Мазмұнға өту

Иммунитет

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
 Басқа мағыналар үшін Иммунитет (мағыналары) деген бетті қараңыз.

Иммунитет (латынша іm-munіtas – босап шығу, арылу, құтылу) немесе Төтемелілікорганизмнің антигендік қасиеттері бар жұқпалы және жұқпалы емес бөгде заттарды, жұқпалы аурулар қоздырғышын немесе олар бөліп шығаратын кейбір улы заттарды қабылдамаушылық қасиеті және оларға қарсы тұру қабілеті. Иммунитет – көрінісі мен механизмі бойынша әрқилы болып келетін жалпы жоғары сатыдағы организмдерге (адамдар, жануарлар, өсімдіктер) ортақ биологиялық қасиет. Организмнің бұл қасиеті оның жеке басының тіршілік ортасына бейімделу ерекшеліктерімен тікелей байланысты. Иммунитет кезінде организмде аса күрделі биологиялық процестер жүріп, организмнің қорғаныштық қасиеті арта түседі. Соның нәтижесінде түрлі зиянды микроорганизмдерді, олардың уларын, т.б. бөгде заттарды ыдыратып, бейтараптап жойып жіберетін қабілеті күшейеді.

Иммунитет - организмнің ауру тудыратын агенттерді олардың тіршілік ету өнімдерін, сондай-ақ генетикалық табиғаты басқа заттарды қабылдамаушылығы. Иммунитеттің қалыптасуына тұтас жүйе ретінде бүкіл организм қатысады, өйткені оның қорғану механизмі бір-біріне байланысты, әрі нейрогуморалды реттеу жағдайында әрекет етеді.[1]

Зерттеулер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
Л.Пастер зерттеу үстінде

Иммунитет құбылысын жан-жақты зерттеуде Л.Пастер, И.И. Мечников, т.б. зерттеуші-ғалымдардың сіңірген еңбегінің маңызы зор болды. Мысалы, 1897 жылы неміс ғалымы П.Эрлих (1854 – 1915) алғаш рет организмдегі иммундық реакцияның химиялық моделін (кескінін), яғни “бүйірлі тізбек теориясын” ұсынды.

1959 жылы австралиялық ғалым Ф.Бернет (1899 – 1985) және даниялық ғалым Н.Кай Ерне (1911 жылы туған) иммунитеттің клондық-сұрыпталу (арнайы антидененің түзілуі) теориясын ұсынды. Бұл жаңалықтар ғылымда иммунитеттің белгісіз қасиеттерін ашуға жол салды.

Иммунитет – өсімдіктер арасында да ауруға қарсы төзімділік туғызатын биологиялық қасиет. Өсімдіктер иммунитеті туралы ғылымның негізін салған Н.И. Вавилов. Ол өсімдіктер иммунитетнің екі формасы: сұрыпты иммунитет және түрлік иммунитет бар екенін анықтады. Өсімдіктер иммунитеті олардың морфол., физиологиялық және биохимиялық ерекшеліктерімен байланысты, олардың біреулері шешуші, ал екіншілері қосымша рөл атқарады. Иммунитет заңдылықтарына сүйене отырып, адам мен жануарлар арасында кездесетін әртүрлі жұқпалы ауруларға диагноз қою, емдеу және оларға қарсы егу әдістерін енгізуде, ауруға тұрақты өсімдік сұрыптарын шығару бағытында Қазақстан ғалымдары айтарлықтай зерттеулер жүргізді.

Қорғаушы заттар, антиденелер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Организмнің зиянды микробтар енуіне қарсы тұра алатын ерекше бейімделушілігін организмнің табиғи төзімділігі (резистенттілігі) деп атайды. Бұған организмнің кез келген бөгде заттарға қарсы тұрып оларды жоюға қатысатын тері эпителийінің механикалық қасиеті, сонымен бірге ауру қоздыратын микробтарды жойып жіберетін бактериоцидтік заттар бөлуі, асқазан сөлінің микроб жойғыш қасиеті, шырышты қабаттардың, лимфобездердің қорғаныс қабілеті, көз жасының, сілекейдің микробтарға қарсы әсер ету қасиеті, қан сарысуының құрамында болатын қорғаушы заттар – фагоциттер, лизоцим, бактериолизин, т.б. жатады. Бұлар иммунитеттің жалпы әсер етуші факторларына жатады. Өйткені олар дені сау адамдар мен жануарлардың барлығында әртүрлі мөлшерде тұрақты түрде болады. Ал организмге зиянды микробтар (олардың улы заттары) түскенде оларды тікелей жоюға қатысатын ақуыз, яғни табиғаты, қорғаушылық қабілеттілігі өте күшті арнайы заттар – антиденелер (иммундық глобулиндер) түзіледі. Олар көк бауыр, бауыр, сүйек кемігі, т.б. ұлпаларында өндіріліп, қан арқылы барлық организмге тарайды. Мұндай антиденелер қандай затқа қарсы пайда болса, соны ғана жоюға қатысады. Олар иммунитеттің арнаулы факторларына жатады.

Жасанды және туа пайда болған иммунитет, иммунитеттеу

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Егу арқылы қалыптастырады. Жұқпалы ауруға қарсы ауру туғызатын бактрияриялардың немесе вирустардың, әлсіретілген немесе ультракүлгін сәулемен өлтірілген екпе түрін егеді. Мұндай жағдайда ауру жеңіл түрде өтеді. Организмде қарсы дене пайда болып, жасанды иммунитет тұрақты түрде көмектесу үшін құрамында дайын қарсы денесі бар малдың қан сарысуын егеді. Малдарға мөлшерін бірте көбейтіп, микробтарды жұқтырады. Ауық-ауық малдан қан алып, құрамындағы жасушалармен фибриноген нәруызын бөліп, емдік сарысу алады. бұл кезде иммунитет уақытша ғана қалыптасады.

Кейбір жануарлар мен адамның қанында организмді жұқпалы аурудан қорғайтын заттар іштен туа пайда болады, ондай иммунитетті туа пайда болған иммунитет деп атайды. Бұл қасиет тұқым қуалайды. Туған күнінен бастап, өзінің барлық тіршілік ету кезеңдерінде түзілетін организмнің қарсы тұру қабілеттілігін жүре пайда болатын иммунитет деп атайды. Ол табиғи және жасанды деп екіге бөлінеді (екеуі де белсенді және енжар болып ажыратылады). Бұл иммунитеттің табиғи жолмен түзілген белсенді түрі жұқпалы аурулармен науқастанып тұрғаннан кейін пайда болады. Әдетте, ол ұзақ мерзімге созылады, кейбір жағдайда өмір бойына сақталады. Мысалы, адамдар шешек, қызылша, т.б. жұқпалы аурулармен бір рет ауырып тұрса, екінші рет қайталап ауырмайды. Ал табиғи иммунитеттің енжар түрі нәрестеге құрсақта жатқанда бала жолдасы (плацента) арқылы, ал туғаннан кейін анасының сүтімен беріледі. Мұндай иммунитет ұзаққа созылмайды, сәби 1 жасқа келгенше сақталуы мүмкін.

Ауруды болдырмау үшін алдын ала егудің немесе биологиялық препараттар енгізудің нәтижесінде түзілген иммунитет жасанды иммунитет деп аталады. Егер де ондай иммунитет вакцина егуден кейін пайда болса – белсенді, ал дайын иммунды қан сарысуын құйғанда пайда болса – енжар иммунитет дейді. Жасанды жолмен, яғни егудің нәтижесінде құралған белсенді иммунитет енжар түріне қарағанда, ұзағырақ (6 айдан бірнеше жылға дейін) сақталады. Мысалы, шешек ауруына, қызылша, туберкулез, сіреспе, күл, т.б. ауруларға қарсы егу. Ал сарысу енгізгеннен кейін пайда болатын енжар иммунитеттің 2 – 3 аптадан 1 айға дейін ғана тиімділігі бар. Мысалы, сіреспе, күл ауруларына, ботулизмге қарсы иммунды қан сарысуларын егу. Иммунитеттің түзілуіне бүкіл организм қатысады.

Басқарушы және бағыттаушы орган – орталық жүйке жүйесі болып табылады. Адам мен жануарлар организмінде жасанды иммунитет туғызуға болады. Оны – иммунитеттеу деп атайды. Ол да белсенді және енжар болып екіге бөлінеді. Белсенді иммунитеттеу антигендерде – вакцина препараттарын (тірі микроорганизмдерден алынған) егу (теріге жағу, тері астына, ет арасына, мұрынға, ауызға тамызу) арқылы туғызылады.

Иммунитет күші, қасиеті иммунитет туғызған вакциналық препараттың мөлшеріне, сапасына, дайындық мерзіміне байланысты болады. Белсенді иммунитеттеуді 1 – 2 жетіде қайталап егеді. Әсіресе, күшті әсер ететіні – бірнеше айдан не жылдан кейін егілген иммунитет. Енжар иммунитеттеуде қан не қан сары суына қосылған арнайы препараттарды тері астына, ет арасына егеді. Бұлар дайын антиденелер болады.

Енжар иммунитеттеу бір айға ғана созылады. Сондықтан қызылша, күл, сіреспе, гангрена, тұмау, т.б. ауруларға арналған иммунитеттеуді қайталап егеді. Иммунитеттеу ветеринарияда да жиі қолданылады. Әсіресе, аусыл, жамандат, қарасан, кебенек, сарып, т.б. ауруларға қарсы жүргізіледі.

Адам иммунитеті сыртқы орта және әлеуметтік жағдайларға, адамның жасына және жынысына байланысты болады. Адамның дене қызуы көтерілуі, салқынға шалдығуы, шамадан тыс қатты шаршауы, қайғы-қасіретке ұшырауы, ауыр жарақат алуы, әртүрлі ауруларға (әсіресе, эндокринді) шалдығуы, дұрыс тамақтанбауы, витаминдер және кейбір химиялық микроэлементтердің, фосфор, кальций тұздарының жетіспеушілігі – организмде иммунитеттің жақсы түзілуін тежейді.[2]

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Биология / Жалпы редакциясын басқарған профессор Е. Арын – Павлодар: 2007 - 1028 б. ISBN 9965-08-286-3
  2. О.Д.Дайырбеков, Б.Е.Алтынбеков, Б.К.Торғауытов, У.И.Кенесариев, Т.С.Хайдарова, Аурудың алдын алу және сақтандыру бойынша орысша-қазақша терминологиялық сөздік, Шымкент. “Ғасыр-Ш”, 2005 жыл. ISBN 9965-752-06-0