригиналды сценарий[63] Номинация
Ең үздік режиссер[64] Номинация
«Канн кинофестивалі» Ең үздік фильм үшін «Алтын пальма бұтағы»[65] Номинация
«Сатурн» Ең үздік сценарий Номинация
Ең үздік режиссер Номинация
2012 «Азат етілген Джанго» «Оскар» Ең үздік оригиналды сценарий Жеңіс
«Сыншылар таңдауы кинопремиясы» Ең үздік оригиналды сценарий Жеңіс
«Алтын глобус» Ең үздік сценарий Жеңіс
Ең үздік режиссер Номинация
«BAFTA» Ең үздік оригиналды сценарий Жеңіс
Ең үздік режиссер Номинация
«Сатурн» Ең үздік сценарий Жеңіс
2015 «Жексұрын сегіздік» «Алтын глобус» «Үздік сценарий» Номинация
BAFTA «Үздік түпнұсқалық сценарий» Номинация
«Critics’ Choice Movie Awards» «Үздік түпнұсқалық сценарий» Номинация
АҚШ Ұлттық киносыншылар кеңесі «Үздік түпнұсқалық сценарий» Жеңіс
2019 «Голливудта болған оқиға» «Оскар» «Үздік фильм» Номинация
«Үздік режиссура» Номинация
«Үздік түпнұсқалық сценарий» Номинация
«Алтын глобус» «Үздік режиссура» Номинация
«Үздік сценарий» Жеңіс
BAFTA «Үздік фильм» Номинация
«Үздік режиссура» Номинация
«Үздік түпнұсқалық сценарий» Номинация
«Сыншылар таңдауы» «Үздік режиссура» Номинация
«Үздік түпнұсқалық сценарий» Жеңіс
«Спутник» «Үздік режиссура» Номинация
«Үздік түпнұсқалық сценарий» Номинация
AACTA «Үздік режиссура» Жеңіс
«Үздік сценарий» Номинация
«АҚШ режиссерлер гильдиясының сыйлығы» «Үздік толықметражды фильм режиссері» Номинация
«АҚШ Ұлттық киносыншылар кеңесі» «Үздік режиссура» Жеңіс
«Сезар» «Үздік шетелдік фильм» Номинация
«Канн кинофестивалі» «Алтын пальма бұтағы» Номинация
2021 «Сатурн» «Үздік фэнтези-фильм» Жеңіс

Рейтингтер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

2004 жылы «Premiere» журналының ең ықпалды тұлғалар тізімінде 81 орын алды. 2005 жылы британдық «Empire» журналының әлемнің ең үздік режиссерлер тізімінде 8 орында орналасты[66].2007 жылы «Total Film» журналы Тарантиноны барлық уақыттағы ең үздік режиссерлер тізімінде 12 орынға қойды[67]. Сол жылы «The Daily Telegraph» нұсқасы бойынша «Біздің заманымыздың 100 кемеңгері» тізімінде болған[68]. Ал 2008 жылы IMDB фильмнің орташа рейтингі негізінде, кем дегенде 4 толықметражды фильм түсірген қазіргі заманғы режиссерлер рейтингін жариялады. Осы тізімде Тарантино 8,12 орта бағамен бірінші орынға жайғасты[69]. «FHM» нұсқасы бойынша «әлемдегі бүкіл уақыттағы ең үздік 100 фильм» тізімінде Тарантиноның алты туындысы бар : «Қойыртпақ шығарма» (№ 1), «Қоймалық иттер» (№ 11), «Биллды өлтіру. Бөлім 1» (№ 25), «Биллды өлтіру. Бөлім 2» (№ 26), «Күн батқаннан таң атқанша дейін» (сценарийші) (№ 73), «Шынайы махаббат» (сценарийші) (№ 75)[70].

Тағы қараңыз

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. The Fifty Best Living Directors  (ағыл.). Paste Magazine. Тексерілді, 18 наурыз 2012.
  2. "Monitor". Entertainment Weekly (1252): 30. наурыз 29, 2013. 
  3. Quentin Tarantino Biography (1963–). Film Reference. Тексерілді, қаңтар 9, 2008.
  4. Quentin Tarantino Biography  (ағыл.). Yahoo! Movies. Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 24 қазан 2010.
  5. Ken P. An Interview with Danny Strong  (ағыл.). 19 мамыр 2003. movies.ign.com. Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 24 қазан 2010.
  6. Квентин Тарантино Биографиясы  (орыс.). Квентин Тарантино Ресей фан-сайты. Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 12 қаңтар 2010.
  7. «The Golden Girls» The Complete Fourth Season DVD Review  (ағыл.). Aaron Wallace (14 ақпан 2006). Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 10 қараша 2009.
  8. Michaela Latham. Interview Quentin Tarantino  (ағыл.). BBC. Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 9 қараша 2009.
  9. Fuller Graham Graham Fuller/1993 // Quentin Tarantino: Interviews / Peary, Gerald. — University Press of Mississippi, 1998. — P. 57–59. — ISBN 1578060516.
  10. Rocio Ayuso. «Thurman is my Clint Eastwood», says Tarantino  (орыс.). Лента.ру (30 сәуір 2004). Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 7 қараша 2010.
  11. 250 лучших фильмов всех времён по версии сайта IMDb
  12. Сергей Рахлин. Тарантино&Родригес: Служители культа  (орыс.). Ваш досуг (14 маусым 2007). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  13. Man From the South  (ағыл.). roalddahlfans.com. Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  14. Алекс Экслер. Рецензия на «Четыре комнаты»  (орыс.). Exler.ru (22 шілде 2004). Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 7 қараша 2010.
  15. Джон Сильвер. Рецензия на «Четыре комнаты»  (орыс.). kino.orc.ru. Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 7 қараша 2010.
  16. Виталий Шишикин. Ретроспектива "От заката до рассвета"  (орыс.). Видеодром. Мир фантастики (7 маусым 2011). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  17. Rolling Stone, 2003
  18. Quentin Tarantino Says DEATH PROOF Is the «Worst» Film He’s Ever Made Мұрағатталған 22 ақпанның 2014 жылы.
  19. Валерий Кичин. Каннский фестиваль показал отблески криминального смотрива  (орыс.). Российская газета (24 мамыр 2007). Тексерілді, 30 қаңтар 2010.
  20. Trivia for Inglourious Basterds  (ағыл.). IMDb. Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 30 қаңтар 2010.
  21. Inglourious Basterds: Box Office Mojo  (ағыл.). Box Office Mojo. Тексерілді, 17 наурыз 2012.
  22. Мэтт Голдберг. Quentin Tarantino’s Next Film Is a Spaghetti Western Starring Christoph Waltz  (ағыл.). Collider (28 ақпан 2011). Тексерілді, 17 наурыз 2012.
  23. Джанго неопределённый — Filmz.ru
  24. Quentin Tarantino Starts Shooting ‘Hateful Eight’, variety.com (қаңтар 23, 2015). Тексерілді қаңтар 24, 2015.
  25. Киностудия не доверила Квентину Тарантино съемки «Джеймса Бонда»  (орыс.). Утро. Ру (26 марта 2007). Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 9 қараша 2009.
  26. Квентин Тарантино признался в любви к английским детективам  (орыс.). Russian Fun Site (20 тамыз 2009). Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 10 қараша 2009.
  27. Тарантино собирается снимать третью часть «Убить Билла»  (орыс.). Lenta.ru (13 сәуір 2004). Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 10 қараша 2009.
  28. Квентин Тарантино утратил интерес к продолжению "Убить Билла"  (орыс.). podrobnosti.ua (12 желтоқсан 2012).
  29. Tarantino A to Zed: the films of Quentin Tarantino — B.T. Batsford, 1996. — P. 14. — ISBN 978-0-7134-7990-4.
  30. Quentin Tarantino  (ағыл.). MTV. Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 9 қараша 2010.
  31. Quentin Tarantino's trademarks  (ағыл.). tarantino.info. Тексерілді, 7 қараша 2010.
  32. Джефф Доусон. Квентин Тарантино  (орыс.). qtarantino.h11.ru (1995). Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 7 қараша 2010.
  33. Mexican Standoff  (ағыл.). tvtropes.org. Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 7 қараша 2010.
  34. Quentin Tarantino — Film Maker. BBC (4 мамыр 2004). Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 8 қараша 2010.
  35. Coppola and Tarantino Share Suite  (ағыл.). IMDb (17 мамыр 2004). Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 10 қараша 2009.
  36. Quentin Tarantino and Mira Sorvino are history  (ағыл.). South Coast Today. Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 10 қараша 2009.
  37. Квентин Тарантино женится на певице-еврейке  (орыс.). jewishnews.com.ua. Тексерілді, 16 наурыз 2020.
  38. Quentin Tarantino engaged to Israeli Daniela Pick. The Times of Israel (1 шілде 2017). Тексерілді, 3 шілде 2017.
  39. Helen Murphy Quentin Tarantino Is a Married Man! All About His Wife, Israeli Singer Daniella Pick. People.com (29 қараша 2018). Тексерілді, 29 қараша 2018.
  40. Юлия САЛЬНИКОВА | Сайт «Комсомольской правды» Квентин Тарантино впервые стал «молодым отцом» в 56 лет  (орыс.). KP.RU - сайт «Комсомольской правды» (23 февраля 2020). Тексерілді, 24 ақпан 2020.
  41. Квентин Тарантино впервые стал «молодым отцом» в 56 лет  (орыс.). Яндекс.Новости. Тексерілді, 24 ақпан 2020.
  42. Квентин Тарантино и Даниэлла Пик снова стали родителями (ru-RU) (7 мамыр 2022).
  43. Quentin Tarantino on Tel Aviv, missiles and learning Hebrew (en-US).
  44. Ольга Рудакова Тарантино плакал на могиле Пастернака. Комсомольская правда (21 маусым 2004). Басты дереккөзінен мұрағатталған 7 маусым 2013. Тексерілді, 6 маусым 2013.
  45. Тарантино и Пастернак. — Видео на портале youtube. Тексерілді, 6 маусым 2013.
  46. Quentin Tarantino President of the jury  (ағыл.). Канн кинофестивалі (2004). Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 24 қазан 2010.
  47. Venezia 67  (ағыл.). Венеция кинофестивалі (2010). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  48. a b Award “Maria honorífica”  (ағыл.). 25ed. Festival Internaciona de Cinema Fantàstic de Sitges (2/10 - 11/10). Каталония кинофестивалі (1992). Тексерілді, 2 қазан 2012.
  49. Directing  (ағыл.). The 67th Academy Awards (1995) Nominees and Winners (1994). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  50. Original Screenplay 1994  (ағыл.). Awards Database. BAFTA (1994). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  51. David Lean Award for achievement in Direction, The 1994  (ағыл.). Awards Database. BAFTA (1994). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  52. Film 1994  (ағыл.). Awards Database. BAFTA (1994). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  53. Palmares 1995 - 20 eme Ceremonie Des Cesar  (фран.). Сезар (1994). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  54. Miglior Film Straniero  (итал.). Vinctori 1995. Давид ди Донателло (1994). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  55. Edgars Database  (ағыл.). Vinctori 1995. Эдгар марапаты (1994). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  56. Competition  (ағыл.). Берлин кинофестивалі (1998). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  57. Edgars Database  (ағыл.). Vinctori 2006. Эдгар марапаты (2006). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  58. Official Selection 2007  (ағыл.). Канн кинофестивалі (2007). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  59. Writing (Original Screenplay)  (ағыл.). The 82nd Academy Awards (2010) Nominees and Winners. Оскар (2009). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  60. Directing  (ағыл.). The 82nd Academy Awards (2010) Nominees and Winners. Оскар (2009). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  61. Best Screenplay - Motion Picture  (ағыл.). The 67th Annual Golden Globe Awards (2010). Алтын глобус (2009). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  62. Best Director - Motion Picture  (ағыл.). The 67th Annual Golden Globe Awards (2010). Алтын глобус (2009). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  63. Original Screenplay 2009  (ағыл.). Awards Database. BAFTA (2009). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  64. Director 2009  (ағыл.). Awards Database. BAFTA (2009). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  65. Official Selection 2009  (ағыл.). Канн кинофестивалі (2009). Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  66. Greatest Film Directors  (ағыл.). Empire. filmsite.org. Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  67. Greatest Directors Ever - Part 2  (ағыл.). Total Film (20 тамыз 2007). Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 10 қараша 2009.
  68. Top 100 living geniuses  (ағыл.). The Daily Telegraph. Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 қазан 2012. Тексерілді, 2 қазан 2012.
  69. imdb қазіргі заманғы режиссерлер рейтигі  (орыс.). Tarantino News (5 марта 2008). Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 10 қараша 2009.
  70. Biography for Quentin Tarantino  (ағыл.). IMDb. Басты дереккөзінен мұрағатталған 23 тамыз 2011. Тексерілді, 11 қараша 2009.

Сыртқы сілтемелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Әдебиеттер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Квентин Тарантино: Интервью / Сост. Дж. Пири; Ағылш. аудару З. Абдуллаевой, В. Клеблеева, М. Теракопян, Н. Цыркун. — СПб.: «Азбука-классика», 2008. — 336 с.
  • Greene, Richard and K. Silem Mohammad, editors. Quentin Tarantino and Philosophy. Chicago: Open Court Books, 2007. ISBN 0-8126-9634-4
  • Jeff Dawson. Quentin Tarantino: The Cinema of Cool. қараша 1995, Applause Theatre Book Pub, ISBN 1-55783-227-7
  • Wensley Clarkson. Quentin Tarantino: Shooting From the Hip. 1996.
  • Jerome Charyn. Raised by Wolves: The Turbulent Art and Times of Quentin Tarantino. New York: Thunder’s Mouth Press, 2006. ISBN 1-56025-858-6
  • Jim Smith. Tarantino. London: Virgin Books Ltd., 2005. ISBN 0-7535-1071-5
  • Wensley Clarkson. Quentin Tarantino: The Man, The Myths and His Movies. London: John Blake, 2007. ISBN 1-84454-366-8
  • Jami Bernard. Quentin Tarantino: The Man and His Movies. New York: Harper Perennial / HarperCollins, 1995. ISBN 0-06-095161-3
  • Gerald Peary. Quentin Tarantino: Interviews. Jackson, MS: University Press of Mississippi, 1998.
  • Paul A. Woods. King Pulp: The Wild World of Quentin Tarantino. London: Plexus Publishing Limited, 1996. ISBN 0-85965-235-1