Мазмұнға өту

Бесіктас

Уикипедия — ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет
Kөне дәуірлерден сақталған қабірлер

Бесіктас, тас жәшік — көне дәуірлерден сақталған қабірлердің бір түрі. Қола дәуірінің Андрон, Беғазы-Дәндібай мәдениеттерінің, сондай-ақ, сақ дәуірінің Тасмола мәдениетінің ескерткіштерінде (б.з.б. 2 — 1-мыңжылдықтар). Оңтүстік Орал, Батыс Сібір жерлерінде көптеп кездеседі. Қазақстанда ежелгі қабірлердің бұл түрін Ә.Марғұлан, Ақышев|К.Ақышев, Ә.Оразбаев, М. Қадырбаев, С. Черников, т.б. зерттеген. Қабірлердің қабырғалары тігінен қойылған төрт ірі тас плиталардан жасалады. Беті бір, кейде екі плитамен жабылады. Мүрделер қола дәуірінде бүгілген қалпында бүйірімен қойылса, сақ дәуірінде шалқасынан батыс, солтүстік-батысқа қаратылып жерленген. Қабір ішіне әр түрлі тағам құйылған қыш ыдыстар, қару-жарақ, әшекей бұйымдар мүрдемен бірге қойылған. Андрон мәдениетіне жататын қабірлер, көбінесе, таяз қазылған, сырты дөңгелек қоршаумен қоршалған Беғазы — Дәндібай мәдениетіне жататын үлкен обаларда қабірлер терең, ал қарапайым қорымдарда жер бетіне тақау орналасқан. Тасмола мәдениетінің ескерткіштерінде мұндай қабірлер тас үйіндінің астында, едәуір терең, қола дәуіріне қарағанда қарапайым жасалған. Бесіктас қабірлерінің осындай сипатта болуының өзі археолгиялық ескерткіштердің мерзімдік және мәдени ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді.[1][2]

Әдебиеттер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]

1. Маргулан А.Х., Акишев К.А., Кадырбаев М.К., Оразбаев А.М., "Древняя культура Центрального Казахстана", А.-А., 1966;

2. Маргулан А.Х., "Беғазы – Дандыбаевская культура Центрального Казахстана", А.-А., 1979.

Дереккөздер

[өңдеу | қайнарын өңдеу]
  1. “Қазақ Энциклопедиясы”, 2 том
  2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: “Аруна Ltd.” ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8