Мазмұнға өту

Иммунология

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Иммунология (иммунитет және грек. logos – ілім) – организмнің әртүрлі антигендерге (организмге түскен жат текті агенттер) молекулалық, жасушалық және басқа физиологиялық реакцияларын және осыған байланысты организмде пайда болатын өзіндік ерекше және өзіндік емес құбылыстарды зерттейтін медицина және биология ғылымдарының сабақтас саласы.


Иммунология организмнің қорғаныш қабілетін және онда пайда болатын иммунитетті зерттейді. Иммуналогия медицина, ветеринария, биология, т. б. көптеген ғылым салаларымен тығыз байланысты. Иммунологияның дамуына 18-ші ғасырдың аяғында медицина мен биологияда ашылған жаңалықтар үлкен ықпал етті.

Мысалы, 1796-шы жылы ағылшын дәрігері Э.Дженнер алғаш шешекке қарсы егуді ұсынып, соның нәтижесінде организмде иммунитет қалыптасатынын дәлелдеген. 1880-ші жылы Л.Пастер күйдіргі мен құтыруға қарсы егілетін вакцинаны тапты. 1887-ші жылы И.И.Мечников ғылымдағы үлкен жаңалық – фагоцитоз процесін ашып, иммунитеттің жасушалық теориясын ұсынды. 1900-шы жылы австралиялық ғалым К.Ландштейнер адам қанының тобы мен резус-факторын ашып, соның нәтижесінде тіндік бірдей антигендер теориясының негізін салды. Иммунологияның зерттейтін нысаны – организмнің иммундық жүйесіне өзіндік немесе өзіндік емес әсер етіп, оның қызметін күшейтетін немесе әлсірететін жат заттар – антигендер; иммунды компотентті органдар (сүйек кемігі, қалқанша без, көк бауыр, лимфа бездері, шырышты қабаттардың лимфоидты аппараты); жасушалар (лимфоциттер, макрофагтар, фибриобласттар, т. б.) мен олар бөліп шығаратын молекулалар (иммунды-глобулиндер, медиаторлар, комплементтер, цитокиндер, т. б.) сондай-ақ молекулалардың қатысуымен болатын құбылыстар мен патологиялық жағдайлар (жүре пайда болатын иммунитет, аутоиммунды аурулар, иммундық тапшылықтар, трансплантациялық иммунитет, иммунологиялық төзімділік) болып табылады.

Зерттеу нысанына қарай:

  • жалпы (тәжірибелік) Иммунология,
  • медициналық Иммунология,
  • ветеринариялық Иммунология,
  • инфекциялық Иммунология,
  • клиникалық Иммунология,
  • радиациялық Иммунология,
  • онкологиялық Иммунология,
  • ғарыштық Иммунология
  • аллергология, иммундық патология, иммундық гематология, эмбриогенез Иммунология,
  • өсімдіктер Иммунологиясы сияқты салаларға бөлінеді.

Иммунологияның мақсаты: қалыпты және патологиялық жағдайларда иммундық жүйе қызметінің жалпы заңдылықтарын, нақты аурулардың (әсіресе, жұқпалы індеттердің) пайда болуында, дамуында және оны емдеуде иммундық жүйенің атқаратын рөлін анықтау, диагноз қою, емдеу және алдын ала сақтану үшін Иммунологиялық тәсілдерді қолдану және оларды жетілдіру. Иммунологияда микробиол., серологиялық, аллергиялық, иммундық-хим., иммундық-морфол., иммундық-генетик., иммундық-молек., эксперименттік, т.б. әдістер қолданылады. Иммунологияның тәжірибелік ғылыми-зертеулік жетістіктерін қазір медицинада, ветеринария мен жалпы биология саласында қолданып, жұқпалы ауруларды анықтау, емдеу, алдын алу шараларын жүргізуде зор табысқа жетіп отыр. Келешекте Иммунология ғылымының жетістіктеріне сүйене отырып, ғасыр індеті – жүре пайда болатын иммундық тапшылық синдромы (СПИД) ауруына қарсы вакцина жасау; орган алмастырғанда жиі кездесетін басқа адамның органын қабылдамаушылықты болдырмау; эндокринді (қант диабеті) және әртүрлі аллергиялық ауруларды тиімді емдеу әдістерін табу; ауылы шаруашылығы малдарының жаңа тұқымдарын шығарып, өсімдіктердің жоғары сұрыптары мен түрлерін анықтау міндеттері қойылып отыр.

Иммунология медициналық, биология, ауылы шаруашылығы жоғары оқу орындарында негізгі пән ретінде оқытылады. 1963-ші жылдан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) қабылдаған арнайы Иммунология бағдарламасы орындалуда. Осы бағдарлама бойынша құрылған иммунология және иммунды глобулин анықтамалық орталықтарында иммундық патология, паразиттік аурулардың иммунологиясы, қатерлі ісік иммундық терапиясы және жасушалық иммунитеттің тіндік үйлеспейтін антигендерін реттеу мәселелері туралы симпозиумдар мен ғылыми конференциялар өткізілді. Қазақстанның Ұлттық иммунологтар қоғамы халықаралық иммунологиялық қоғамға мүше.

Қазақстанда Иммунология саласының дамуына үлес қосқан ғалымдар – академигі Х.Жұматов, Н.Д.Беклемишев, малдәрігерлік ғылыми докторы, профессор К.Н.Бучнев, медициналық ғылыми докторы, профессор ауылы Шортанбаев пен Б.В.Каральник, т. б. Иммунологиялық зерттеулермен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министнің Гигиена және эпидемиология ғылыми-зертеулік Орталық, Дәрігерлер білімін жетілдіру институты, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министнің Онкология және радиология ғылыми-зертеулік институты, Микробиология және вирусология ғылыми-зертеулік институты шұғылданады.[1]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы, 1998 ISBN 5-89800-123-9, IV том