Вассерфалль зымыраны
«Вассерфалль» зымыраны (нем. Wasserfall Ferngelenkte Flakrakete — Вассерфалль алыстан басқарылатын әуеге қарсы зымыраны, Вассерфалль сөзінің мағынасы — сарқырама; Агрегат-5 деген атпен де белгілі) — алыстан басқарылатын жер-әуе зымыраны.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде Германиядағы Пенемюнде[1] орталығында жасалған Германияның ғажайып қаруларының бірі болып табылған Вассерфалльдың құрылымының негізінде жасалған зымырандарды Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін кеңестіктер Р-101 жобасында пайдаланып, ал америкалықтар Һермес-А1 деген зымыранды сол Вассерфалльдың негізінде жасады.
Жасалу тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Толығымен қорғаныс жүйесі болғандықтан Вассерфалль зымыраны Адольф Гитлерге онша қатты ұнамаған болатын, себебі Һерманн Гөринг оған Люфтваффе Үшінші Рейхтің әуе кеңістігіне жауды аяқ бастырмайды деп уәде еткен еді. Сондықтан бұл жоба бастапқы кезеңде онша көп қолдау көрген жоқ. 1943 жылдан бастап ағылшын-америкалық одақтастардың стратегиялық бомбылауы күшейе бастаған кезде Вассерфалль зымыранына керекті қаржы-материалдар оның орнына Фау-2 шабуыл зымыранын жасауға жұмсалып отырды.
Зымыранның негізгі концепциясы бойынша жұмыс 1941 жылы басталып, оның соңғы техникалық көрсеткіштері 1942 жылғы қарашаның 2-сінде мақұлданды. Алғашқы модельдері 1943 жылдың наурызында сынақтан өтті, бірақ 1943 жылдың тамызында доктор Вальтер Тильдің Британия әскери әуе күштерінің Пенемюндеге жасалған бомбылық шабуылының кезінде қаза табуы жұмысты қатты кешеуілдетіп тастады. 1944 жылғы наурыздың 2-сінде жасалған алғашқы табысты сынақтан кейін[2] (оның үшінші сынақ моделі), Вассерфалльдің тағы 3 сынақ ұшырылуы 1944 жылғы маусымның соңында қарай аяқталды. 1944 жылғы қаңтардың 8-інде жасалған сынақ сәтсіз аяқталған болатын. Ол кезде зымыранның қозғалтқышы «шыжылдап», зымыранды тек 7 км биіктікке көтеріп, дыбыс жылдамдығына жеткізе алмады. Одан кейінгі ақпан айындағы ұшыру табысты болды, зымыран тік көтеріліп, 770 m/s (2,800 км/сағ) жылдамдыққа қол жеткізді.[3]. 1945 жылғы ақпанның 17-сінде Пенемюндедегі зымыран орталығы эвакуацияланғанға дейін 35 Вассерфалль сынақ ұшырылуы жасалып үлгерілді.
1944 жылғы маусымның 13-інде Вассерфалльдың радиомен бағыттау жүйесі орнатылған Фау-2 зымыраны Швецияға барып құлады. Ондағы бағыттау жүйесі «Кель-Штрассбург» бағыттау жүйесінің жетілдірілген түрі болатын. Осы «Кель-Штрассбург» бағыттау жүйесі Жерорта теңізінде ағылшын-американ кемелеріне біршама табысты қолданылған Һеншель Hs 293 қанатты зымыранының бағыттау жүйесі ретінде қолданылған еді.[4]
Соғыстың екінші жартысында Үшінші Рейхтің қару-жарақ және соғыс өндірісі министрі болған Альберт Шпеер кейінірек өзінің естеліктерінде Вассерфалльға жете мән берілмегені Германияның соғыста жеңіліске әкеп соққан себептердің бірі болған еді деп жазады:
Осы күнге дейін мен мынаған нық сенемін: егер біз 1944 жылдың көктемінен бастап «Вассерфалльді», оған қоса реактивті жойғыш ұшақтарды жаппай қолдана алғанымызда, бұл ағылшын-американ әуе күштерінің біздің өндірістік орындарымызға шабуылдарын тоқтатар еді. Бұл біздің қолымыздан келер еді, себебі одан көп кейін де айына 900 дана Фау-2 зымырандарын шығарып отырдық.[5]
Техникалық сипаттамалары
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Вассерфалль Фау-2 зымыранының әуеге қарсы бейімделген, екеуінің жалпы құрылымы да, сырт түрлері өте ұқсас бір түрі болды. Зымыран бомбылаушы ұшақтардың ұшатын биіктігіне ғана көтерілуге тиіс болғандықтан, ол Фау-2-ден кішірек болды, оның ұзындығының ¼-дей ғана. Вассерфалльдың тағы бір ерекшелігі — қозғалысын басқара алу үшін оның фюзеляжының орта бөлігінде қосымша қанаттар орналасқан.
Фау-2-ден айырмашылығы, Вассерфалль бір ай уақыт бойы дейін бірден ұшырылуға дайын тұруға бейімделіп жасалды, сондықтан Фау-2 зымырандарында қолданылған ұшқыр сұйық оттегі оған жарамайтын еді. Доктор Вальтер Тиль жасап шығарған қозғалтқыштың жаңа түрі отын ретінде визолға (винил изобутил эфирі) және «СВ-қоспасы» немесе «Зальбай» деп аталатын қоспаға (90% азот қышқылы, 10% күкірт қышқылы) негізделген болатын. Осы тез тұтанатын қоспа басқа бір резервуардан қысыммен берілетін азот газымен араласып, жану камерасына зор қысыммен келіп жететін. Вассерфалль тез тұтанатын отын төгілсе де зымыранды ұшыра алатын арнайы зымыран базаларынан (Везувий деген құпия атымен белгілі) ұшырылуға тиісті еді.[6]
Зымыранды бағыттау жүйесі ретінде күндізгі уақытта қарапайым радио бағыттау жүйесі — MCLOS жүйесі қолданылатын. Түнгі уақытта бағыттау әлдеқайда күрделі болды, себебі қараңғыда зымыранның өзін де, нысананы да көру қиын. Сол себепті «Райнланд» атты жаңа жүйе жобаланды. «Райнландтың» ішінде транспондер орнатылатын, транспондердің жіберген сигналдарын жерде орналасқан радиопеленгатор қабылдап, зымыранның нақты орны анықталатын. «Райнландтың» нысананы анықтауға арналған радары да болды. Зымыран ұшырылғаннан кейін бірден іске қосылатын механикалық компьютер транспондер мен радардың көрсеткіші бойынша зымыранды нысанаға қарай бағыттайтын. Жерде орналасқан оператор радардың экранында зымыран мен нысананың екі жарық дағын көріп, зымыранды күндізгідей бағыттай алатын. Зымыран енді ұшырылған кезде оны бағыттау жану камерасының аузында орналасқан төрт графит руль арқылы, ал зымыран толық жылдамдығына жеткен соң оның құйрығында орналасқан төрт басқа руль арқылы жүзеге асырылатын.
Бағыттау жүйесінің жобаланған тағы бір түрінде тек бір ғана айқыш тәрізді, нысананы көздеп айналып тұратын радар сәулесі қолданылатын. Райнланд жүйесі секілді ол да нысанаға алдымен транспондер сәулесі арқылы бағытталып, содан соң сол болымсыз кері байланыс арқылы сәуледен ауытқымай бағытталып отыратын. Егер ауытқи қалған жағдайда ол тұрақты сигналдың орнына пульс қабылдай бастап, аутоматикалы түрде өзін сәулеге қайтаратын.
Бастапқыда зымыранның жарғыш жүгінің салмағы 100 kg болатын, бірақ зымыранның тию дәлдігі төмен болғандықтан оған әлдеқайда үлкен (306 kg) сұйық жарылғыш затқа негізделген жарғыш жүк тией бастады. Ондағы мақсат — жаудың бомбалаушы ұшақ тобының ортасында зор жарылыс ұйымдастырып, кем дегенде бірнешеуін істен шығару. Күндізгі уақытта оператор жарғыш жүкті алыстан басқару жүйесі арқылы іске қосып, түнгі уақытта алыстан жарғышытың бір түрі қолданылуға тиіс болды.
- Аты=Вассерфалль
- Атқаратын қызметі=Жер-әуе зымыраны
- Жасап шығарушы=Пенемюнде зымыран орталығы
- Бір данасының құны: 7 000-10 000 Рейхсмарка
- Алғашқы ұшырылуы=1943 жылғы наурыз
- Қозғалтқышы=сұйық отынды реактивті қозғалтқыш
- Ұшырылған кездегі салмағы=3 700 kg
- Ұзындығы=7,85 m
- Диаметрі=2,51 m
- Жылдамдығы=770 m/s
- Қашықтығы=25 км
- Жарғыш тұмсығының салмағы=235 kg
Сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Ernst Klee & Otto Merk. The Birth of the Missile: The Secrets of Peenemünde Gerhard Stalling Verlag:Hamburg 1963 (English translation 1965) p 77
- ↑ Pocock, Rowland F. German Guided Missiles of the Second World War Arco Publishing Company, Inc.:New York. 1967 (p 107)
- ↑ Klee and Merk. 69
- ↑ Neufeld, Michael J. The Rocket and the Reich: Peenemünde and the Coming of the Ballistic Missile Era. The Free Press: New York, 1995. (p 235)
- ↑ Albert Speer, Erinnerungen. Propyläen Verlag 1969, (ISBN 3-550-06074-2) p 375
- ↑ Klee and Merk. 70
Сыртқы сілтемелер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- Вассерфалль туралы техникалық мақала, сызбалары және сынақ ұшыруларының фотосуреттері
- Вассерфалль фотосуреттерінің жинағы Мұрағатталған 30 қазанның 2002 жылы.
- Жер-әуе зымырандарының пайда болу тарихы («Defence Today» журналынан алынған мақала) Мұрағатталған 26 қыркүйектің 2007 жылы.
- EMW C2 Wasserfall (de)
- Wasserfall (en)
- EMW Wasserfall C2 modèle W5
- Génesis de los misiles SAM (en inglés)
- Wasserfall W-10 (dibujo)
- EMW C2 Wasserfall
- The history of post-war rockets on base German WW-II "Wasserfall" missile propulsion Мұрағатталған 15 ақпанның 2016 жылы.
- Вассерфалль W-10 сызбасы Мұрағатталған 26 қыркүйектің 2007 жылы.