Венераның дүниеге келуі (Боттичелли картинасы)

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Навигацияға өту Іздеуге өту
Сандро Боттичелли
"Венераның дүниеге келуі", 1482 – 1486 жж.
итал. Nascita di Venere
Холст, темпера. 172,5×278,5 см
Уффици Галереясы, Флоренция

«Венераның дүниеге келуі» (итал. Nascita di Venere) — Тоскан мектебінің итальяндық суретшісі Сандро Боттичеллидің суреті. Өлшемі 172,5 × 278,5 см, кенепте салынған кескіндеме болып табылады. Қазіргі кезде Флоренциядағы Уффици галереясында сақталған.

Биограф Джорджо Вазари өзінің «Ғұмырнамалар» (1550) атты еңбегінде «Венераның дүниеге келуі» және «Көктем» суреттерінің Флоренция маңындағы Козимо Медичиге тиесілі болған Кастелло вилласында сақталғанын атап өтеді. Өнер тарихшыларының көбінің пікірі бойынша, сурет 1486 жылы Кастелло вилласының иесі болған Лоренцо ди Пьерфранческо Медичиге арналып салынған болатын. Медичи үйінен кейін табылған түгендемелік жазбалар Лоренцоның «Көктем» суретін иемдегенін растайды, алайда оның «Венераның дүниеге келуі» жұмысына тапсырыс беруші екеніне дәлелдемелер жоқ. Лигурия жағалауындағы Портовенере қаласында дүниеге келген Симонетта Веспуччи Венера моделі болған деген пікір қалыптасқан.

Сурет сюжетінде бұған тұспал бар. Демі көктемді әкелетін батыс жел құдайы Зефирдің сипаттамасы Гомер шығармашылығында кездеседі. Ежелгі рим ақыны Овидий Зефирді аяқ-қолымен құшаққа алған әйелі Хлорида туралы жазады. Ботичелли грек және рим мәтіндерінің сарапшысы болғаны екіталай. Алайда, суретші өзінің көршісі Джорджо Антонио Веспуччи арқылы Флоренцияның интеллектуалды элитасының мүшесі болған.

Ботичелли өзінің шығармаларының бірінде Венераның дүниеге келуін сипаттаған ақын Анжело Полицианомен (1454 – 1494) таныс болған деген мәлімет бар. Сонымен қатар, суретшінің кеңесшісі классикалық философияны христиандықпен байланыстыруға тырысқан философ Марсилио Фичино (1433 – 1499) болғандығы айтылады. Оның философиялық доктринасында Аспан Венерасы өзінің сұлулығымен адамдарды аспанға бастаған гуманизм, қайырымдылық және махаббаттың белгісі, маңызды тұлға болған.

Картина Венераның дүниеге келуі жайлы аңызды суреттейді. Жалаңаш әйел құдай қабыршақ жармасының ішінде жағалауға қарай жел көмегімен жүзіп бара жатыр. Суреттің сол жақ бөлігінде Зефир (батыс жел) жұбайы Хлориданың (рим. Флора) құшағында қабыршаққа қарай үрлеп, гүлге толы жел тудырып жатыр. Жағалауда әйел құдайды грациялардың біреуі қарсы алуда.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  • Burke, Peter. Culture and society in Renaissance Italy. — London, 1974.
  • Ufizzi, Studi e Ricerche 4: La Nascita di Venere e l'Annunziazione del Botticelli ristaurate. — Firenze, 1987.
  • Rose-Marie & Rainer Hagen. What Great Paintings Say. — Taschen, 2005. — Т. 1. — С. 146—151. — ISBN 978-3-8228-4790-9.
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:The Birth of Venus (Botticelli)