Биогеография
Биогеография (көне грекше: βίος – өмір + γεωγραφία – география) — жер шарындағы тірі организмдер мен олардың топтарының таралуы мен орналасу заңдылықтарын зерттейтін ғылым саласы; өсімдіктер мен жануарлардың және олардың бірлестіктерінің жер шарында таралуы мен олардың бөлектеніп мекендеу сипатын зерттейтін ғылым.[1]
Тарихы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Биогеография ғылымының негізі 18 ғасырда қаланды. Оның дамуына экваторлық Африка, Оңтүстік Америка, Азия елдерінің фаунасы мен флорасын зерттеу үшін жүргізілген экспедициялар мен сол кезеңнің жаратылыстанушылары — неміс ғалымы А.Гумбольдт пен ағылшын ғалымы А. Уоллестің, т.б. еңбектері негіз болды. Биогеография биоценоздар мен организмдердің таралу аймақтарын зерттей отырып, олардың көп түрлілігін тиімді пайдалану, аудандастыру, санын реттеу және қорғау мәселелерін қарастырады. Биогеография зерттеу бағыттары бойынша бірнеше салаға ажыратылады:
- ареалогиялық биогеография Жер шарындағы әр түрлі организмдердің (түрлердің) таралу аймағын анықтап, олардың сол аймақтардағы орналасу ерекшеліктерін зерттейді, соның негізінде анықтамалық және кадастрлық карталар жасалады;
- аймақтық биогеография организмдердің фауналық және флоралық аудандастырылуын қарастырады, соның нәтижесінде биогеографиялық аудандастырудың кешенді кестесі құрылады. Бұл зерттеулер ауыл шаруашылығына пайдалы немесе зиянды организмдер популяцияларын анықтауға, күрес шараларын ұйымдастыруға, жойылып бара жатқан сирек түрлерді қорғауға жол ашады;
- экологиялық биогеография әр түрлі географиялық облыстардағы организмдер топтарының биоценоздағы рөлін, биологиялық өнімділігін және биомассаларын анықтайды;
- тарихи биогеография организмдердің жер бетіндегі таралуын нақты аймақтың геологиялық тарихымен байланыстырып зерттейді.
Биогеография организмдердің арасындағы жұқпалы аурулармен, оның қоздырғыштарымен күресті жүзеге асыруды, өсімдіктердің жаңа сорттарын, жануарлардың асыл тұқымдарын шығаруды, өсімдіктер мен жануарларды жерсіндіруді, табиғат ресурстарын тиімді пайдалануды, т.б. үйлестіріп отыратын табиғат қорғаудың теориялық негізі болып табылады.
Биогеографияның түрлері
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Биогеография - өсімдік және жануарлар географиясына бөлінеді.
Өсімдік географиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Өсімдіктердің таралуы ареалын зерттейтін бөлімі. Өсімдік географияның өсімдіктің түрін, туысын тағы басқа таксономиялық котегорияларының табиғатта таралу аймағын-ареалын зерттейтін саласын фитохорология дейді. Өсімдік географияның флористикасы бір аймақта таралған өсімдік түрлерін, флорасын, ал өсімдік географияның экологиясы өсімдіктің тіршілік ортасына бейімделуін зерттейді. Өсімдіктің таралуы туралы мағлұматтарды ертедегі дүние ғалымдары (Теофраст) еңбектерінен де көруге болады. Ал нақты мағлұматтар 18 ғасыр натуралистері француз ботанигі Ж.П.де Турнефор, швед ғалымы К.Линней, орыс академигі П.С.Паллас тағы басқа еңбектерінде өсімдік география жөнінде көптеген нақты мәліметтер келтірген, 18-19 ғасырда өсімдік география ғылымның жеке саласы болып қалыптасуына неміс натуралистері К.Вильденов, А.Гумбольд көп еңбек сіңірді.
Ч. Дарвин организмнің географиялық таралуын эволюциялық дамудың дәлелі ретінде қарады. Ч.Дарвиннің идеяларын ағылшын ғалымы Дж.Д.Гукер, американ ботанигі А.Грей ботаника- география еңбектерінде қолданды. Жер шарындағы өсімдік ареалы мен флорасының байланыстырып ерттеген неміс ботанигі А.Энглер өсімдік географияның тарихи-генетикалық әдісінің дамуына үлкен әсер етті. Өсімдіктер таралуының географиялық аңдылықтарын білу өсімідк дүниесінің эволюциялық заңдылықтарын ашуда үлкен орын алды. Өсімдік географияның зерттеудің өсімідіктің адамға пайдалы түрлерін шығаруда, жаңа түрлерді жерсіндіруде маңызы зор. Өсімдік ареалын зерттегенде сыртқы ортаның өсімідіктің таралуына тигізетін әсері және өсімідң флорасының қалыптасуы мен жеке түрдің таралу тарихи анықталады. Жер бетінің өсімдік флорасын зерттеу үшін жоғары сатыдағы өсімдіктің (тұқымды өсімдік пен папоротник тәрізділердің) барлық түрін есепке алу керек. Белгілі бір жерде (құрлық, арал, ботанико-географиялық аймақ т.б.) таралған өсімдік түрінің жер көлеміне қатынасын анықтау арқылы, сол жер флорасында өскен сімдіктің мөлшері анықталады. Көптеген ботаниктер флораны салыстыру үшін белгілі бір ботаникалық-географиялық аймақта өсетін өсімдік түрлерін салыстырады (нақты флора дейді). Арктика аймағының нақты флорасында өсімдіктің 20-100 түрі кездессе, тайгада 450-700, жалпақ жапырақты орманда 1000, Жерорта теңізі жағалауында, Кавказ сыртында 1300-1500 түрі өседі. Тропик өңірінде өсімдіктің 2000 түрі өссе, Браилияның кейбір аудандарында 3000 түрі кездеседі. Аралда, таулы жерлерде өсімдік түрі аз болады. Өсімдік географияның өсімдік флорасына ботаникалық - географиялық талдау жасалады.
Жануарлар географиясы
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Зоогеография- жер шарындағы жануарлардың белгілі бір аймақта таралуын, олардың тіршілік жағдайларын, тұр құрамын, дамуын зерттейтін биогеографиялық ғылымының бір саласы.
Жануарлар географияның ерте кезде тіршілік еткен жануарлардың таралуын зерттейтін бөлімін палеозоогеография деп атайды. Жануарлар географиялық - биологиялық ғылым, бірақ жануарлар тіршілік мекендері (ареал, стация), тараған жерлеріне (өзен-көлде, теңізде, құрлықта) байланысты ерттелетіндіктен география ғылымымен байлансты. Жануарлардың жер жүзіде таралуы туралы деректер ертеден белгілі болғанымен, зоогеография алғашқы еңбектер 18 ғасырда пайда болып, 19 ғасырдың ортасынан бастап ғылыми тұрғыдан дамып келеді.
Бұл ғылымның дамуына Ч.Дарвиннің «Табиғи сұрыптау жолымен түрлердің шығу тегі» еңбегінің және орыс ғалымдары К.Ф.Рулье, Г.С.Карелин, М.Н.Богданов тағы басқа еңбектерінің үлкен әсері болды, жануарлар географиясы жер шарын және оның әр түрлі бөліктерін жануарлар құрамы мен таралу ерекшелігіне байланысты бірнеше зоогеографиялық аймаққа бөледі. Олар:
- палеарктика (Еуропа, Орталық және Солтүстік Азия, Африканың солтүстік бөлігі),
- Неарктика (Солтүстік Америка, Грендландия),
- Неотропика (Орталық және Оңтүстік Америка, Вест- Үндістан), Эфиопия (Орта және Оңтүстік Африка, Мадагаскар),
- Үнді-Малайя (Үнді, Үнді- Қытай және Малайя архпелагы, аралдар),
- Австралия (Австралия, Тасмания, Жаңа Зеландия, Жаңа Гвинея),
- Антарктида (Антарктида құрылығы және Оңтүстік Американың ең оңтүстік бөлігі) биогеографиялық аймақтары. Мұнымен қатар мұхиттарда тіршілік ететін жануарлар судың тереңдігіне қарай жиектік (литораль), ашық деңгейлік, терендік деп үшке бөлінеді. Жиектік бөлігі Үнді- Полинезия, Тропикалық – Атлантика, Арктика, Бореал, Атибореал және Антарктика аймақтарына бөлінеді. Ашық деңгейлік бөлігі Арктика, Атлант, Үнді- Тынық мұхит және Антарктика аймағына, ал тереңдік бөлігі Үнді-Пацифи, Атлант және және Арктика аймақтарына бөлінеді.
Қазақстанда таралған сүт қоректілер олардың фауна құрамына, кездесетін жеріне (шөл, дала, тау, оран) байланысты шағын 22 зоогеографиялық аймаққа бөлінеді. Бұлар – орман дала, орталық, шығыс дала аймақтары, батыс аралас аймағы, Ұлытау, Сарыарқа, Зайсан, Арал- Каспийдің солтүстігіндегі шөл, Бетпақдала, Алакөл, Үстірт, Қызылқұм, Мойынқұм, Қаратай аймақтары.
Жануарлар географиясының кәсіптік маңызы бар әр түрлі жануарларды халық шаруашылығына тиімді пайдалануда, орман, арам шөп зиянкестерін зерттеп, табиғатты қорғауда, бағал жануарларды жерсіндіру, пайдалы жануарлардың санын көбейту үшін маңызы зор. Жануарлар географиясы жануарлар систематикасы, экология, палеонтология, фитогеография, климатология, океанология тағы басқа ғылымдарымен тығыз байланысты.[2]
Қосымша
[өңдеу | қайнарын өңдеу]Биогеография - биоценоздардың және олардың құрамына кіретін өсімдіктердің, жануарлардың және микроорганизмдердің таралу заңдылықтары туралы ғылым. Биогеография микроорганизмдер географиясын, өсімдік географиясын, өсімдіктер бірлестігі географиясын, жануарлар географиясын және организмдердің жалпы географиясын қамтиды. Кейбір авторлар (Э. Мартонн, В.Г. Гептнер, Ф.Витасек және тағы да басқалары) Биогеографияны ботаникалық география мен зоогеографияның жиынтығы ретінде, басқалары (В.Б. Сочава) Жердегі органикалық дүниенің географиялық таралуының жалпы зандылықтарын зерттейтін осы ғылымдардың қондырмасы есебінде қарайды. Ғылым есебінде XIX ғ. бас кезінде, өсімдік географиясы мен жануарлар географиясы туралы мәліметтер корланған кезде құрылды. Биогеографияның ареологиялық, флоралық, фауналык, экологиялық, тарихи және аймақтық деп аталатын негізгі бағыттары бар.[3][4][5]
Дереккөздер
[өңдеу | қайнарын өңдеу]- ↑ Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Биология / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2007. - 1028 б. ISBN 9965-08-286-3
- ↑ “Қазақ Энциклопедиясы”
- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: География және геодезия. — Алматы: "Мектеп" баспасы, 2007. — 264 бет. ISBN 9965-36-367-6
- ↑ Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Ғылымтану. Жалпы редакциясын басқарған Е. Арын- Павлодар: ҒӨФ «ЭКО», 2006 жыл. - 430 б. ISBN 9965-808-78-3
- ↑ Қазақ тілі терминдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: Экология және табиғат қорғау / Жалпы редакциясын басқарған А.Қ.Құсайынов. – Алматы: «Мектеп» баспасы» ЖАҚ, 2002 жыл. – 456 бет. ISBN 5-7667-8284-5
Ортаққорда бұған қатысты медиа файлдар бар: Category:Biogeography |
|