Жеміс
Жеміс (лат. fructus) — жабық тұқымды өсімдіктер өнімі. Жеміс ұрықтанған аналықтан дамиды, бірақ көптеген өсімдіктерде басқа бөліктерінен де (гүл кіндігі, гүл серігі, т.б.) дамиды. Аналықтан дамыған жемісті нағыз жеміс, ал басқа бөліктерінен дамыған жемісті жалған жеміс деп атайды. Жеміс тұқымнан және жемісқаптан тұрады. Жемісқаптың ішінде бір немесе бірнеше тұқым болады, партеногенездік жолмен дамыған жеміс тұқымсыз болады. Өсімдік түріне байланысты жемістің пішіні, көлемі, түсі әртүрлі болады.
Жеміс құрғақ жеміс және шырынды жұмсақ жеміс деп бөлінеді. Құрғақ жемістердің қабығы қатты, сүректенген, құрғақ (кебу) болады.
1. Бұршаққап – бір ұялы, тұқым саны біреу немесе бірнешеу болатын құрғақ жеміс. Тұқымдары жеміс жақтауының жиегіне бекиді. Піскенде екі жағындағы жіктері (тігістері) өздігінен қақырап ашылып, тұқымдары сыртқа шашылады (асбұршақ, беде).
2. Бұршаққын – қос ұялы, ішінде ұзынша тартылған жұқа жарғақты пердесі бар. Тұқымдары пердеге бекінеді. Піскенде жемістің қос жақтауы төменгі жағынан бастап қақырайды. Жемістің бұл түрі қырыққабат, шомыр, шалқан да болады. Ұсақтау түрі бұршаққынша деп аталады.
3. Қауашақ – бір үш, бес және көп ұялы, көп тұқымды. Түріне қарай қақырау жолы да түрліше. Мысалы, меңдуанада қауашағының қақпақшасы ашылады. Сасық мендуана, сүттіген, шегіргүлде, қызғалдақта жіктері шытынап, ұзынынан жарылып қақырайды.
4. Қанатты жеміс – жеміс серігінің біраз бөлігі жұқарып, қанатқа айналған. Жел арқылы таралады (үйеңкі, шегіршін, қайың, шаған және т. б.).
5. Дәнек – бір тұқымды жеміс. Тұқымы жеміс серігімен тұтасып бірігіп кеткен. Бидай, жүгері, арпа, тары, күріш жемістері дәнек деп аталады.
6. Тұқымша – дәнектен айырмашылығы жеміс серігі тұқымымен бірікпеген. Көбінде үлпек айдаршасы болады (бақбақ, күнбағыс, қалуен, өгейшөп, таусағыз, кекіре).
7. Жаңғақ жемістің жеміс серігі ағаштанып қатайып кетеді. Тұқымдары жеміс серігімен бірікпей бос жатады (емен жаңғағы, жаңғақша және т. б.).
8. Жинақталған жемістер. Жинақталған жемістер (сборные плоды) бір-бірімен бірікпеген күрделі көп аналықтардан түзілген. Құлпынай (клубника), итмұрын жемістері шырынды болып көрінгенімен құрғақ, көп жаңғақшалы жинақталған жеміске жатады. Жаңғақшалары шырынды гүлтабанының (гүлтұғыры) ішінде жеке-жеке орналасады.
Таңқурай мен бүлдірген (ежевика) жемістері көп сүйекті жинақталған жемістерге жатады (сборная костянка). Көп сүйектері шырынды гүлтабанының ішінде жинақталған. Сонымен, құлпынай, итмұрын жемістері көпжаңғақшалы, таңқурай, бүлдірген жемістері көп сүйекті жинақталған жемістерге жатады. Сәбіз, балдырған, аскөк, жалбыз өсімдіктерінің жемістері бөлшекті жаңғақша жеміс делінеді.
Ананас, тұт, інжір жемістері біріккен жеміс (соплодия), себебі олар гүлшоғырдан түзіледі.
Шырынды жемістер шырыны мол, жұмсақ болады. Олар жидек, жидек тәрізді, сүйекті шырынды деп бөлінеді.
- Жидек жемістің сыртқы қабығы жұқа, жұмсақ, ішінде тұқымдары көп шырынды. Мысалы: қызанақ, қарлыған, алқа, жүзім, қарақат, картоп, баклажан жемістері.
- Жидек тәрізді жемістер – көп ұялы, көп тұқымды. Жемістің сыртқы қабатында эфир майы көп, сары, қызғылт – сары түсті. Ортаңғы қабаты мақта тәрізді борпылдақ, кебу, ақ түсті. Сыртқы қабаты мен ортаңғы қабаты бірігіп жеміс қабығын түзеді. Ішкі қабаты етті, қалың, шырынға толы. Мұндай жемістілерге – апельсин, мандарин, лимон жатады, өзінше гесперидий (померанец) тобына жатқызады. Асқабақтар тұқымдасына жататын өсімдіктердің жемістері жидек тәрізді делінгенмен, өз алдына асқабақты жемістер деп аталады. Оларға: қияр, қарбыз, қауын, асқабақ жатады. Алма жемісінің түзілуіне жатыннан басқа гүлтабаны, тостағанша мен күлтенің түбі, аталықтың төменгі бөлігі қатысады. Алма 5 ұялы жатыннан дамитындықтан жемісінің ішкі бөлігі қатты болады, әр ұясында 2-ден тұқым орналасады. Сыртқы қабаты шырынды. Сондықтан алма өзінше «алма жеміс» деп аталады. Алма жеміске: алма, алмұрт, беже және т.б. жатады.
- Сүйекті шырынды жемістердің сыртқы қабаты жұқа, ортаңғы қабаты қалың етті – шырынды, ішкі қабаты – қатты сүйектенген. Бір тұқымды жемістерге шие, алхоры, өрік, шабдалы және т.б. жатады. Сүйекті жемістердің құрғақ түрі де кездеседі, мысалы, бадам, грек жаңғағы, кокос пальмасы және т.б.
Құрғақ жемістің көп тұқымды қақырап ашылатын (бұршақ, бұршаққын, т.б.) және бір тұқымды, қақырап ашылмайтын (жаңғақ, жаңғақша, тұқымша, дәнек) түрі бар. Шырынды жемісті көп тұқымды (жидек, асқабақ, алма, т.б.) және бір тұқымды (сүйекті жеміс) деп бөледі. Жемісқаптың сыртқы қабаты (экзокарпий) жылтыр (шие, алма), балауызды (жүзім, алхоры, шомыр), түкті (шабдалы), жұмсақ (өрік), қыртысты (тұшала), қалың (лимон, апельсин), қатты (жаңғақ) болады. Шырынды жемістерде экзокарпий қабатынан кейін қант, май жиналатын жұмсақ мезокарпий (өрік, шие, т.б.) қабаты түзіледі. Жемістің ең ішкі қабаты (эндокарпий) кейбір өсімдіктерде қатайып, сүйектеніп кетеді (алхоры, т.б.), кейбіреуінде жұмсақ шырынды (лимон, апельсин) немесе үлпекке (бұршақ тұқымдасы) айналады. Экзокарпий мен мезокарпий жасушаларында хлорофилл болғандықтан, пісіп-жетілу кезінде жемістің жасуша шырынында антоциан пигментінің көбеюіне және хлоропластың хромопласқа айналуына байланысты түсі өзгереді. Бір гүлдегі бірнеше аналықтан (таңқурай, қара бүлдірген, т.б.) пайда болған жемісті күрделі жеміс деп атайды. Бұл жағдайда күрделі жеміс түзетін әр жеміс аналықтан дамиды. Гүл шоғырындағы жеке гүлден дамыған жемістерді шоқ жемістер (мысалы, жүзім) дейді. Өсімдіктердің піскен жемістері мен тұқымы жел (анемохория), су (гидрохория), жануарлар (зоохория) және адам (антропохория) арқылы таралады. Құрамында ақуыз, май, көмірсу витаминдері көп болғандықтан жеміс тағамға, мал азығына, т.б. пайдаланылады. Көптеген жемістен дәрі, бояу алынады. Улы және арам шөптердің жемістері зиянды болады.[1][2]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Қазақ энциклопедиясы,3 том
- ↑ Шаңырақ : Үй-тұрмыстық энциклопедиясы. Алматы : Қаз.Сов.энцикл.Бас ред., 1990 ISBN 5-89800-008-9
Бұл мақаланы Уикипедия сапа талаптарына лайықты болуы үшін уикилендіру қажет. |
|