Дельфин

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Дельфин
Қазбалық ауқымы: Late Oligocene–Recent
Lagenorhynchus obliquidens
Ғылыми топтастыруы
Дүниесі: Жануарлар
Жамағаты: Хордалылар
Табы: Сүтқоректілер
Сабы: Киттәрізділер
Кіші сабы: Odontoceti
Ұлы тұқымдасы: Delphinoidea
Тұқымдасы: Delphinidae
Джон Эдуард Грей, 1821
Тектері

See text.

Дельфин

Дельфинсүтқоректілер класының киттәрізділер отрядына жататын тісті киттер тобының бір тұқымдасы. [1]

Дельфиндер тропиктік және қоңыржай белдеулердің теңіздерінде таралған. Кейбір түрі полюстік белдеу теңіздерінде де кездеседі. Көбіне топ құрып тіршілік етеді. Дельфиндердің жиырма туысының елудей түрі бар. Бұлардың дене пішіні жұмыр, ұзындығы бір – он метр. Көпшілік түрлерінің басы жұмыр және тұмсығы алға қарай шығыңқы келеді. Кей түрлерінің арқасында орақ тәрізді арқа қанаты бар. Жалпақ құйрық қанаты денесімен горизонталь бағытта орналасқан. Алдыңғы аяғының сүйектері қысқарып, саусақ сүйектері тұтасып ескекке айналған. Артқы аяғы мүлдем жойылған. Дельфиндер ескек аяқтарымен суда өте жеңіл әрі жылдам (сағатына елу километрге дейін) жүзеді. Жалғыз танау тесігі төбесінен ашылады, сол арқылы дельфиндер оқтын-оқтын су бетіне көтеріліп, ауамен тыныс алады. Етті еріндері жақсы жетілген. Тістері көп. Терісінде түктері болмайды, терісі өте серпімді келеді. Тері астындағы май қабаты жақсы дамыған. Дельфиннің қанының құрамында гемоглобиннің, бұлшық еттеріндегі ерекше ақуызды зат – миоглобиннің көп болуы денесіндегі газ алмасуға қолайлы жағдай жасап, су астында ұзақ уақыт тыныс алмай тіршілік етуіне септігін тигізеді. Олардың жүйке жүйесі өте жақсы дамыған. Миы үлкен, алдыңғы ми сыңарларының сырты көптеген сайшалар мен иірімдерге бөлінген. Дельфиндерде әр түрлі дыбыс толқындарын шығаратын және қабылдайтын өте күрделі есту жүйесі (эхолокация) жақсы дамыған. Олар өздерінен өте нәзік ультрадыбыс толқындарын шығарып, оның кері қайтқан жаңғырығын қабылдай алады. Сол арқылы қорегін ұстайды, өз үйірін табады, судағы әр түрлі кедергілерді алдын ала сезеді. Дельфиндер екі жылда бір-ақ рет ұрпақ береді. Ірі түрлері елу, ұсақтары отыз жылға жуық тіршілік етеді. Қолға тез үйренеді, адам үйреткен жаттығуларды шебер қайталайды. Дельфин туралы жазылған аңыздар, деректер (адамды судан құтқарған, кемелермен қатар жүзіп серуендеген, т.б.) көп. Ертедегі грек, италия теңгелерінде дельфиннің бейнесі соғылған. Аспандағы жұлдыздардың бірі дельфин аталады. Мұның бәрі дельфин мен адам арасындағы жақын қарым-қатынасты аңғартады.

Өзен дельфиндері – жеке бір тұқымдас, оның бес – алты түрі бар. Олар Амазона, Ориноко, Ганг өзендері мен Қытайдағы Дунтинху көлінде кездеседі. Қазір дельфиндерді мұхитариумдарда, дельфинариумдарда қолдан өсіріп, түрлі ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Дельфиннің кейбір түрінің Жапонияда, АҚШ-та, Соломон аралында кәсіптік маңызы бар. Олардың табиғатта санының азаюына байланысты 1966 жылдан аулауға тыйым салынған. Мысалы, Калифорния теңіз доңызы деген түрі Халықаралық табиғат қорғау одағының «Қызыл кітабына» енгізілген.

Дельфиндердің өзара байланысуы

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дельфиндердің кешенді байланысу жүйесі бар. Олар әр түрлі дыбыстармен қатар, мимика дыбыстарын да шығара алады. Кәдімгі дельфиндердің шақыруы тілдерін шерту және ысқыру арқылы жүзеге асады. Кейбір зерттеушілердің бейнелеуінше, дельфиндер шыңғыру, ыңырсу, ырылдау және ышқыну секілді дыбыстар шығарады.

Дене ерекшеліктері

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

Дельфиндердің денесі жып-жылтыр және өте мықты жүзеді. Олар – тегіс терілі және сүйір денелі жануарлар. Олардың үшкір тұмсықтары және конус тәрізді тістері болады. Дельфиндердің жүзбеқанаттар жауып тұратын жалғыз демтесіктері бар. Бұл демтесікте дельфиннің суда тыныс алуына көмектесетін қос танау орналасады.

Дельфиндер балықтар мен кальмарларды қорек етеді. Олар өздерінің қорегін ұстау үшін тістерін қолданады. Косатка секілді кейбір үлкен дельфиндер итбалықтарға, теңіз арыстандарына, басқа да дельфиндерге, киттерге, теңіз шошқаларына және теңіз құстарына шабуыл жасайды.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. Жолымбетов Ө.Ш., Құлназаров А.К., Спорт терминдерінің түсіндірме сөздігі. – Алматы, Қазақша-орысша, ISBN 9965-822-48-4